Руханият • 30 Сәуір, 2020

«Ишан базар» мешіті

1137 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Орталық Азия, Иран, Үндістан архитектурасы үлгісінде салынған Ишан базар мешіті Ордабасы ауданы, Аққойлы елді мекенінің солтүстік шығысындағы биік беткейге орналасқан. Ақ кірпіштен тұрғызылғандықтан кезінде «Ақмешіт» те аталған. Жергілікті тұрғындар осы атауын құп көреді. «Айғақ» телеарнасының директоры Мұхтар Серікбаев осы ауылдың тумасы. Бірде ол маған ауылының маңындағы Жусансай, Сарытоғайдан Қараханид дәуіріндегі тиындар мен жебе ұштары, құмыралар, қылыштар көптеп табылып, көпшілігі ұстағанның қолында кетіп жатқаны жөнінде айтқаны бар. Аққойлы ауылына сапарлауымыздың сыры осы еді. Бізді Исақ Садуардинұлы, Ерік Әшірбердиев, Балтабек Әуесов сынды қариялар күтіп алды. Осы күні ауыл адамдары жиналып, аруақтарға арнап ас бергелі жатыр екен. «Ишан базар» мешітінің тарихы жөнінде қариялар бірқатар сыр шертті.

«Ишан базар» мешіті

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ

Кезінде осы жерде Ишан базар деген үлкен сауда орыны болыпты. «Ұлы Жібек жолы» бойымен өткендер осы базарға соғып өтеді екен. Базардың маңында бақсадан салынған мешіт болған. 1903-1904 жылдар шамасында Аққойлы руынан тараған Мағзым әулетінен шыққан Мәдіқара Бұқар қаласындағы оқуын бітіріп, елге оралғанда ескі мешіттің орынына жаңасын салуға ниеттенген екен. Сонымен Мәдіқара іргелес жатқан ауылдардың би-болыстарын, байларын жинап, мешіт салу жөніндегі ойын жеткізеді. Жиналғандар­дың батасын алған соң Бұқара қала­сынан ұсталар алдыртады. Қосалқы жұмыстарға жергілікті тұрғындардан 300-ге жуық адам тартылады. Осы мешіттің дәл іргесінде қыш күйдіретін пештің орыны әлі жатыр. Барып көрдік. Суретке түсіріп алдық. Балтабек Әуесов ақсақал кезінде осы пештің астына 2 отар қойдың сыйып кететінін айтқанда қайран қалдық. Ол кезде пеш орнының ұзындығы 15 метрге жеткен. Кейін осы маңға жол түскенде пештің жартысы қирап қалған. Сол кездегі ұсталардың шеберлігіне осы пешке қарап тұрып-ақ қайран қаласыз. Олар пешті саз балшықтан жасапты. Саздың қатып қалғаны соншалық, арада қанша жыл өтсе де қаз қалпында тұр. Ауыл адамдары «пештің осы қалпын да сақтап қалсақ игі еді» деп отыр. Сол үшін пештің үстіне бастырма салу керек. Қар, жауын суы пешті мүжи берсе ертең одан жұрнақ та қалмайды. Осы пешті Жүніс және Оспан Нарымбетов деген ағайынды кісілер салған. Қыш жоғары температурада үш түрлі қалыпта күйдірілген. Демек, үш түрлі пештің болғаны ғой. Солардың біреуі ғана осы кезеңге жетіп отыр.

Мешіт ғимараты 14 күмбезден тұрады. Қабырғасының қалың­дығы 1 метр, 40 сантиметр. Бас күмбездің диаметрі 95 метр. Күмбез 60 сантиметр қалыңдықта өрілген. Құрылыс жұмыстарына ақ құм мен қиыршақ тас пайда­ланылған. Мешіттің ішкі қабыр­ғаларының архитектуралық сәу­леті таңырқатады. Дуалдардағы Құран аяттары мен Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадистері араб тілінде жазулы тұр. Мешіт бірнеше бөлмеден тұрады. Намаз оқитын, кітапхана, мешіт қызметкерлері отыратын бөлмелер болған. Исақ ақсақалдың айтуынша, әжесі Несібелді осы мешіт құрылысына қатысқан. Несібелді әжесі екі ұстаға соншама жұрттың қыш әперіп үлгере алмай жататынын айтқан екен. Сонымен қатар осындағы қазанның да өз тарихы бар. Осы қазанға таңер­тең құрбақалар түсетін көрінеді. Аспаздар қазанға қанша құр­бақа түссе, соншама малды құр­бандыққа шалып отырған.

Мешіттің үлкен залының ортасынан басталатын жер асты үңгірі болғанын да ауыл ақсақалдары айтып отыр. Халық арасындағы аңыз әңгімелерде осы жер­асты үңгірі Түркістанға жалғайды. Бірақ бұл үңгірдің мешіттің бас құрылысы кезінде жоспарланғаны айтылады. Бағзы бабалар барлық ғимараттарда еден асты үңгірлер жасаған. Оны табиғи жылыту жүйесі ретінде пайдаланған. Бұл былай. Үңгір күннің шығысына қарай қазылады. Кіре берісі адам бойындай, одан әрі кісі еңбектеп сыртқа шығатындай қуыс болады. Күннің шығысынан соққан самал жел жерасты жолымен өтіп, қыстың күнінде де ішке жылы ауа болып құйылады. Әр күмбездің үстінде кішкене саңылау тесіктер бар. Сол тесіктерден жылы ауа сыртқа шығады. Осылайша ғимарат ішінде табиғи айналым жасалады. Бұрынғы бабалар үлкен ғимараттарды осындай әдіспен жылытқан. Қазіргідей жылу жүйелері жоқ замандарда бұл тәсілдің тиімділігі өзін өзі ақтаған. Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін алыңыз. Алып ғимарат пеш, ошақсыз-ақ бірқалыпты температураны сақтап тұр емес пе?

Көнекөз қарттардың айтуынша, мешіттің батыс жағында жерасты құбыры болған. Осы құбырмен мешітке су келіп тұр­ған. Бас күмбездің басына кү­містен құйылған ислам діні­нің символикалық айшығы ор­натылған екен. Оның күнмен шағылысқан сәулесі төңіректің едәуір жеріне түсіп тұрған. 1920-1922 жылдары Арыс аудан орталығы болып, осы жерге балалар үйі салынады. Құрылысқа қыш керек еді. Биліктегілер мешіттің қышын алуға рұқсат береді. Колхоз басшысына орыс ұлтының кісілері келіп бас күмбездің басындағы күміс айшықты «Ленинградтағы Эрмитажға қоямыз» деп сұрайды. Сонымен адамдар айшыққа арқан байлап тартады. Сол кезде арқан үзіліп кетіп, екпінмен құлаған бір адам қайтыс болады. Олар бұл қазаға аса көп мән бермейді. Ар­тынша трактор әкеліп, айшық­ты соның күшімен жұлып алады. Өкілдер айшықты алып кетеді. Бірақ содан кейін күмбез зақымданып, жарылып, сызаттанады. Күздің жауыны, қыстың қары жарылған тұсты одан сайын үңгіп, күмбездің опырылып құлауына себепші болады. 1943 жылы күмбез опырылып құлаған. 1950 жылы мешітті колхоз басшылары қоймаға айналдырады. Мешіттің солтүстік жағындағы бөлмесі толық қирайды да, оңтүстік жағы­н­дағысы аман қалады. Осы бөл­меге ислам жолындағы дін адамдары 1960 жылдары қайта жиналып, Құдайға құлшылық жасай бастайды.

Мешіттің іргесінде Ишан аталатын базар болғанын жоғарыда айттық. Соған байланысты бұл дін ордасы «Ишан мешіт» аталған. Мұның тағы бір себебі бар. Мешітте діни дәрежесі жоғары қари, ишан, молда шәкірттерге дәріс оқыған. Қари атағы Құрандағы 114-сүрені жатқа айтатын мұсылманға, ишан дәрежесі діни және шариғат жайлы ілімі жоғары ғұламаға берілген. Мәдіқара осы мешітте имам және ұстаз болып бала оқытқан. Ол отызға жуық бала тәрбиелеп, оның төртеуін қари етіп шығарады. Туған ағасы Садық қайтыс болып, осы ағасының үлкен ұлы Ілиясты қолына алады. Ілияс қари, Досмаханбет қари, Зияудин қари, Мүсәпір қари Мәдіқараның тәрбиесін алғандар. Мешіттің терезесінен сығалап жүрген баланы Мәдіқара шақырып алып, оқытқан екен. Мүсәпір қари осы. Бұл мешітте есімі елге белгілі ақын Нұралы Нысанбайұлы да оқыған. Ол осы мешітте шығыстың классикалық поэзиясымен сусындайды.

1985-1988 жылдар аралығында Қазақ КСР Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков болатын. Қазақтың біртуар азаматына ауыл ақсақалдары жиналып барып, көне мешітті республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына тізімге алдырып, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді сұрайды. Ө.Жәнібековтің пәрменімен мешіт тізімге алынғанымен қатар, қалпына келтіру жұмыстарына 1 миллион 272 мың сом бөлінеді. «Қазреставрация» мекемесі 1989 жылы қалпына келтіру жұмыстарын бастайды. Дегенмен, бөлінген қаржы жетпей қалып, жөндеу жұмыстары 1994 жылы тоқтап қалады. Шымкент қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Ш.Мұсаев Хорезмнен қыш алдырып, бас күмбезді қалпына келтіреді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2006 жыл – Мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау жылы деп жарияланғаны белгілі. Сол жылы мемлекет тарапынан 16 миллион теңге бөлініп, қалпына келтіру жұмыстары қайта жалғасты. Бүгінде Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайының Ақмешіт-Ишан базар секторы республикалық тарихи-сәулеттік ескерткіші аталатын бұл ғимарат сонадайдан менмұндалап өзіне шақырады. Жуырда Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институтының қызметкері Павель Петров Аққойлы ауылына арнайы келіп, мешіт маңынан табылып жатқан жәдігерлерді зерттеп қайтты. Оның айтуынша, табылып жатқан көне бұйымдар, тиындар, жебе ұштары, қылыш Қараханид, Хорезм, Әмір Темір дәуірлеріне тән. Сондай-ақ көне Қытай тиындары табылуы бұл жерде сауда-саттықтың қатты дамығанын айғақтайды. ХІІІ ғасырға тән қола айна мешіт музейінде сақтаулы тұр.

Ауыл адамдары бізді көне қаланың орынына бастап барды. Құмыралар мен қылыштар осы жерден табылған. Қазір Жусансай мектебінің музейінде сақтаулы тұр. Үлкен төбеге айналған жерде бағзы бабаларымыздың баспаналары, пештері табылған. Бүгінде ерінбегеннің барлығы осы маңға келіп, әр-әр жерді қазып, тап­қандарын жасырын алып кетіп жүр. Жер астында әлі талай құндылықтар жатыр. «Осы байлықтар кім көрінгеннің қолын­да кетпесе екен» деп аманат айтқан ақжа­рыл­қап адамдар бізбен қимай қоштасты.

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ