Таным • 25 Наурыз, 2020

Зерделі ғалым, зиялы тұлға

622 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ел өңірлерінде жасыл желек жайқалып, орман қаулап өсіп тұрса бұл  –ең әуелі Жаратушының құдіреті, табиғаттың тамаша сыйы. Бірақ сол табиғи байлықты сақтап, дамытып отыратындар – зерделі ғалымдар.

Бір ғана мысал: топырағы құрғақ, суы аз Арқа даласының тынысын кеңейту мақсатында Елбасы тапсырмасымен елорда маңында тамыр жайып, Көкше жеріне дейін ауқымы кеңейіп келе жатқан астана орманын нәрлендіріп, түрлендіріп отырған да ғалымдардың терең ізденістері мен ерен еңбектерінің жемісті нәтижесі.

Осындай, іргелі істердің басы-қасында жүрген, ғылымда өз қолтаңбасын анықтап, өзіндік мектеп қалыптастырған көрнекті ұзтаз-ғалымның бірі – ормантану саласының білгірі, зиялы тұлға Сәбит БАЙЗАҚОВ.

 

Зерделі ғалым, зиялы тұлға

Алаш көсемдерінің бірі де бірегейі Әлихан Бөкейханов Санкт-Петербург қаласындағы Орман институтын бі­тір­ген алғашқы қазақ болса, Сәбит Байзақұлы – осы академияда орман шаруашылығы экономикасы бойынша докторлық диссертация қорғаған тұңғыш қазақ!

Ол өз ісіне деген адалдығы мен тиянақтылығы, ел-жұртқа ықылас-ілтипаты, қарапайым қасиеті жа­ғынан тұғырластарының ар-ұяты сана­латындардың қатарынан. Сондықтан Қазақстанның аграрлық ғылымын, оның ішінде орман шаруашылығы саласын алғы шепке шығарып, со­ған сай даңққа бөленген академик Сәбит Байзақұлының ғылыми-пе­да­гогикалық және қоғамдық салалар­да қажымай, талмай атқарған қыз­метін бағалау шын мәнінде оңайға соқ­пайды.

Сәбит Байзақовтың есімін ауыз­ға алғанда, ол кісінің экономика ғы­­­­лым­дарының докторы, профес­сор­­лы­ғымен бірге Ұлттық ғы­лым ака­­демиясының академигі, А.И.Ба­раев атындағы бірінші дәрежелі ауыл­шаруашылығы ғылымдары бо­­йынша мемлекеттік сыйлықтың ие­гері, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері екендігі ерекше құрметпен айтылады.

Ғылымның қия жолымен биі­гіне көтерілген ғалым елімізден тыс­­­қары алыс, жақын шетелдердің ға­лым­­дарының арасында да орман шаруашылығының экономика саласы бойынша Қазақ елінен шыққан аса танымал тұлға ретінде кеңінен белгілі. Сондықтан оның орман шаруа­шылығы ғылымын өркендетіп, респуб­ликада аграрлық саланың маман­дарын даярлауға айрықша үлес қосып жүргенін шын жүректен мақтаныш етеміз.

Сәбит Байзақұлының өмір жо­лы өзі құралпы білімқұмар қазақ жастарының тағдырымен өте ұқсас десек, әсте жаңылыса қоймаспыз. Ол 1940 жылдың 21-ші наурызында Қостанай облысы Жангелдин ауданының 9-шы ауылында дүниеге келген. Сұрапыл соғыстан кейін мектеп есігін ашты. Оқу, білімге деген құштарлық арманына талмас қанат бітіріп, 1949-1955 жылдары Ақсуат жеті жылдық және 1956-1959 жылдары Қаратүбек орта мектебінде оқыды. Сол жылы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтының орман шаруашылығы мамандығына түсіп, оны 1964 жылы бітіріп шықты.

Жоғары оқу орнын бітірген соң институттың «Ор­ман таксациясы (өлшемдері) және ор­маншылық қалыптастыру» кафедрасына ассистенттік қызметке қал­дырылды. Ол алғашқы ұстаздық күндерінен бастап-ақ ғылымға және білімге деген құштарлығы ерекше дараланып, Республикамыздағы орман шаруашылығы саласындағы ғылыми жұмыстарға белсене қатыс­ты. Осы бағытта жинақталған ма­териалдар негізінде 1969 жылы «Қа­­зақстанның қарағайлы орман­дарында ағаштың қылқан жа­пырақты тармақтарының өнуі мен қор­ла­нуының кейбір заңдылықтары және оларды өнеркәсіптік пайдаланудың мүмкіндіктері» деген тақырыпта диссертация қорғап, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты дәре­жесіне, ал 1972 жылы доцент атағына ие болды.

Талай тынымсыз күндері мен ұйқысыз түндерін сарп еткен жұмы­сынан жақсы нәтиже алған С.Бай­зақұлы өз ізденістерін әрі қарай жаңа ынтамен жалғастыра түсті. Оның бұрынғы жұмыстарын жүргізу барысында жинаған білімі мен тәжірибесі кейінірек бұрынғыдан да күрделі және көптен шешімі табылмай келген орман қорының кадастрлық-экономикалық бағасын анықтау проб­лемасының нақты шешімдерін жасауға көмектесті. Сөйтіп С.Бай­за­құлы орман мен орманды жер­лердің сандық, сапалық және ақ­шаға шаққандағы құндылығын табудың методологиялық жағынан біртектілігін дәлелдеді, оларды анық­таудың принциптерін белгілеп, методикалық жолдарын ұсынып, іске асырды. Соның нәтижесінде орман шаруашылығына, әсіресе оның нарық жағдайына өткен кезінде өте қажет орман қорларының кадастрлық-экономикалық құндылығын есептеуге арналған нормативтік материалдар жүйесін құруға мүмкіндік алды. Аталған кешенді құралдардың негізінде орман шаруашылығы жұ­мыстарының ұзақ жылдар бойғы қызметіне баға беруге болатынын дәлелдеп, осы саланың тиімділігінің жал­пы мөлшерін анықтайтын әдістер жасап шықты.

Көрсетілген мәселені зерттеу үс­тін­де ол өсіп тұрған ормандарды са­­ту­ға арналған таксалардың (ба­ға­лар­дың) мәні мен мағынасына терең де жан-жақты талдау жасап, олар­­­ды құру барысында жіберіліп жүрген негізгі кемшіліктерді анық­тады. Өсіп тұрған ағашты сатуға қа­жетті баға жүйесін жасаудың ор­ман­ды жерлердің өнімділігі мен ор­манның түсімділігіне, олардың бас­ты таксациялық көрсеткіштеріне не­гізделген жаңа әдісін ұсынды.

С.Байзақұлы қол жеткізген ғылы­ми нәтижелерін «Орман қо­рын ка­дастрлық-экономикалық баға­лау­ды жетілдіру жолдары және оны орманды жаңғырту процесін бас­қару ісінде қолдану» деген тақы­рып­қа жазылған диссертациясында жинақтап, оны 1987 жылы  Ленинградтың С.М.Киров атындағы орман-тех­никалық академиясының ғылыми кеңесінде сәтті қорғап, экономика ғы­лымдарының докторы дәрежесін алды.

Бұл жұмысты қорғау мерзімі Орта­лықтың Алматыдағы Желтоқсан оқиғасын (1986 жылы) асқындырып, оны «Қазақ ұлтшылдығының» нәтижесі деп танып, шиеленісті күшейтіп жіберген кезге сәйкес келді. Осыған орай, бұрын ойларын ашып айтпай жүрген кейбіреулер қарсылық жасауға тырысып бақты. Бірақ мұн­дай әрекеттің боларын сезіп жүр­ген кеңес мүшесі, Ленинградтың ғы­лыми интеллигенциясының аға буынының өкілі, орман экономикасы ғылымының ірі теоретигі әрі корифейі Тимофей Сергеевич Лобовиков деген профессор алдыңғылар қатарында сөз алып, «мен С.Б.Байзақовтың диссертациясын оқып шықтым. Міне, бүгін өз аузынан тыңдадым. Оның сынайтын жерлері жоқтың қасы. Мейлінше жақсы істелген жұмыс. Ізденушінің сұрақтарға берген жауаптары мен салмақты сөздерінен, ұстамды қалпы мен сабырлы мінезінен оны біз­дің арамызға қосылған ірі ғалым ғана емес, үлкен интеллект иесі деп есептеймін. Сонау қазақ дала­сы­ның түкпірінде туып, терең эконо­ми­калық ой түйіндеген осы азаматтың жұмысына да, өзіне де таңданбауға болмайды», деді.

Профессор Лобовиков негізсіз сөйлемейтін, аузы дуалы кісі екен. С.Байзақұлы шындығында үлкен сын­нан аман өтіп, тынымсыз он сегіз жыл жүргізген жұмысы бекітіле сала, кәсіби өрлеу жолына түсті: профессор атағын алды, өзі оқып бітірген орман шаруашылығы факультетіне декан болып сайланды. Бұл өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғы болатын. Ол бұл жұмысында табандылық көрсетіп, Қазақ ауылша­руашылық институтының бас ғи­маратының өзі басқаратын факультет орналасқан қанатын Қазақстан Республикасы орман шаруашылығы мемлекеттік комитетінің есебінен күрделі жөндеуден өткізді, орман­шы ғалымдар мен жоғары оқу орын­дарының республикааралық байланыстарын күшейте түсті.

Ол орман экономикасы бойынша Орталық Азия өңіріндегі бірінші ғылым докторы. Оның ғылыми ең­бектері орман қорларын анықтау мен тануды, орман мөлшерлеуді, орманшылық қалыптастыруды және орман экономикасы ғылымдарын едәуір байытқан, бұрынғы Одақ көле­міне белгілі П.В.Васильев. Т.С.Лобовиков, Н.А.Моисеев, И.В.Тур­кевич, Н.И.Кожухов, Л.И.Ильев және Ю.Ю.Туныця секілді орман экономикасы ғылымдары ірі өкілдерінің негізгі идеялары мен болжамдарын дамытқан, әрі олардың шешімдерін табуға қосылған үлкен үлес болды.

Сәбит Байзақұлының табысты ғылыми-педагогикалық және ұйым­дастырушылық қызметі респуб­ликамыздың ғылыми жұртшы­лығы мен мекемелері жетекшілерінің назарына ілікті. Соның нәтижесінде ол 1991 жылы Қазақ ауылшаруашылық ғылым академиясының коррес­пон­дент-мүшесі және оның Прези­диу­мының Бас ғалым хатшысы болып сайланып, онда 1994 жылға дейін қызмет атқарды.

1994-1996 жылдар аралығында Ұлттық ғылым академиясының ша­қыруы бойынша оның Бас ғалым хатшысының міндетін атқарды. Әрі сол кездерде Қазақ ауылшаруашылық академиясының академигі, Ұлт­тық ғылым академиясының коррес­пон­дент-мүшесі және академигі бо­лып сайланды. Одан кейін 2001 жылға дейін Қазақ ұлттық аграрлық уни­верситетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры болды.

Ғалым Сәбит Байзақұлы 235-тен аса ғылыми-әдістемелік еңбек, оның ішінде 9 монография, 6 орманшылық-анықтамалық кітаптар, 2 оқулық және 3 оқу құралын жазды. Оның «Орман қорын экономикалық баға­лау», «Қа­зақстанның ормандары мен орман шаруашылығы: жағ­дайы, дамуы, бағалау әдістері», «Қа­зақстан ормандары мен орман ша­руа­шылығын тұрақты басқарудың келелі мәселелері» деген өзі жеке және басқа ғалымдармен бірге жазған кітаптары республикада орман ша­руашылығы саласының ғылыми-прак­тикалық негіздерін күшей­те тү­суге қосылған үлкен үлес болып есеп­теледі. Ал С.Байзақұлының өз әріптестерімен бірлесе отырып шы­ғар­ған «Қазақстанда екпе орман өсіру» деген екі томдығы республика бойынша жоғары оқу орындарына арналған алғашқы оқулық. Осы еңбегі үшін ол 2009 жылы аграрлық ғылымдар бойынша берілетін академик Н.А.Бараев атындағы бірінші дәрежелі ғылыми сыйлыққа ие болды. Кейін аталған оқулық Білім және ғылым министрлігінің шешімімен екінші рет басылып таратылды.

С.Байзақұлы кейінгі еңбектерінде Қазақстанға дәйекті мемлекеттік орман саясаты қажеттілігі мен оны іске асырудың жолдарын дәлелдеп шықты, орман шаруашылығы мен орманшылықты қалыптастырудың негізгі принциптерін, олардың мәні мен түрін еліміздің тәуелсіздігінен туындайтын жаңа талаптарға сай өзгерту мәселесін алға қойып, ба­ғыт­­тарын белгіледі, жалпы ор­ман шаруашылығын нарық жағ­дайына икемдеудің ұтымды әдіс­терін көрсетті. Ол осы күрделі мә­селеге бай­ланысты ойларын 2007 жы­лы шыққан «Қазақстанда ормандар мен орман шаруашылығын басқаруды тұрақтандырудың ке­лелі мәселелері» деген кітабында жи­нақтап, әрі қарай «Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік орман сая­саты тұжырымдамасының жобасы» түрінде түйіндеді.

Ол республикада шығатын бір­неше ауылшаруашылығы ғылы­ми журналдарының редакция алқасының мүшесі. Соңғы кезге дейін Орталық Азияға ортақ орман шаруашылығы ғылымдарының үш бірдей маман­дықтары бойын­ша кандидаттық диссертациялар қорғалатын, республикамызда ондаған жылдар жүйелі жұмыс істеген жалғыз диссертациялық кеңес­тің ұйымдастырушысы және оның төрағасы болды. Ол 5 ғылым докторы мен 12 ғылым кандидатын, 2 философия докторын даярлады. Басқа ондаған жастардың ғылыми ізденістер жүргізуіне риясыз ақыл-кеңес, әдістемелік жәрдем берді. Қазір де бұл жұмысын төрт ғылыми бағытта философия докторы дәрежесін беретін ғылыми кеңесте жалғастырып жатыр.

С.Байзақұлын мамандығына тығыз байланысы бар орман шаруашылығы мен өндірістерінің қазақ даласында пайда болуы мен дамуының тарихы да қызықтырады. Ол ұзақ жыл­дар осы төңіректе жинақтаған ма­те­риалдарын жүйелеп, көлемі 36 бас­патабақ «Қазақстанда орман шаруа­шылығының даму тарихы» монографиясын және сондай көлемдегі тағы екі кітап жарыққа шығарды. Олар бүкіл орманшы қауымның күнделікті анықтамалық құралына айналды.

Сәбит Байзақұлы орман ша­руа­шылығы саласының мұқтаж­дықта­рына байланысты халықаралық жос­парға енген орысша-қазақша «Қа­зақстан орманшысының анықта­ма­лығы» кітабын дайындауға қаты­насып, Германия үкіметі GIZ арқылы қаржыландырған «Қазақстанда жеке орманшылықты дамыту» бағ­дар­ламасын жүзеге асыру ісіне атсалы­сып, оның негізгі бағыттары мен аудан­­­­дарын анықтауға жәрдемдесті.

Халықаралық ЕLD және ІСARDA бағдарламалары бірлесіп жүр­гіз­ген «Орталық Азияда жер дегра­дациясының экономикасы» зерттеуін Алматы облысы Бақанас мемлекеттік орман шаруашылығының негізінде нәтижелі аяқтады.

Орман шаруашылығы саласына жоғары білімді мамандар мен ғалым кадрлар даярлауға үлкен үлес қосқан Сәкеңнен тәлім алған оқушы­лардың көбі ірі ғалым не өндіріс жетекшілері ретінде Қазақстан мен Қырғызстанда, Ресей мен Өз­бек­станда, ТМД-ның басқа да елдерінде орман шаруашылығы кәсіп­орын­дарында, жобалау, ғылыми-зерттеу институттарында, кәсіби орта және жоғары оқу орындарында абыройлы қызметтер атқаруда. Мысалы, қазіргі жоғарғы дәрежелі орман шаруа­шы­лығы мамандарын даярлайтын екі аграрлық университеттің педагогтары – түгелдей дерлік академик Бай­зақовтың оқушылары.

Ауылшаруашылығы білімі мен ғылымының қарашаңырағы – Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің профессор-оқытушылары мен білім алушы жастары жаңашыл, білгір, отаншыл, еліміздің әлемдік қауымдастық алдында беделін көтеруге айрықша үлес қосып жүрген осындай терең ойлы ғалым, қайраткер азаматты мақтан етеді. Академиктің отандық ғылымның өркендеуіне қосқан үлесі мен мол тәжірибесі, біліктілігі мен талап­шылдығы, азаматтығы мен парасаты кейінгі буынның жас ға­лым­да­рына, ізбасар-шәкірттеріне үлкен үлгі-өнеге.

Бүгінде мерейлі 80 жастың биік белесіне көтерілген Сәбит Бай­зақұлын елге адал қызмет етіп жүрген ұлты­мыз­дың ұлағатты ұлы, әлі де тың күш-жігермен ғылымға берері көп зерделі ғалым, зиялы тұлға деп білемін. Бұл белесті бағындыру – үлкен бақыт. Сондықтан универ­ситет ұжымының, еліміздің агроөндірістік кешенінде қызмет атқа­рып жүрген барша ғалым­ның, қарапайым еңбек адамдары мен ауыл шаруашылығы мамандығын иге­ріп жүрген жастардың атынан қазақ ғылымын өрге сүйреп жүрген қадір­менді тұлғаға ұзақ ғұмыр тілейміз.

 

Рахымжан ЕЛЕШЕВ,

ҰҒА академигі