Астанадағы №10 мектеп-гимназиясының көзі мүлде көрмейтін оқушыларына сабақ беретін тифлопедагог Сәуле Лябивқызы 3 және 4 сыныптардағы оқушыларының ерекше қажеттілігіне қарай есту қабілеттерінің жақсы дамығанын, бұрыннан жаттыққанын айтады.
– Оқушыларым есту арқылы есте сақтайды, сондықтан телеарна мен радиодағы сабақтарды алдымен естіп алады. Содан соң тыңдағанын маған қайтадан айтып береді және WhatsApp-тан жолданған үй тапсырмасын орындайды. Каникул кезінде ата-аналардың көмегімен оқушыларға Zoom арқылы сынақ сабақ өткенбіз. Содан қалыптасып қалды. Әлі де осы жүйені қолданып, кері байланыс орнатып отырмыз. Мен мұғалім ретінде аса қиналып жүрген жоқпын. Себебі ата-аналармен бұрыннан тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп үйренгенбіз, қазір ауыртпалықты теңдей бөлінді. Мәселен, мен ата-аналарға балалармен бірдей Брайль қарпінде оқып-жазуды үйреткенмін. Сондықтан қазір ата-аналар тапсырманы оқулықтан тауып, баласының жұмысын тексере алады, – дейді тифлопедагог.
Балаларының қандай жағдайда да білім алуына барлық мүмкіндікті қарастыруға дайын, өзі де қолынан келгеннің бәрін жасауға әзір ата-аналар өзі оқып, өзі көріп, өзі тыңдап, өзі орындай алатын балаларына жай сабақ оқуын ұйымдастырып беруді қиынсынатын ересектерге үлгі болуға әбден лайық-ақ. Осыған қоса, С.Лябивқызы айтқандай, электронды форматта келген хаттың мәтінін дауыстап оқып беретін мобильді қосымшаны игеріп алған зағип оқушылар да ата-аналары, мұғалімдері бүкіл материалы мен керек-жарағын қолына ұстатып, алдына тосса да сабақ оқудан қашатын жалқау балаларға жігер беруі тиіс.
– Оқушыларымның білімге деген құштарлығы бар қиындықты жеңіп келеді. Олардың үйренуге деген ынтасы кез келген кедергіден, міне бүгінгідей жаңа форматқа көшкенде туған тосқауылдардан да тосылмауға көмектесті. Аңсар деген оқушым іРhone телефонындағы Apрstore-ден Siri қосымшасын жүктеп, онымен қалай жұмыс істеуге болатынын тіпті маған үйретті. Мен оны қазір басқа да оқушылар мен ата-аналарға ұсынып жатырмын. Өте ыңғайлы, – дейді тифлопедагог.
Кейін осы мобильді қосымшаны өзіміз де зерттеп көрдік, көзі нашар көретін немесе көрмейтін оқушыларға таптырмайтын дүние екен. Ең маңыздысы мобильді қосымшаны компьютерге, яғни Windows немесе кез келген телефондағы Android жүйесіне де орнатып алуға болады.