Бизнес • 28 Сәуір, 2020

Бизнес өкілдеріне берілген мүмкіндік

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шағын және орта бизнес өкілдері 1 қазанға дейін Еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылады. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақүй, туризм және басқа да салаларды қамтиды.

Бизнес өкілдеріне берілген мүмкіндік

Бюджеттен фермерлерге 70 млрд теңге бөлінді. Осы мақсатта «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы  қосымша 100 млрд теңге берілуде. Жалпы, бұл шаралар қазіргі күрделі кезеңде азаматтар мен отандық бизнесті қолдаудағы маңызды шешім деп ойлаймын. Өйткені бүгінгі талаптарға сәйкес, еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән беруіміз қажет. Бұл үшін ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер мен басқа да шаруа­ларды мемлекет тарапынан қолдаудың маңызы зор. Біз бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ұйымдастырылған жоспарлар бойынша жұмыс істеп жатырмыз.

Төтенше жағдай кезінде «Ауыл ша­руа­шылығын қаржылай қолдау қоры» бизнесі зардап шеккен клиент­тердің төлемін кейінге шегерді. Биз­нес иелерінің несие жүктемесі жеңілдетілетін болды. Қор қаржы­ландырған жобалардың бекітілген кестесі бойынша азаматтардың несие төлейтін уақыты 15 маусымға дейін ұзартылды. Ол үшін кәсіпкерлер қаржылық қиындығын дәлелдейтін құжаттарды көрсете отырып, өтініш жазуы тиіс. Өтінішті әкеліп жүрмей-ақ, қордың электронды поштасына жолдаса жеткілікті.  Бүгінге дейін мыңнан астам өтініш келіп түсті.

Президент айтқандай, биыл елімізде 1,6 млн-нан астам адам, 11,5 мың шағын және орта бизнес өкілі несиесін кейін төлеуге мүмкіндік алды. Несиелердің жалпы сомасы 360 млрд теңгеден асады. Әрі 700 мыңнан астам компания мен жеке кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалды. Сол арқылы олар 1 трлн теңгеге жуық қаржыны үнемдейтін болды. Сондай-ақ жұмысшы санын және еңбекақы көлемін азайтпау мақсатында ірі компанияларға тиісті қолдау көрсетілмек. Бұл дағдарысқа қарсы тұруға көмектесетін маңызды шаралар деп санаймын.

Дәл қазір ауыл шаруашылығы саласына аса мән бергеніміз абзал. Себебі азық-түліктің басты қоры аграрлық секторға тиесілі. Төтенше жағдайда күндіз-түні тыным таппай жұмыс істеп жатқан шаруалардың еңбегін ескермесе болмайды. Бұл ретте Мемлекет басшысының дер уақытында жүктелген міндеттемелерінің нәти­жесінде көктемгі егіс науқаны мәселелері де шешімін тапқандай. Осы науқанға және өнімді алдын ала сатып алуға 200 млрд теңге бөлінді. Соның 70 млрд теңгесі тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыштар сатып алуға жұмсалады.

Менің тағы бір айтқым келетіні, биыл фермерлердің өнімін форвардтық сатып алуға ерекше назар аударылмақ. Қаржыландыру алдын ала төлем арқылы жүзеге асырылады. Оның үстіне несие бойынша пайыздық мөлшерлеме 7%-дан 5%-ға дейін төмендемек. Бұл бизнес өкілдеріне берілген үлкен мүмкіндік.

 

Жандар ОМАРОВ,

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы

Соңғы жаңалықтар