Руханият • 29 Сәуір, 2020

Қолға су құйып, бата алсаң...

499 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бала тәрбиесіне барынша мән-маңыз берген бабаларымыз ұлттық тәрбиенің озық үлгісін қалыптастырып, оны ұрпақ бойына сіңірудің тиімді жолдарын көрсеткені белгілі. Ұйықтауға жатқан сәбиді бесік жырымен әлдилеп, сол арқылы атадан қалған асыл мұра – ана тіліміздің қасиетін ұғындыра бастау керегін көрегендікпен айтқан. Оған «тәрбие тал бесіктен басталады» деген тағылымды сөзін де қосыңыз.

Қолға су құйып, бата алсаң...

Тоталитарлық жүйеде туған тіл тынысының тарылып бара жатқанын жүрекпен сезінген ғұлама жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтпаған болар. Иә, бесік біз үшін киелі.

Бесіктен белі шығып, там-тұмдап тіл қата бастаған балаға ел ертегілерін айтып, санасына тоқу, естелікке баулудың өнегесі емес пе! Дана бабаларымыз ұрпақ бойына батырлар жырымен ерлік рухты сіңіре білді. Әсіресе өскелең өренге үлкенді сыйлау өнегелі үрдіс екенін ұқтырды. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсету көзі қарақты азаматтарға тән асыл қасиет деп қаперіне салумен болды. Аға буынның ақылын тыңдауға, алғысы мен батасын алуға баулыды. Мәселен, қазақта «Баланы қарынға қоссаң, дана болар» деген дуалы сөз бар. Текке ай­тыл­маған текті сөз. Көпті көрген көне­көз қариялардың қанатты сөздерін құ­ла­ғына құйып өскен баланың ой-өрісі өзгелермен салыстырғанда оқ бойы озық болатынын білген бабаларымыз артына ерген ұрпағын алқалы жиындардан қалдырмай, уәлі сөздердің уызынан дәм татқызып отыруды сіңісті дәстүрге айналдырған ғой. Біле білгенге бұл – өрелі өнеге. Ал қазіргі кезде осынау үрдіс мүлдем кемшін тартып кетті. Үлкендердің ұлағатты сөзіне құлақ асып отыратын бала көп көзге түсе бермейтіні ақиқат.

Халқымызда «Батаменен ел көге­рер» деген тағы бір тағылымды сөз бар. Еңселі іс бастарда ең алдымен үлкен­нің батасын алу керек деген сөзді көкей­ге қондырған көрегендеріміз кейін­гі ұрпақтың келешегі кемел болуын көксесе керек-ті. Осы ретте Лұқпан ха­кім­­нің баласына берген батасы мен қол­ға су құйып, алғыс арқалаған бала­ның өмірі ұзақ әрі бақытты болады де­ген ғиб­ратты сөзі баршаның есінде болар. Оның өзі өшпес өнеге болмақ.

Иә, атадан қалған үлкенді сыйлау үрдісі ұрпақ бойына ұлағатты тәлім дарыту мен адами қасиеттерді сіңірудің қайнары десек, қателесе қоймаспыз.

Қаймағы бұзылмаған біздің Маң­ғыс­­тауда қазіргі таңдағы ауыл-ай­мақ­­тарда сан ғасырлық тарихы бар салт-дәстүрлеріміздің сақталған түрлері жетерлік.

Әсіресе қарияларымызға сый-құр­мет көрсету өңін өзгерте қойған жоқ. Осы орайда оның бір түрі жайын­­да ой түйіндеп көрелік. Қазақ шаңы­ра­ғы­ның қай-қайсысына барсақ та үйдің үлкеніне, не келген қонағына кішілік ізетпен ілтипат көрсеткен балаларды өте жиі кездестіреміз. Әсіресе, олардың иыққа орамал іліп, қолға су құюға деген құлшыныстарына сүйсінесің. Мұндағы ойлары үлкеннің батасын және алғысын алу екенін байыптай беріңіз. «Таудай жігіт бол», «Рахмет, балам, көп жаса», «Дегеніңе жете бер» деп айтылатын тілек-баталарды естігенде кімде болса марқайып қалады. Міне, біздің ата дәстүрге арқа сүйеген ұрпақтың ізгілікті ісі осындай болады. Бірақ өкінішке қарай, соңғы жылдары сол өнеге қалалық жерлерде солғын тартты. Бұған бізге мүлдем жат басқа мәдениеттің ел тіршілігіне дендеп енуі себеп болып жатқаны шындық. Біздің айтарымыз, бабадан қалған бай қазына – дәстүрімізді имандылық, адамгершілік негізде сақтау, халықтық қалпымызды сақтаудың бірегей жолы екендігін естен шығармайық, ағайын.

 

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ,

«Маңғыстау облыстық діни ақпараттық талдау орталығы» КММ басшысының орынбасары

 

АҚТАУ