Руханият • 31 Наурыз, 2020

Өз заманының адамы

1053 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әр адамды өз дәуірінің бел баласы, баған көтерушісі, байрақ ұстаушысы дейміз, алайда ол сол заманның шеңберінде ғана қалу дегенді білдірмесе керек.

Өз заманының адамы

Адам белгілі бір ғасырдың тұрғыны болғанымен, адамзат тарихының мыңдаған жылдық дәуірінде ғұмыр кешуі тиіс қой. Олай етпесе, қысқа ғана ғасырдың құрбаны болмай ма?! Өткен тарихқа қалай оралуға болады, болашаққа қалайша баруға болады? Қалай бір басыңнан алғашқы адамнан бергі тарихты өткеруге, соңғы адамға дейінгі болашақты кешуге болады?

Эйнштейн ғарышта уақыт басқаша жүретін­діктен болашаққа «есенсіңдер ме?» деп кіріп бару әбден мүмкін екенін, ал өткенге оралуға болмайтынын айтады. Ғылыми фантас­­тика санатындағы мұндай ойды жия тұрып, ақылды адамдардың әр дәуірге кірер есік қалдырып кететінін ойлайықшы. Әр дәуірдің есігі – кітап, сол дәуірде жазылған кітаптар. Яғни уақыт машинасы дегеніміздің өзі де – сол.

Кітаптарды дәуірлерді сапырылыстыра оқу керек, ол уақыттар мен халықтар аралығында көшіп жүру сезімін сыйлайды.

Честертон айтады, ұлы жазушыларды, жақсы кітаптарды оқудың басты пайдасы әдебиетке қатыстылығы, ғажап стилі, тіпті эстетикалық сезімдерді тәрбиелеуінде де емес, оның нығметі – сенің «нағыз заманауи адамға» айналуыңа жол бермеуінде. «Заманауи» бола отырып, біз өзімізді соқыр нанымдарға шендеп, байлап-матап тас­таймыз: соңғы тиынымызға сәнді қалпақ сатып аламыз да, ескіліктің шырмауына түсеміз. Ғасырлар жолы «нағыз заманауи адамдардың» мүрдесінен аяқ алып жүргісіз, жол бойы солардың сүйегі шашылып жатыр. Ал әдебиет – мәңгілік, классикалық әдебиет – әр сәт біздің жадымызға сәнге айналмаған, сөлкебай тақпаған шындықтарды, опа-далап жақпаған ақиқаттарды салып отырады. Сол ақиқаттар бізді әркез арбайтын, буынымызға түсетін жаңа көзқарастарымызды өлшеп, теңшеп отырады. Честертон қатты айтқан болар, жұмсартар да жөні жоқ. Жуас ойлар көнбіс, құбылмалы, өзгермелі келеді.

Жиырма бірінші ғасыр адамдарын сан алуан санат бойынша бірнеше топқа бөлуге болатын шығар, мәселен, екеуін айтып көрейік: адам-кітап және адам-гаджет.

Адам-кітап – ғалымдар, шығармашылық тұлғалары, тірі энциклопедиялар, я болмаса бір басына кішігірім классикалық кітапхананы көшіріп және сіңіріп алғандар. Олар бұл ғасырдың ғана емес, кез келген заманның өз адамы бола алады. Олар, мысал үшін Гілгәмешпен бірге азапты шақта Утнапишти мекен еткен аралға аттануы мүмкін, джару ағашының түбінде жалғыз қалған Гаутаманың жанында отыруы мүмкін, әл-Фараби және Абаймен хауас және жәуәнмәрт жайын талқылайды, Платонның қасында жүріп жоғалған құрлықтың құпиясын іздейді немесе Боэциймен бірге абақтының қараңғы бөлмесінде де философиямен жұбанады, Канттың «кіршіксіз санасымен» кінәрат іздейді немесе сақырлап қайнап жатқан судағы Ньютонның сағатына қарап тұрады. Барлық заманға бауыр болады. Қалаған уақытында қайсыбір ғасырға барып, қалаған бейнесінде өмір сүре алады. Әрине бұл таңғажайып саяхат қой. Бірақ мұндай типтегі адамдардың өз трагедиясы бар: көбісі өз уақытына, өз заманына сыя алмай, аласұрып, өзін тұтқындай сезініп, қорланып күн кешеді. Өз заманының шарттары мен заңдылықтарына жаттай болады. Бейімделе алмайды.

Адам-гаджет – өз заманының адамы, өз кезеңінің моральдық ұстанымдары, эстетикалық құндылықтары, міндеттері мен жауапкершіліктері, тенденциялары мен технологиялық жаңалықтары – бәріне бейіл. Қоғамдағы функциясын мүлтіксіз атқарады. Олар өз заманының ғана адамы бола алады. Сондықтан олардың көбіне тарих пен философия, ғылым мен әдебиет – жат. Қызықсыз әрі мағынасыз көрінеді. Бұл үшін жазғыруға бола ма? Әрине болмайды. Ол өзінің таңдауы, таңдау еркі құдайдан беріледі. Адам-гаджет осы ғасырдан басқа ғасырда өмір сүре алмауы әбден мүмкін. Яғни интернетсіз, іздеу жүйелерінсіз, гад­жет­терсіз өмір сүру қиын.

Қандай қызық, осыдан жиырма жыл бұрын ғана мұның бірде бірі жоқ еді. Енді қараңыз, біз осыған әбден шырмала байландық.

Осы екі тип Гілгәмеш пен Энкиду секілді, бір біріне қарама-қайшы, бірақ, бір бүтіннің екі жартысы. Жаңа заман адамы – осы екі типтің қосындысы болуға ұмтылуы керек болар. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, бір заманның шеңберінде қалу – қасірет. Бұл әрқашан ұлылыққа, сұлулыққа, құпияға, тылсымға, жаңалыққа, ғажапқа ғашық адам болмысын мансұқтау.