Таным • 29 Сәуір, 2020

Снаряд жарқыншағы үйде сақтаулы тұр

93 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атамыз Малгаждар Зайырұлы (кейбір құжаттарында Заиров деп жазылған) – Ұлы Отан соғысының ардагері. 1923 жылдың 5 наурызында Тарбағатай ауданының Қамысты фермасының жоғарғы жағындағы Зайыр қыстауында дүниеге келген.

Снаряд жарқыншағы үйде сақтаулы тұр

1942 жылдың қаңтар айында майданға шақырылып, Аягөз стансасында жасақталған 310-шы атқыштар полкінде жауынгерлік және саяси дайындықтан өтеді. Бір айдан кейін, яғни 1942 жыл­дың ақпанында Мәскеудің қасын­да­­ғы Фомино, қазіргі Наро-Фоминск қаласында орналасқан 108-ші атқыштар дивизиясының 444-атқыш­тар полкына түседі. Сол жерде бөлімше командирі бо­лып, сержант атағын алады. Қан майданның ортасында жүр­ген атамыз батыр Төлеген Тоқ­та­ров­пен қалай кездескені турасында әңгі­ме­леп, анамызға: «Төлеген Тоқтаров аласа бойлы, шапшаң қозғалатын жігіт еді» деп суреттеп берген екен.

1943 жылдың қазан айында қатты жарақат алып, госпитальге түсіп, жазылғаннан кейін 115-ші жеке атқыштар бригада­сы­­на ауысады. 1944 жылы 29 мау­­­сымда снарядтың жарылы­сы­­нан қатты жарақат алып, №3640 эвакуациялық госпиталь­ге түседі. Госпитальда сол жыл­дың 7 қыркүйегіне дейін емде­ліп, соғысқа жарамсыз деп таныл­ғандықтан елге қайтады. Снаряд­тың жарқыншағы жүрекке жақын тигендіктен ота жасап алу қауіпті бол­ған. Кейін елге оралғанда сол жар­қыншақ жылдар өте келе қол­тығының астын тесіп шы­ғып­­ты. Бұл жарқыншақ қазір ме­нің қолымда. Арнайы сарап­­тама жасатып, құжатпен бекі­тіп алсам ба деген ойым бар. Ер­лі­гімен көзге түс­кен атамыз сол кездері екінші дәре­же­лі «Даңқ» орденімен, көптеген медальдармен марапатталады.

Соғыстан кейін совхозда зей­нет­керлікке дейін еңбек етті. Қа­мысты фермасында есеп­ші, қой­шы болды. Еңбегі еленіп, көп­теген марапаттарға ие болды. Үйімізде атамыздың медаль­да­ры­ның куәліктері сақталған.

Ел ішінде атамыз өзінің кір­пияз, тазалығымен аты шығып, «Чақай сері» атанып еді. Көзі тірі­сінде құрдастары мен заман­дас­тарының құрметіне бөленді. Еңбек етуге келгенде алдына жан салмайтын, ауыртпашылықтан қорықпайтын, еш нәрсеге мойымайтын қатал жан көрінгенімен, әзілге жуық, ақкөңіл адам болатын. Әсіресе соғыс туралы сұ­ра­ға­нымызда: «Оның бетін әрі қылсын, біз кешкен, біз көр­ген қанды қырғынды сендер көрмеңдер, болашақтарың жар­қын болсын» деп отыратын.

Мен атам барда тым кіш­кентай болсам да, кейіннен ол кісінің қан­дай адам болған­дығын үлкен­дер­­ден естігенімде бойымды мақ­­таныш сезімі кернеп, өзімнің тегім­нің Мал­гаж­дар болғанына қуа­на­тынмын. Атамның ауылға үлгі болып, оның соғыстағы ерлік жол­дарының кейінгі ұрпаққа есте­лік ретінде болса да қалғаны, артында қалған ұрпақтарының тағзым етер алып тұлғасына ай­нал­­­ғаны біз үшін зор мәртебе.

Сұрапыл қан майданда қан­ша­ма қазақ батырлары Отан үшін жан қиып, шейіт болса, Мал­гаж­дар атамыздың бауырлары Сәдуақас, Оқас деген кісілердің із-түссіз кеткендері жайлы үйдегі үлкен­дердің аузынан еститін едік. Өкінішке қарай, ағайындылар туралы осы күнге дейін ешқандай мәлі­мет жоқ.

 

Нұржан Малгаждаров,

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының Қаһарман Қ.Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің идеологиялық жұмыстар, арнайы насихат және мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша аға офицері, капитан

 

ӨСКЕМЕН