«Метаморфозалар» поэмасы ескіден жаңаға қарай жылжып отырады. Құбылу немесе алмасулар тым ежелгі болған сайын ұлы әрі ғарыштық сипат алатын сынды. Мысалы әлемдік су тасқыны немесе әлемдік өрт. Су тасқыны алғашқы адамдардың күнәсі үшін болған дейді миф. Құрлық теңізге айналған, таулардың күмбезін де жал-жал толқын соғып тұрған, адамдар сал жасап соның үстінде өмір сүруге мәжбүр болады. Бірақ, олар аштықтан қырылып қалады. Тек екі әулие Парнас тауының шыңында жан сақтайды. Бірі – Девкалион, екіншісі – оның әйелі Пирра. Су басылады, жер құрғайды. Таудан жазық далаға түскен олар көз жастарын көл қылып құдайға жалбарынады. Сол сәтте көктен дауыс естіледі: «Аналарыңның сүйектерін арқадан асыра лақтырыңдар». Олар бұның мағынасын қиындықпен түсінеді. Ана –жер. Оның сүйектері – тастар екен. Олар тастарды арқадан асыра лақтыра бастайды. Девкалионның артына тасталған тастардан ерлер, Пирра лақтырған тастардан әйелдер пайда болады. Сөйтіп жер бетіне адамдардың жаңа қауымы келеді. Су тасқынына қатысты мұндай мифтер әлемнің түгелге жуық елдерінде бар десек қателеспейтін шығармыз. Олардың ішіндегі ең атақтысы – Нұқ пайғамбармен байланысты аңыз. Әйтсе де Девкалион мен Пирра оқиғасының тартымдылығы – құбылудың орын алатындығында. Жансыз нәрселерден, яғни, тастардан адамдардың пайда болуы адам мен табиғатты бөліп қарамайтын алғашқы сананың жемісі. Сондай-ақ, жансыз нәрсеге жан бітудің тағы бір мысалы «Метаморфозада» былай өрнектеледі. Крит аралындағы атақты Дедал шебер сияқты, Кипр аралында да Пигмалион атты шебер өмір сүрді. Олардың екеуі де мүсінші болатын. Аңыз Дедалдың мүсіндері аяқ басып жүретін еді десе, ал Пигмалиондыкі жан бітіп, өзінің әйеліне айналған дегенді айтады. Бұл Галатея есімді тастан қашалған сұлу қыз болатын. Пигмалион өз өнер туындысына өзі ғашық болады. Оның тас денесін сипалап, киіндіріп, әшекейлермен безендіріп есі кетеді. Ақыр соңында құдайға жалбарынады: «Тура осындай әйел бере гөр!». Махаббат құдайы Афродита оны жарылқайды. Пигмалион мүсіннен жылылық пен жұмсақтықты сезеді, сөйтіп оны сүйіп қалғанда Галатея көзін ашады... «Пигмалион бақытты еді, бірақ оның ұрпақтары бақытсыздыққа ұшырайды»- дейді Овидий ақын.
«Метаморфозада» атақты Зевс пен Гермес қарапайым жолаушының бейнесінде адамдардың мекенін аралайды. Олардың үйлеріне кіріп, тұрмыстарын көруді ниет етеді. Бірақ дөрекі үй иелері құдайларды табалдырықтан да аттатпай қуып шыға береді. Тек Филемон мен Бавкида есімді кемпір-шал ғана оларды қуанышпен қарсы алады. Ескі лашықта өмір сүретін олардың тұрмысы да жұтаң еді. Қонақтар ескі кілемшенің үстіне жайғасады. Алдарында ескі жозы тұрды. Дастархан орнына жалбыз төселген. Балшық ыдыстың ішінде жұмыртқа, көкөністер мен кепкен жидектер тұр. Кемпір-шал су араласқан шараптан қонақтарына ұсынады. Міне, керемет, әлгі қонақтар қанша ішсе де шарап түгемей қояды. Бір кезде олар өздерінің алдында отырған жандардың құдайлар екенін түсінеді. Қорқынышпен жалбарынады: «Кешіріңіздер біздерді. Жұтаңдықпен қарсы алғанымызды кешіріңіздер». Сол сәтте олардың лашықтары сарайға айналады. Балшық едендері мәрмәр еденге, шатыры бағаналарға айналып, үйдің қабырғасы алтындай жарқырайды. Құдыретті Зевс «Не қаласаңдар да сұраңдар» -дейді. «Сіздердің осы ғибадатханаларыңызда абыз боп қалғымыз келеді. Қалай бірге өмір сүрген болсақ, дәл солайша бірге өлуді сұраймыз»-дейді кемпір-шал. Олардың тілектері қабыл болды. Мерзімдері жеткенде Филемон мен Бавкида бір-бірінің көз алдарында бір тамырдан көктеп шыққан екі ағашқа айналады.
Жалпы, Овидийдің осынау «Метаморфозасы» несімен құнды деген сауал туындауы мүмкін. Өз көзқарасымыз бойынша егер де осы оқиғаларға яғни, құбылуларға ақын өз түсініктерін, ой-пікірлерін қосқан болса сол дәуірдегі былжырақ дүниелердің бірі болып шығар еді. Бұл тамаша поэтикалық дүниенің құндылығы – жаратылысты тұтастықта қарастыруға деген ұмтылысында болса, екіншіден, осы тұтастыққа құбылудың сансыз түрлерін сыйғыза алуында. Және ақын оларға өз жанынан ешқандай түсініктеме, көзқарасын қоспаған. Мысалы, Пигмалионның ұрпақтары неге бақытсыз болды, Филемон мен Бавкидаға абыздық неге қажет деген сауалдарға ақын жауап бермейді. Мейлі жаратылысқа қатысты, мейлі тұрмыстық мифтерде болсын, бейнелеп айтқанда Овидий көркем сурет салған. Сол үшінде оның «Метаморфозасы» қанша ғасырдан бері адамзаттың игілігіне қызмет етіп келеді. «Метаморфоза» Еуропа халқының дүниеге, жаратылысқа көзқарасын, көркемдік танымын әлемдік дәрежеде таныта алған бүтін шығарма. Овидий дәуірінен бері қаншама ғасыр өтсе де мифтік құбылушылық бүгінгі күнге дейін желі тартып келеді.
Жалпы құбылушылықтың міндетті түрде себеп-салдары болады. Мифтік сананың алғашқы кезеңінде адам өзі мен жануарлардың арасына жік қоймаған делінеді. Қүш түрлі себепке байланысты болып келеді. Бірі – адам өте шаршағандықтан ұйықтап кетіп сол бойда тасқа, я болмаса аңға, құсқа айналып кетеді. Екінші себеп, адамның кінәлі болуы. Мұндағы құбылушылық жаза ретінде қабылданады. Мәселен, "Сынтас" "Келіншектеу" аңыздарында әкесінің алдында кінәлі болғандықтан қыздар тасқа айналып қалады. Кейінгі дәуірлерде адамның кінәлілігіне қоса күнәлілік деген түсінік те пайда болды. Мысалы суыр болып кеткен Қарынбай туралы мифте адам құдай алдында күнәлі болғандықтан аңға айналдырып жіберілген деп баяндалады. Құбылушылықтың үшінші себебі – зор қауіптен құтылу жолы. Адамға ғаламат қатер төнеді. Содан құтылу үшін ол не тасқа, не жұлдызға т.б. нәрсеге айналып кетеді. Қазақта сондай мифтің бірі Қазығұрт тауындағы "Қырық қыз" деп аталатын тастарға байланысты: "Баяғыда бір байдың қызының тойы болады. Той болып жатқанда қалындық қырық қызымен, күйеу серіктерімен серуендеп шығады. Жаугершілік заман екен. "Жау келіп қалды"-деген дауыс шығады. Сонда қыздар шулап: "Е құдай! Бізді жау әкеткенше тас қыла көр!",-депті. Содан бәрі тасқа айналыпты.
Уақыт ілгері озған сайын адамның айналаның сырын білуден бөлек өз мәнін табуға, өз ішіне үңілуге деген орасан зор ұмытылысы байқалады. Ғылым мен техниканың прогресі адамды табиғаттан алшақтатқаны өз алдына, құдайдан да бездіргені жасырын емес. Мұның соңы қаншалықты қатыгездіктерге ұласты... Бұның бәрі нәзік сезімді ақын-жазушыларға әсер ететіні айқын. Мифтік құбылушылықтың көркем әдебиетте ұтымды пайдаланылуының тағы бір себебі осында жатыр ма деп ойлаймыз. Қазақ жазба әдебиетінде өткен ғасырдағы айтулы ақындар М.Жұмабаев пен С.Сейфуллиннің көркем туындыларында құбылушылық орын алды.
Әлемдік модернистік әдебиеттегі мифтік құбылушылықтың классикалық үлгісін көрсеткен жазушылардың бірі – Ф. Кафка. Әсіресе оның «Басқаға айналу» («Превращение»). Ш. Айтматов «Боранды бекет» пен «Ақ кемеде» құбылушылықты философиялық концепцияға сай дамытты. Ал қазақ прозасындағы бұл тәсілдің ең үздік көрінісі О. Бөкейдің «Атау-кересі» десек қателеспейміз. Ерікті сонаға айналдыру арқылы оның күнәсін «жуып-шайды». Кафка шығармасында Грегор Замзаның жәндікке айналуы детальды тұрғыда суреттеліп, Замза-қырықаяқтың бөлме кезіп жүруі оқырманда аяныш сезімін емес, жиіркеніш сезімін тудырады.
Қорыта келгенде айтарымыз, құбылушылықтың төркіні мифте жатқанымен, адам баласының құбылғыш мінез-құлқы, сана-сезімі, жалпы болмысы әр дәуірде түрлі тәсілмен трансформацияланып отырмақ.