Жолдаудың ғылымға қатысты бөлігі, атап айтқанда Астанадан ашылатын жаңа халықаралық университет жанынан 3 ғылыми орталық, сонымен қатар ғылымға арналған қор, интеллектуалды мектептер ашу мәселесі жас ғалымдарды жігерлендірді. Аталған зертханаларда жастар ХХІ ғасырдың жаңа он жылдығында теңдессіз ғылыми-инновациялық ашылулар жасайтындығына сенім мол. Қазіргі таңда мемлекеттік білім жүйесі еуропалық стандарт негізінде үш сатылы білім беру үрдісіне жемісті қадам басып, бакалавр – магистратура – Ph.D докторантура арқылы ізденімпаз жас ғалымдар әлемнің ең үздік жоғары оқу орындары мен халықаралық зерттеу орталықтарында ғылыммен айналысуға мүмкіндік алды. Осындай Ph.D докторантурасының орталығы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық дәрежедегі үздік университеттер қатарынан саналатын Ұлыбританиядағы Миддлсек университеті, Дандидің шотландық университеті, Ұлыбританиядағы Ньюкастл информатика зертханасы, Германиядағы Брауншвайг жылу техникасы мен жану заттары институты, Гейдельберг университеті, Шығыс Еуропа құқық институты, Испаниядағы Валенсия политехникалық университеті, Франциядағы газ және плазма физикасы зертханасы, Түркияның Ходжаттеп университеті, АҚШ-тың Гальвестон қаласында орналасқан Техас университеті, Питтсбург университеті, Вашингтон қаласындағы Америка университеті, Нью-Иорк қаласындағы Колумбия университеттерімен, т.б. ғылыми-инновациялық лабораториялармен әлемдік халықаралық ғылыми байланыстар орнатса, соның нәтижесінде халықаралық деңгейде докторлық қорғаған жаңа заман ғалымдары қатарында мен де бармын 2008-2009 оқу жылында Ph.D докторлық бағдарламасымен Түркияның Мимар Синан атындағы көркемөнер және мәдениет университетінің докторанты атандым. Іс-сапарға аттанар алдында ғалым Б.Көмековке жолығып, жаңалығыммен бөліскен сәтімде, ол кісі өзінің кеңестік кезеңде Ыстамбұлдағы кітапханаға баруға бірнеше мәрте сұранғандығын, алайда орталық өтінішті қабыл алмағанын өкінішпен айтты. Бүгінгі ғылымға бет бұрған жастарға ондай тосқауыл жоқ. Жол ашық. Мемлекет Ph.D докторлық бағдарламаға қомақты қаражат бөліп отыр. Шет елге шығу, кітапханаға бару, интернетті қолдану, кітап сатып алу қаражатына дейін Үкімет көтереді. Бұл Елбасымыздың ғылымға салып жатқан зор инвестициясы. Биылғы Жолдаудағы ғылым мәселелері менің ертеңгі күнгі сенімімді асқақтатты. Елбасының білім саласындағы салиқалы реформаларының арқасында Тәуелсіз еліміз халықаралық білім интеграциясына аяқ басып, нәтижесінде сан мыңдаған дарынды жастар ғылым мен білімде таным көкжиегін кеңейтуде.
Өткен онжылдыққа көз тігіп, баға берер болсақ, еліміздің дамуы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының есімімен тығыз байланысты екені анық. Иә, Елбасының маңызды шешімдері, орнықты реформалары, кемелді жобалары көне түркілердің ата жұрты – Қазақстанды әлемнің төрткүл дүниесіне танытып келеді. Олай болса, жаңа Жолдау табысты, ал жаңа онжылдыққа аттаған Қазақстанның қадамы мықты болары сөзсіз.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия және саясаттану факультетінің Ph.D докторанты.