Коронавирус • 29 Сәуір, 2020

Үздік жобалар Үкіметке ұсынылады

155 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Стоп-Коронавирус» онлайн-бай­қауының нәтижелері бойын­ша бірқатар жоба қазылар алқа­сы­ның ең жоғары баға­ла­рына ие болды: ДНҚ гендерінің топтамасын құру, реагенттер жиынтығын алу, вирусты анықтаудың жо­ға­ры сезімтал жүйесін жасау, ауру­дың әртүрлі деңгейіндегі диаг­ностика тәсілдерін пайда­ла­ну, вирусқа қарсы препаратты әзірлеу, биоыдырайтын ма­те­риалдан қолды қорғау құрал­да­рын жасау, қазақстандық диа­­томитті пайдалана отырып рес­пираторлық маскаларды жа­сау және коронавирустың ауыр түр­лерін емдеу барысында биоме­дици­налық жасушалық өнім­ді қолдану.

Үздік жобалар Үкіметке ұсынылады

Қазылар алқасының шешімі бо­йынша финалға қатысқан бар­лық 39 жоба тиімділігі жоғары және іске асыруға дайын, сондық­тан барлығы Үкіметтің қарауына, сондай-ақ мүдделі инвесторларға ұсынылады.

Қазылар алқасының баға­ла­уы­мен қатар жобалар бойынша онлайн-дауыс беру жүргізілді. Соның нәтижелері бойынша «ха­лықтық» топ-жобалар анық­тал­ды. Қазылар алқасының бағалауы мен онлайн-дауыс беру нәти­же­лерін және қазылыққа кірген адамдардың тізімін Ғылым қоры­ның t.me/sciencefund Telegram арнасынан көруге болады.

«Стоп-Коронавирус» бай­­қауын «Ғылым қоры» АҚ ұйым­дас­тырды. Байқауға барлығы 140-тан астам өтінім келіп түсті. Коронавируспен күресу жөнінде өз ұсы­ныстарын ғалымдар, док­то­ранттар, кәсіпкерлер мен­ стар­таперлер ұсынды. «Стоп-Коронавирус» байқауы онлайн-режімде өтті. Авторлар тікелей эфирде өз жобаларын қазылар алқасы мүшелеріне таныстырып, сұрақтарға жауап берді. Негізінде, ақпарат Facebook әлеуметтік желісі арқылы Bilim PLUS парақ­шасында көрсетілді. Онлайн формат бағалау үрді­сі­нің барынша ашықтығын қамтамасыз етті және барлық қаты­сушылардан қолдау тапты. Қазылар алқасының құра­мы­на денсаулық сақтау, IT са­ласының танымал маманда­ры, кәсіп­керлер мен қоғам қай­рат­кер­­лері кірді. Қазылар ал­қа­­сы­ның төрағасы болып белгілі қоғам қай­раткері, «Серпін» бі­лім және ин­но­вация ұлт­тық па­ла­та­сының басшысы Мұрат Әбенов сайланды.

– Мен үшін қазақстандық ғалымдардың көбі осы тақырып­та жұмыс істеп жатқаны күтп­е­ген жағдай болды. Жобалар өте жақсы және білікті авторлардың ұсыныстарында коронавирусты анықтауға арналған тестілерден бастап вакцина, емдік тамақтану, дезинфекция, вирустың алдын алу шараларына дейін қам­тыл­ған. Ертең-ақ өндіріске енгізуге тұрарлық тартымды жобалар бар. Біздің ғалымдар өз өнімдерімен нарыққа шыға алады және шы­ғуы керек, – деп атап өтті Мұрат Әбенов.

Байқау қорытындысы бойынша «Ғылым қоры» АҚ мүдделі тараптармен бірлесіп, келіп түскен ұсыныстарды алға тарту және іске асыру бойынша жұмысын жалғастырады.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар

Астана қаласының прокуроры ауысты

Тағайындау • Бүгін, 11:35