Руханият • 30 Сәуір, 2020

Ел құрметіне бөленген ер

390 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыстан мил­лиондаған жауынгер Отан қорғауда жанын қиып, елге оралмады. Солардың бірі – менің әкем Әшу Төлепұлы Ақышев.

Ел құрметіне бөленген ер

Әкем 1942 жылғы 22 сәуірде әскерге шақы­рылып, төрт күннен кейін, ұлды болғанын Кайсатцкое стансасынан эшелонмен өтіп бара жатқанда, пойызбен қатарлас шауып сүйінші сұраған шабарманнан естіп кетіпті...

Әкем соңғы хатында Сталинград үшін шайқаста жарақат алып, Бакуде госпи­тальда жатқанын, емделіп шыққан соң тағы майданға аттанатынын жазған. Әкем қо­лы шебер темір ұстасы болған. Соғыс­тың алдында Орал қаласындағы колхоз басқармаларының курсын бітірген. Міне­зі байсалды, әділ, айналасына сыйлы, қарапайым, бауырмал адам еді деген әңгімені көзкөргендерден естіп өстім. Әкем туралы «Боздақтар» энциклопедиясында, интер­нетте кездескен мағлұматтар бар, бірақ аз. Зиратын іздеп таба алмадық. Тек Орал қа­ла­сында, Жайықтың жағасындағы Жеңіс алаңында, гранит тақтайшада аты-жөні жазылғанына қуанып, жыл сайын немере-шөберелерінің гүл шоқтарын қойғандарына риза боламыз.

Анамыз Жұмабике өте еңбекқор, колхоз жұмысында белсенді болған. Соғыс кезінде өзінің қайраттылығымен, Қамысты ауылынан 3-4 шақырым жерде, Батыраш терегінің қасында шалашта тұрып бір отар қойды са­уып, ірімшік жасап, майданға жіберіп тұрған.

Менің жалғыз ағам Қозет Ақышев 1942 жылдың қазан айында, бірге оқитын, көбі 17-ден сәл асқан, бір топ жолдасымен бірге сұранып майданға аттанады. Ағам Уфа маңындағы Алкина-2 әскери қалашығында кіші командирлер дайындайтын училищеде жедел даярлықтан өтіп, сержант шенімен ұрысқа кірген. Өзі жете меңгерген қаруы «Максим» пулеметінде алдымен көздеуші, сосын пулемет бөлімшесінің командирі болады. Жас жауынгер алғашқы ұрысын Киев қаласы түбінде бастап, Украинаның Гомель, Житомир, Львов қалаларын азат етуге қатысады. Бұдан әрі Қозет ағам қызмет ететін 26-механикаландырылған танк бригадасы 7-ші танк корпусының құрамында Польшаның Краков, Лодзь қалаларын жаудан босатады. Осы қалалардың бірінің маңында болған ұрыста, түнгі мезгілді пай­даланып, қоршаудан қашып шығуға  әрекеттенген  немістерге қарсы пулеметпен ажал оғын сепкен ағам көзсіз ерлік көрсетеді. Осы шайқаста ағам 35 жау солдатын жеке-дара жайратып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Бұдан әрі неміс жеріне дендей енген Кеңес әскерлері Дрезден қаласын қоршауға ала­ды. Соғыс аяқталуға таяғанда, 1945 жыл­дың 31 наурызы күні, Берлинге 49 шақырым қалғанда, бөлімше командирі Қозет ағам алапат соғыста ауыр жаралы болып, саптан шығады. Осы жылдың 24 шілдесі күні сол Баку қаласындағы эвакуациялық госпитальда емделіп, үшінші дәрежелі мүгедек ретінде елге оралды. Соғыстан келген соң ағам қиындық көріп жүрген анамызға кө­мек­тесіп, еңбекке бірден араласып, арасында А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика институтының физика-математика факультетін бітіріп, көп жыл ұстаздық қыз­метінің арқасында абыройға бөленді.

Соғыстан кейін Қозет ағам Қамарияға үйленді. Әрине мен үшін ағамның орны бөлек бол­ды. Ағам менен мейірімін аямады. Отбасы­мыздағы сыйластық соғыстан кейінгі жоқ­шы­лықты байқатпады.

Қозет ағам 1953 жылы өткен Қазақ КСР мұғалімдерінің бірінші съезінің делегаты, «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісінің иегері болды.

Қозет аға ұлдарынан, асыраушысынан айырылған отбасылардың, қариялар мен жетім балалардың мұқтаж-қажеттеріне жана­шырлық білдіріп, қолынан келгенше жұмысынан бос уақытында оларға қамқор болуға тырысты. Сол еріктілік, қазіргі тілмен волонтерлік ұстанымы өмірінің соңына дейін сақталды. Үлкен жүректі абзал жан Қозет аға сол кезден бастап көппен өмірінің соңына дейін бірге болып, ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы міндетін атқарды, ақылшы болды, көптеген тиімді жобаның көшбасшысы болып замандастарына көмегін көрсетті. Ел ағасы атанды.

Қозет ағаның соғыста болған үш жылынан басқа уақыты өзі туып-өскен Жәнібек ауда­нында өтіп, 40 жылдық еңбегі жас ұрпаққа терең білім мен саналы тәрбие беруге арналды. Оның 30 жылдан астамын кезінде өзі оқыған Қамысты ауылындағы мектепте жемісті өткізіп, ауыл-аудан жұртшылығының зор құрметіне бөленді. Ағам «Ерлігі үшін» медалінен басқа, I, II дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін» және Жеңіске 20, 30, 40, 50 жыл медальдарымен марапатталған.

 

Асқар АҚЫШЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері

 

ОРАЛ