Қоғам • 09 Сәуір, 2020

Бетперде киген көктем - 7

743 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күшейтілген карантин.  Сәуірде жауған қар суынған сезімге ұқсайды. Оқыстан айтылған суық сөздей. Көктемнің алғашқы қарлығаштары – өрік пен шие гүлдері үсікке ұрынды. Біз оны терезеден көрдік. Жалпы, біз терезенің бергі жағында қалай болдық, біз қалай үй адамына айналдық?

Бетперде киген көктем - 7

Адам өзін іздеп жүріп, бір күні маймылды тауып алғаны қызық. Адамзат баласы өзінің алғашқы бастауларын, жаратылыс жұмбағын, жаратушыны, түпкі мәнді мыңжылдар бойы іздеп, ақыр соңында, Дарвин тұжырымына сәйкес, маймылдан шықтық деген ғылыми қисынға тоқтағаны тіпті қызық.

Арғы атасы архантроп делінген адамзат баласы әлі жол басында тұр. Дарвиннің дипломдық жұмысы негізінде тарқатқанда, Homo habilis, Homo rudolfensis, Homo ergaster, Homo erectus тізбегіндегі епті адам, тік жүруші адам, жұмыс істеуші адамнан өте келіп, Homo sapiens sapiens-ке яғни аса саналы адамға келеміз. Осы эволюция тізбегінде үйретілу және бейімделу деген өте маңызды екі кезең бар екен. Біз жан-жануарларды қолға үйрету барысында өзімізді өзіміз де қолға үйреткен екенбіз. Генетик ғалымдар адамдар мен адамдар қолға үйреткен жануарлардың генін зерттеу барысында екі қызықты жағдаятқа тап болды: көнбістік және кескін-келбеттің әсемдігі. Бұл екі жағдаят біздің әлеуметтік мінез-құлқымыз бен іс-әрекетімізді басқарады екен. Демек, адамдар да өздерін үй жануары секілді үй адамына айналдырып алған. Оны біз мінез-құлық нормативтері, этика, эстетика секілді ұғымдармен атаймыз.

Алмакезек ауысқан матриархат пен патриархаттық кезеңдерді өткере отырып, әйел – үй адамы, еркек – түз адамы деген тұжырым жасадық. Бұл әдетте әлеуметтік еңбек бөлінісіне сәйкес келеді. Бірақ, осының астарына үңілсек, «еркек – түз адамы» деген аксиоманың арғы жағында ер адамның мінез-құлқы мен табиғатындағы ерекшеліктер қылтиып төбе көрсете бастайды. Әйтеуір, ер адамнан бір жабайылық пен асаулық анық сезіледі. Бұдан шығатыны, алғашқы қауымдық құрылыстан бастап әйел адамның бала күтіміне байланысты өмірінің басым бөлігін үй жағдайында өткізгендіктен, оның үй адамына айналу процесі тезірек жүргенін, үй адамы мінез-құлқының айқын басымдыққа ие болғанын аңдаймыз. Біз оралдық. Үйдегі адам бізден бұрын байқай бермеген мінез-құлықтарды көріп, қайран қалатындай. Аш арыстан секілді есік пен төрдің арасында ерсілі-қарсылы жүрміз.

Иә, біз үйге оралдық. Ерікті әрі еріксіз түрде. Мамонтты найзамен сұлатып салып, түмен-түмен жауды түре қуып, жеңімпаз болып оралдық па, әлде, әлденеден қашып келіп тығылдық па екен?

Бетперде киген көктем. Үсікке ұрынған өрік пен шие гүлдері секілді талай ойларымыз бен жоспарларымызды суық шалды. Бірақ, біздің үміттер әлі гүлдейді. Бізге дейінгі ұрпақтар еңсерген қиындық пен жүріп өткен жолды біз де өткеріп, көктемге күліп шығамыз.