МЕН ӘРБІР ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫНЫҢ ЖОҒАРЫ МӘДЕНИЕТТІ БОЛҒАНЫН КӨРГІМ КЕЛЕДІ
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 29 қаңтардағы халыққа арнаған Жолдауынан еліміздің өркениетті, халқымыздың мәдениетті болуына бастаған ізгі мұраттың жолын көргендей әсер алдым.
Біз көп жағдайда мәдениет туралы айтқанда, бұл саланы тек өнер түрінде көреміз. Ал мәдениет дегеніміз, өмірдің және қоғамның барлық қырынан көрініп тұруы керек. Барлық саламызда мәдениеттілік орын алса, ісімізде кемшілік те, өрескел мінез-құлық та, адамзат құндылықтарына сай келмейтін қолайсыз әрекеттер де болмайтыны анық. Айталық, қай тілде сөйлесең де, тілдің мәдениетін сақтауың қажет. Мәселен, экранға шығып, пікір білдірсеңіз, тыңдап отырған халық айтып тұрған сөзіңе қарап, рухани байлығыңды, біліміңнің өресін анық байқайды. Егер қазақ тілінің мәдениетін сақтамасаң, сол халықтың салт-дәстүрін білмесең, айтқан ойың да жүрекке жетпейді. Адамдармен қарым-қатынас жасау, көшеде, мәдени-қоғамдық орындарда өз-өзін ұстау, әр ортада жарасымды киіне білу, кеңселер мен ғимараттарда жүріп-тұру, демалыс орнында тазалық сақтау – осының барлығы мәдениеттіліктің құнды негіздері.
Соңғы жылдары тілімізге жиі оралатын толеранттылық ұғымының негізінде де мәдениет жатыр. Яғни, дінаралық байланысты түсіністікпен қабылдап, өзге діннің ұстанымдарына, әдет-ғұрыптарына, құлшылық ету тәсілдеріне төзімділікпен қарау – тек қана мәдени өресі жоғары халықтың қолынан келеді. Әлемдегі төзімділігі мықты, өзге ұлттар мен діни ұйымдардың өкілдеріне түсіністікпен қарайтын қазақ халқы екенін ерекше атап өтуіміз керек.
Биыл, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған тұста ұстанған саясатының бірі – Төзімділік. Төрт тағаннан тұратын ұранымыз “Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік” екенін, бұл ұғымдардың ішіне Қазақстанның әлем алдындағы саяси көзқарасы, ынтымақтастығы, барлық арман-мүддесі сыйып тұрғанын айтқанымыз абзал.
Қазақстан қоғамын жарастырып, бірлігін сақтап отырған да адамдарымыздың жоғары мәдениеттілігі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының, сонымен қатар, Қазақстанды мекендеген өзге этностардың да мәдениеті мен өнерін терең ұғына білуіміз керек екенін жиі айтады. Өйткені, бір халықтың жан дүниесін ғана білсек, сол ұлттың салт-дәстүрін ұғынумен шектелеміз. Ал өзімізбен осы елде бірге өмір сүріп жатқан этностардың тарихын, салт-дәстүрін, тілін, шығармашылық жетістіктерін біле түсуге ұмтылсақ, рухани байлығымыз молая түсетіні айдан анық.
Мен әрдайым әрбір қазақстандық азаматтың жоғары мәдениетті болғанын көргім келеді. Қазақстандағы бейбітшіліктің салтанат құрып тұруы қазақ халқының достық пейілі, барлық тұрғындардың ынтымақ пен бірлігі, ортақ көзқарасы екені сөзсіз. Сонымен қатар, ең бастысы, тыныштық пен сыйластыққа қол жеткізіп тұрған құндылығымыз – мәдениетті қарым-қатынасымыз екені даусыз. Адам жасынан мәдениетті сөйлеуді үйренбесе, ұлттық тәрбиені алмаса, өзге ұлттың өкілі емес, тіпті өзара бір үйдің балалары да, бір ұлттың адамдары да тіл табыса алмайтыны белгілі жәйт. Сондықтан бірлік пен ынтымақтың негізінде мәдениет жатыр.
Мәдениеттің қатысы жоқ сала болмайды. Айталық, кейбір адамдар қылмысқа да мәдени өресінің төмендігінен, ар-намысының аздығынан барады. Мәселен, халқына кір келтіргісі келмейтін, мәдениеті жоғары адам сыбайлас жемқорлық жасауға бара ма?! Әрине, бармайды!
Қоғамдағы орын алған кемшіліктерді жою – алға басқан елдің ұстанымы. Осы орайда Жолдауда Елбасы құқық қорғау жүйесіне күрделі реформа жүргізу қажеттігін айтып, нақты органдарға тапсырма берді.
Осы орайда Парламент депутаттары алдында да үлкен міндеттер тұр. Азаматтардың құқығын қорғауға қатысты, елдің 2020 жылдарға дейінгі стратегиялық жоспарына сәйкес экономиканы дамытуға арналған маңызды заңдарды жедел түрде қарап, қабылдауымыз қажет. Өзім мүшесі болып табылатын Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті ауқымды істер атқарып, жаңа заңдардың жүйелі талқыланып, сапалы түрде қабылдануына атсалысады деп есептеймін.
Мәдениетті адам өзінің құқығын, еліміздің заңдарын да жетік білуге тырысады. Ағат қылықтар, өрескел істер жасауға бармайды. Өзінің қандай істермен айналысуына болатынын, заңға қайшы келетін әрекеттерден аулақ жүруді біледі. Өзінің қоғам алдындағы жауапкершілігін анық сезінеді. Адам көп жағдайда “Бұл қоғам маған қандай жақсылықтар жасайды?” деген көзқарастан шыға алмайды. Ал “Мен өз елімнің дамуы үшін қандай үлес қосуым керек?” деген қарсы сұрақты өзімізге қоя бермейміз. Сондықтан әр адам ел алдындағы перзенттік парызын да сезінуі тиіс.
Елбасы осы Жолдауында индустриялық-инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, саламатты өмір салтын ұстану, білім мен біліктілікті арттыру, тұрғындардың денсаулығын жақсарту жөнінде жеке-жеке тоқталды. Осы салалардың барлығы да заңды және мәдениетті түрде жүзеге асуы керек. Айталық, мәдениеті жоқ жерде тауар өндірушінің өнімі де өтпейтіні белгілі.
Бұқаралық ақпарат құралдары Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы айтылған ойлардың терең мағынасын ашып, еліміздегі игі қадамдарды, азаматтық қоғам құрудағы жетістіктерімізді, алдағы көздеген елдік мақсаттарымызды әрбір оқырманға, елдің барлық тұрғынына жеткізуі керек.
Еуразия кеңістігінің нақ ортасынан орын алған елімізде әр түрлі партиялар, этностар, діни ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар өз қызметтерін жүргізіп жатыр. Алайда, олардың барлығы өздерін жеке-жеке ұйым немесе одақ түрінде сезінбей, “Біз – Қазақстан азаматымыз!” деген асқақ рухта болуы керек. Осы орайда Елбасы 29 қаңтар күні өз Жолдауында “Кез келген партия болсын, қоғамдық ұйым болсын барша қазақстандықтардың мүддесі үшін жұмыс істейді емес пе? Сондықтан мен барлық саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге елдің дамуы мен ұлттық бірліктің тиімді жолдарын іздестіруге септесетін өзара іс-қимылдың жаңа үлгісін әзірлеуді ұсынамын”, – деді.
Н.Назарбаев еліміздің барлық саяси күштеріне дағдарыстың қиын кезеңінде елімізге және қоғамға қолдау көрсету үшін партияаралық үнқатысуды орнықтыруды және бірігуді ұсынғанын айта келіп: “Менің бастамам қолдау тауып, жеті саяси партия экономикалық дағдарыс жағдайында әлеуметтік және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы меморандумды бірлесе әзірлеп, оған қол қойды”, – деп ол үшін үлкен ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетуге 1 млрд. теңге бөлінетінін жария етті. Бұл қаржы Қазақстанның алдағы он жылға арналған әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатына жұмсалады. Ел бюджетінен осындай көлемде қаржы бөлу жөнінде Үкіметке нақты тапсырма берді. Бұл бастаманы жіктеп айтар болсақ, еліміздегі оң өзгерістер, халықты әлеуметтік қолдау, әрбір азаматтың ізгі арманына қол жеткізуіне жағдай жасау, достық пен ынтымақ, адам құқықтарын қорғау, мәдени құндылықтарымызды ардақтау тақырыбындағы маңызды жобалар іске асатынын анық байқауға болады.
Елбасы әлеуметтік-экономикалық саладағы көзделіп отырған мақсаттарымызды айта келіп, ішкі саяси тұрақтылық жөнінде ой толғаған сәтте: “Біріншіден, біздің ең басты құндылығымыз – ол Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан!” – деп қадап айтты. Бұл Қазақ еліндегі барлық азаматтың ерекше мақтанышпен, патриоттық сезіммен айтатын сөзі. Одан әрі Президент мемлекет және оның әрбір азаматы қай жерде де қоғамның тұрақтылығы мен елдің әл-ауқатына кері әсерін тигізуі ықтимал кез келген қадамға бармауы тиіс екенін ескертті. Өйткені, қазір Қазақстан – әлем назарындағы мемлекет. Өз ішіміздегі азаматтарымыз немесе шетелге іссапармен барған отандастарымыз, сондай-ақ әлемнің беделді жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастарымыз әрбір қадамын ойланып басуы керек. Бір азаматтың ісі әшкереленсе, ол елдігімізге сын болмақ. Яғни, әр азамат өзі үшін де, тәуелсіз мемлекетіміз үшін де үлкен жауапкершілікте болатын кезге жеттік. Бүгінгі таңда ойы озық, көзі ашық, көкірегі ояу, қызметіне адал барлық қазақстандық осы ұстанымды ұғынып отыр деп сенемін.
Балабақша мен мектеп, орта және жоғары оқу орындары, жалпы біздің қоғам тәрбиелеп жатқан өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген ерекше құрмет сезімі қалыптасуы тиіс. Әр азаматтың өз шаңырағынан ұлттық тәрбие алуына жағдай жасалғаны жөн. Жастарды халық даналығымен сусындатуымыз керек. Айталық, Жер шарының бір тұсына барғанда: “Бұл – Қазақстан азаматы”, дейтіндей деңгейді сақтап тұруға міндеттіміз.
Біліктілігі жоғары, рухани байлығы мол жастар елдің экономикасын да, мәдениетін де алға дамытатынына кәміл сенемін.
Елбасы осы Жолдауында қоғамның барлық саласына, елдің ішкі және сыртқы саясатына тоқталды. Әлеуметтік салаға жасалатын қолдауды елдің барлық тұрғындары ерекше қуанышты сезіммен қабылдап, бүгінгі таңда жиі сөз етіп жүр. Үлкен қариядан бастап, кішкентай балаға дейінгі қатысы бар мәселелер түгел қамтылды. Қазір еліміздің өңірлерінде Жолдаудан туындайтын міндеттер, Елбасы атап көрсеткен 2020 жылға дейінгі елдің стратегиялық даму жоспары туралы мәселелер қызу талқылану үстінде.
Осы Жолдауда жария етілген кешенді бағдарламалар ойдағыдай орындалса, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына сөзсіз еніп, одан да жоғары жетістіктерге қол жеткізе аламыз.
Еліміздегі қазақ халқының, соған қоса барша этностардың рухани-мәдени құндылықтары – Қазақстанның байлығы. Осы бір ортақ адами байлық еліміздің алдағы он жылдағы өркендеуінде, одан әрі жалғасатын тарихи кезеңдерінде тек ынтымақ пен бірлігін арттыратын жүрекке ұялаған ұлы қасиеттері бола беруін тілеймін!
Людмила ХОЧИЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.