Қазақстан • 27 Сәуір, 2020

Экокодексті қабылдауды кейінге шегеру қоршаған ортаға зиян әкеледі

264 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирус пандемиясына байланысты Тау-кен өндіру және металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығы жаңа экологиялық кодекстің жобасын қарастыру мерзімін бір жылға кейінге шегеру туралы ұсыныс тастағаны белгілі. Бірақ эколог-мамандар экокодек реформаларын кейінге қалдыруға болмайтынын айтып, дабыл қақты.

Экокодексті қабылдауды кейінге шегеру қоршаған ортаға зиян әкеледі

Экология вице-министрі А.Пірімқұловтың ойынша, жаңа экологиялық кодекстің жобасын қарастыру мерзімін бір жылға кейінге шегеру еліміздің бірқатар өңірлеріндегі жағымсыз экологиялық жағдайдың сақталуына алып келеді.  «Апта ішіндегі статистиканы алып қарайықшы: «Арселордағы» апат», «Теңіздегі» апат... Ал бір немесе үш жыл ішіндегі статистиканы алып қарасақ, апаттар мен экологиялық заңнаманы бұзушылықты көптеп келтіруге болады. Ал жаңа кодекс олардың алдын алуға ықпал етеді» дейді ол. 

Вице-министр Кодекс жобасының 2018 жылдың ортасынан бастап бизнес өкілдерімен бірге талқыланғанын, құжатта өндірістік кәсіпорындардың қолжетімді технологияларға ауысуының тиімді мерзімдері көзделгенін айтты. Кодекстің жобасы бойынша бизнес үшін алғашқы нақты шаралар 2025 жылдан бастап күшіне енуге тиіс-тін.

«Жетік қолжетімді технологияларға көшу- Теміртау, Балқаш, Өскемен, Қарағанды сияқты қалалардағы экологиялық жағдайды жақсартудың жалғыз мүмкіндігі. Өзге шаралар мен тетіктерді көріп отырған жоқпыз. Тау-кен металлургиялық кешенін алып қарасақ, 2008 жылдағы дағдарыстан кейінгі жағдаймен салыстырғанда қазір металдарға деген баға 40 пайызға жоғары. Сондықтан пандемияға бола, экокодексті кейінге қалдыру ­ дұрыс шешім емес. Ол ­- еліміздің экологиясы үшін өте тиімді құжат»,- деп пайымдайды А.Пірімқұлов.

Уәкілетті органның ұстанымын «EcoJer» өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығы, Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы, табиғатты пайдаланушылар қауымдастығы, еліміздің тәуелсіз экологтары да қолдады.

Атап айтсақ, Қарағанды облыстық экологиялық музейінің өкілі Дмитрий Калмыков жағымсыз экологияның салдарынан әлемде 4 миллионға  жуық адам көз жуматынын алға тартты. Ал Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының жетекшісі Айгүл Соловьева пандемия жағдайында нашар экологиядан зардап шегіп жатқан азаматтардың денсаулығы ерекше назарға алыну қажеттігін жеткізді.

Министрлік кәсіпкерлердің ұсыныстарын қарастыруға және қажет болған жағдайда оларды жобаға енгізуге дайын екенін айтты.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ