Экономика • 30 Сәуір, 2020

Агросектордың әлеуетін күшейтеді

268 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етудің бірден-бір бағыты – шаруа қожа­лық­тарының жұмысын өрістету, агротауар өндірісін дамыту екені белгілі. Бұл қазіргі күрделі кезеңнен сүрінбей өтудің басты міндеттерінің бірі деуге болады. Сондықтан саладағы бизнес өкілдерінің алаңсыз жұмыс істеуі Үкімет назарында болуға тиіс.

Агросектордың әлеуетін күшейтеді

Ауыл шаруашылығының өркендеуі, дамуы қаржыландыру мәселесімен тікелей байланысты. Өкінішке қарай, елдегі жағдай қазіргіден жақсы кезде аграрлық секторды инвестициялауға он­ша көңіл бөлмеген екінші деңгейлі банктер дағ­да­рыс кезінде тіпті құлықсыздық танытуы мүмкін. Ин­весторлар да ауылға көп жолай бермейтіні ақи­қат. Сондықтан аграрлық саланың негізгі қар­жы­лан­дырушы тірегі мемлекет болып отыр. Мем­лекет шаруаның үдесінен шығатынын көр­сетуде.

Ел Президенті көктемгі егіс науқаны дұрыс ұйымдастырылып, жұмысқа ешқандай кедергі болмауы керектігін ескертті. Шаруалар үшін бюд­жеттен 200 млрд теңге бөлуді тапсырды. Оның жартысына жуығы тұқым өндірісін дамы­туға, тыңайтқыш сатып алуға жұмсалмақ.

Үкімет тарапынан фермерлерге жеңілдетілген несие беру жолдары да қарастырылған. Бұрын­ғыдай қаптаған құжаттан жинап, оны несие беру­шілерге тасып әуре болмайсыз. Үйде отырып-ақ  электронды түрде барлық жұмысты реттеу­ге жағдай жасалды. Биыл тұқым алу мәселесі фермерлердің біразын алаңдатқан еді. Тұқымды бірден сатып алуға шағын кәсіпкерлердің шамасы жете бермейді. Енді, міне, төлемді толық жасамай, бөліп беруге мүмкіндік туды. Оған қоса уақытша салықтан босату туралы шешім қабылданды. Осы сияқты жеңілдіктердің нәтижесінде шағын кәсіпкерлердің жұмысы өнімді болатынына сенімдімін.

Қазір техникалық жабдықтарға мұқтаж шаруалар бұрынғыдан азайды. Мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің қолжетімділігін әлі түсінбей жүргендер болмаса, көпшілігі мәсе­лесін шешіп алды. Ауыл шаруашылығын дамыту қомақты қорды қажет етеді десек, Үкімет тарапынан бөлінген қаражат бұл саланы толықтай аяқтан тұрып кетуіне сеп болары сөзсіз.

Көрші елдер азық-түлік тапшылығына тап болмау үшін аграрлық секторға жасалатын қолдауды күшейтіп, өндіріс көлемін арттыру, ішкі азық-түлік нарығын тұрақтандыру сияқты мәселелерге ерекше мән беріп отыр. Қазақстанда қолға алынған шаралар елдің азық-түлігін қауіпсіздігін бекемдеп қана қоймай, көрші елдердің тауар экспансиясына да тойтарыс беруге көмектеседі деп санаймын.

 

Ермек ӨНЕРБАЕВ,

«Әлмес» шаруа қожалығының басшысы

 

Алматы облысы