03 Сәуір, 2010

ЖОЛ КӨРСЕТІП, ІЗ САЛДЫ

1726 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Нағыз ғалымдардың уақыт ке­ңіс­тігінде өмір сүріп, шынайы қо­ғамнан бір саты да болса жоғары тұратыны рас болса керек. Өйткені, оның ойлау жүйесінде өзі айна­лы­са­тын ғылым саласы мықтап орны­ғып, оның жаңалығы мен нәти­же­сін көргенше ғалымның жүйкесін тыныш таптырмаса керек. Сон­дықтан да, ғылым жолы ауыр жол. Оған шыдайтындар некен-саяқ, ал нағыз ғалым атану екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондай жандардың бірі кешегі КСРО-дағы химия саласындағы жетекші ға­лым­дардың бірі, Социалистік Еңбек Ері, академик Қазақстандағы катализдік мектептің негізін қалаушы Дмитрий Владимирович Сокольский болатын. Шын мәнінде де, ғалым болудың жолы қаншалықты ауыр жол десек, осы жолды таңдайтын жандардың да тағдыры нағыз қиындық көрігінде шыңдалған соқпақтардан тұрса керек. Дмитрий Владимирович те балалық шағында көп қиындық­тарды басынан өткізді. Новороссийск республикасын құруға қатысқаны үшін оның әкесі өлім жазасына кесіліп, патша үкі­метінің тарапынан қудалауға ұшы­раған болатын. Міне, осындай қиын кезеңде, яки 1909 жылы ата-анасы Ресейден кетуге мәжбүр бо­лады. Сөйтіп, Дима 1910 жылы 4 сәуірде Ирандағы Энзели қала­сын­да дүние есігін ашады. Өз елі емес, өзге елде, өзге жерде өмір сүрген Со­кольскийлер отбасы Қазан төң­керісімен бірге Ресейге қайтып оралады. 1929 жылы мектепті бітірген ол сол кездерде Н.Д.Зелинский, А.Б.Фрост, Б.А.Казанский, А.Н.Фрум­кин, В.И.Спицын секілді тамаша химиктер дәріс беретін Мәскеу мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Алғашқы күннен-ақ бі­лімге ынтық шәкірттің ғылым­ның басқа түрінен гөрі химияның органикалық катализ саласын игерсем деген ынтасы оянады. 1934 жылы университетті бітіргеннен кейін ол аспирантураға қабыл­дан­ды. Ол кезде Мәскеу аспиран­ту­ра­сында, оның ішінде химия саласы бойынша кандидаттық диссертация жазу кез келгеннің қолынан келе бермейтін десек, тынымсыз ізденіс­тің нәтижесінде Дмитрий Влади­мирович 1937 жылы “Кинетика и механизм разложения некоторых солей диазония металлической медью” тақырыбында кандидаттық диссертация, ал 1948 жылы органи­калық химия институтында “Про­мо­тирование и отравление никеле­вых катализаторов при гидрирова­нии в жидкой фазе” атты тақы­рыпта докторлық диссертациясын да табысты қорғады. Д.В.Сокольскийдің дербес ғылыми қызметінің алғашқы саты­сы ғалымдар тікелей өндіріске, елдің жаңа экономикалық аудан­дарына кеткен алғашқы бесжыл­дықтар кезеңіне тура келді. 1937 жылы Дмитрий Владимировичті КСРО Халық ағарту комиссариаты Алматыға жіберді. Бұл кезде Қазақстанда химия саласындағы ірі кәсіпорындардың жобалары құрылып жатқан бола­тын. Соған орай болашақ маман­дарды Қазақ мемлекеттік универ­ситетінің химия факультетінде дайындау қажеттігі туындаған еді. Д.В.Соколь­ский алдымен органи­ка­лық химия кафедрасының доценті болса, 1939 жылы физикалық хи­мия кафедра­сының меңгерушісі және Қазақ мемлекеттік универ­си­те­тінің оқу және ғылыми жұмыс жө­ніндегі проректоры болып та­ғайындалды. Ол университетте жұмыс істеген алғашқы жылдары ғылыми кадрлар даярлау ісін басты назарға алды. Студенттерге арналған дәрістер, қарқынды ғылыми-зерттеу жұмыс­та­рын жүргізумен қатар, оқыту­шы­ларға арналған сабақтар өткізді. Қазақстандағы кандидаттық дис­сер­тациялар қорғау жөніндегі алғашқы ғылыми кеңестегі хатшы­лық жұмысы – ғалымның 1939-1941 жылдары атқарған жұмыс­тарының бір бөлігі ғана. Ұлы Отан соғысы Дмитрий Владимировичтің ғылыми-педаго­ги­калық қызметін үзді. 1942 жыл­дың қараша айында ол әскер қата­рына шақырылып, қалалық әуе ша­буылына қарсы қорғаныс штабы­ның химиялық қызметінің басты­ғы, кейін штаб бастығы болып та­ғайындалды. Сөйте жүріп, ол уни­верситетте дәріс оқу үшін де уақыт тапты. Тек 1945 жылы күзде ғана Д.В.Сокольский Қазақ мемлекеттік университетіндегі жұмысына қайта оралып, катализ және техникалық химия кафедрасын құрып, оған басшылық етті, көп ұзамай универ­ситеттің оқу және ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры болып қыз­мет атқарды. Сондай-ақ ол осы ке­зе­ңде Қазақ КСР Ғылым академия­сына қарасты Металлургия, хи­мия және құрылыс материалдары институтының ғалым хатшысы, кейін Химия ғылымдары институты директорының орынбасары болды. 1946 жылы органикалық катализ лабораториясын басқарды. 1951 жылы Д.В.Сокольский осы қызмет­терді атқара жүріп, Қазақстандағы ғылымның дамуына көп күш-жігерін жұмсады. Д.В.Сокольскийдің негізгі ғы­лыми мүддесі катализдік процестер теориясын жасаумен қатар сутек­тендіру теориясы, катализатор­лар­дың белсенділігі мен тұрақтылығы, гидридтеудің, тотықтырудың, ги­дратацияның жаңа катализатор­ла­рын жасаумен тығыз байланысты болды. Сөйтіп, оның Химия ғылым­дары институтындағы мақсатты және қарқынды жұмысы бірегей бағыттағы катализдік мектептің құрылуына әкелді. Академик Д.В.Сокольскийдің құрған ғылыми мектебі теория мен тәжірибенің өзекті мәселелерін қамтып, ката­лиздік ғылымда бүгінде жетекші орында келеді. Академиктің көп жылғы жемісті еңбегі ғылыми қауымдастық тара­пынан жоғары баға алды. Өмірінің соңғы күндеріне дейін директоры болған Органикалық катализ және электрохимия институтын құруы да оның еңбегінің бір жетістігі десек болады. Д.В.Сокольский мен оның ғылыми мектебінің ерен еңбегінің нәтижелері оның 18 моногра­фия­сында, 2000-ға жуық мақаласында жинақталған, көптеген авторлық куәліктер мен патенттер алғанын да айта кетсек дейміз. Оның ғылымды өркендетуге сіңірген еңбегі орасан. Қазақ мем­ле­кеттік университетінің катализ кафедрасы жанынан органикалық катализ проблемалық зертханасын және сонымен бір мезгілде Шым­кенттегі Қазақ химия-техноло­гия­лық институтының проблемалық зертханасын құруы бұл сөзіміздің бір айғағы бола алады. Д.В.Со­кольский төрағалық еткен ғылыми кеңес Қазақстанның 14 жоғары оқу орнының жұмысын үйлестіріп отырды. “Катализ және оның өнер­кәсіпте қолданылуы” атты ғылыми кеңестің катализ бойынша қазақ­стан­дық секциясын басқарған ол КСРО ҒА Президиумы жанындағы “Отын элементтері” ғылыми ке­ңесінің, “Майлардың азықтық құн­дылығы” мәселесі бойынша ғылы­ми кеңестің, электрохимиялық термодинамика және кинетика бойынша халықаралық комитеттің (ЦИТЦЕ), “Сообщения по кине­ти­ке и катализу”, “Вестник АН КазССР”, “Известия АН КазССР. Серия химическая” журналдардың редакциялық алқаларының мүшесі болды. Сондай-ақ докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғау жөніндегі арнаулы ғылыми кеңеске төрағалық етті. Д.В.Сокольский Въетнамның ағарту министрлігінде 1955-1965 жылдары аралы­ғында кеңесші болса, Будапешт политехникалық университетінде дәріс оқыды, халықаралық конфе­рен­цияларда баяндамалар жасады. Академиктің ғылыми қызметі елімізде және шетелде жоғары ба­ғаланды. Ол 1975 жылы Будапешт политехникалық университетінің профессоры болып сайланды. Э.Воточек атындағы медальмен марапатталды. 1960 жылы Д.В.Сокольскийге Қазақ КСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер атағы берілді. Д.В.Со­кольский мен оның шәкірттерінің ғылыми жетістіктері 1974 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болса, 1982 жылы “Гидрирование в рас­творах” еңбегі үшін Д.И.Менделеев атындағы ВХО Құрмет грамо­та­сымен марапатталды. Кеңес ғылымына сіңген еңбегі, ғылыми-педагогикалық және ғы­лыми-ұйымдастырушылық қызметі үшін Д.В.Сокольскийге 1969 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ол екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі”, Халықтар дос­тығы ордендерімен марапат­талған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қаз КСР Жоғарғы Кеңес Президиумының мүшесі, Алматы қалалық жұмысшылар депутаты кеңесінің депутаты, партияның қалалық бюросы коми­тетінің мүшесі ретінде ол көп жұмыс тындырды. Дмитрий Владимирович ғылы­ми кадрлар даярлау ісіне де көп күш-жігерін жұмсады. Катализ ка­федрасында қызмет еткен уақыт ара­сында 540 маманды түлетіп шы­ғарды. Олардың 260-ы Д.В.Со­коль­скийдің жетекшілігімен кандидат­тық диссертация қорғап, 27-і ғылым докторы атанды. Кафедра түлектерінің арасында ҚазКСР ҒА академигі және корреспондент-мүшелері де бар. Дмитрий Владимировичтің шә­кірттері бүгінде ғылыми-зерттеу мекемелері мен жоғары оқу орын­дарында жұмыс істейді, Қазақ­станның көптеген қалаларында және өзге де елдегі оқу орындарын, кафедралар мен лабораторияларды басқарады. Оның шәкірттері ұстаздарының есімін құрметпен атайды. Алматы қаласында Д.В.Сокольскийдің атында органикалық катализ және электрохимия институты бар. Егер ол бүгінде арамызда бол­ған­да, тап осы күндері 100 жасқа толар еді. Осындай тамаша ғалым­ды еске алу құрметіне 26-28 ма­мыр­да Алматы қаласында халық­аралық симпозиум өткізу жоспар­ла­нып отырғанын да айта кетсем деймін. Құралбек ҚҰЛАЖАНОВ, Алматы технологиялық университетінің ректоры, химия ғылымдарының докторы, академик.