Тарих • 29 Сәуір, 2020

Батыр Балапанов

695 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде III дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталғандар Кеңес Одағының Батыры атағына теңестірілетін. Кеңес Одағы бойынша мұндай марапатқа 2671 жауынгер ие болыпты. Белгілі бір себептермен өзіне тиесілі марапатты ала алмай қалғандар да бар. Аралдық жауынгер Нағыметулла Балапановтың өмірі осы сөзімізге толық дәлел.

Батыр Балапанов

СУРЕТТЕ: Н.Балапанов (оң жақ­та) Кенигсбергте, 1945 жыл

Нағыметулла Балапанов 1913 жылы Арал ауданы Қаратерең ауылдық кеңесіне қарасты Шевченко колхозында  дүниеге келген. Ауылдағы жеті сыныптық мектеп­ті бітіргеннен кейін 1930 жылы «Көп­бірлік» колхозының балықшысы атан­ды. Көп ұзамай-ақ басшылық жас жігітті Арал қаласындағы балық тұты­ну­шылар одағы жанындағы бухгалтерлер даярлайтын курсқа жібереді. Он жеті жастағы балаң жігіттің бойынан тын­ды­рымдылықты байқаған басшылар оны Ұзынқайыр балықшылар тұтыну қоғамының дүкеншілігіне ұсынады. Сауда саласының қыр-сырын үйрене жүріп, тәжірибесін шыңдай түседі. Соғыс басталғанға дейін «Сарбасат», «Бөген» балықшылар тұтыну қоғамы төрағасы қызметтеріне дейін көтеріліп, міндетін абыроймен атқарды. 1939 жылы партия қатарына қабылданып, соғыс өрті бұрқ етіп ел басына күн туғанда, алғашқылардың бірі болып әскери комиссариатқа  өтініш жазады.

Нағыметулла 1941 жылдың 16 шілде­сі­нен бастап Калинин майданындағы 91-гвардиялық атқыштар дивизиясының 275-полкінде 45 милометрлік зеңбірек батереясының оқтаушысы болып қыз­мет етеді. Ол соғыс жылдарындағы ал­ғашқы  жауынгерлік жолын тарихта «Ржев қырғыны» деп аталған сұра­пыл апат ошағында бастады. Бұл неміс­тің «Тайфун» операциясына қарсы кеңес әскері тарапынан Калинин және Батыс майдандарын Вьязма маңында түйістіріп, Германияның төрт армиясын Ржев қаласында жою операциясы еді. Осы операцияға қазақстандық 22 мың жауынгер қатысып, олардың басым көпшілігі қанды қырғында қаза тапқан.  Қазіргі тарихшылар бұл қырғын Сталинград шайқасынан асып түскен деген деректер келтіріп жүр.

Міне, осы қырғынның бел ортасында болған Н.Балапанов Белый деревнясы үшін 1942 жылы 27 ақпан күні болған шайқаста жеңіл жарақат алады. Азғантай уақыт санитарлық госпитальде емделгеннен кейін Ржев қаласы үшін қайта соғысқа кіреді.

Кезекті шабуылдардың бірінде дұшпан бекіністерінің траншеяларына басып кірген сәтте екінші рет аяғынан ауыр жарақат алады. Калинин және 3-Беларусь майдандарында үш рет жараланып, дала госпиталінде емделіп өз полкіне қайта қосылады.

Ресейдің орталығындағы Калинин облысын неміс басқыншыларынан азат етуге қатысты. Духовщина қаласын жау­дан тазартқан алапат айқаста майдандастарымен бірге жеңісті жақындатуға атсалысты. 1943 жылы 13 тамыз күні Гремиловка деревнясы үшін болған шайқаста екі жақ ұзақ аңдысыпты. Әсіресе, жаудың пулеметшілері қарайғанды қағып тастап отырады. Бұл кезде зеңбірек көздеушісі болған Нағыметулла жаудың жасырын блиндажын байқап қалып, жеті пулеметшінің бекінген  ұясын  жойып жібереді. Осы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады.

Н.Балапанов 1944 жылы 6 маусым мен 26 қазан аралығында немістің екі пулеметі мен екі жүк машинасын жойып, төрт мәрте жау шабуылына тойтарыс жасап, қырыққа жуық неміс офицері мен жауынгерінің көзін жояды. Осы шайқастардағы батылдығы мен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады.

Осыдан кейін де жаудың күшті бекінген қорғаныс белдеуін нысанаға алып, жау расчетіне ес жиғызбай  снарядтан оқ жаудырып зеңбіректерінің көзін жояды. Витебск-Орша бағытында екі жүк автокөлігі мен жаяу әскерін талқандап, бір өзі автоматымен бес неміс офицері мен солдатын жайратады. Үш немісті қару-жарағымен қолға түсіреді. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін ІІІ  дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.

Злобино деревнясы үшін болған қанды шайқаста батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсетеді. Өз зеңбірегімен қарсы шабуылға шыққан жаудың екі танкісін, жүзге жуық солдатын нысанаға дәл алады. Қарсы келген жауға автоматынан оқ жаудырып он фашистің  көзін жояды. Неміс басқыншыларына қарсы осы шайқастағы ерлігін ескеріп жауынгердің кеудесіне ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін тағады.

Соғыстың соңғы жылы еді. Сегізінші ақпан күні Шығыс Пруссиядағы Ленгнитен қыстағы үшін кескілескен майдан өтеді. Бұл соғыста да ерліктің үлгісін көрсеткен гвардия кіші сержанты Н. Балапанов ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.

Н.Балапановтың әскери бөлімі фа­шис­тік Германия жеріне алғашқылардың бірі болып кіріп, Берлиндегі Жеңіс күнін тойлап, елге қайтар күнді асыға күткен. Алайда атақты дивизияны шы­ғыс­тағы Забайкалье майданынан бір-ақ шығарады. Енді ол жапондармен қан­құйлы шайқастарға қатысып, Хинган асу­ларынан асып, Маньчжуриядағы Кван­тун армиясын талқандауға қаты­сады.

Жеңіс күнін Қиыр Шығыста қарсы алған старшина Н.Балапанов І дәрежелі «Даңқ» орденіне ұсынылған екен. Бірақ қарауындағы жауынгерлер ашыққан сәттердің бірінде майдан даласында көлік ретінде пайдаланып жүрген қодастың бірін пышаққа ілгені оған бұл марапатты иеленуіне кесірін тигізіпті. Дегенмен үш майданда соғысып, ерлік көрсеткен жерлесіміз біз үшін батыр.

Н.Балапанов елге оралғаннан кейін ауданда сауда саласында жұмыс істеді, Сексеуіл кенті және Октябрь ауылдық кеңестерін басқарды. Қазір Арал қаласында кейіпкеріміздің атында көше бар.

 

Болатбек ҚУАТОВ,

«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ Арал аудандық филиалының басшысы

 

 

Соңғы жаңалықтар