Аталған жоба аясында ауылдардың сәулеті артып, тірлігі тіктелді. Мәселен, Сарыкемер ауылының орталығындағы мәдениет үйінің іргетасы 1976 жылы қаланған екен. Салынғанына қырық жылдан астам уақыт өтсе де, 2009 жылы ғана нысанның қасбетіне соңғы рет ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Тіпті кейіннен ғимараттың қасбетінің бояуы оңып, әктерінің түсіп қалғанын тұрғындар талай рет мәселе етіп көтерген. Нысанның алдыңғы алаңшасына 2004 жылы төселген тақтатастардың дені сынған, бүлінген, кей жерлері ойылып кеткен болатын. Мұндағы жарық шамдар, тоқсаныншы жылдары салынған субұрқақтар мен орындықтар жарамсыз болып қалған еді. Енді, мемлекет қолдауының нәтижесінде аудан орталығындағы мәдениет үйін жаңғырту үшін жобалық құны 14 млн 664 мың теңгені құрайтын ауқымды жұмыс атқарылды. Әуелі нысанның қасбетіне әрлеу жұмыстары жүргізіліп, жаңартылды. Ғимараттың алдыңғы алаңшасының ескі тақтатастары ауыстырылып, дәлізге ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілген. Есік-терезелер жаңартылып, нысанның алдыңғы жағына жаңадан орындықтар қойылып, жарық шамдары қалпына келтірілді. Мәдениет үйінің алдына әл-Фараби ескерткіші орнатылды. Сонымен қатар нысанның қараусыз жатқан оң жақ бөлігіндегі алаңға демеушілердің көмегімен 10 млн теңгеге бірқатар жұмыс атқарылғаны да елге игілік болды. Бүгінде мұнда аллея ашылып, шыршалар егіліп, жаңадан автотұрақ салынған. Жаңа орындықтар қойылып, айналасының жарықтандырылғаны да нысанға сән беріп тұр. Сонымен қатар аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітап қорын сақтау бөлмесінің ескірген шатыры жөнделіп, қабырғалары тегістелген. Жоба аясында аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғимаратына 3 млн 372 мың теңгеге қосымша екі бөлме салынған. Аудан орталығындағы бірқатар балалар бақшаларына да күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілгенін айтқан ата-аналар мемлекеттің қолдауына дән ризашылығын білдіруде. 280 орындық «Балдырған» балабақшасы 1983 жылы пайдалануға берілген екен. Мұнда қазіргі уақытта 36 педагог, 34 кіші қызметкер жұмыс атқарады. 12 топта 300 бала тәрбиеленуде. 36 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген мекеме ескіргендіктен, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалпы құны 41 млн 951,4 мың теңгеге «Балдырған» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Сол сияқты 30 жылдан бері жөндеу көрмеген «Теремок» балабақшасына аталған жоба аясында жалпы құны 164 млн 475 мың теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген. Ғимараттың шатыры түгел ауыстырылып, сыртқы және ішкі қабырғалары тегіс жаңартылыпты. Бүгінде балабақшадағы 6 топта 140 бала тәрбиеленуде. Жалпы қызметкерлер саны 46 адам, оның ішінде 22 педагог қызметкер бар.
Сол сияқты Сарыкемер ауылындағы жазғы театрға 5 млн 908,7 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліп, аудандық «Жастар ресурстық орталығына» жеке ғимарат ретінде беріліпті. Ауыл орталығында орналасқан Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев атындағы орталық саябаққа 5 млн 908,7 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Саябаққа аспалы шамдар орнатылып, 2734 шаршы метр газон, 220 шаршы метр жерге тақтатас төселді. Жолдардың барлығының жиегіне 1100 шаршы метр жиектас, 1500 шаршы метр жерге полиэтилен құбырлары тартылып, суару жүйесі іске қосылды. 100-ден аса қылқанжапырақты ағаштар және аққайыңның көшеттері егілді. Балалар ойнайтын түрлі әткеншектер бой көтерді, саябаққа спорттық құрал-жабдықтар, заманауи орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Қазіргі таңда саябақ тұрғындардың жиі келетін сүйікті орнына айналған», дейді аудан әкімі Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының ғимараты да 3 млн 449,5 мың теңгеге жаңғыртылса, «Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында орталық аурухананың қабылдау бөлімшесі де ағымдағы жөндеуден өткен. Мұнда жалпы құны 7 млн 790 мың 357 теңгенің жұмыстары атқарылған. Ағымдағы жөндеу барысында жалпы 13 есік ауыстырылып, 160 шаршы метр еденге линолеум және 418 шаршы метр керамогранит плита тастары төселген. Бұдан өзге де атқарылған жұмыстар бар. Ғимараттың ота жасау бөлімшесіне де күрделі жөндеу жүргізілген. Ауылда Ғани Мұратбаев атындағы мектеп-гимназия бар. Мектеп жанынан 2012 жылы шағын футбол алаңшасы салынған. Мұнда былтырға дейін дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүрмегендіктен, алаңшаның қоршауы және торы, жасанды төсеніші, бояулары әбден тозып, жарамсыз жағдайға жеткен еді. Бұл олқылықтың да орыны «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы толып, өткен жылы күрделі жөндеу жұмыстарына 12 млн 358 мың теңге қаражат бөлініпті. Бүгінде бұл толығымен игерілген. Алаңшаға қоршау жүргізіліп, жасанды төсеніш төселсе, қоршаудың торы ауыстырылып, тіректер сырланған. Қазіргі таңда толық пайдалануға берілген футбол алаңында ауыл жастары спортпен айналысады.
Сарыкемер ауылынан 2001 жылы Ж.Үшкемпіров атындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылған болатын. Алайда ғимараттың шатырынан су ағып, сыртқы қабырғаларының сылағы түсіп, кірпіштері үгітіле бастаған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 22 млн 382 мың 479 теңгеге ішінара күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Бүгінде нысан жоғары деңгейде жұмыс істеп тұр. Тұрғындардың дені негізінен ауылдағы көптеген нысанның қайта жөнделіп, ел игілігіне берілгеніне ризашылық білдіруде. Сол сияқты, Сарыкемер ауылындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің орталық стадионында орналасқан баскетбол алаңшасы 1993 жылы салынғанымен, құрылысы аяқталмаған екен. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында баскетбол алаңшасының ретке келтірілгені де жастарға қуаныш. Көптен бері тұрғындардың мәселесіне айналып келген ауыл ішіндегі жолдар да жөндеуден өтіп, көшелер жарықтандырылған. Енді облыстық маңызы бар «Тараз – Сарыкемер – Түймекент – Ақшолақ» автожолының 3,4 – 14,4 шақырым аралығын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынуда. Жобаның жалпы құны 2 млн 533,7 мың теңгені құрайды. Жобаны жүзеге асыру 2019-2020 жылдарға жоспарланыпты.
Сондай-ақ Сарыкемер және Бәйтерек ауылдарындағы көше шамдарының ауыстырылып, тіректері жаңғыртылғаны да көпшілік үшін қуаныш. Жоба аясында 100-ден астам көшеге 348 млн 587 теңгенің жұмыстары жүргізілген. Ауыл халқының тұрмысын көтеруге бағытталған ауқымды жоба шеңберінде биыл 7 жоба іске асады. Оның ішінде Қостөбе орта мектебіне қосымша спорт зал, акт зал, асхана және үш сынып бөлмесін салу, Байзақ ауылында спорттық сауықтыру кешенін салу, №1мектеп-гимназияның оқу корпусын күрделі жөндеуден өткізу, Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның шатырына күрделі жөндеу жүргізу және өзге де нысандарды жөндеу жұмыстары бар. Аталған жобалардың жалпы құны 972 млн 689 мың теңгені құрайды. «Жалпы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылған, ағымдағы жылы жоспарланып отырған жобалар ауқымды, жобалардың игілігін ел көруде», дейді Нұржан Нұржігітов.
Жамбыл облысы