Аймақтар • 01 Мамыр, 2020

Сарыарқадағы Саржалын сағынады екен!..

1189 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Семейден шығып, солтүстікке – сайын Сарыарқаға бет алғаныңызда жолай кезігетін Қарасудан кейінгі екінші бір іргелі ауыл Саржал деп аталады. Бұл өңір – кешегі Алашорда Үкіметі төрағасының орынбасары болған Халел Ғаббасов, тағы бір Алаш арысы Ахметжан Қозыбағаров, сол заманда Семейде шыға бастаған «Қазақ тілі» газетінің редакторы, ал одан кейінгі жерде «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газеті редакторының орынбасары болып қызмет атқарған Шәймерден Тоқжігітовтің және тағы басқа көптеген қасқалар мен жайсаңдардың кіші отаны.

Сарыарқадағы Саржалын сағынады екен!..

Өкінішке қарай сол қа­сиет­ті Саржал ауылының бір басына жетерлік қасіреті де баршылық. Өйткені, ХХ ғасырдың диктаторы атанған Сталиннің өкімі­мен Семей атом полигоны жайғасқан Дегелең тауы мен біздің ауылдың ара қашық­тығы небәрі жиырма бес шақырымдай ғана. Ал қазір де Саржалдың даңқы қы­­мызды ауыл ретінде мұ­қы­м республика көлеміне әй­гі­лі десек, артық айтқандық емес.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда жүз елуден астам саржалдық қан май­данға аттанып кете барады. Сөйтіп адам күші жетіс­пей елдегі кәрі-жас қинала бастағанда, құдай оңдап дегендей, бұлар­дың көктен іздегендері жерден табылады. Бірақ жер­гілікті халық өздеріне келіп қосылатын тың күштің Қазақ еліне бір қиырдағы Еділ бойы мен Қап тауынан жер аударылған не­міс­тер екендігін естіп, біл­ген­де қатты абыржып қала­ды. Кейі­ннен белгілі бол­ғандай, Қазақ­станға сол шақта жарты мил­лионға жуық неміс жер ауда­рылып, көші­рілсе, со­­­ның жүз мыңнан астамы ең­бек армиясына жіберіліп­ті. Ке­ңес өкіметінің саясатын көр­мей­сіз бе, әлгі­лер­дің қал­ған­дарын бүкіл ел көле­міне тарыдай шашып жібер­­ген екен. Демек кейін олар­дың тілін қалай дамытамыз, мек­те­бін қайтіп ашып береміз деп бас ауыртқысы келмеген ғой.

Сөйтіп Саржал ауылдық кеңе­сіне қарасты төрт кол­хозға жер ауып келген елуге жуық отбасы жайғас­ты­­ры­лады. Олардың іші­нен еңбек ар­миясына алын­ған­дардың көбі азап пен аш­тық­тан көз жұмған көрі­неді. Ал қазақ ішінде қал­ған­­дары біртіндеп жергілікті ха­лықпен сіңісіп кетіпті. Оған халқымыздың басқаға ауыздағысын жырып беретін ақкөңіл, бауыр­малдығы, ал жер ауып келген­дердің біріншіден еңбек­шілдігі, екіншіден тәртіпке мойынұсына білетін абзал қасиеттері сеп болса керек.

Үшіншіден, төртіншіден деп тарқатып айтатын болсаң, екі халық та жақсы қасиеттен кенде емес-ті. Біздің ауыл­дың адамдары, әсіресе неміс­тер­дің тез арада қазақ тілін мең­геріп алғанына тәнті болып­ты. Құлағының мүкісі бар Мана­белдің өзінің шама-шар­қынша тіл үйреніп алғаны өз алдына бір әңгіме. «Малды қайырып алып келдім, енді шеңгел қайыруға кетіп барамын» дейтін көрінеді әлгі сабазың. Бұл кісінің шын аты Имануэль екендігін кейінде ғана білдік қой.

Менің әкем Сейсен елуін­ші жылдардың ортасына дейін Саржал ауылдық кеңе­сінің төрағасы болды. Ал елуін­ші жылдың басында шағын төрт шаруашылықтың басы бірік­тіріліп, үлкен кол­хозға айналған еді. Сонда кол­хоз­шы­лардың біріккен жиы­нында жаңадан ұйым­дас­ты­рылып жатқан үлкен шаруашылыққа жергілікті халық Германиядағы неміс коммунистерінің көсемі Э.Тельманның есімін беруге бір кісідей қол көтеріпті. Мұны енді кешегі аталарымыз бен ағаларымыздың әсіре белсенділігі деп те, сонымен бірге тағдырдың тәлкегімен ауа көшіп жүрсе де, адамдық қасиеттерін жоғалтпаған неміс ағайындарға көңілі деп түсінуге де болады. Арада төрт-бес жылдан кейін әкем комсомолдық жолдамамен аталған колхоздың тауарлы сүт фермасының меңгерушісі болып барады.

Мұны айтып жатқаным сол, сонда осы Манабел ақса­қал бастаған біраз неміс аға­йын­дар әкемнің қол астында жұмыс істеді. Әкем ферманы жазда жайлауға көшіргенде Манакеңді Жаймадағы қыс­тақ­тың күзетіне қалдыратын-ды. Жайма деп аты айтып тұр­ғандай, Шаған өзені көк­темде осы алқапқа молынан жайылып, су басып қалатын еді. Оның шабындыққа қанша­лықты тиімді екендігі айтпаса да түсінікті. Мұның сыртында күзетте қалған Манабел ақсақал бау-бақшамен де алаңсыз айналысып, бір жасап қалатын. Содан соң жеміс піс­кен кезде бір тауығын со­йып дегендей бастығын қонақ­қа шақыратыны бар. Ал жеміс дегеніңіз біз үшін таң­сық дүние. Сондықтан әкем­нен қалмай мен де ере барамын.

Әредігінде осы үйдің бір ұлы, кластасым Иохан екеуі­міз іргедегі «Жеті бала» өзеніне балық аулауға бара­­мыз. Қолымызда қолдан жа­сал­ған қармақ. Негізі бұл Ша­ған өзені ғой. Соның бір қол­ты­ғын «Жеті бала» атанды­рып жіберген өзіміз. Сол жеті баланың ішінде осы Иохан да бар. Бұл сабаздың да шын аты Йоганс екендігін бертінде білдік қой. Ал енді ол балық аулағанда дүниенің бәрін ұмытады. Қармағын ба­лық қаққан сайын оның қуаны­шын көрсеңіз, шіркін!

Бір күні тағы да балықты молы­­нан ұстап, өзен жаға­сын­­да алаңсыз жатыр едік, жер жаңғы­ры­ғып, дүңкілдей жөнелді. Бая­ғы сынақ шығар жүргізіліп жат­қан деп оған онша мән бер­­меп едік, жарқабақ үстін­де ті­зіліп тұра қалған үш-төрт ат­­тылы адамды көріп, шо­­шып кеттік. Ал оның бірі әкем болса, неғып шошымайын!

– Қолдарыңдағы ана ба­лық­­тарыңды суға жіберің­дер де, бері келіңдер, – деді әкем. Сонсоң жарқабақ басына көтерілген баршамызға көзін аларта қарап, зілдене сөйледі. – Иә, немене балық аулап не болды, аш жүр ме едің­дер? Обал-сауапты біл­мей­тін қайдан шыққан жү­гер­мек­сіңдер? Бұдан кейін ба­лыққа тиіспейтін боласың­дар! Ал қазір алға түсіңдер, – дей келіп, бәрімізді ауылға қойша иіріп алып кетті.

Сөйтіп немістер біздің үл­кен­дерді балық жеуге үй­рете алмаса да, әкемнің олар­ды қымызға құмар қылып қой­ғанын айтайын енді. Бөр­те апаның күйеу баласы, ел «Көрік» атандырып жібер­ген Георг Штайгер әкемнің қарамағындағы мақтаулы бас бақташы болса, ал әйелі Алиса алдыңғы қатарлы сауыншы еді. Өзі де ақкөңіл, ақкөй­лек Көрік әкеммен құр­дас­тығын алдыға салып, ерке мінез танытып қалып жүре­тін. Енді ол қылығы ас­қы­нып, кейініректе өріс­тен әндетіп қайтатынды шы­­ғ­а­рады. Сөйтсе, колхоз орталығындағы дүкенге барып, ара-тұра арақтың бір құмырасын жазғызып ала береді екен. Тегінде немістер араққа құмар халық емес. Ал мұның араққа салына бас­тауының сыры мынада екен. Жұбайы Алисаның айтуын­ша, Көрікті араққа ауыз­дан­дырған іргедегі поли­гон­ның офицерлері болып шы­ғады. Сынақ болатын күні әр қыстаққа, болмаса жай­лаудағы ауылға бір-бір­ден офицер келіп, мұн­да­ғы­ларды сыртқа шыға­рып жатқызып, аспанға қара­мауын қадағалайды. Сынақ өткен соң Көрік секілді ақ­көңіл жандарды оңашалап алып шығып, «ақаңнан» қыр­лы стақанмен бірді-екілі тарт­қызып жіберетін көрінеді. «Ал ішпесең, ажалыңнан бұ­рын өлесің, оның емі осы ғана» дей­тіндерін қайтерсің!

Кейінде оншақты баланың анасы атанған Алиса тәте мұның бәрін бастығына жылап отырып жеткізгенде, әкем: «Өзің «жә» десең, мұның бір емі бар, сонда Көріктің бетін бері қайтарамыз» депті. Көп балалы ана «жә» демегенде қайтеді?! «Онда осыдан бас­тап бие байлап, қымыз ашытып ішесіңдер. Жазда реті болмаса да, қыста жылқының етін жейсіңдер. Небір аурудың емі осы» дейді әкем. Ұзын сөздің қысқасы деп осымен қайырсақ, бұдан кейінгі жерде Көрік арақты аузына татып алмайтын болды. Ал жұ­мысын бұрынғысынан да ши­рата түскен оны ферма бас­тығы колхоз, аудан бас­шы­ларына айта жүріп, Мәс­кеу­дегі Бүкіл­одақтық ауыл шаруа­шылығы жетіс­тік­терінің көрмесіне озат бақташы ретінде жіберіп алғаны да бар.

Жайлау демекші, айында екі-үш рет пошташы келгенде үлкен-кіші болып бір жасап қаламыз. Газет-жур­нал оқуға құмарлық осы кез­ден басталған болар. Оған қосымша әскерде жүр­ген­дерден асыға хат күтеті­ні­міз де бар. Сол шақта неміс аза­маттары да әскер қатары­на алына бастаған болатын. Соның бірі кластасым Иоханның туған ағасы Гер­ман да әскер қатарына шақы­рылған. «Біздің әскери бөлімде екі-ақ қазақ бармыз» деп хат жазатын саба­зың осы. Менің өзіне жол­даған хатыма ол да ерін­бей уақыт тауып жауап жазып жатады. Ондайда әке-шешем «иә, ағаң не айтады?» деп қояды. Айтпақшы, сол Германыңыз кейінде бізбен оқитын Роза Пфейфер деген қызға үйленіп, бізге жезде болып шыға келген-ді.

Жайлауға айына бірді-екілі автоклуб келіп, кино көрсетіп кетеді. Ал Петр Бауэр деген атан түйедей атамыз малды да, адамды да емдейтін әмбебап адам еді. Қалай болғанда да, сол шақта жұқпалы ауру дегенді білмесек, сол оңды мәселеде бұл кісінің де үлесі зор болғаны анық. Ал осы атамыздың Франц деген ұлы бізге неміс тілінен сабақ берген еді. Әкесі сияқты бойы қаншалықты зор болса, ішкі дүниесі де соған орай кең болатын. Осы орайда бір айта кететін жайт, біздің елмен сіңісіп кеткен неміс ағайындардың 1979 жылғы Целиноград-Ерейментау оқи­ғасы кезінде сыртқа қарап мөңірегендерін естімеппіз.

Рас, тоқсаныншы жылдары Саржалдағы немістер де тарихи отандарына қарай үдере көшті. Сонда әкем көшерлікке құрдасы Көріктерді үйге шақырған. Ал құрдасы болса әкеме «көзімдей көріп жүр» деп арбасын, ат-тұрманымен ала келіпті. Кейін ол Герма­ния­дан көпке дейін хат жазып, «түсімде Жайманы көремін, Сар­жалды сағындым» дейтін көрінеді. Полигон зардабынан қымызбен емделіп жазылған Көрекең жасы тоқсанға жа­қын­дап өмірден өтіпті. Баяғы Иохан-Йоганс Ротфус болса, Германияңыздың өзін­де өнер­тапқыш атанып, ақ­шалай әжептәуір сыйақы­ға ие болыпты. Иә, ол Тельман атындағы совхозда көбінде техника жағында болған ұқыпты жандардың ұрпағы еді ғой. Айтпақшы, аудан көле­мінд­егі ең үлкен һәм озық шаруа­шылық басшысы Кә­бір Қайырханов деген аға­­мыз республика Жоға­р­ғы ке­ңесінің депутаты болып сай­ланса, оған да неміс ағайын­дардың қосқан үлесі қомақты болғандығы шындық.

Сөз орайына қарай, Эмиль Еннер деген азаматтың Саржал­дан Германияға көш­пей қал­ғанын айта кетейін. Бұл әке-шешесінің кезін­де қа­лың­дықты, өзіміздің қа­рын­дасымыздың бірін қазақтың жөн-жоралғысымен құда түсіп көрші ауылдан алып келген болатын. Сар­жалдағы той да негізінен қазақ дәстүрімен өткені де шын­дық. Бүгінде екі баласы аяқт­анған. Ал оның туған інісі Арий бір баласымен Германияда тұрса, екі баласы Қазақстанда. Ағайындылар бір-біріне жиі барып тұрады. «Бірі тоқсанында, екіншісі тоқсанға жақындап өмірден өткен әке-шешеміз осында. Көшпей қалуымызға ол да себеп болды. Ал біз де кө­шіп кетсек, мұндағылар­мен тамырымыз үзіліп қала­­­ды ғой. Содан соң бір ай­тайын дегенім, сол, қазірде екі бала төбелесе қалса, содан ұлтаралық кілтипан іздейтін болдық. Біздің бала кезімізде оған ешкім мән беріп жатпайтын», дейді Эмиль.

Тағы да сөзден сөз шы­ғады. Екі халық арасын­дағы құдалық сонау соғыстың аяқ жағында басталған болатын. Ол кезде менің әкемнің құрдасы Кәкен аға Гила деген неміс қызына үйленеді. Елден Семейге алғаш көшіп барып тұрақтаған да осы кісілер. Қалаға барсақ, бәріміз сол үйге түсетінбіз. Өздері көп балалы отбасы болса да олар кісі жатырқамайтын. Ең қызығы, Гила шешей орыс мек­тебінде қазақ тілінен са­бақ беретін еді. Ал Эрна есім­ді немістің жас қызын Тор­ғын деген апамыздың өз қолынан ұзатқаны өз алдына бір әңгіме. Айта берсең мұн­дай жарқын мысалдар жет­іп­артылады. Ал ондай де­рек­тер кезінде түрлі дең­гейде жауапты қызмет ат­қар­ған аталған елдің тума­сы Бекен Теміровтің осыдан бірер жыл бұрын жарық көр­ген «Саржал: ауылымның тари­хы – елімнің тарихы» атты кө­лемді кітабында баршылық.

Бірде интернет жаңалық­тарына көз жүгіртіп отырсам, Альпі тауының ұшар биігінен бір еуропалық таза қазақ тілін­де Қазақ еліне, соның ішін­де саржалдықтарға дұғай-дұғай сәлем жолдап жатыр екен. Сөйтсем ол осын­да демалып жатқан түбі саржалдық неміс азаматы болып шықты. Иә, олар бізді ұмытқан жоқ. Бәрі болмаса да, көбі мектеп бітіргендерінің пәлен жылдықтарынан қалмай­тынын да естіп қаламыз. Осы орайда олардың қазақ жанды болып өсуіне қазақ тілінде оқып, білім алғандығы бірден-бір себеп болды деп білемін. Оны айтасыз, бізбен қатарлас оқыған Оленда Бауэр есімді неміс қызы мектепті күміс медальмен бітірген болатын. Тіпті Шнайдер ныспылы, жастары сексеннің жуан ортасынан асқан ата мен әже Германиядан аудан орталығы Қарауылға біржола көшіп келгенін естіп жатырмыз. «Балаларымыз сол жақта тұра берсін. Мұнда да тұрмыстағы қыздарымыз бар. Соларды, қазақ құдаларымызды, жалпы Қазақ елі мен жерін қимаймыз», дейді олар. Олар солай десе, біздің де алыстағы ағайындарды сағынып, қолға қалам алып жатқанымыз сондықтан!

 

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

Соңғы жаңалықтар