Коронавирус • 26 Наурыз, 2020

Әлемдегі ахуалға шолу: Мәскеуде қоғамдық орындар жабылады

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл топтамада әлемнің 175 елінде тараған Covid-19 вирусына қатысты соңғы жаңалықтарды жариялап отырамыз.

26 наурызда Johns Hopkins University (JHU) ұсынған мәлімет бойынша вирус жұқтырғандар саны - 487 648, өлім саны - 22 030, айыққандар саны - 117 749 адам болды (жаңартылған уақыты 18:04).

18:50

Мәскеуде қоғамдық орындар жабылады

Мәскеуде азық-түлік сататын дүкендер мен дәріханалардан басқа сауда орындары, мейрамханалар, барлар мен саябақтар жабылатын болды. Соңғы екі күнде Ресейде коронавирус жұқтырғандар саны күрт артты. Қазір елде барлығы 840 жағдай тіркелген. 3 науқас індеттен көз жұмса, 799 адам айыққан. Ресей билігі шетелдегі ел азаматтарын қайтаратын арнайы рейстерден басқа барлық халықаралық ұшуға тыйым салды.

а

Сурет: Сергей Савостьянов / ТАСС


18:02

Италияда індетті жеңген жасы ең үлкен науқас 95-те

Шетелдік БАҚ Италияда коронавирусты жеңген 95 жастағы әже туралы хабарды жарыса жазды. Бұл жаңалық елде 7500-ден астам адамның қазасына алып келген індетті жеңуге үміт бергендей. Кейбір дереккөздер оны Италияда індетті жеңген жасы ең үлкен науқас деп атады.  

Альма Клара Корсини ауруханаға 5 наурыз күні түскен. Үш аптадан кейін ол індеттен толық айығып, үйіне оралған. Ол Модена провинциясының Фанано қаласында тұрады.   

Дәрігерлердің айтуынша, оның ағзасы емді жақсы қабылдап, Covid-19 вирусын жеңіп шыққан.

Gazzetta Di Modena басылымына берген сұхбатында «Иә, иә, менде бәрі жақсы» деп жауап беріпті. Науқас оны емдеген дәрігерлердің жақсы адам екенін атап өтіп, оларға алғыс білдірген.

Италия - әлемде коронавирус инфекциясы көп тараған Қытайдан кейінгі екінші мемлекет. Елде барлығы 74 386 жағдай тіркеліп, 7503 адам көз жұмған. Вирус жұқтырғандардың 9362-сі індеттен жазылған.  

а


16:27

Иранда бір тәулікте 157 адам көз жұмды

Иранның Денсаулық сақтау министрлігі соңғы 24 сағатта елде вирустан 157 адам қаза тапқанын мәлімдеді. Жалпы Иранда індеттен қаза болғандар саны 2 234-ке жетті.

Сондай-ақ елде бір күнде коронавирус жұқтырудың жаңа 2 389 дерегі тіркелген, сонымен Иранда жалпы 29 406 адам індет жұқтырған.

Johns Hopkins University (JHU) мәліметіне сәйкес, Иран әлемдегі инфекция саны көп 6-шы ел.

п


Әлемдегі соңғы жаңалықтар қысқаша:

• Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 109-ға жетті

•  Ұлыбритания ханзадасы Чарльздан COVID-19 анықталды

•  Әлем елдері сақтық шараларын күшейтіп жатыр

• Мәскеуде коронавирус жұқтырған 2 адам көз жұмды

• Tesla мен SpaceX жасанды дем алуға көмектесетін аппарат шығарады

• Карикатуршылар арасында «Біз коронавирусты жеңеміз» байқауы өтіп жатыр

• АҚШ-та коронавирусты толықтай тоқтату үшін айына 1 триллион доллар кетуі мүмкін

 

 

Соңғы жаңалықтар