Тарих • 30 Сәуір, 2020

Майдан періштелері

1967 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғысты біз көрген жоқпыз. Сол сұрапыл соғыстан аман-есен елге орал­ған майдангерлер бүгінге дейін «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс...» деп ауыр күрсіне отырып, сол отқа оранған жылдарын естеріне түсіріп, жанарлары жасқа шыланғанын талай рет көрдік. Облыстық архив қызметкерлерінің мәлімдемелері бойынша, Екінші дүниежүзілік соғысқа Жамбыл облысынан 41453 азамат аттанса, оның 15536-сы майданда қаза тауып, 17639-ы із-түзсіз, хабар-ошарсыз кеткен. 4746 адам еңбек майданына алынған.

Майдан періштелері

(Суретте бейнеленген: Халықаралық Флоренс Найтингейл атындағы медальдың иегері, жамбылдық майдангер-медбике А.М.Дмитриенко жастар арасында (1978 жыл)

Соғыс жылдары көптеген медицина қызметкері соғыс даласы мен әскери госпитальдарда жа­ра­ланғандарға күн-түн демей медицина­лық көмек көрсетіп, қан ке­шіп жүріп аянбай еңбек етті. Дер ке­зінде көрсетіл­ген ме­ди­циналық кө­мектің арқасында жарақат ал­ған жауынгерлер мен офицерлердің басым көпшілігі қа­тарға қосылып, май­данға қай­та араласып, Же­ңіс үшін қан мен тер төкті. Медицина қыз­мет­кер­лері майданда жарақат алған жауын­герлердің 72,3%-ын және нау­­қас­танғандардың 90,6%-ын ем­деп, қайта қатарға қосты. Бұл дегеніңіз, егер оны цифрға айналдырсақ, 17 млн-ға жуық адам болады екен.

1                             

Раиса Кәрімқызы Мақашева   

 

2

Екатерина Малаевна Исеналиева     

 

3

Елена Александровна Понамаренко

Деректер бойынша, соғыс кезін­де 200 мыңнан астам дәрі­гер, 1,5 млн орта медицина қызметкері әскер қатарына ша­қырылған. Олардың қатарын­да қазақстандық медицина қыз­меткерлері де болды. Кес­кі­лес­кен қантөгіс майданда жарақат алған 9 млн-нан астам жауынгер мен офицерге жауындай себелеп, борап тұрған оқ арасында, снаряд пен бомбалар астында медициналық көмек көрсеткен дәрігерлердің жанқиярлық ең­бе­гін, олардың Жеңіске қосқан үлес­терін немен бағалауға болады?

Мәліметтер бойынша, дәрі­гер­лер мен орта буын медицина қыз­меткерлерінің 61%-ын әйелдер құраған. Майдан даласында еңбек еткен әйел дә­рігерлер мен медбикелерді көп­шілік құрметпен «майдан пе­ріштелері» деп атады. Дала мед­санбаттарында, әскери және тыл госпитальдарында да не­гізгі жұмысты медбикелер ат­қарды. Жарақаттарды ем­деу, оларды отаға дайындау, ауыр халдегі науқастарды ба­қылау, санитарлық пойыз-эше­лондардағы жарақаттарды тылдағы госпитальдарға жеткізу және де басқа сандаған қызмет медбикелердің мойнында болды.

Сол сұрапыл соғыста 85 мың медицина қызметкері қаза тапты немесе хабар-ошарсыз кетті. Олардың ішінде 5 мың дәрігер, 9 мың медбике мен фельдшер, 23 мың санитар-инс­труктор, 48 мың санитар болатын. Статистикалық деректерге қарағанда, тек 1941-1943 жылдар аралығында соғыста қайтыс болған медицина қызметкерінің саны 22 591-ге жеткен.

Жауынгерлермен бірге от кешкен дәрігерлер мен медбикелердің арасында қазақстандықтар да аз болған жоқ.­ Мысалы, медбике қазақ қызы туралы Кеңес Одағының Ба­тыры, генерал-полковник­ Д.Драгунский кезiнде былай­ деп жазыпты: «Сұмдық көрiнiс­тiң куәсi болдым. Алға ұмтылған танкінiң бiрi отқа оранды. Қарасам, бүйірінде Қызыл Крест белгiсi соғылған сөмкесі бар өрiмдей қазақ қызы жалын құшқан машинаның қақпағын ашып, танк ішіне қойып кеттi. Осылайша ажал апанына төрт рет сүңгiп, төрт танкистi құт­қар­ды...». Бұл топалаң соғыстың бір шағын ғана көрініс-эпизоды. Ал оның қаншамасы көзге ілін­­бей, кинокамераға түспей, кітап-газетке жазылмай қалды десеңші...

6

(Жамбыл облыстық ауруханасында еңбек еткен Ұлы Отан соғысының ардагерлері (9.05.1970 ж.)

Белгілі қолбасшы, Кеңес Ода­ғының маршалы Иван Хрис­тофорович Баграмян соғыс аяқ­талған соң былай деп жазыпты: «То, что сделано советской воен­ной медициной в годы минувшей войны, по всей справедливости может быть названо подвигом. Для нас, ветеранов Великой Отечественной войны, образ воен­ного медика останется олицетворением высокого гуманизма, мужества и самоотверженности».

Кейбір деректер бойынша, соғыс жылдарында республикада 12 мыңнан астам медбике, 45 мың ерікті санитарлық «дружина», 400 санитар маман даярланыпты. Халық арасында белсенді донорлар қозғалысы жүріп, көптеген азамат жаралы жауынгерлер үшін қан тапсырды. 1941 жылы Алматы ме­дициналық институтының 437 түлегі дәрігер­лік дипломын алғаннан кейін бірден май­данға аттанған. Бұл үрдіс кейін­гі жылдары да жал­ғасты. Тіпті кейбір студенттер өз өтініш­тері­мен майданға аттанды. Олар­дың екеуі (М.Мәметова мен В.Вавилов) Кеңес Одағының Батыры атанды. Оқы­тушы-профессорлар С.Қарынбаев, И.Карамзинов, М.Брякин, Р.Самарин, У.Берді­баев, Р.Мақашева және басқалар Қызыл әскер қатарында болып, жарақаттарға аянбай медици­на­лық көмек көрсетті. З.Қуатов, П.Мордвинов, М.Нұров, Р.Есір­ге­пов сынды дәрігерлер соғыс да­ласында ерлікпен қаза болды. 1943 жылы соғысқа 1649 мед­бике, 1441 санитарлық дружина және 100 санинструктор жі­бе­рілді. Сөйтіп, қазақстандық ме­дицина қызметкерлерінің Жеңіс­ті­ жақындатуға үлесі аз болған жоқ.

1941 жылы бір ғана Жамбыл облысынан 123 медицина қыз­мет­кері әскер қатарына алынды. Сұрапыл соғыс даласындағы әскери госпитальдарда облыс­тан шақырылған 500-ге жуық медицина қызметкері қа­жыр­лы еңбек етті. Олардың басым көпшілігі Мәскеуден Бер­линге дейін жетіп, Жеңісті сонда қарсы алды. Атын атап өт­сек, олар көп жылдар Жамбыл облыстық ауруханасында еңбек еткен хирургтер Н.Мұқышев, Г.Әбдікәрімов, А.Леонтьев, С.Александров, Қ.Құлынбаев, терапевтер Н.Нұғыманов, Н.Го­лубев, Е.Исеналиева, Е.По­намаренко, Б.Баймұханов, Н.Фир­сов, А.Капасакалис, медбикелер А.Палий-Зеленцова, М.Яременко, А.Анисимова, В.Ка­черга, Е.Павличева, Т.Радченко, фельдшер Г.Ильченко және тағы басқалар.

Екінші дүниежүзілік соғыс жыл­дарындағы ерен ер­лік пен­ қайтпас қайсарлық көр­сет­кен орта буын медицина қыз­меткерлеріне Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қозға­лы­сының шешімімен табыс еті­летін Флоренс Найтингейл атын­дағы медалға ие болған мед­бикелердің есімі ерекше құрметпен аталады. Аталған жоғары наградаға қазақстандық 5 медбике ие болды. Олар Рәзия Ысқақова (Шымкент), Мария Петровна Смирнова-Кухарская (Көкшетау), Анна Михайловна Дмитриенко (Тараз), Вера Широкая-Руденко және павлодарлық Антонина Яковлевна Дмитриева (Глубина) болатын.

Жамбылдық Анна Михай­лов­на Дмитриенко соғыс бас­тал­ғанда 18 жаста болатын. Мәскеу, Ленинград, Старая Русь қа­ла­ла­рын қорғаған жауын­герлерге қанатымен су сепкен қарлығаштай медициналық жәрдем беріп, жарақаттанғандарға жанкеш­ті­лікпен аянбай қызмет етті. Сөй­тіп жүріп 1944 жылы майдан даласында жарақат алды. Бірақ одан кейін қан тапсырып донор болды. Жалпы санағанда 70 литр қан беріпті. Соғыстан оралғаннан кейін 25 жыл туберкулезге қарсы күресу диспансерінде тиянақты еңбек етіп, донорлық қызметін жалғастырды. Үйде науқастарды күту бойынша қызметшілер курсын ашып, жастарға дәріс бер­ді және донорлықты насихат­таушының бірі болды.

Мойынқұмның Көктерек (Бірлік) аулының тумасы Раиса Кәрімқызы Мақашева Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірісімен 1942 жылы өз өтінішімен майданға аттанып, Прибалтика және Беларусь соғыс госпитальдарындағы хирургия бөлімшелерінің меңгерушісі бола жүріп, жарақаттанған сол­даттар мен офицерлерге ота жасап, олардың көбісін қай­та қатарға қосты. Соғыс аяқ­тал­ған­нан соң да әскери госпиталь­дар­да қызмет етіп, 1946 жылы елге оралды. Бейбіт жылдары­ (1946-52 жж.) Қазақстан Ұлттық Академиясының Өлкелік патология институтында кіші ғы­лы­ми қызметкер, 1952 жылдан Алматы мемлекеттік медицина институтында (қазіргі Қазақ ұлт­тық медицина университеті) тері және венерология аурулар­ кафедрасының ассистенті, до­центі, профессоры, кафедра мең­герушісі, Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің Тері-венерология ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарды. Дә­рігер Р.Мақашова «ІІ дәрежелі Отан соғысы», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және көптеген медальмен марапатталған.

Дәрігер Екатерина Малаев­на Исеналиева Саратов меди­ци­налық институтының педиа­трия факультетін тәмамдаған. Со­ғысқа қатысып, дала әскери мед­санбатында, госпитальдарда аса қажырлықпен еңбек еткен. Көптеген медальмен ма­ра­пат­талған. 1946 жылы Жамбыл қалалық балалар ауруханасына қызметке келді. 1947 жылы осы аурухананың бас дәрігері қыз­метіне тағайындалып, зейнет­кер­лікке дейін абыроймен еңбек етті.

Елена Александровна Пона­ма­ренко Харьков медицина инс­­титутының емдеу факуль­те­тін бітіріп, еңбек жолын Украи­нада дәрігер-терапевт бо­лып бастады. Соғыс жылдарын­да неміс басқыншылары окупа­ция­лаған аймақта болып, астыртын жұмыстарға белсене атсалысты. 1944 жылдан соғыс аяқталғанша №5979 эвакогоспитальда дәрігер болып, жарақат алған майдангерлерге дәрігерлік көмек көрсетті. 1946 жылдың аяғында күйеуі екеуі Жамбыл қаласына қызметке келді. Көп жылдар бойы облыс тұрғындарына ме­дициналық көмек көрсетіп, облыстық аурухананың терапия бөлімшесінің меңгерушісі қыз­метін абыроймен атқарды. Ерек­ше кәсіби қабілеті мен ерен еңбегі үшін «Қазақ КСР-нің ең­бек сіңірген дәрігері» атағы беріліп, бірнеше мемлекеттік медальмен марапатталды.

1942 жылы Қазақстанда 34 100 төсектік 72 әскери госпиталь болды. 1941 жылы 19 қыркүйекте Жамбыл стансасының клубында алғашқы эвагоспиталь ашылып, пойызбен жеткізілген майданда жарақаттанған әскери қыз­меткерлерді қабылдады. Кейі­нірек Жамбылдан басқа, Меркі және Шу стансаларында 360 төсектік әскери госпиталь ұйым­дастырылып, оған қоса соғыс жүріп жатқан аймақтардан бар­лығы 1500 орындық 4 әскери гос­питаль көшіріліп әкелінді. Олар темір жол клубтарында, жер­гілікті қонақүйлері мен бала­лар шипажайларына, мектеп­тер мен кеңселерге орналастырылды. Облыста жаралы жауын­герлер мен офицерлерге кө­мек көрсету жөніндегі комитет құрылып, госпитальдардағы нау­қас­тарға ерекше көңіл бөлінді. Гос­питальдарда қызмет еткен медицина қызметкерлері майданда жарақаттанған әскерлердің тез айығып, қайта сапқа тұруына көп үлес қосты. Негізінен әскери госпитальдарда бірінші және екінші топтағы мүгедектер бо­латын. Олардың біразы жара­қат­тарының асқынуынан көз жұмып, соғыс қасіретінен мәң­гі­лік тыныштықты осында та­уып, жергілікті зираттарға жер­ленді. Сондай бейіттің бірі қазір­гі Тараз қаласының батыс жа­ғын­дағы Қарасу аймағындағы ескі үлкен қорымда. Оның басына кейінірек қызыл тастан ес­керт­кіш-құлыптас қойылды. Мұндай госпитальдарда қайтыс болған жауынгерлердің ескі зираттары Меркі, Шу, Т.Рысқұлов және Жуалы аудандарында да бар. Оларға бас иіп тағзым ету бүгінгі жастардың парызы.

Облыс аймағындағы госпитальдарда жергілікті медицина орындарының қызметкерлері де еңбек етіп, ауруларды емдеуге барынша жәрдем берді. Тылда еңбек еткен дәрігерлер мен медбикелердің еңбектері еле­ніп, біразы мемлекеттік на­градаларға ие болды. Мысалы, дә­рігер И.Татаринцев «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Шукина мен Меткина «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен, 13 адам Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Ұлы Отан соғысы жылдары әскери госпитальдарда, майдан даласында болған медицина қызметкерлерінің ерен еңбектері мен батылдығы ешқашан ұмы­тыл­мау керек.

«Біз соғысты көрген жоқпыз,

Естідік,

Соғыстан соң туғандармыз,

Етек жауып, ес біліп.

Соғыс үні жетім болып,

жесір боп,

Тұратындай әлі бізге

естіліп…»

деп Ж.Әуелбайұлы жырлағандай, соғысты көзбен көрмесек те, оның қасіретін жүрекпен сезіне білу – біздің борышымыз.

Қанша жылдар өтсе де жастық шағы соғыс өртіне шалынған, майдан даласында етікпен су кешкен, суыққа тоңып, ыстыққа күйген әріптестерімізді әрдайым құрметпен еске алып, оларға тағзым етеміз. Өйткені біз оларға мәңгі қарыздармыз. Оларға арналып облыстық аурухананың мұражайында арнайы бұрыш ұйымдастырылып, тарихи материалдар жинастырылған.

Міне Жеңістің 75 жылды­ғы кеңінен аталып жатыр. Бұл Жеңіске медицина қызметкер­лері­нің қосқан үлесі аз емес. Олар­дың атқар­ған жанкешті істері мен ерліктері әрдайым жадымызда. Отан үшін от кешкен ардақты ағаларымыз бен­ аналарымыз алдында, олар­дың ерлікке тең еңбектерін жоға­ры бағалап, құрметпен бас иеміз!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

ТАРАЗ