Руханият • 29 Сәуір, 2020

Өмірі өзін өзі алдаумен өтіп жатыр...

476 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күнделікті өміріміздің бір бөл­шегіне айналған әлеуметтік желі­нің пайдасы мен зияны туралы бір­талай сын-пікір айтылып та жатыр. Шынтуайтына келгенде, онсыз өмі­ріміздің мән-маңызы жоғалғандай. Бүгінгі таңда танымал әнші жұлдыздар, психолог-коучтер, бизнес-тренерлер өзінің семинар-сабақ­тарын Instagram желісінде жарнамалап, айналымға түсіруде. «Ебін тапқан екі асар» деген осы болса керек-ті. Үйдегі күй­бең тіршіліктің иіріміне түсіп кеткен аналарымыз бен қыз-келіншектердің қолы босай қалса семинар-сабақтарға қатысып, кейде бір күнінің төрттен бір бөлігін осыған арнайды. Әрине бұл тек қала төңірегінде ғана... Дегенмен де психология саласын меңгермесе де психолог мамандардың нанын тауып жүрген жандар қаншама. Аттарын дардай қылып айтпасақ та көпшілікке мәлім.

Өмірі өзін өзі алдаумен өтіп жатыр...

Жалпы, біраз семинарда аффирмация жайында ақпараттар легі өте көп. Әрине бұл сөздің не мағына білдіретінін білмейтін қауым баршылық. Қазақша аудармасы да жоқ. Басқа баламасын таба да алмайсың. Аффирмация – күнделікті өмірде бір нәрсені қайталау арқылы жақсы нәтижеге жету. «Мен бақыттымын!.. Мен әдемімін!.. Менің қолымнан барлығы келеді!..» деген сияқты сөздерді түпсанаңызға жеткізуіңіз керек. Ғылымда егер адам баласы кез келген нәрсені 21 рет қай­таласа мида жаттанды түрде іске асатыны айтылады. Осындай жағдайлардың бірі Айжан әпкеміздің басынан өтті. Ол да тренингтердің біріне барған. Оның айтуынша: «Біздің үйіміз зәулім, әдемі болады!.. Бай боламыз!.. Менің күйеуім менен басқа ешкімге қарамайды!.. Ішкенім алдымда, ішпегенім артымда болады!..» деп 1 ай көлемінде қайталай берген. Бұдан мезі болған отағасы зайыбына «қой» деп қатты-қатты айтқанын да білемін... Аффирмацияны дұрыс жаққа бағыттамаған әпкеміздің бұл ісінен кейін ағамыз басқа тренингтерге бармауын қадағалады. Нәтижесінде ойда құралған формуланың бұзылуынан отбасында кикілжің туындады.

Расында, семинар-тренингтерге уақытыңыз бен ақшаңызды жұмсамай-ақ, белгілі бір игі іске ұмтылу қажет секілді. Психолог-коучтердің айтқан әңгімесін сіз өміріңізде де кездестіресіз. Олардың сабақтарынан кейін: «Мен бұл жағдайды көріп, естіп жүрмін ғой», деп таңдана түсесіз. Ақшаңыздың босқа кеткені түйсігіңізге сол сәтте ғана же­теді. Түк жылуы жоқ сұлу сөздердің жете­гінде кеткенше, ойыңызды тек білім мен танымымыздың бастау арнасына бағыттаған жөн болар...

 

Айым БОЛАТҚЫЗЫ