Қазақстан • 01 Мамыр, 2020

Біз – бір халықпыз

405 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жылдағы дәстүрге сай, 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күнінде қазақ халқына ықылас-лебізін білдіретіндер аз емес. Өйтпегенде ше, адамдарды түр-түсіне бөлмей, әлі күнге қонағын құшақ жая қарсы алатын қаракөздеріміз шыны­мен бұған лайық. Әсіресе мұның маңыздылығы қазіргідей жер жүзінде діни және ұлттық сипаттағы шиеленістер өршіп тұрған уақытта ерекше байқалады.

Біз – бір халықпыз

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Осы орайда біз ұлты өзге болғаны­мен, өз тілінен кем көрмей, мемлекеттік тілде ән салатын қазақ эстрадасының жарқын өкілдеріне сөз кезегін бергелі отырмыз. Олардың да атаулы күнде айтары бар...

Ұйғыр ұлтының өкілі, танымал әнші Ділназ Ахмадиева мемлекеттік тілді жетік білмейтінін мойындайды. Алайда өзі айтпақшы, ол қазақшаны «нан сұрап жеуге» жететін деңгейде меңгеріп үлгерген. Абайдай дараның тіліне шор­қақ­тығын өнер иесі уақытының тығыз­дығы мен араласатын ортасының орыс­қол­дығымен байланыстырады. Деген­мен, кейіпкеріміз астананың да бірден тұрғызыла қоймағанын тілге тиек етіп, бізге былай дейді:

– Сіз білесіз бе, осыдан 10-15 жыл бұрынғымен салыстырғанда, менің қазіргі қазақшам тәуір. Сондықтан енді 4-5 жылда қазақ тілінде судай сөйлесем, таңғалмаңыздар дегім келеді. Өйткені бұл – менің алға қойған мақсаттарымның бірі. Оның үстіне, ұлты қазақ құрбыларымның саны аз емес. Демек, жоғарыда келтірген мерзімнен бұрын да қазақ тілінде еркін сөйлеп қалуым мүмкін. Бастысы, таудай талап бар.

Шынында, Ділназ Мұратқызының бұл ниетінің барын жоққа шығаруға болмас. Мұның дәлелі ретінде ол орындайтын мемлекеттік тілдегі «Мама» әнін мысалға келтірсек те жетіп жатыр.

Ал Әлішер Кәрімов қазақ тіліне деген қызығушылығы осыдан 13 жыл бұрын басталғанын айтады. Өзбек ұлтының әншісі отбасымен Алматы қаласына көшіп келгенде, қазақша бір ауыз сөзді білмегенін қынжыла еске алады. Дегенмен, жақын араласатын жора-жолдастарының тілін білуге құлшынып, намысқа тырысқан ол аз уақытта сөйлеп үйренуді ғана емес, тіптен ән салуды да меңгергенін айта кету керек. «Әлия», «Келемін саған», «Тағы да», «Менің-дағы бір аққуым бар шығар» сияқты әндердің орындаушысы енді қазақ тілінің майын тамызып сөйлеуге ұмтылып жүр. Өйткені өнерлі жігіт қазақша ән салу арқылы танымалдылыққа жеткенін жақсы түсінеді. Халықаралық «Славян базары», «Ереван шақырады», т.б. сазды сайыстарында қазақ тіліндегі әндерді құйқылжыта орындап, жүлделі орындарды иеленген Әлішер:

– Бүгінде репертуарымдағы әндерім­нің басым бөлігі – қазақ тілінде. Керек десеңіз, өңірлердегі концерттерімде толықтай мемлекеттік тілдегі әндерді шырқайтыным бар. Себебі менің көрермендерімнің дені – қазақтар. Оны мойындау керек. Алдағы уақытта қазақ өнерінің дамуына үлесімді қосып, дүние жүзіне қазақша ән салатын орындаушы ретінде танылсам деймін. Бәрінен бұрын, мен қазақшаны кейбіреулер секілді сән үшін үйренгенім жоқ. Мұны өзім туып-өскен еліме, яғни қазақ жеріне құрметім деп қабылдаңыздар, – деп ағынан жарылады кейіпкеріміз.

2001 жылы өткен республикалық «Жас қанат» байқауы мен 2003 жылғы телевизиялық «Super Star.Kz» музы­калық жобасында жарқырай көрінген Роман Ким естеріңізде болар? Сол кездің өзінде-ақ қазақша ән салып, домбыраны шебер тартқан ол 2005-2009 жылдары аралығында Испанияда білімін ұштап келген болатын. Оны отандық эстрада жанрында өзге ұлттың өкілінің арасындағы қазақша ән айтқан әншілердің алғашқысы десек, қателесе қоймаспыз. Ерекшелігі сол, Роман – қазақтың халық әндерін ұлттық аспаптармен сүйемелдеп, нәшіне келтіріп шырқайды.

– Өзім Теміртаудың тумасымын. Әкем Николай – корей болса, анам Гүлнар – қазақ. Өзімді корей мен қазаққа ортақ адаммын деп есептеймін (күліп). Төрт жасымнан қазақ тіліндегі тақпақтарды жаттап, «Менің атым Қожа» киносын көріп өстім. Шыны керек, нағашыларымның тілін білмесем, ол мен үшін ұят болар еді. Қанша айтқанмен, ұл балалар шешесіне жақын ғой. Қазақша ән айтумен шектелмей, осы тілдегі өлеңдерді де шығаратынымды айтып, бір мақтанып алайыншы, – дейді әнші.

Кезінде «Перцы» тобында ән салып, кейіннен өнер әлеміне жеке-дара шығуды жөн көрген Ринат Малцаговтың репертуары бай. Оның көпшілігі мемлекеттік тілде екенін ескерсек, өзге ұлт өкілінің қазақтарға деген құрметін байқай беруге болатын шығар. «Ханшайымды» әнге қосып, «Өткен күндерді» еске алған аталған кейіпкеріміздің тіл туралы ойы мынадай:

– Өзге ұлттан шыққан әншінің қазақ елінде мемлекеттік тілде ән шырқауы жаңалық емес, бұл – қалыпты құбылыс. Тіпті қазақтың дәстүрлі, халық әндерін әуелетсе де, таңданбау қажет. Асылы, біз қазақтың жерінде өмір сүргендік­тен, ол ұлттың тілін білуіміз тиіс. Рас, менің әкем – чешен, анам – қазақ. Бірақ мен Павлодарда туып-өскен жігітпін. Сондықтан өзімді қазаққа жат санамаймын. Иншалла, мұсылманмын, жұма сайын мешітке барып тұруға тырысамын, – деп сөз арасында сыр ақтарды Ринат.

Көршілес Өзбекстанда туып-өскен Диана Шарапова да «қазақ әндерін бір адамдай айта аламын» дейді. Күміс көмей әнші 2003 жылы Алматыға қоныс аударып, сол жылы құрылған «Негры» вокалды-аспапты ансамбліне қабыл­данады. Содан бері қос тілде – қазақша және орысша ән шырқайтын топ көпшілікке «Айтарым жоқ», «Ғашық жүрек», «Жаңа ғасыр» әндерімен танымал.

– Қазақшаны өте жақсы меңгерген­мін деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Әзірге мемлекеттік тілді «семіз үшке» білемін. Әйткенмен, бәрін түсінемін. Әсіресе мақтап немесе даттап жатқанда (күліп). Біздің топ, соның ішінде мен қазақ тілін құрметтеп, қолдан келгенше ән ай­тып жүрміз. Ал азын-аулақ «акцентке» бола тың­дармандардың қатты сөкпеуін сұрай­мын. Қанша айтқанмен, ұлтымыз басқа ғой.

Қазақ халқына ұдайы ризашылығы­мызды білдірсек, көптік етпейді. Бір-бірімізге мейірімді болайықшы. Жалпы, адамзат өзара қамқор, жақсылыққа құштар болса, одан ұтылмаймыз. Сон­дық­­тан мұндай атаулы күндер бізге қажет-ақ, – дейді ол.

 

P.S. Расында, өзі тұрып жатқан еліне деген құрметін білдіріп, қазақ тілінде ән орындайтындардың қатары күн санап көбейіп келеді. Олар «біздің ұлтымыз басқа болғанымен, жанымыз қазақ...», – дейді. Қазақтың әні һәм тілінің құдіретін түсінген өзге ұлттың өкілдерінен осындайда өзіміздің қандастар үлгі алса екен дейсің.

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

журналист

 

 

АҚТӨБЕ