Экономика • 01 Мамыр, 2020

Азық-түлік қауіпсіздігі: тоқмейілсуге негіз жоқ

733 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазір Қазақстан бүкіл әлем елдері сияқты коронавирус пандемиясымен қатар, экономикалық дағдарыс жағдайында тұр. Бұл ауыртпалықтың синергиялық факторы бар. Яғни әр проблема қатар келгенде бір-бірін үдетіп тұрады.

Азық-түлік қауіпсіздігі: тоқмейілсуге негіз жоқ

Елімізде қолға алынған шара­ларға көп қаражат жұмсалып жатыр. Әсіресе әлеуметтік қорғау мен бизнесті қолдау мемлекеттік бюджетке үлкен салмақ салуда. Ал мұнай бағасының түсуі мен теңгенің құнсыздануы, өндірістің тоқтауы бюджетке түсімді азайтуда. Осылайша індетпен күрестің қиындығын көріп жатырмыз. Алғашқыда халық жарыса азық-түлік сатып алып, бағасының көтерілуіне, тапшылықтың туын­дауына түрткі болғаны да рас. Бұл жердегі ең қорқыныштысы – басқа елдердің азық-түлік тауар­ларын сыртқа шығаруға шек­теу қоюына, көктемгі егіс жұмыс­тары өз деңгейінде жүргізіл­меуі­не байланысты күзге қарай ауыл­шаруашылық ресурсының аза­йып, бағаның шарықтап кетуі, азық-түлік дағдарысының туындау қаупі. Бұл әрине алдын ала қауіптену, сақтану ғана.

Қазақстанда физиологиялық нормаларға сәйкес, нан өнімдері нормасы – 109 кг, ет – 78,4 кг, сүт – 301 кг, жұмыртқа – 265 дана, балық – 14 кг, картоп – 100 кг, көкөніс және бақша өнімдері – 149 кг, жеміс-жидек – 132 кг, өсім­дік майы – 12, қант нормасы 33 кг болып бекітілген. Ста­тис­тика комитетінің 2018 жыл­ғы деректеріне сәйкес халық нан (+31 кг) мен қантты (+12,8 кг) нор­мадан көп пайдаланған, бұл – ке­дейшіліктің белгісі. Басқа көр­сеткіштер физиологиялық нормадан төмен. Статистикалық деректердің өзінде ауытқу болатынын ескерсек, республика бо­йынша азық-түлік қауіпсіздігінің орындалмай жатқанын көруге болады.

Бір мысалды талдайық. Жа­қын­да әлеуметтік желіні шу­лат­қан қырыққабат проблемасынан көпшілік хабардар. Фи­зио­логиялық норма бойынша әр адам жылына орта есеппен 24 кг қырыққабат пайдалануға тиіс. Оны 18 млн 632169 адамға көбейтсек, 447 мың 172 тонна болады. Республикада бұл дақылдың егіс көлемі – 11756 га. Орта есеппен гектарынан 30 тон­надан өнім алынғанда, ол 352 мың 680 тоннаны құрайды екен, яғни қырыққабатың өзімізге әлі де 94,5 мың тоннасы жетпісейді. Осындай жағдайда Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің Ресейге сату үшін 50 мың тоннаға квота бергені түсініксіз. Яғни қолдан тапшылық тудыру деген сөз.

Осындай қадамдардың салдарынан өткен жылы қырыққабат Қарағанды облысында 70,7%-ға, республика бойынша 34%-ға қым­баттап кеткен болатын. Сон­дықтан шетелге өнім сатып, қалталарын толтыруды ойлаған­дардың өзімізді азық-түлікпен толық қамтамасыз етіп отырмыз деуі шындыққа жанаспайды. Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің желіні шулат­қан­дардың жетегінде кете беруіне болмайды.

Аграрлық саладағы мұндай жағдай ауыл шаруашылы­ғының жетістіктері тек макроэко­номи­калық көрсеткіштер, еңбек өнім­ділігі арқылы баяндалуында, Үкіметтің беріп жатқан қаржылай көмегін насихаттау, мысқалдап болса да мал басының өсімін, егіс көлемін көрсетуінде болды. Сондықтан статистикалық көрсеткіштерді әсірелеп қойып, бұрынғыша жұмыс істей беру министрлер мен әкімдерге тиімді еді. Халықтың ішкі өндірістен қан­ша тағам пайдаланып жат­қанын ешкім есептеген жоқ, аграрлық саясаттағы басымдық өнімді экспортқа шығару болды.

Соңғы жылдары бұл саланы Қазақстан экономикасының локомотиві ретінде дамыту туралы аз айтылған жоқ, талай бағ­дарлама жасалып, қыруар қаржы жұмсалды. Бірақ өзгеріс шамалы. Көп жылдар бойы азық-түлік қауіпсіздігінің қамтамасыз етілмеуі отандық тауарлар импорт көлемінің көлеңкесінде болып, ол дүкен сөрелерінен онша байқалмады. Бұл саясат қазіргі жағдайда жақсылыққа апармайтыны сөзсіз. Бүгінгі таңда Қазақстанда індетпен күресу жұмыстарымен қатар, ел экономикасына терең реформа қажет, бірақ оған уақыт тар. Осындай жағдайда, қатар келген қос қиындықтан құтқаратын бір ғана жол бар, ол – аграрлық саланы реформалау. Менің ойымша, жаңа аграрлық саясат жариялап, ауыл экономикасын дамытуды шындап қолға алу қажет. Жаңа аграрлық саясаттың ерекшелігі – оның қосымша қаражат талап етпеуі, тек бөлінген ресурстарды тиімді пайдалану керек. Ауыл шаруашылығы өнімдерін пайдалану ішкі нарыққа бағытталады, басты міндет – әрбір азаматты жылына орта есеппен алған­да тағамның 10 түрімен физио­ло­гиялық нормаға сәйкес қам­тамасыз ету.

Екіншіден, мемлекет экономиканы реттеу функциясын тиімді пайдалану, жергілікті жердегі атқарушы органдардың әкімшілік ресурсын іске қосу, талапты басқаша қою қажет.

Үшіншіден, аграрлық саланы реформалау жұмысына Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге басқа да министрліктер мен ведомстволардың қатысқаны, жұмыстың кешенді және жүйелі түрде жүргізілгені жөн.

Жоғарыдағы аталған мәсе­лелерді орындау үшін «Жол картасы» ретінде бірнеше қадам жасау керек деп ойлаймын. Мәселен, барлық аудандар мен облыстарда «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен тұтыну балансын» жасауды шұғыл қолға алу қажет. Баланс негізінде Экономика министрінің 2016 жылдың 9 желтоқсанындағы №503 «Ғылыми негізде жасалған тағам өнімдерін пайдаланудың физиологиялық нормалары туралы» бұйрығына сәйкес 64 та­ғамның 10 топтамасы бойынша жергілікті жерде өндірілетін және экспортталатын азық-түлік­тің көлемі анықталуға тиіс.

Қазақстан аумағында ор­налас­қан барлық ауыл шаруа­шылығы тауарлары мен шикізат өндірушілер, алдымен өздері орналасқан аудан мен облыс қажеттілігіне жұмыс істейді, екінші кезекте облысаралық азық-түлікпен алмасу процесіне қатысады, тек сонан кейін ғана артық өнімді экспортқа шы­ғаруға мүмкіндіктері болады. Сондықтан туындайтын бірінші талап, әр ауылдық округ, аудан мен облыстың өзін өзі фи­зиологиялық нормаға сәйкес халықты азық-түліктің 64 түрі­мен қамтамасыз етуі. Артық өніммен облысаралық деңгейде бір-бірінің қажетін өтеуге болады. Ел ішінде пайдаланудан артық өндірілген немесе сыртқы саудаға арнайы егілген өнім ғана қазақстандық бренд ретінде экспортқа шығарылады (ұн, қазы-қарта, қымыз, құрт-ірімшік тағы басқа). Экспортқа негізінен терең өңделген өнімдер бағытталады, ал шикізат түріндегі өнімдерге (бидай, күріш т.б. дәнді дақылдар мен көкөніс, ірі қара, қой-ешкілер) кеден салығы көтеріледі және оларға қайтарымсыз қаржы берілмейді.

Жаңа аграрлық саясаттың бас­ты бағыты – ішкі сұранысқа сәйкес ауылшаруашылық өнім­дерін өндіруді әртарап­тан­­ды­ру. Бұл орайда, бұрынғы ұмыт қал­ған егін сұрыптарын аудандас­тыру, тиімді әдіспен мал өсіру, тағы басқа жұмыстар қолға алын­са артық болмас еді. Ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өнді­ру жұ­мыс­тарын қаржылан­­дыру азық-түлік қауіпсіздігін сақ­тау үшін тек қажетті өнімдерге мемлекеттік тапсырыс ретінде беріледі.

Мемлекеттік субсидия беруге жаңаша көзқарас керек, әсіресе дәнді дақылдарды қар­жы­ландыруды азайтқан жөн. Суб­сидия әскерді тамақ­тан­дыруға, мемлекеттің азық қоры­на, мектептегі тамақ­тан­дыру, қарттар үйі және басқа әлеуметтік нысандарға қажетті азық өндіруге ғана берілгені жөн. Сонымен қатар шаруа қожалықтарының тауарларын дүкен сөрелеріне дейін әкелетін қызметтерге эксперимент ретінде қаржы бөлуді қарастыруға болады. Сонда ғана ортадағы делдалдар мен алып­сатарлардың жолын кесуге мүмкіндік туады. Басқа жағ­дайда өндірушілерді қар­жы­лық қолдаулар тек қай­та­рым­­дық принципімен жүргі­зі­леді. Мысалы, форвардтық келі­­сім­дер, екінші деңгейдегі банк пен мик­ро­кредиттік мекеме­лер­дің не­сиелері, техника алуға лизи­нг, ислам банкингі жүйесін пай­да­лану, биржаларды дамытып фъю­черлік келісімшарттар жасау, егін егу мен жинау кезінде, жем-шөп дайын­дау, агротехникалық шара­лар өткізуге мемлекеттік тап­сырыс орындаушыларына ар­зан­датылған жанар-жағармай беру.

 «Қазагро ҰБХ» АҚ мен оның салалық мекемелері мемлекет қаржысын үйлестірумен айналысатыны белгілі. Сондықтан олар қаржыны ірі жобаларға салып, оның көпшілігі тиімсіз болып жатқаны белгілі. Өйткені Үкіметтің бұған дейінгі талабы – халық пайдаланатын өнім шығарудан бұрын, бюджет ақшасын толық жұмсау болды, сондықтан бұл делдал құ­ры­­лымның басты жұмысы қа­ра­жатты игеру еді. «Қазагро» холдингінің қызметін реформалау туралы тапсырмалар орын­­далмады. Сондықтан әсіре ор­та­лықтандырылған монопо­лия­лық сала жүргізген реттеу жұмыстарын жергілікті ат­қару­шы органдарға беру керек деп санаймын. «Қазагро» мен оның еншілес компанияларының жар­тысын қысқартып, оған тән емес қыз­метін облыстардағы әлеу­­­­­мет­тік-кәсіпкерлік кор­по­ра­­­ция­лар мен өзін өзі қар­жы­­лан­дыратын әртүрлі комму­налдық кәсіпорындарға берген дұрыс.

Мал шаруашылығын дамытуда алыс елдерден өте қымбатқа түсетін тірі мал сатып әкелудің орнына асыл тұқымды мал өсіруді қолға алып, тауарлы фермадағы мал басын қолмен ұрықтандыру арқылы көбейту қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал басын шетелге сатуға ты­йым салуын қолдай отырып, оның тиімді өсу жолы – жайылымдық ет өндіруге бетбұрыс жасайтын уақыт келді.

Тағы бір айта кетерлік мә­селе, әр ауданда шаруашылық негіз­дегі коммуналдық мекемелер құруды қарастыру қажет. Мысалы «Талғарагросервис», «Қарасайагросервис» сынды мекемелер құрылса, олардың бас­ты қызметі тауар өндірушілерге сервистік қызмет көрсету болады, яғни маркетинг, техникалық, ветеринарлық, өсімдік қорғау, қолмен ұрықтандыру, логис­тикалық қызмет көрсетеді.

Еліміздегі үш мегаполис пен басқа қалаларда бау-бақша серік­тестіктері бар, сондықтан үлкен елді мекендерде үй шаруа­шы­лығы мен бау-бақшаны дамыту да ерекше маңызға ие. Бұл орай­да, бірінші кезекте карантин жағ­дайында тұқым мен құрал-жаб­дықтар дүкендері, көшет сататын базарлар жұмыс істеулері тиіс.

Бүгінгі таңда ауыл жастарын мал шаруашылығына тарту қиын­дап кетті. Сондықтан жайы­лым­дық мал шаруашылығы мен мал бордақылау кешендеріне жас­тарды қамту үшін бригадалық формалар мен вахталық қызмет түрлерін енгізсе, артық болмас еді.

Еліміздегі ірі жер иеленуші­лердің көпшілігі жерді дұрыс пайдаланбайтыны да өзекті мәсе­ле. Сол себепті ауылшаруашылық мақ­саттағы жерлерге мониторинг жүргізіп, бос жатқан жер­лерді қайтадан айналымға енгізу қажет.

Қазақстан халқының жартысына жуығын ауыл тұрғындары құрайды, олар шығаратын азық-түлік өнімдерін бүкіл ел пайдаланады. Сол себепті ауыл экономикасын өркендетуді тек Ауыл шаруашылығы министрлігіне артып қою қателік деп санаймын. Оған көптеген министрліктер мен ведомстволар араласуы керек.

Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі проблемасымен жиырма жыл көлемінде айналысып келемін. Менің тарапымнан айтылып отырған ұсыныс бір күннің ішінде бәрін өзгертіп, жаңаша жұмыс істеу деген сөз емес. Бұрынғыдай егін егіледі, мал бағылады, бірақ талап пен өлшем өзгереді. Бекітілген тағам себетіндегі төменгі норма қала береді, ол әлеуметтік қолдау есептерінде пайдаланылады. Ал физиологиялық норма ауыл шаруашылығы өндірісін ұл­ғай­туға, тағам өнімдерін көбей­туге бастайтын жол болар еді. Жергілікті жерлер өздеріне тиімді өнім шығарса, мол өнім алу үшін ізденсе, жаңа техноло­гиялар­ды пайдаланса олар­дың жұ­мысы нәтижелі болары сөзсіз. Мем­лекет тек реттеу жұмыс­тары­мен және ғылыми, сервис­тік көмек көрсетумен, қайта­рым­ды қаржы бөлумен айналы­сады. Бұрын­ғыдай ауыл шаруашы­лығы­ның әр саласын кезекпен өркендету саясаты болмайды, барлық сала, барлық өңір жұмысқа бірдей тартылады, жұмыс орны көбейіп, халықтың әл-ауқаты көтеріледі.

Бүгінгі таңда елімізді екі бір­дей әлемдік дағдарыстың сал­қыны шарпып отыр. Ал үшінші дағдарыс – азық-түлік дағ­дарысына жол беруге болмайды. Оның алдын алатын басты құрал – мемлекеттік тиімді саясат, ауыл экономикасын реттейтін құрал. 

 

Атамұрат ШӘМЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы