Қоғам • 24 Сәуір, 2020

WhatsApp арқылы кеңес береді

232 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірлерде жұқпалы індеттің салдарынан емханалар мен ауру­­ха­наларда ем алатын науқастар саны күрт азайған. Әрине қауіпсіздік шарасы күшейіп, адамдардың үйден шықпай отырғаны тиімді болғанымен, тұла бойына дерт жабысқан тұрғындардың дәрігерге бәрібір жүгінуге мәжбүр болатыны анық. Бірақ бұл тығырықтан шығудың да жолы бар екен.

WhatsApp арқылы кеңес береді

Мысалы, Талдықорған қала­лық емханасының дәрі­гер­лері тіркелген нау­қас­тар­­дың шағымын WhatsApp арқы­лы қабылдап, қажетті ақыл-ке­ңес­ті қашықтан беріп отыр. Бұл туралы қалалық емха­на­ның әлеу­меттік желідегі парақ­ша­­ла­­рынан оқып қалған едік. Он­да­ғы жазбаларда коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты сақтық шарасының күшейгені ескертіліп, дәрі­гер­дің шұғыл көмегі қажет бол­ма­ған жағдайда, тиісті кеңесті емханаға келмей, қашықтан алу ұсынылған болатын. Ал жазба соңында қажетті мамандармен байланысуға болатын телефон нөмірі беріліпті.

Біз журналистік әуестікпен кар­диолог дәрігердің Whats­App нөміріне хабарлама жі­бе­ріп, кеңес алғымыз ке­ле­­тінін айт­тық. Күн жек­сен­­бі еді. Бірақ дәрігер көп күт­тірмеді. Өзін Қайыркүл Байзақ­қызы деп таныс­тыр­ған кар­диолог біздің ден­сау­лы­ғымыздың жайын біліп, тұр­ғылықты мекенжайы­мыз­ға қатысты сұрақ қойды. Қан қысымы, дене қызуы жайлы мәліметтерді білгеннен кейін маман ретінде бізді маза­ла­ған мәселеге көшті. Және дәрі­геріміз күннің жексенбі екенін айтып, науқас тарихы тура­лы мәліметтерді қарай алмай­ты­нын бірден ескертті. Егер дерт күшейіп, жанға бат­қан жағдайда бірден жедел жәр­дем шақыруды ұсынды...

Біз осы жерден кеңес сұ­рау­­ды тоқтатып, Қайыркүл Бай­заққызынан жексенбі күні маза­лағанымызға кешірім сұра­дық әрі қызмет бабымен хабарласып тұрғанымызды айттық. Дәрігер де біздің әреке­тімізді түсі­ніп, сауа­лы­мызды ізгі ниет­пен қабыл­дады.

– Жұқпалы індеттен сақ­та­ну шаралары күшейгелі бері біз де пациенттерміз үшін жиі алаң­дайтын болдық. Қалада жүрек, қан қысымы ауруымен ауы­ратындар аз емес. Оларға күт­пе­ген жағдайда кеңес қажет болып қалуы мүм­кін, сол үшін телефон нөмірімізді ашық жариялап, адам­дардың қашықтан көмек алуын қолдап отырмыз. Және бұл ауыртпалық еліміздің меди­цина қызметкерлері үшін жа­уап­кершілікті арттырды. Қан­­­ша әріптесіміз қауіпті ін­дет ошағында, инфекциямен бетпе-бет келіп, кәсіби мін­­детін атқарып жүр. Өз басым коро­навирустан жазылып шы­ғып жатқан адамдар жайлы ақпа­ратты естіген сайын төбем көкке жеткендей болады. Мұны отан­дық дәрігерлердің бі­лі­­мі мен білігінің арқасы, біз­дегі дәрі-дәрмекпен қамту, меди­циналық құрылғылардың қол­же­тім­ділігінің нәтижесі деп ай­туы­мыз керек. Індет таралмауы үшін үйде отырайық, жүре­гі­ңіз­ді сақтаңыз, ауырмаңыз, – дейді Талдықорған қала­лық емха­на­сының кардиолог дә­рі­ге­рі Қайыркүл Иманға­зи­но­ва.

 

Алматы облысы