Әуел баста, жайма-шуақ басталған карантин шаралары күн санап өскен індет жұқтырушылардың көрсеткішімен қатаң режімге көшті. Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 18 сәуірдегі №11 «Карантиндік шараларды күшейту туралы» қаулысына сай қалада сақтық шаралары күшейтілді.
Шымкент қаласының барлық аумағында 2020 жылдың 19 сәуірі сағат 00:00-ден бастап 2020 жылдың 1 мамыры сағат 07.00-ге дейін бірқатар шектеулер енгізілді.
Атап айтсақ, айырбастау пункттерінің, микрофинанстық ұйымдардың қызметін онлайн жұмыс режіміне және «тұтынушыларға дейін жеткізу» қағидасына көшіру арқылы уақытша шектелді. Сонымен бірге қалада қоғамдық көліктер де жұмысын тоқтатты. 65 жастан асқан және 18 сегіз жасқа толмаған азаматтардың тұрғын үйден ересек адамның сүйемелдеуінсіз шығуына тыйым салынды. Бұл ретте Шымкент қаласының полиция департаментінің, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық гвардиясының, Қорғаныс министрлігінің әскери құрылымдарының күштерімен карантиндік аумақты патрульдеу тапсырылды.
Бүгінде қала әкімі Мұрат Әйтеновтің басшылығымен еліміздің оңтүстігіндегі ең ірі орталық – Шымкент шаһарында Мемлекет басшысының төтенше жағдайға байланысты берілген тапсырмасы кезең-кезеңімен орындалуда.
Шетелдердегі инфекциялық ахуалдан соң Мемлекет басшысының тапсырмасымен карантин дер кезінде жарияланды. Ал үшінші мегаполис Шымкентте 2020 жылғы 4 сәуірден бастап қала аумағында карантин режімі енгізілді. Бастапқыда Шымкентте COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны тым аз еді. Алайда, бейғамдық таныту қажет емес деп шешіліп, тоғыз жолдың торабындағы қала қатаң бақылауға алынды.
Індет екі шаһармен шектеліп қалмайтыны екібастан белгілі-тұғын. Себебі карантин жарияланбай тұрып та өңірлер арасында қарым-қатынас болған. Сондықтан болар Шымкентте індеттің тез таралуына ықпал ететін жайттар аз емес. Өйткені Шымкент – Ұлы жібек жолы бойындағы үлкен дәліз. Еліміздің өзге өңірлеріне Шымкент арқылы тәулігіне кемі 200 мың транзитті жолаушы өтеді. Ал одан тыс батыс пен түстік шекараға бет алғандардың көбі осы шаһар арқылы өтетінін бір еске түсіріп қойыңыз. Көлік пен жолаушылар ағыны көп қалада індеттің қалай тез тарап кететінін ескерген қала әкімі Мұрат Әйтенов шұғыл іс-әрекетке көшті.
Қатерді алдын ала болжай білген жергілікті билік Шымкентке карантин режімін енгізу туралы шешім қабылдады. Қала әкімі карантин азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғап, денсаулығын сақтау тұрғысынан қажет екенін қала тұрғындарына телеарна арқылы түсіндірді.
Әуелде ережеге бағынғысы келмеген тұрғындар қажеттіліктің тікелей өз өмірлеріне керек екенін түсінді.
Бізге білікті дәрігер қымбат
Індеттің ошағы саналған Ухань қаласындағы жаппай күрестен соң әлем жұртының назары ақ желеңді абзал жандарға ауды. Қытай ғалымдары елге бірінші кезекте шоу-бизнес емес, ғылым мен медицина керек екенін жарыса айтып жатты.
Елімізге індет келген күннен бастап отандық дәрігерлер қарусыз майданға кірді. Әлі де отбасынан айлап ұзап, басын қатерге тігіп жүр. Бұл құрметке, мақтауға, алғыс айтуға тұрарлық жағдай.
Республикамызда медицина қызметкерлері жұмысының қауіптілігіне қарай 3 топқа бөлінген. Бірінші санаттағы өте қауіпті жағдайда жұмыс істейтін 24 қызметкерге 8,7 млн теңге бөлінді. Екінші санаттағы қалыпты жағдайда жұмыс істейтін дәрігерлер мен фельдшерге, 845 медицина маманына 258,3 млн теңге бөлінді. Үшінші деңгейдегі қауіпсіздік жағдайында жұмыс істейтін 421 медицина ұйымының қызметкеріне 51,3 млн теңге бөлінді.
Президент коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне көмек көрсету туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, Шымкент қаласында 1 290 медицина қызметкеріне үстемеақы төленді.Үстемеқы алғандар – жансақтау бөлімдерімен қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, карантиндік аймақтағы орта және кіші медицина қызметкерлері, сондай-ақ провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері мен жедел-жәрдем жүргізушілері.
Жан-жақты ойластырылған, ақылға қонымды әрі оңтайлы шешімдер, сол шешімдерді жүзеге асырудағы жеделдік, тұрғындармен кері байланыс қызметі Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан жұмыстың жүйелене түсуіне көп септігін тигізді.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі жіті бақылауға алынды. Бұл мақсатқа қажетті қаржы бөлінді. Шаһар басшысы бірінші кезекте қаланың базар, сауда орталықарын аралап, баға тұрақтылығын тікелей өз бақылауына алды.
Мемлекет бекітіп берген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұру үшін әкімдік пен «Gramad Retail» ЖШС арасында келісім түзілді. Бүгінде аталған серіктестік өзінің 2 супермаркетінде азық-түлікті белгіленген бағада сатуда. Өткен аптада «Gramad» супермаркетіне «Magnum», «Фиркан» сауда желілері де қосылды. Қазір қала аумағында бекітілген бағамен азық-түлік сатып жатқан 21 сауда желісі бар. Оған қоса «Gramad» супермаркеті қаладағы «Алаш», «Жібек жолы», «Қапланбек», «Акбар» және «Айна» базарларында арнайы көлікпен жылжымалы сату нүктелерін ұйымдастыруда.
Карантин кезінде азық-түлікпен қатар жеке сақтану құралдарына, атап айтқанда, медициналық бетперделерге сұраныс еселеп артқаны белгілі. Осы орайда Шымкентте тұрмысы төмен азаматтарға жалпы саны 1 млн 100 мыңға жуық бетперде тегін таратылды. Оның 1 млн данасы «Birgemiz» қорынан бөлінді. Бұл көп реттік маскалар, сондықтан жуып, қайта қолдануға жарамды. Бұл игі іс сақтық шаралары аяқталғанға дейін жалғаса бермек.
Ағайынның бірлігі байқалды
Иә, карантин режімі енгелі ел-жұрт үйде қамалып, жұмыс тоқтап қалды. Қысылтаяң сәтте елімізде көптеген азаматтар табысынан айырылды. Осы күрделі кезеңде әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға қол ұшын беру – мемлекеттің тікелей міндеті. Шымкент қаласында бұл жұмыс ойдағыдай жүзеге асуда. Атап айтқанда, Елбасы бастамасымен құрылған «Birgemiz» қорынан Шымкент қаласы бойынша 40 мыңнан астам тұрғынға ақшалай көмек беру жоспарланған. Бүгінгі таңда 22 мыңға жуық тұрғынның есепшотына 50 мың теңгеден қаржы аударылды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған Шымкент қаласының 202 мың тұрғынына 42 500 теңге төлем берілді. Өтініштерді қабылдау әлі де жалғасуда.
Ең маңыздысы, өңірдегі атымтай азаматтардың қаржылай қамқорлығы елдің береке-бірлігін тағы бір мәрте дәлелдей түскендей. Елбасы бастамасы мен Президент тапсырмасына үн қатқан шымкенттік кәсіпкерлер індетпен күресуге көмек беруден жарысқа түсті десек те болады. Барлығының мақсат-мұраты бір. Осынау індеттен ертерек құтылып, елде мамыражай күннің тез орнауына қызмет ету.
Бабалардан қалған жақсы дәстүр ұрпаққа аманат. Ел басына күн туса ер етігімен су кешіп, тұлпары ауыздығымен су ішеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі ұсынысына сәйкес Шымкентте ел үшін тер төгуге бел буған азаматтардың қатары көбейіп келеді.
Еріктілер қалалық әскери комиссариатқа тіркеліп жатыр. Төтенше жағдай кезінде қала әкімдігінің тапсырысымен әзірге 100-ге жуық азамат қабылданды. Олар зарарсыздандыру мен блок-бекеттерде патрульдеу жұмыстарын атқаруда. Бұл жолы 35 жасқа дейінгі азаматтар тіркеуге алынды. Жалпы, Шымкент қаласындағы зарарсыздандыру жұмыстарына 50 автокөлік пен 600-ге жуық адам жұмылдырылған. Сондай-ақ 200-ге тарта әскери қызметкер қамтылған. Сарбаздар қаладағы 4 ауданға 25-тен бөлінді. Оларды тасымалдау мен тамақтандыру мәселесі шешілген. Шымкент қалалық әскери комиссариатында арнайы медициналық комиссия жасақталып, үміткерлерді сараптамадан өткізді. Сынақтан өткен запастағы сарбаздар төтенше жағдай уақытында әскер қатарында болады. Айта кететін мәселе, жұмысы бар еріктілердің айлық жалақысы сақталады. Еріктілер мұндай қадамға пайда үшін емес, Отан үшін барғанын айтады.
Сауда қоймаларында азық-түлік жеткілікті
Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қала тұрғындарына азық-түліктің жеткіліктілігіне көз жеткізу мақсатында «Санжар» сауда-логистикалық орталығының жұмысымен танысты. Орталықта «Сұлтан», «Маркетинг», «Аделина», «Алина-3», «Дариол», «Масло-Дел» ЖШС-і орналасқан. Негізінен онда сақталатыны – азық-түлік тауарлары. Қазіргі таңда орталыққа күндігіне 350-400 тоннаның көлемінде азық-түлік әкелініп, таратылуда.
Тауарлар Қазақстанның бүкіл аймағынан және алыс, жақын шет мемлекеттерден (Пәкістан, Иран, Қытай, Ресей, Беларусь және т.б.) жеткізіледі. «Масло-Дел» ЖШС-і күніне 10 тоннаға жуық тауарын қала тұрғындарына ұсынуда және ірі сауда орталықтарына мекеме өзі жеткізіп береді. Кәсіпорын басшылары елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері өнімдерге сұраныстың екі есе артқанын айтып отыр.
Мәдени өмірге құштарлықты арттырды
Төтенше жағдай кезінде халықтың көңілін көтеру, рухын шыңдауда өнер мен мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі елеулі. Әлеуметтік желілерде Қазақстандағы ірі қала тұрғындарының көпқабатты үйлердің терезесінен хормен ән шырқағаны көрсетілген бейнероликтер таралды. Сала мамандары түрлі челлендждер жолдап, карантин кезінде тұрғындардың мәдени-рухани демалысқа сусап отырған ағайынға үлкен көмек көрсетті. Осы орайда Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы 13-19 сәуір аралығында онлайн форматта жалпы 57 мәдени кеш өткізді.
Мәдениет майталмандары күн сайын тікелей эфирде өнер көрсетуде. Онда түрлі спектакльдер мен тарихи қойылымдар және байқау, көрме сынды шаралар онлайн режімде ұйымдастырылуда. Сондай-ақ ақындар айтысын да үйде отырып, қашықтан тамашалауға болады.
Мұның өзі мегаполистегі моральдық-психологиялық ахуалды жақсартып, қалыпты тіршілігінен қол үзіп, үйінен шыға алмай отырған тұрғындардың ертеңге деген сенімін арттыра түсті.
Коммуналдық қызмет тарифі төмендеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 23 наурызда төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызмет түрлерінің тарифін төмендетуді тапсырған болатын. Осыған орай, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап Шымкент қаласында коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендетілді.
Шымкент қаласында коммуналдық қызмет көрсететін табиғи монополиялар субъектілері Төтенше жағдай кезеңінде қала тұрғындарының қаржылық жүктемесін төмендету мақсатында және қоғамдық келісімнің тұрақтылығының маңызын ескере отырып, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап өз бастамасымен төмендегі қызметтер бойынша тарифтерді төмендету туралы шешім қабылдады.
Атап айтқанда, «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС, «Қуат жылу орталық-3» МКК, «Тас Құдық Бак» ЖШС, «Жеңіс Т» ЖШС, «Сайрам су» ЖШС коммуналдық қызмет тарифтерін төмендетті.
Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді
«Төтенше жағдай кезінде қаладағы құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Карантин жұмысқа қолбайлау болмауы керек. Барлық мүмкіндікті қарастыра отырып, жұмысты жүйелеген жөн. Қайта сын сәтте өзге өңірлерден келетін, қолынан іс келетін мамандарды көптеп еңбекке тарту жағын қарастырған дұрыс. Дегенмен, азаматтардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс». «Шымкент сити» шағынауданындағы салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын аралап көрген қала әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.
Қала басшысы мердігерлерге қиын-қыстау кезеңде жұмыссыз жүрген азаматтарды құрылысқа тартуға шақырды. Дегенмен жұмысшылардың денсаулығын жіті бақылауда ұстауды тапсырды. Мұрат Дүйсенбекұлы қазіргі кезеңде көпшілікті денсаулығы үшін қауіпсіздігін ескеріп, үйлерінде отыруға шақырды.
Қала әкімі барған нысанның бірі – 16 қабатты «француз» стиліндегі 4 үй. Құрылысты «Отау Строй» компаниясы жүргізіп жатыр.
Бас инженер Абжат Әкімовтің айтуынша, 360 пәтерлі тұрғын үй жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталған. Қазір ішкі жөндеу және қасбеттерін қаптау жұмыстары жүріп жатыр. Құрылысқа 3 млрд 955 млн теңге қаралған. Қала аумағында карантин жариялануына байланысты шеттен келіп жұмыс істейтін жұмыскерлердің бірқатары келе алмай қалған.
Қазір жергілікті азаматтарды жұмысқа тарту бойынша өтінімдер қабылданып жатыр. Оған қоса қалалық жұмыспен қамту орталығына жалпы қала аумағындағы құрылысқа қажетті 443 құрылысшыға сұраным берілген.
Нысанды аралап көрген қала әкімі қажетті құрылыс материалдарын тасымалдаушы көліктердің қалада жүріп тұруына ешқандай кедергі болмау керегін атап өтті. Оған қоса қажетті құрылыс заттарын сататын көтерме қоймаларға да мүмкіндік жасалғанына тоқталды. Құрылысшылармен сөйлескен Мұрат Дүйсенбекұлы мердігерге тұрғын үйді Қала күні қарсаңында тапсыру керегін ескертті.
Президентке есеп берді
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновпен телефон арқылы сөйлесті. Талқылаудың негізгі тақырыбы – коронавируспен күрес, қазіргі санитарлық-эпидемиялық жағдай және аймақтардағы карантиндік шаралардың орындалуы жайы айтылды. Мемлекет басшысының азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, шағын және орта бизнесті кезең-кезеңімен іске қосу, көктемгі дала жұмыстары мен жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру туралы тапсырмаларының орындалуы сөз болды. Аталған мәселе бойынша Шымкент қаласының әкімі Президентке қазіргі жағдайды баяндады.
Мұрат Дүйсенбекұлы Мемлекет басшысына елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, бірінші кезекте қала аумағына 18 санитарлық бұғаттау бекеті қойылғанын атап өтті. Ол жерлерде құзырлы орган өкілдерінен жасақталған топтар тәулік бойы үш ауысымда жұмыс істеп жатқанын, алғы шептегі қызметкерлер қажетті медициналық киіммен толық қамтылғанын жеткізді.
Қала аумағы толықтай зарарсыздандырылуда. Оған қосымша күш ретінде Мемлекет басшысының Жарлығымен жасақталған 100 әскери міндетті сарбаз да тартылған. Медициналық қорғаныс құралдарының мәселесі шешілген.
Өз сөзінде М.Әйтенов Президентке «Өзіңіздің тапсырмаңызбен қолға алынған әлеуметтік төлем 42,500 теңгені Шымкенттен 225 мың адам алды. Ал «Біз біргеміз» акциясы негізінде аз қамтамасыз етілген 22 мыңға жуық адамға 50 мың теңге көлемінде бір реттік көмек берілді», деді.