Таным • 29 Сәуір, 2020

Алаш туралы пьесаның авторы

756 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

1918 жылы Алаш автономиясының өмірінен алынып жазылған «Мұрат үшін майдан» атты тұңғыш Алаш пьесасының авторы Мұхтизар Титақов кім? Бұл бір нысаналы тағдыр.

Алаш туралы пьесаның авторы

1989 жылы Семей педагогика инсти­тутының филология факульте­тінде оқып жүргенімде Қайым Мұхамед­ханұлынан дәріс алдым. Алғаш рет «Алаш» деген сөзді сол кісіден естідім. Алашорда авто­но­миясының құрылға­нына 95 жыл толған тұста Семей қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде істейтін едім. Басшымыз Құсмілия Нұрқасым бірде өзіне шақырып «Айдын, жұмыс өз алдына, сен Алашты көтеретін айрықша бір іс жасауың керек!» деді. Көптен бері кө­кейімде жүрген асыл арманымды тап басып таныған Құсекеңе алғыстан басқа айтарым жоқ. Әрі ойлап, бері ойлап «Көп болса форум, конференция ұйым­дастырармыз. Онымен қай тауды қопарамыз? Одан да ВЧК-ОГПУ-НКВД-КГБ-дан бүгінгі ҰҚК-ға мұра болып қал­ған мұрағаттардың рұқсат етіл­меген құжат­тарына қол жет­кізу жолдарын қа­растырайын!» деген тұжырымға келдім.

Алаш қаласының Семейде болуының өзі екі есе жауапкершілік жүктемей ме? Белгілі өлкетанушы, ғалымдармен әңгі­мелестім. Абайтанушы ағалар Төкен Ибрагимов пен Бекен Исабаевтармен сөйлестім. Олар мәңгілік рухани азық болатын құнды дүниелерді айтудай-ақ айтып берді. Соның бірі Алаш пьесасы туралы мағлұмат болатын. Екеуі де «Бұл пьеса бір болса, ҰҚК-де болуы мүмкін» деді. Бірде Мұрат Кенемолдин ағамызды жолықтырып қалдым. Ол «Абай» журналының жауапты хатшысы болатын. Өңірге белгілі зерттеуші және кәсіби журналист. Көп ғалымдардың қолына түсе бермейтін мәліметтер осы ағамыздан табылушы еді. Екеуміздің жұмыс кабинетіміз бір қабатта болған­дықтан жиі ұшырасатынбыз. Менің әңгімелерімнің дені Алашпен басталып, Алашпен аяқталатынынан жақсы хабардар ағамыз әрі-бері өткенде ма­ған бұрылатын. Мен де ол кісіге ара-тұра барып тұратын едім. Ол уақытта «Алаш апталығын» өткізуді жоспарлап, бағдарламасын дайындап жүргенмін. Бірде ағам келе қалды да «Айдын ба­уыры­м, ҰҚК-де Мұхтизар Титақовтың «Мұрат үшін майдан» деген пьесасы бар. Егер әкімнің атынан хат жаздырта алсаң, жақсы болар еді, мүмкін беріп қалар» демесі бар ма?! Сол сәтте аузыма сөз түспей қалып, қуанғанымнан ағамның қолын қатты қысып жіберіппін. Жүзі алабұртып кеткен Мұрат ағам осылайша сол бір жұмбақ Алаш пьесасының атын атап, түрін түстеп берді.

Бұрын алаштанушылар Алаш өмі­рінен тікелей сыр шертетін драма­тургиялық бір шығарманың болмауы мүмкін емес деп жүретін. Өйткені олардың қалам тартпаған саласы жоқ. Енді, міне, көктен іздегеніміз жерден табылды. Бірақ бұл жеңіл-желпі шаруа болмай шықты. ҰҚК-нің аса құпия мұрағатына арнайы ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының да әлі күнге дейін қолдары толық жетпей келеді. Мұхтизарды іздеуге кіріскенімде, бірден кедергілерге тап болдым. «Шөлі қанбаған ақыр соңында құдық қазып тынады» дегендей, әйтеуір бірде сәті түсті. Мүмкін Алаш рухы қолдаған шығар.

3

Аталған басқарма бастығының мін­детін атқарушы С.Әшімовтің ауызша келісімін алғаннан кейін Қ.Нұрқасыммен ақылдаса отырып, мәдениет және тіл­дерді дамыту бөлімінің атынан ресми хат дайындадым. Барған соң қатаң тексеруден өткізді де ішке кіргізді. Бір сағаттай ғана уақыт берілген еді. Желке тұсымнан бір қызметкер, маңдай алдымнан бір қызметкер бақылап тұрды. Менің алдымда жатқан төте жазумен жазылған Мұхтизар Түлікұлы Тита­қовтың «Мұрат үшін майдан» атты пьесасының көшірмесі мен қылмыстық ісінің көшірмесіне көз жүгіртіп өтуге ғана мұршам жетті. «Маған қажетті құжаттар – осылар!» дегеннен кейін көшірмелерін берді. Құжаттар көшірмесіндегі қыл­мыстық істің сұрақ-жауап анкетасына қарағанда, Мұхтизар Түлікұлы 1904 жылы 22 ақпанда Қарқаралыда туған. НКВД ұстаған уақытта Семей қаласының Хлебная көшесіндегі №18-үйде тұрыпты. Білімі толық жоғары емес. Новосібір қаласындағы Батыс Сібір халық шаруашылығы институтында оқыған. Партия қатарында болмаған. 1936 жылы 25 ақпанда тұтқындаған шамада өзі 32-де, әкесі Түлік 63-те, анасы Жамал 58-де, інісі Ескендір 13 жаста екен. Қаламгер «1917 жылдың ақпанына дейін Қарқаралыда оқыдым. 1932 жылға дейін ара-тұра болмаса әрдайым оқуда болдым» деп көрсетеді. Кесілген статьясы – әйгілі 58/10. «Мұхтизар ісінде» жеке басын куәландыратын құжаты жоқ, қосымша фотосуреті де жоқ, тек кә­сіподақ мүшесінің билеті ғана тіркеліпті. Бұған ол 1924 жылы 6 мамырда кіріпті. Мамандығы – экономист-плановик деп жазылған. Мұхтизар шығармасын «4 перделі, 6 суретті музыкалық драма» депті. Бірақ НКВД архиві оны әрі-бері жұлмалап, өздерінің идеологиясына дәйек болатын жерлерін қырқып-пішіп, тұтас дүниені мақсатты түрде бүлдірген.

Қазір бұл анкета жауабын толықтыра түсетін басқа да деректер табылды. Мәселен, Мұхтизардың Ескендірден басқа Мұхтар есімді бауыры мен Қамар, Айтбану деген қарындастары бар екен (бұл үшеуінің өмірін сақтау үшін, тер­геушіден әдейі жасырып қалған сияқты – А.Ы.). Және екі бірдей жоғары білімі болған. Атап айтқанда, Ташкент қаласындағы Орталық Азия мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойын­ша және Новосібір қаласындағы Батыс Сібір халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. Сонымен қатар Семей өңі­ріне танымал мықты адвокат, ақын-им­провизатор және ғалым-аудармашы кісі-тұғын. Өзінің қысқа ғұмырында соңына «Сарыарқа» атты поэмасы мен «Алаш Орда» деген кітабын және грузин ақыны Шота Руставелидің «Жол­барыс терісін жамылған жиһанкез» атты поэмасының аудармасын, орыс ақыны Иван Крыловтың мысал-өлең­дерінің аудармаларын жазып қал­дырған. Аталған туындыларының бірі «Сарыарқа» поэмасы Мәскеудің Ленин атындағы кітапханасының «сирек кітаптар қорында» сақтаулы жатқан көрінеді. Біздің бірнеше ғалымдар сол қолжазбаны (мүмкін көшірмесі) көрген және оқыған. Бірақ фотоға түсіруге, көшіріп алуға, алып шығуға рұқсат ала алмаған сыңайлы. Мәселен, Семейдің Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институтының оқытушысы болған тарихшы-ғалым Мұратбек Кенжебеков диссертациясының жұмысымен аталған кітапханадан ойда-жоқта Мұхтизар Титақовтың «Сарыарқа» поэмасына тап болып, оқып шығып қатты таңырқайды. Елге келген соң Мұхтизар туралы төңі­регіндегі зиялы қауым өкілдерінен ақырындап сұрастыра бастайды. Бірде жазушы Балтабек Оразбаевқа кездесіп «Мұхтизар керемет ақын болған екен ғой, мен ол кісінің осындай шығармасын оқыдым, сен оның ақын болғанынан хабарың бар ма еді?» дегенде, ол: «Мен оның мықты адвокат болғанын және жазушылықпен айналысатынын білуші едім. Өйткені ол кісінің әкесі Түлік те оқымысты адам болды ғой» деп жауа­п береді. Ленин кітапханасында бол­ған тағы бір жерлесіміз Мұрат Са­пор­ұлы Мұхтизардың қарындасы Роза Мұхтарқызына жолыққанда осы «Сары­арқа» поэмасы жөнінде айтқан екен.

Сарыарқа

Арқаның алтын таңы шабақталып,

Сарғайып сары белден бұлтты жарып.

Қызарып ұядан күн қияға өрлеп,

Көзіме нұр төгеді тұрған барып.

 

Арқаның жазғы кеші жанарланып,

Жібек жел аңқып иісі самалданып.

Көрдің бе, деп қызыл күн көзін салды,

Торғындай түрін төккен жүз құбылып.

 

Арқаның шалқар көлі жатыр көлбеп,

Құс ұшып, қаз қаңқылдап көкте өрлеп.

Қаршыға ытып кеткен қолдан ұшып,

Түсірген үйректерді теуіп, сермеп.

 

Арқаның жазғы көші жайлауға өрлеп,

Салтанат, сәніменен жатыр көлбеп.

Ән шырқап, қыз-бозбала ен далада,

Жортақы жүйрігімен жарыс сермеп.

Өкінішке қарай, Мұхтизардың шығар­машылығы түгілі оның өмірбаяны туралы мәліметтер әлі ғылыми жүйеге түсі­­рілген жоқ. Дегенмен, қолда бар аз-кем мағлұматтарға сүйене отырып, Мұхтизардың жеке өмірі жайында айта кетелік. Әкесі Түлік Төребайұлы Титақов ақын, жазушы, аудармашы адам болған. Өткен ғасырдың басында Семейдегі әскери-губернатордың тілмашы міндетін атқарған. Орыс және бірнеше шығыс тілдерін жақсы білген. Кейбір деректерге қарағанда, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның хатшысы қызметінде болған көрінеді. Қартайып, 1940 жылы Семейде өмірден озған. Ал Мұхтизардың Алашордамен байланысы болғаны себепті өмірінің астан-кестеңі шыққан. Үнемі қуғын-сүргіннен бой тасалап, Ташкент, Новосібір, Алматы сияқты қа­лаларға, тіпті Якутия жаққа да еріксіз кетуге мәжбүр болып отырған. Анасы Жамал «...Қайда жүр екен, қарағым?» деп қайғыдан қан жұтып, үнемі күрсініп отыратын көрінеді. «Бұл ұлтшыл, алашшыл» деп соңына шырақ алып түскен НКВД-ның қуғынынан ел қатарлы отбасы бақытын көруге де мұр­шасы болмаған. Үйленген, бірақ тұтқындалып, жиі соттала берген берекесіздіктен мезі болған әйелі ақыры кетіп тынған. Тағы да үйленген, тағы сол сценарий қайталанған. Әйтеуір, қайран ер өзінің 53 жасында 10-11 рет отбасын құрса да, бір қайтқан бағын қайта қайтара алмаған сыңайлы. Қарындасы Раушан Мұхтарқызының айтуына қарағанда, онымен отандасқан әйелдердің ішінде атақты әнші апамыз Күләш Байсейітова да болған көрінеді. Мұхтизар өмірінің соңғы 10 жылында бауыры Мұхтардың отбасымен бірге тұрған екен.

1953 жылы Сталин өлгеннен кейін, ұлттық интеллигенцияға қарсы сүр­гін сәл де болса саябырси бастады. Алай­да, бұл кезде «халық жаулары» са­налған ақылмандарымыз түгелге жуық атылған болатын, сотталғандарының дені еңбекке жарамсыз еді, ал сау шық­қандарының бойын әлдеқашан үрей билеп алғандықтан көпшілігінің өмірі трагедиямен аяқталды. Мұхтизар да сондай тайғақ кешулі тағдыр тауқыметін басынан өткерген құрбандардың бірі. Ол 1957 жылы қайтып, Аягөз қаласындағы мұсылмандар қорымына жерленді.

Арманда кеткен Алаш арыстарының бірі Мұхтизар Түлікұлы Титақов туралы тәптіштей айтар кез әлі алда.

 

Айдын ЫРЫСБЕКҰЛЫ,

Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің магистранты

 

СЕМЕЙ

 

Соңғы жаңалықтар