Хандық билік таратылған соң, Ресей 1822 жылғы «Сібір қырғыздарының (қазақтар) жарғысына» сүйене отырып, қазақ даласында Орта жүзді басқарудың жаңа жүйесін енгізе бастайды. Жарғы бойынша Орта жүздің жері Батыс Сібір генерал-губернаторлығының Омбы облысы бойынша сыртқы округтерден, әрбір округ 10-12 ауылды біріктіретін 15-20 болыстықтан құралды. Сөйтіп 1824 жылы Көкшетау, Қарқаралы округтері, 1831 жылы Аягөз, 1832 жылы 9 қаңтарда Николай 1-ші Ақмола округін ашу жөнінде шешім қабылдайды.
Жарғының 124 тармағы бойынша әрбір округте округтік приказ, оның мүшелері, кеңсе шенеуніктері, аудармашы мен тілмаштарына арналған үй; дұға жасайтын және дінбасылары тұратын үй; 150-ден 200-ге дейін адам қабылдай алатын аурухана үйі; казактарға арналған казарма ғимараттары салынуы керек еді.
Тарихқа барлап қарасақ, ел жадында мәңгі қалған тұлғаларымыз баршылық. Мысалы, 1832 жылы 22 тамызда Ақмола округінің аға сұлтаны болып сайланған Қоңырқұлжа Құдаймендин (аға сұлтан қызметін 1832-1842 жылдары, 1845-1849 жылдары атқарды) өз міндетін орындауға кіріседі. Қ. Құдаймендин 1833 жылы 28 қаңтарда Омбыдағы генерал-лейтенант де Сен-Лоранға хат жазады. Онда Ақмола округін орналастыруға қатысты 1832 жылғы 11-ші маусымдағы № 1928-м жазба бұйрығының 9 тармағында қырғыздарға (қазақтарға) дұға жасап, оларды түзу жолға бағыттап отыратын бір молданы 100 сом жалақымен жұмысқа алу жөніндегі міндеттемені әзірге приказдағы қызметкер тілмаш князь Асфендияр Чанышев орындап жүргенін жеткізіп, соған орай округтік приказда оған молданың міндетін қоса атқаруды жүктеп, сол жылдың 1-ші қаңтарынан бастап 100 сом жалақы төленуіне рұқсат сұрайды.
Ақмоладағы алғашқы («ескі мешіт», «бірінші мешіт», «ағаш мешіт» деген атаулары бар) мешіттің құрылысы Қоңырқұлжа Құдаймендиннің қаражатына 1838 жылы Ақмола бекінісі іргесінен бой көтереді. Өз қаржысымен мешіт салдырған Қоңырқожа есімі әлі күнге дейін зор құрметпен аталады. Мешіттің жанынан 1842 жылы дінге сенушілердің қолдауымен діни оқу орны ашылады, шағатай (татар), араб тілдерінде жазу, оқуды үйретеді, қажетті оқулықтар мен кітаптарды ата-аналары мен туысқандары қамтамасыз етіп тұрады. 1843 жылы жергілікті мұсылман балаларын оқытатын Бураби молдаға кішігірім үй салынады.
Нұр-Сұлтан қаласы
мемлекеттік архивінің
Ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы
Ғазиза ИСАХАН