Саясат • 30 Сәуір, 2020

Жүрегімізге сенім ұялатты

162 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына жасаған мәлім­де­ме­сінде төтенше жағдай режімін 11 мамырға дейін ұзартуға шешім қабыл­данғанын жариялады, себебі елімізде COVID-19 індетінің қаупі әлі сейіліп біткен жоқ. Біз осы жағдайға байланысты Президенттің шешімін қолдаймыз. Бұл алдыңғы дер кезінде қабылдаған шараларды толық­тыратынын атап кеткім келеді.

Жүрегімізге сенім ұялатты

COVID-19 індеті әлемнің шартарабына таралуы салдарынан адамзат өміріне төтеннен қауіп төніп, жер-жаһанда осы індеттен жүз мыңдаған адам ажал құшып жатқан кезде барлық жерде қауіпсіздік шартын қатаң сақтаған абзал. Бүгінде елімізде індетпен күрес шараларының барлығы Президент Қ.Тоқаевтың тікелей басшылығымен іске асуда және толық қадағалауда. Мемлекет басшысының Жарлығымен 16 наурыздан бастап елімізде Төтенше жағдай жарияланғаны белгілі.

Елімізде қатаң карантин шаралары енгізілген соң мекемелер мен кәсіпорындардың көпшілігі қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшті, жоғары оқу орындары, колледждер, жалпы білім беретін мектептер қашықтан білім беруді жүзеге асыруда. Мемлекет тарапынан адамдардың денсаулығын сақтау, вирус жұқтырғандарды емдеу және адамдарды одан сақтандыру, алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде.

Президент сөзі бүкіл халқымызды қанаттандыра түсті. Шынында да біз арқасүйер мемлекеті, жол көрсетер дана басшысы, қамқор Президенті бар тәуелсіз ел екенімізге қуанамыз. Өйткені қазіргідей өте күрделі кезеңде мемлекетіміздің Қазақстан халқына жасап отырған қамқорлығы ұшан-теңіз.

Президент атап көрсеткендей, бүгінге дейін еліміз бойынша 4 млн 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетілді. 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылды. Жалпы, 1,1 млн-нан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сәуір-мамыр айларында 1,6 млн-нан астам адамға коммуналдық төлем үшін көмек көрсетіледі. Азық-түліктің жеткілікті болуына және оның сапасына қатысты ұдайы мониторинг жүргізілуде. Індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерге қаржылай қолдау көрсетілуде. 1,6 млн-нан астам адам, 11,5 мың шағын және орта бизнес өкілдері несиелерін кейін төлеуге мүмкіндік алды. Бұл, жалпы алғанда, 360 млрд-тан астам теңгені қамтиды. Бүгінде шағын және орта бизнес күрделі жағдайға тап болып отырғандықтан, қазір 700 мыңнан астам компания мен жеке кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалуда. Ауыл шаруашылығын қолдау, көктемгі егіс науқанын уақтылы атқару үшін, сондай-ақ шаруалардың болашақ өнімдерін сатып алу үшін 200 млрд теңге бөлінді.

Вирус жұқтырған дәрігерлер мен тәртіп сақшыларына көрсетілер қамқорлық та ауқымды. Мұның өзі мемлекетіміздің өз адамдарына деген жанашырлығымен қамқорлығының жарқын көрінісі. Сондықтан хал­қы­мыз Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев пен Президентіміз Қ.К.Тоқаевқа шын жүректен алғыс айтуда.

Мемлекет басшысының қайта-қай­та бұқаралық ақпарат құралдарында, өз үндеулері мен мәлімдемелерінде халықты вирустан сақтануға, отбасын, бала-шағасын індеттен қорғауға дамылсыз шақыруы оның зор адам­гершілігі мен ел ағасы ретіндегі кісі­лік келбетінің айқын көрінісі екені шү­бәсіз.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжы­мы да елімізде жарияланған төтенше жағдай мен карантиндік талаптарға сәйкес оқу үдерісін қашықтан оқыту жүйесінде жүзеге асыруда. Барлық білім алушылар университеттің ақпараттық Univer, Moodle жүйелері арқылы қажетті оқу контентін алып, тапсырмаларды дер кезінде орындауға мүмкіндік алды. Алдымызда көктемгі емтихан сессиясын ұйымдастыру мәселесі тұр. Бұл жерде де университет толық дайындықта отыр. Университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен көктемгі сессия өз мерзімінде қашықтан онлайн-тест және шығармашылық пәндер бойынша емтихандар бейнеконференция форматында өткізіліп, академиялық адалдықты бақылау үшін прокторинг жүйесі пайдаланатын болды. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы мен уни­вер­ситеттің көптеген студенттің өтініш­теріне сәйкес ағымдағы бағалар негізінде емтихан бағасын қою туралы шешім қабылданды.

Сонымен бірге студенттердің өтініштеріне сәйкес, оқу ақысын төлеу мерзімі мамыр айының соңына дейін ұзартылды және кейбір студенттерге қосымша жеңілдік берілетін болды.

Осы кезеңде, Мемлекет басшы­сы­ның білім берудегі және әлеуметтік мәсе­лелер бойынша тапсырмаларын Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университетінің ұжымы толық орындап жатыр деп айтамыз.

Басталуы бар әр нәрсенің аяқ­талуы да болатыны сөзсіз. Әлемді дүр­ліктірген індет дүрбелеңінің де бір күндері тоқтайтыны анық. Сол кезде бүкіл халқымыз адам өмірі үшін болған осынау зор майданда ерлерше қай­рат көрсеткен Президентіміз бен аза­мат­тарымыздың ерен еңбегін мақта­нышпен айтатын болады.

 

Такир БАЛЫҚБАЕВ,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор