Таным • 30 Сәуір, 2020

Қасиетті шүйлімнің құдіреті

486 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Белгілі қоғам қайраткері, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов әлеуметтік желідегі парақшасында Атырау облысының Құрманғазы ауданында өсетін өсімдіктер жөнінде хабардар етіп, өткен тарихымызды таразылауға, ішкі туризмді дамытуға жол ашып келеді. Ел есінде ұмыт қалған осынау өсімдіктердің шығу тарихына шолу жасап көрейін.

Қасиетті шүйлімнің құдіреті

Әлшоңқай, құмаршық, шүй­лім...

Үш тұғыр іспетті осы атал­ған өсімдіктер елді сонау ашар­шылық кезеңінде аман алып қалғанын бірі білсе, бірі білмейді. Атыраулық өлке­танушы Базар Әмірұлы 2019 жылы жарық көрген «Тарихи тұлғалар жаңғырығы» ең­бегінде: «Бала күнімізде бізге азық болған әлшоңқай еді», деп жазады. Қасиетті құмаршық ту­ралы талай мақала жазылып, нәтижесінде Атырауға ес­керт­кіш боп оралды. Ал менің бү­гінгі тақырыбыма тұздық бол­ған өсімдіктің атауы – шүй­лім.

Белгілі ғалым Байынқол Қалиев «Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары» атты еңбегінде: «Әр өсім­дік атауының шығу тарихы бар. Құдды жылнама тәрізді болады», деген пікір келтіреді. Иә, соғыс жылдарында су айдынында өсетін шүй­лім – Атырау облысы, Құр­­ман­ғазы ауданын мекендеген (бұрынғы Теңіз ауданы) қа­уым­ның өмірін сақтап қал­ған. Ресми атауы су жаңғағы деп­ аталады. Шүйлімнің не­гіз­­гі отаны Еуразияның оң­түс­­­ті­гі, Африканың аумағы де­се­­ді. Қытай мемлекеті шүй­лім­ді халық медицинасына қол­­данса, Жапония,Үндістан мем­­лекеттері тағам ретінде пай­да­ла­нады. Шүйлім ел аузын­да «шай­тан шылым», «су шылым», «жүз­гіш торсылдақ», деп те ата­лады.

1885 жылы неміс ғалымы Отто Вильгельм Томенің «Флора фон Дойчланд» атты еңбегінде шүйлімнің ботаникалық иллюс­трациясын келтіреді. Белгілі ботаник Васильевтің XX ға­сырдың 50-60-жылдардағы тұжырымдамасы бойынша шүйлімнің 30 түрі (теңіз жаң­ғағы деген атауы бар) кез­де­сетінін айтады.

Үлкен анам Райса Әбіл­хайыр­қызы – Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Жамбыл ауылының тумасы. Ол өз ес­телігінде: «Бала күнімізде ауы­лымызда сыныптасымыздың әкесі Салық ақсақал бәрімізге шүйлімді үлестіріп беретін-ді. Жаңғаққа ұқсайды. Жаңғақты шағып, қорек қылушы едік», деп айтқан еді.

«Egemen Qazaqstan» газе­тінің 2006 жылғы 15 қараша күнгі санында жарық көрген «Кең арна немесе «Қазақ ті­лі­нің аймақтық сөздігін» оқы­ғаннан кейінгі ой» атты ма­қалада шүйлім туралы атап өте­ді. Қарағандылық журналист Масғұт Халиолланың «Ма­ғынасы ұмытылып бара жат­қан кейбір сөздер» атты ма­қа­ласында шүйлім «теңіз жаң­ғағы» ретінде аталады.

Жайық өзенінде жойылуға жақын өсімдіктің 24 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Қиғаштағы су айдынында өсетін шүйлімнің түп-тамыры сонау мұз дәуірінен басталғанын қосымша деректер дәлелдейді. Шүйлім жөнінде атыраулық қауым «Қазақстан – Атырау» телеарнасының Құр­манғазы ауданы бойынша меншікті тілшісі Ақмоншақ Төре­ханқызының 2020 жылғы 27 қаңтардағы арнайы репортажынан нақтырақ біле түсті.

Зұлмат жылдарда елді ашар­шылықтан аман алып қалған тіршіліктің тартуы – қасиетті шүйлімнің құдіретіне бас иеміз!

 

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,

Журналистер одағының мүшесі

 

АТЫРАУ