Абай • 30 Сәуір, 2020

Ұлттың өре өлшемі

424 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Озық ұлттар бәйгесі басталған ХХІ ға­сыр көшінде мемлекет құрушы ұлт­тың жасампаздық болмысы замана таразысына тартылуда. Бұл орайда адамзат өркениетіне көшпенділер әлемінің бірегей моделін жеткізген түркі текті қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі көтерер жүгі салмақтана түседі. Өз тарихында сан түрлі мемлекеттік биліктің дамуы, өркендеуі мен құлдырауын және қайта жаңғыру кезеңдерін бастан өткізіп, рухани-мәдени, ділдік ерекшелігі табиғат пен қоғамның үйлесімінде қалыптасқан халқымыз өз арасынан шыққан ұлы перзенттерімен де дараланады.

Ұлттың өре өлшемі

Дәстүрлі тарихи танымда «Зар-заман» атанған Ресей импе­риясының отар­лық саясатының асқынған кезе­ңінде ұлы ойшыл, ақын, хакім Абай Құнан­байұлы (1845-1904) ортақ адамзат­тық құндылықтарға негізделген аса күр­делі шығармашылық мұраны қалдыр­ды. Кең мағынасындағы «Абай жолы» ұлттық тектілік пен ұлтты сақтау­дың бірегей төл­тума коды еді. Дәс­түрлі көш­пелі қоғамның хандық билік ету құқығынан айрылып, сыртқы бас­қын­шылықтың әсерінен саяси-экономи­калық және әлеуметтік-рухани тоқырау мен дағдарысқа ұшырауының куәгері болған Абай туындылары аса ауқымды деректемелік сипатымен ерек­шеленеді.

Еліміздің Президенті Қ.Тоқаев «Сындар­лы қоғамдық диа­лог – Қазақ­станның тұрақтылы­ғы мен дамуының негізі» атты халыққа Жолдауында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мемлекеттік маңызды іс шара ретінде көрсетіп, «Абай және ХХІ ғасыр­дағы Қазақстан» тақы­рыбындағы мақала­сын­да ұлы ойшылдың мұрасына терең, жан-жақты тұжырымды талдау жа­сауы қоғамда серпіліс туғызды.

Мемлекет басшысы Абай аманатын тари­хи-философиялық тұрғыда пайым­даумен қатар, қазіргі қоғам­ның шынайы болмысымен бірге зерделейді. «...Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіт­теді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деу­ге болады. Ұлы ойшыл әр сөзі­мен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адам­ның өзін өзі тануы. Адамның өзін өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылым­ға, білімге басымдық беруі – кемел­діктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы», дей келе автор ірі ой-тұжырымдарымен бөліседі. Абай әлемінің қоғамның, мемлекеттің қалып­ты дамуы мен ұлттың рухани-мәдени тұрғыдан өсіп өркендеуіне қосатын әлеуетін сан қырынан сараптап берді.

Шын мәнісінде, Абай әлемінің пән­аралық сипатымен ұлттық тарихнамада еңселі орын алатын уақыты келді. Абай туындылары көшпелі қоғамдағы тарихи жад пен тарихи сананың зор құді­­ретін дәлелдейді. Адамзатқа ортақ игі­­лік білім мен ғылымның қадыр-қа­­­­сиеті сайын сахарада өмір сүрген Абай ғұ­ла­малығында шырқау шыңы­на көте­ріл­­­ді. Президент мақаласында «...Ал іл­­­ге­рі­­леудің негізі білім мен ғылым­да еке­нін анық білеміз. Абай қазақ­тың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақ­танба» деп, білімді игермейінше, биік­тердің бағы­на қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет» деп, еліміздегі қазіргі білім беру саласының көкейкесті мәселелерін шешудің жолдарын ұсынады.

Автор ұлы ойшыл тұлғаның әлемдік деңгейдегі орнын зерделеуге күш салады. Ұлтқа қызмет ету адалдығы адамзатты сыйлау мен тәрбиелеуге ұласқан ойшылдар Лао-цзы мен Конфуций, Достоевский, Толстой, Вольтер мен Руссо еңбектеріне тоқтала келе, Абайды олармен тең дәрежеде қарастырады.

Қ.Тоқаев ұлы Абайды қазақ ұлттық зердесінің өлшем биі­гі тұрғысында аса жоғары баға­лап, тұлғаның болмысы мен мұ­расын ұлттық бренд ретінде қабыл­дайды. Абай мұрасымен таныс, оны зерделеуге шамасы жететін әрбір жанның бұл ойдың терең астарын түсінері сөзсіз.

Абайдың өмір сүрген ортасы, әлеу­меттік жағдайы, саяси-қоғамдық көзқарасы кеңестік билік тұсында қудалан­ғаны белгілі. Құнанбай – Абай әулеті­нің қасіреті тарихнамада толық ашыла қойған жоқ. Сонымен қатар Абай арқылы қазақ халқын әлемге таныстырған атақты жазушы, абайтанушы Мұхтар Әуезовтің тарихымыздағы орнын бағалау зерделі зерттеулерді қажет етеді. Тұңғыш абайтанушылар, ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығын алғашқы насихаттаушылар – Алаш зиялылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов еңбектерінің осы қыры назардан сырт қалмауы тиіс.

Мақала авторының «...Ғұла­ма Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат бала­сына ақыл-ойдың жемісін сый­лады. Абайдың ақындық қуа­ты­ның терең тамырына үңіл­­­ген зерттеушілеріміз оның қазақ фольклорынан, шығыс пен батыс­тың сөз өнерінен, орыс әде­­биетінен, тарихи еңбектерден сарқылмас нәр алғанын айтады», деп жазғанындай, Абай әлемі ғылыми терең негіздеулермен жалғасары кәміл.

Еуроцентризмнің тарихи мето­доло­гиясындағы қасаң ұста­нымы Ұлы даланың бірегей мәдениетін түсіндіруге әлсіз­дік танытады. Бұл орайда Абай әлемін тарих философиясында кеңінен қарастырып, ұлы даланың өркениетін жасаушылардың адамзат қазынасына қосқан үлесі екшелене түсуі керек.

Абайдың таным көзқарасын­да діннің орны айрықша болды. Әл-Фарабиден бастау ал­ған ғылыми исламды Абай­дан ар­тық тереңдеген ғұлама жоқты­ғын кезінде Ақжан Маша­ни дә­лел­деп зерт­теді. Президент осы мә­се­ле­ге де жіті көңіл бөлген. «...Ол отыз сегізінші қара сөзін­де Ал­ла­ға деген көзқарасын толық біл­діреді. Абайдың рухани өресіне баға берген дінтанушы философ ғалымдар оның «кәміл мұсылман» ұғымына ерекше назар аударады. «Кәміл мұсылман» ұғымы тек қазаққа ғана емес, бүкіл мұсылман әлеміне қатысты айтылса керек», деген түйін жасайды.

Әрбір туындысы астарлы мән-мағынаға ие Абай шығар­машылығын арты­нда қалдырған «Қара сөздері» асқақ­тата түседі. Мұндағы ұлы ойшыл­дың адам, халық, қоғам, мемлекет, дін, тәрбие, руханият туралы тол­ғаныстары бүгінгі заманның шындығымен үйле­седі. Ғұлама мұрасын сан қырынан наси­хат­таудың механизмдерін автор орынды көрсетеді.

Қазақ тарихының ХІХ ғасырдың екінші жартысы ХХ ғасыр басындағы кезеңі Абай мұраларымен толықтырылса, отарлық биліктің саяси әкімшілік-басқару аппа­ратының ресми іс қағаздарын тарихи дерек көзі ретінде бағалауға қатаң, сыни ұстаным қалыптасар еді. Халқы­мыздың тарихын түгендеу, оның объек­тивті ғылыми тарихын қалпына келтіру тарихи деректерді толықтай қатыс­тырумен, шын­туайт­тылық, тари­хилық принциптерін сақтау­мен жүзеге аса алады. Абай­дың қоғамдық-тарихи көз­қарасын арнайы зерттеу отандық тарихнама еншісінде.

 Мақалада Абай мерейтойын өткізу­дің шаралары толыққанды, тиянақ­тылығымен көңіл аудартады. Ұлы ой­шыл­дың туған өңірі, 1917 жылғы 2-жал­пы­қазақ съезінде «Алаш» атауы берілген Семей қаласының мәртебесін көтеруге нақты міндеттер беріл­ген. Халқымыздың тарихи-мә­дени алтын бесігінің киелі жері­нен ұлы ойшылдар Абай Құнан­байұлы, Шәкәрім Құдай­берді­ұлы және Мұхтар Әуезов шық­қа­нын бүгінгі ұрпақ ұмытпайды.

Дана Абай армандаған әді­летті қоғамды Қ.Тоқаев өзінің пре­зиденттік қыз­метінде дамытатынын жазады: «...Менің «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» атты тұжырымдамам дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақ­­сатымен ұсынылды. Билік пен қоғам ара­сындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қа­был­даған кезде азаматтардың ұсы­ныс­­тары мен тілектерін ескеруі керек. Мұ­ны Абай мең­зеген әділетті қоғам қалып­­­тас­тырудың бірден-бір шарты деп білемін».

Ұлттық тәуелсіз мемле­кет­тіліктің орнығуы, күшеюі ұлт руханиятын сақтау және жаң­ғыртумен кемелдене түседі. Пре­зи­дент мақаласының түйінін осылай қабылдадық.

 

Гүлбану ЖҮГЕНБАЕВА,

тарих ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі