Экономика • 28 Сәуір, 2020

Шалғай жайылымдар – резервтер көзі

803 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Еліміздің аумағындағы табиғи жайылымдарда жыл сайынғы 30 млн тонна мал азығы қоры түзіледі. Дүниежүзілік банк сарапшыларының бағалауынша, бұл азық қоры 1 млрд доллардан астам байлыққа пара-пар. Экономикалық тұрғыдан бұл өзіндік бағасы арзан, экологиялық таза өнім өндірудің игерілмеген резерв көзі.

Шалғай жайылымдар – резервтер көзі

Осы табиғи байлық көзінің иге­рілу барысы көңіл көншіте ме? Бар­лығы 188 млн гектардан астам жайылым­ның үштен бірінен (61 млн га) аста­мын ауылшаруашылық тауар өн­діру­шілері иеленсе, 21 млн гектар­дан астамы ауылдық мекен аума­ғын­да орналасқан жайылымдар.

Бүгінде жайылымдық мал шаруашылығының жағдайы өт­кен ғасырдың 30-жылдарын еске түсіреді. Жайылымдық жерлерді игеру тарихына үңілсек, сол жылдары ұжымдық шаруашылықтар құры­лып, ұжымшар мен кеңшар­ларда мал шаруашылығы бекітіліп берілген аумақ шеңберінде шектелген еді. Мал азығы қорының осылай шектелуі шаруашылықтың дамуына тежеу болды. Қазақстанда 1932 жылы бар-жоғы 2 млн қой болды. Дүниежүзілік соғыс күйзелі­сіне қарамай, 1942 жылы өкімет қаулы­сымен шаруашылықтарға мемлекеттік босалқы жерлер есебі­нен шалғайдағы жайылымдық жерлерден қосымша жер телімдері бөлінді. Осы шаралар соғыс кезін­дегі және соғыстан кейінгі қалпы­на келтіру кезеңіндегі қиыншы­лықтарға қарамай, 1950 жылдары қой басын 26 млн-ға жеткізуге ық­пал етті. Жайылымдық ресурстарды осылай барынша пайдалану мал шаруашылығының дамуына үлкен серпіліс берді.

Қазір де табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану өте өзекті мәселе. Елбасы және Республика Президенті Үкіметтің алдына қойған міндеттемелерге сай ет экспортын жүзеге асырудың алғышартының өзегі – табиғи жайылымдарды игеру арқылы мал басын өсіріп, эколо­гиялық таза өнім өндіруге ұмтылу.

Осы орайда мал бордақылау мәселесіне дендемей-ақ, табиғи жайылымдарды, әсіресе шалғай жайылымдарды толығымен игеру ет өнімінің артуына септігін тигізері анық. Мысалы, етті бағыттағы ірі қара саласы дамыған Канадада ет өнімінің басым бөлігін жайылымда семірген мал еті құрайды. Әрине олардың мал тұқымы мен жайылымы басқа, дегенмен осы тәжірибені біз ескергеніміз жөн.

Кезінде тиісті бағдарлама жасалып, елге паш еткен, 60 мың тонна сиыр етін экспорттаймыз деген жобаға зер салайық. 60 мың тонна ет өндіру үшін жалпы тірідей салмағы 120 мың тонна болатын мал басы керек. Қалыптасқан мал бағу үрдісінде етке өтетін әр бастың тірідей сал­мағы 400 кг болса, барлығы 300 мың бас ірі қара қажет. Етті ірі қара саласындағы тәсіл бо­йынша бір табында 150-200 бас сиыр болатынын ескерсек, жалпы 1500-2000 табын жасақталады.

Мәселенің түйіні, осы малды республикамыздағы табиғи жайы­лым­дардан өндірілетін мал азығы қам­тамасыз ете ала ма? Еліміз­дегі етті ірі қара кеңінен тараған оңтүстік-шығыс өңірде мал жайылымда болатын кезең – орташа есеппен 180 күн. Әр сиырдың күніне жайылымнан 40 кило көк шөп жей алатынын ескерсек, жайылым кезеңінде 7,2 тонна шөп желінеді. Сонда бір табынға (150 бас) қажетті мал азығы мөлшері 1080 тонна жайылым шөбі болмақ. Осы өңірдегі табиғи жайылымдардың орташа өнімділігі гектарынан 8 центнер көк шөп болса, бір табынды мал азығымен толық­тай қамтамасыз ету үшін 1600-1700 гектар жайылым қажет. Бұл есепте ауа-райы қиыншылығына орай 20% азықтық сақтандыру қоры қоса ескерілген. Осындай орташа есеппен алғанда, өріске шығатын 300 мың бас ірі қараға 3,5 млн гектар жайылым керек болады.

Қазақ мал азығы өндірісі ғылы­ми-зерттеу институты ғалым­дары­ның көп жылғы ізденісінің (Ж.Жамбакин, И.Алимаев және басқалары) нәтижесінде анықтал­ғандай, ірі қара жаюға жарамды «көктем-жаз-күз» маусымдық жа­йылымдары республика көлемінде 68 млн гектардан астам аумақты алып жатыр. Қуаң және шөлейт аймақтардың өзінде сиырға жарамды 22, 8 млн гектар жер бар.

Жайылымдарды тиімді пайдалану үшін ірі қара малының көп жүргенді қаламайтыны еске­ріл­гені жөн. Сиыр шөпті тілімен орып жейтінін ескерсек, оларға көбіне, астықтұқымдас немесе түрлі шөптесін жайылым түр­лерін қарастыру қажет, яғни шөбі шүй­­гін жер керек. Алдымен рес­пуб­ликамыздың климаттық ерекше­лігіне орай, жергілікті жерге аудан­дастырылған ірі қара мал тұқы­мын таңдау қарастырылса, сонан соң жайылымдардың түр­лері (астықтұқымдасты, түрлі шөпте­сінді т.б.) мен маусымдық ерекше­ліктері ескерілсе, қалған мәселе шаруашылық жағдайына қарай тез шешіледі. Экономикалық тиімділік тұрғысынан қарағанда, малды жа­йып семіртетін шаруашылықтар­дың жайылымдары қораға алыс бол­мауы керек, суат пен басқа да инфра­құры­лымдар (мал айдайтын жол т.б.) толық қамтылуы керек.

Жайлауға шығатын мал үшін, тек мал айдайтын жол мен мал түнейтін жерде мал суаты шешілсе болды. Ал көктем мен күз мерзімінде мау­сымдық жайылымдарды игеру суат мәселесіне тікелей тәуелді. Жа­йылымдық мал шаруашылығы дамыған аймақтарда жерүсті су қоры шектеулі, көп жерде жерүсті ағын сулар уақытша болады және жаңбырға байланысты. Жалпы республика бойын­ша жайылымдық аумақтың 20%-дан астамы ғана жерүсті су көздері есебінен сумен қамтылады.

Әрине жерүсті су көздері тапшы жайылымдарда, жерасты сула­ры пайдаланылады. Тәуелсіздік ал­ған­­­ға дейін суландырылатын 147 млн гек­тар жайылымдық жердің 111 млн гек­тары (80%) жерасты суларын жер бетіне шығаратын жасанды құрыл­ғылармен суландырылып келгені белгілі. Жерасты суларын пайдалану құдықтардың ластануы­нан және жер астынан шығатын су легінің таусылып қалуынан сақ­тануды талап етеді. Сондықтан шаруашылықтар малға ыңғайлы жа­йылымды анықтаған соң, құдықтың жағдайын егжей-тегжейлі тексерген жөн. Өйткені құдықтан басқа, суды сора­тын құрылғы, мал су ішетін науа­лар мен суат алаң­дарының жағ­да­йы ескеріледі. Ірі қараға 40 литр су қажет екенін ескерсек, бір табын мал үшін бір тәулікке кем дегенде 7-8 тек­ше метр құдық қажет.

Өкіндіретін бір мәселе, ресми мәліметтер бойынша жайылымдық жерлердің 14%-ы, яғни 26,5 млн гектары азып кеткен. Шындығында, бұл ойландыратын мәселе. Тозған жердегі топырақ эрозияға ұшырап, оның шаңы ауаға көтеріліп жатыр. Бұл – экологиялық тоқырау. Жер­дің тозғаны, шөптің тұяқкесті бол­ғаны былай тұрсын, ол қалпына кел­мей­тіндей жағдайға жетуде. Әлем­дік тәжірибеде осындай келеңсіз жағдайлар болған. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында АҚШ-та ірі қара шаруа­шылығы ша­рықтады – сиыр етіне және тері­сіне деген сұраныс жоғары болды. Осы кезеңде қуаң жерлердегі жа­йы­лымдарды еш күтімсіз барын­ша пайдалану 32 млн гектар аумақ­тағы топырақтың эрозияға ұшы­рауы­на себеп болды. Сонымен өт­кен ға­сыр­дың 30-жылдары АҚШ кон­гресі арнайы заң шығарды. Тарих­та «Тейлор заңы» деген атпен таныл­ған осы заң ауылшаруашылық мал­да­ры­ның жайылымын реттеуге ба­ғыт­талған. Сонымен бірге жер пай­да­лану бас­қармасы Ішкі істер ми­нистр­лігіне бе­ріліп, бұл жайы­лым­­дар тек 40 жыл­дан соң ғана қатаң мемлекеттік бақылау аясында пайдалануға берілді.

Біздегі жағдайға келейік. Тозған жайылымдар көбіне ауылдардың маңында болғандықтан, сол ауыл­дың экологиялық күйзеліске түсуіне себеп болып отыр. Осы тұрғыдан ойластырылған және мемлекеттік қолдаумен қамтылған шалғай жа­йылымдарды барынша пайдалану мәселенің түйінін шешуге ықпал етер еді. Әрине жайылымдар­дың тозуы, жүйесіз пайдаланудан туын­дайды. Сондықтан мал басы шоғырланған жайылымдарды қатаң бақылауға алып, оның қалпына келуіне барлық жағдай жасалуы керек.

Шалғай жайылымдарды игеру барысында алдымен ауыл маңынан ығыстырылған малдарды орналастыру қарастырылғаны абзал. Осындай бастаманы жүзеге асыру үшін қолданыстағы «Жер туралы» кодексте қажетті тетіктер қаралған.

Басты мәселе, әр малдың ерек­ше­лігіне орай маусымдық жайы­лым­дарын анықтау керек және бағудың тиімді жолдарын ұйым­дас­тыру шарт. Жергілікті әкімші­лік­тің бұл ретте атқаратын ісі көп. Бірақ бүгінгі таңда жергілік­ті әкімшілік тарапынан бұл мәселеге жете назар аударылмаған. Қазақстанның әр өңіріне тән жайылым түрлері, олардың сыйымдылығы (шартты мал басына шаққанда) мен өнім­ділігі, пайдалану туралы ғылы­ми ұсыныстар мен әзірлемелер бар. Жайылым сипаттамасы қарас­ты­­рылған электронды карталар жасал­ған. Яғни жайылымдарды пай­даланудың барлық алғышарттары қамтылған, тек ұйымдастыру мәсе­лесі ғана өз шешімін күтуде.

Еңбек өнімділігін арттыру бо­йын­ша алға қойған мақсат – өте дұ­рыс, көкейкесті мәселе. Мал басы­ның көбейіп, алынатын өнімнің ұл­ға­й­ғаны, әрине құптарлық жайт. Деген­мен, шалғайдағы жайы­лым­дар­ды игеру өндірілетін өнім­нің өзіндік құнын арзандатып, эко­логиялық таза өнім алуға мүм­кіндік беретіні белгілі. Осы факторлар жал­пы табыстың молаюына себеп болса, бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігінің артатынын да ескергеніміз жөн.

 

Айбын ТӨРЕХАНОВ,

профессор