Коронавирус • 23 Наурыз, 2020

Әлемнің көптеген елі вирусқа қарсы вакцина әзірлеуде

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі бір вирусқа қарсы иммунитетті қалыптастыратын вакциналар – пайдалы ғана емес айтарлықтай қомақты бизнес. Қазіргі таңда дүниежүзін дүрбелеңге салған коронавирустың вакцинасын іздеумен айналысып кеткен мемлекет аз емес. Олардың ұзын-саны 35-ке жуықтайды.

Әлемнің көптеген елі вирусқа қарсы вакцина әзірлеуде

Өткен аптада әлемнің бірнеше мемлекеті вирусқа қарсы вакцина дайын екенін, енді оны тек сынақтан өткізу ғана қалғанын жариялады.

Коронавирустың жаңа түріне қарсы вакцинаны алғашқылардың бірі болып Американың Moderna компаниясы клиникалық сынақтан өткізе бастады. Олар сынақ жүргізуге өз еркімен келіскен 18 бен 45 жас аралығындағы  45 азаматқа жаңа вакцинаны еккен. Бұл вакцинаның ерекшелігі – оның құрамында вирус қоздырғышы жоқ, тек генетикалық коды ғана бар.

Ал Еуропада вакцина жасау жағынан «бәсекеге түсіп» жатқан екі неміс компаниясы бар. Олардың вакцинасы ауруды асқындыратын ақуыздың жұмысын жоюмен ерекшеленеді. Бұл зерттеу орталықтары сынақ мерзімін биылғы жазға қалдырып отыр.

Эпидемияның алғашқы ошағы – Қытай да коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарғанын, көп ұзамай оның қалай әсер ететінін тексере бастайтынын жариялады.

Ұлыбритания болса, вирусқа қарсы шығарған вакцинаны келесі айдан-ақ сынақтан өткізе бастайтынын мәлімдеді. 

Ресей де еуропалық әріптестерінен қалыспай, 20 наурыз күні новосібірлік «Вектор» вирусология зерттеу орталығы індетке қарсы вакцинаны сынаққа дейінгі тексеру тесттерін бастағанын жеткізді. Іле-шала Қазақстанның да вирусқа қарсы  екпе әзірлей бастағаны белгілі болды.

Кім қай кезде вакцинасын сынақтан өткізсе де Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кемі 1,5 жылсыз қолға вакцина тимейтінін мәлімдеді. Себебі, адамның иммунитетіне салынатын екпе көп сұрыптауды қажет етеді. Оның пайдасы мен зияны таразыға тартылып, әбден електен өтіп, қауіпсіздігі дәлелденгеннен кейін ғана адамзатқа жол тартады.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ