Тәкібай ақсақал – қорасына мыңғырған қой біткен, өрісінде үйір-үйір жылқысы, табын-табын тарғыл сиыры бар өз заманының іргелі байы болған кісі екен. Соған сәйкес ауласында малы жоқ, көгеніне көріп берейін десең тышқақ лақ бітпеген кедей-кепшіктерден қолын тартпайтын алақаны ашық адам деседі. Ол кездегі байлардың жайы белгілі ғой. Өздері төрт түлік үшін тұяқ қыбырлатпайды. Бірақ ауыл арасындағы малдың жай-күйін жақсы білетін мықты жігіттерді жинап алады да, жыл он екі ай соларға бақтырады. Атамыздың таңдаулы малшыларының бірі – Іргебай деген кісі болыпты.
Іргебай бастаған жігіттер қыста малды Ақұнты жонындағы қыстаққа айдап кетеді екен. Бұл – жылдағы бұзылмас дәстүр. Бірде әлгі малшы жігіттер қыстаққа орналасқан соң қоралы қойдың ішіндегі ең семізі әрі ірісі болған бір көкала еркек қойды «жығып» алады. Қысқы азыққа. Бір күні малдың жайын білуге қыстаудағы қосқа көмекшілерімен бірге қожайын келеді. Сол күнгі аспаз көкала еркек қойдың бір жілігін жамбасымен қоса қазанға салады. Кешке ел орынға отырған уақытта ет те пісті. Қонақтар төрге жайғасып, дастарқан жайылды. Көп кешікпей жамбас майы дірілдеп, буы бұрқырап ас қойылады ортаға. Сонда абыз қария ас табаққа шұқшия қарап отырып: «Ау жігіттер, отардағы мың бас малдың ішінен осы көкала еркек қойдан басқа тіске басар таппадыңдар ма?» дейді. Айтарға сөз таппаған малшы жігіттер бір-біріне жалтақ-жалтақ қарап отырып қалыпты. Сөйтсе, көкала еркек қой атамыздың көктемде құрбандыққа шаламын деп ниеттеніп қойған малы екен. Алдына пісіп келген жілігі мен жамбасынан-ақ танып қойған ғой.
Сонда: «Дәл мұндай қырағы адамға мал-дәулет бітпегенде кімге бітеді?» деп таңданысқан екен отырғандар.
Тілеуберді Сахаба