Тарих • 01 Мамыр, 2020

Әскерге «шақырылған» түйелер

798 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Алдымен бұл мақаланы жазуға түрткі болған жайтты айтайы­н. Жеңістің 75 жылдығы қар­са­ңында ТМД елдерінің көрер­мендері үшін ашылған «Победа» телеарнасы бар емес пе?! Мақ­саты 1941-1945 жылдардағы кеңес және одақтас елдер армияларының қаһармандық қимылы туралы соңғы 78 жыл ішінде түсірілген деректі, көркем фильмдерді көрсету болып табылатын ол бағдарламаның әсері ғажап-ақ. Міне, таяуда солардың ішіндегі «Жау тылындағы майдан» және «Берлин үшін шайқас» атты екі кинотуындыдан көп ешкім күтпеген кадрлардың қылаң беріп, жалт ете түскені!..

Әскерге «шақырылған» түйелер

Суретте: Әскери жазушы В.Гроссман түйе батальо­нындағы шана үстін-де. Сталинград. 1942 жыл;

Оның алғашқысында жаңа ғана алапат шайқас болып өткен жер, ондағы ұзыннан-ұзақ созылған жол, онымен батыстағы орманға беттеп бара жатқан танк колоннасы аралас лек-лек жаяу әскерлер көрінеді. Олардың артын ала оқ-дәрі мен жанармай, азық-түлік тиелген арбалардағы аттар келеді. Араларында маң-маң басқан түйе­лер де бар. Осындағы біздің назарымызды аударған нәрсе: полуторка автокөлігіндегі асығып ке­ле жатқан жоғары шенді әскери адам­ның қаптал жолмен керуеннің алдына түспек болған әрекеті жә­не... Иә, және оның обозды бас­қа­рып келе жатқан интенданттан: «Түйелер мұнда қайдан жүр?» – деген сауалы. «Басқұншақтан, – дейді оған жауап иесі. – Сондағы қазақ ауылдарынан».

Ал екінші кинода, яғни «Берлин үшін шайқас» фильмінде 1945 жылдың көктеміндегі Бранденбург қақпасы, оның алаңындағы Жеңіс хабарын естіп, шат-шадыман бол­ған кеңес әскерлері бейнеленген кө­рініс бар. Танк үстінде оты­рып, машина төңірегінде әңгі­мелесіп тұрған немесе зеңбірек жанында жантая демалып жатқан жауынгерлердің арғы жағында Рейхстаг тұр. Оның маңайында ас кухнясы арбасын сүйреткен қос өркешті түйе көрінеді. Аспаз оны тоқтатып, солдаттарға жо­рық қазанынан тамақ үлестіре бас­тағанда, былайғы жұрт әлгі «дала кемесі» жанына келіп суретке түсе бастайды. Экраннан олардың арасындағы қушыкеш біреуінің: «Бұл жануар әскерге қай жерден «шақырылды» екен?» – деп әзілдей қойған сұрақ үні де ап-анық естіліп тұр. Сол кезде түйенің бұйдасын ұстап тұрған егде ефрейтор оған: «Ершік қомына қара», – дегендей иек қағады. Онда: «Астрахань – Берлин», – деген жазу бар еді.

2

«Шегіртке» қоспағы Бран­ден­бург қақпасы алаңында. 1945 жыл, 2 мамыр;

Жоғарыдағы осы екі кинокадр­ды көргенде, ойымызға кенет тағы бір оқиғаның оралмасы бар ма?! Ол атақты композитор Илья аға Жақанов бастаған біз­дің 2014 жылы Атырау арқылы Ресейдің Астрахань өңіріне барып, ондағы Құрманғазы баба басына тәу етуіміз еді. Содан соң сол облыс орталығындағы өлкетану музейінде болғанбыз. Сонда ондағы «Астрахань аймағы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде» деп аталатын бө­лімдегі экспонаттар назарымызды өзіне мықтап аудартқан. Әсіресе Сталинград майданының бергі беті болып саналатын ұшы-қиырсыз сұр далада зеңбірек сүйреуге жегіліп, арқаларына тең-тең оқ-дәрі жәшіктері артылып, азық-түлік тиелген жорық кухнясы арбасын тартып бара жатқан әлденеше жүз аттар мен өгіз және түйелер бейнеленген фотосуретті көруіміз еді. Бұл бұрын-соңды еш жерде кездестірмеген нәрсеміз болатын. Мұражай қызметкерінен стендтегі осы жәдігер туралы кеңірек айтып беруін сұрағанымызда: «Алаң­дамаңыздар», – деді. Сөйтті де экскурсия аяқталған соң бізге «Астрахань облыстық өлкетану музейі» деген жинақты сыйға тартатынын, керекті нәрсенің көбі сонда бар екенін ескертіп, келесі залға қарай алып жүрді. Ақыры солай болды да. Қайтарымызда аталмыш өңірге қатысты түрлі құжаттар мен сирек суреттерге толы бір-бір кітапты қолымызға ұстап, елге аттанғанбыз.

...Енді, міне, арада алты жыл өткен соң сол жинақты кітап с­өресінен тауып алып, парақтап отырмыз. Сөйтсек... 1942 жылдың күзінде Сталинградтағы жағдай қиындап, майдан тағдыры қыл үстінде тұрғанда, Астраханьда 28-армия деп аталатын жаңа құ­рылымды ұйымдастыру қолға алынады. Бұған дейін де аталмыш өңірдегі қолына қару ұс­тай­ды-ау деген азаматтарды ал­ғы шепке әлденеше рет аттанды­рып, техника атаулыны да сол жаққа қоса жіберген жерде не қал­сын?..  Майдандық кеңес мүше­лерінің тапсырмасымен келген өкілдер жағдайды көріп қатты қиналады. Бірақ қимылдау керек, қалай да бір әрекет жасау қажет. Ұйымдастырушылар осындай тірлікпен сөз етілген аймақтағы қалған-құтқанның бәрін жинап, жоқтан бар жасауға кіріседі. Со­ның бірі өте қысқа мерзім ішінде 28-армияға қажет көлік-транспорт бөлімін жасақтап, оның жұмысын дұрыс жолға қою болатын. Бұл мәселе полковник Яновский деген кісіге жүктеледі. Ол Астраханьдағы жүк тасуға қажет машина, трактор атаулының бәрі 1941 жылы-ақ алғы шепке жіберілгенін біліп, өңір­дегі кеңшарлар мен ұжым­шар­л­ардағы ат, өгіз, түйелерден әскерилендірілген көлік-транспорт батальонын құруды қолға алады. Алдымен Басқұншақтағы қазақтар мекендеген шаруашылықтардан басы құралған 400-ге жуық ой­сылқара тұқымына ие болған оның бұл әрекеті келе-келе біз­дің республикамыздың Орал, Гурьев, Ақтөбе облыстары мен Түрікменстаннан әкелген «дала кемелері» арқылы 1100-ге жетеді. Сөйтіп Яновскийдің бұл «түйе батальондары» жүктерді іркіліссіз жеткізудегі еңбегіне байланысты ел аузына тез ілігеді. Иә, сөз етіліп отырған құрылымның орталық және оңтүстік майдандардағы жұ­мысы айтса айтқандай еді. Оны 1943 жылғы есеп беру парақ­шасындағы: «Негізгі жұмыс көлігі мен еңбек күші 1100 түйе болып табылатын бұл батальондар белгілі бір көрсетілген қашықтық аралығына 12 мың тоннаға жуық жүкті тасып апаруға қол жеткізді. Бұлар болмағанда жоғарыдағыдай көлемдегі жұмысқа 134 автомашина қажет етілер еді», – деген сөйлемдер анық дәлелдейді.

Әрине соғыстағы жағдайлар қиындықсыз, майдан шебіндегі әрекеттер шығынсыз болмайды ғой. 1942 жылдың желтоқсанында Астраханьда жасақталған 28-армия 1943 жылы Сталинград тү­біне келгеннен кейін түрлі құ­ра­­маларға көмектесуге бөлініп, оның тылындағы көлік-транспорт бөлімдері де айтарлықтай өзге­рістерге ұшыраған. Бұлардағы бас­ты «әттеген-ай» өзіміз жоға­рыда сөз еткен «түйе батальондары» қатарының қайта толықтырылмауы еді. Содан олар армия, дивизия емес, полктарға бөлініп, ондағы көлік-транспорт жұмысы кезінде орын алған кездейсоқтықтардан саны азая береді. Соның бірі тө­мендегі оқиға.

1943 жылдың жазындағы Курск шайқасынан кейін жағдай жақ­сы жаққа өзгеріп, біздің әскер­лер батысқа бет алмай ма?..  Міне, сонда жауды өкшелей қуып келе жатқан 902-полк Ростов жақтан шегінген неміс танктері колоннасымен ұшырасып қалады. Куә­герлердің айтуынша, ұрыс өте қыс­қа болған. Бірақ қырылған адамдарда есеп жоқ еді. Соның ішінде осы полктың артындағы жүк арбаларына жегілген 350 түйе өте аянышты күй кешкен. Керуенге жауап беретін интен­дант­тық қызмет адамдары өкпе тұстарынан шыға келген жау тан­кілерін көріп, не істерлерін біл­мейді. Сөйтеді де, бәрін тастап тұра қашады. Ал арқаларында тең-тең жүгі бар түйелер болса... Қайран аңқау да аңғал «дала ке­мелері-ай» десеңізші... Ештеңеге түсінбей, меңірейіп тұрған да қал­ған. Фашистер аясын ба?.. «Дас ист руссишен панцер» («орыс тан­­кілері осы екен ғой»), – деген м­азақ сөзбен бейкүнә да момын жануарларды қырып салған. Сөйтіп сол шайқаста 902-полкқа бекітіліп берілген 350 түйенің 95 пайызы ажал құшқан.

3

Астрахань облысы, Ахтубинск қаласы. Басқұншақтан майданға барған қос түйеге орнатылған ескерт­кіш. 2010 жыл, 9 мамыр

Қолымыздағы кітап дерек­теріне қарап отырсақ, аталмыш қырғыннан аман қалған «дала кемелерінің» ішінде Миша мен Маша деген қос түйе болған екен. 902-полк жоғарыдағы оқи­ғадан соң естерін жиып, қайта жа­сақталғанда, әлгі екі жануарды зеңбірек сүйретуге пайдалану үшін сержант Григорий Нестеровтің расчетіне бөледі. Шөлге 3-4 күн бойы шыдап, жемшөпті де көп қа­жет етпейтін, сөйтіп жорық дала­сындағы тікенді қурай мен қаң­бақты талғажу етіп жүре бере­тін бұл ойсылқара тұқымдары өздерінің жаңа қожайындарына қатты ұнайды. Содан зеңбірекке жегілген қос түйе және расчет ко­мандирі мен оған бағынышты екі жауынгер бар бәрі Ростовтан кейін Миус майданы шебіне бет алады. Одан Днепрдің төменгі сағасы арқылы Николаев қаласын азат етеді. Яссы-Кишинев опера­циясына қатысып, Румыния же­ріне табандары тиеді. Дунайды өрлеп Венгрияға өтеді. 1945 жыл­дың көктемінде 1-Беларусь майданының құрамында Польша, одан Одерді көктей өтіп, Берлин іргесіне жетеді. Естеріңізге са­ла кетейік, бұл деректер жазушы Владимир Успенскийдің «Көсемнің құпия кеңесшісі» атты кітабынан алынып отыр. Автордың баяндауынша Рейхстагқа бағыт­талған алғашқы снарядтың иеле­рі де осы расчет екен. «Аға сер­жант Нестеров, – делінген жо­ға­рыдағы туындыда, – оқ жетер жердегі рейхсканцелярия ғи­маратын өздері келіп тоқтаған үй құландысы тасасынан ұзақ қарады. Сөйтті де оқ тасушы жауынгерге зеңбірекке жегілген қос түйе – Миша мен Машаны арт­қы аркадағы дуал жаққа апарып шөгеруді бұйырды. Ал қару оқпанын Гитлер апанына қарай бұрған нысана көздеуші, қатардағы жауынгер Кармалюк болса, расчет командирі Нестеровтің: «Ат!» – деген пәрменімен Рейхстагқа алғашқы снарядты жіберіп кеп қалды».

Қызығы сол, Астрахань мен Бер­линге дейінгі қауіп-қатерге толы 3000 шақырымдық жолдан аман өткен тек Миша мен Маша ғана емес екен. Интернеттегі деректерге қарағанда, Жеңіс хабары естілген сол күндері Германия астанасында «Шегіртке» деп аталатын тағы бір түйе болыпты. «Ол Қазақстаннан еді», – дейді Википедиядағы дерек. Байыптап қарасақ, мәселе былай екен.

...Жау Сталинградқа ентелей ұмтылған 1942 жылы Еділдің бергі бетінде 308-дивизия жасақ­талып жатады. Болашақта ол 1-гвар­диялық армияның құрамын­да болуы тиіс еді. Көп кешікпей бұл құрылым алғы шепке келіп жеткенде, оның көлік-транспорт бөлімінде бір «түйе батальоны» болыпты. Кейін біз сөз етіп отырған дивизия 120-гвардиялық механикаландырылған бригада деп аталады. Сөйтіп 3-армия қоластына көшеді. Полковник Леонтий Гуре­тевтің басшылығындағы бұл әс­кери күш Сталинградты жандарын сала қорғайды. Қаладағы Бар­рикада зауытын жаудан босатып, тылда аз-кем тыныс алады. Міне, сонда жоғарыда сөз бол­ған түйе батальонынан тек «Шегіртке» атты ойсылқара тұқы­мы ғана қалады. «Оның бұдан былайғы міндеті, – дейді сайттағы мәліметтер, – жорықта зеңбірек сүйрету, шанадағы жаралыларды госпитальға жеткізу, тылда ас кухнясы арбасына жегіліп, оқ-дәрі жәшіктері теңделген жүк­ті алдыңғы шепке жеткізу бо­латын». «Кейде, – делінген атақ­ты журналист Василий Гроссманның «Жазушылар соғыс кезінде» кітабында, – керуендегі шаруашылық қызметкерлері «Шегірткенің» қос өркешіне отырып алып, төңірекке оқтын-оқтын көз салатын. Сөйтіп обоздың қай­дан шығып, қайда бара жатқан бағытын айқындайтын. Осылайша бұл жануар өзінің сорайған бойымен «бақылау мұнарасы» қызметін де атқаратын».

Осылайша «Қазақстаннан бар­ған (дерек «Багратион» опера­циясының қысқаша тарихы» зерттеу еңбегінен алынып отыр – автор) бұл түйе Орелге шабуыл жа­саған 120-бригада әскерлерінің резерві керуенінде болады. Одан Белоруссияны азат етуге арналған «Багратион» әскери жоспарына жауапты құрамалардың екінші эшалонымен Брестен өтеді. Шығыс Пруссиядағы майдан жолдарымен біраз жүріп, Берлинге таяйды. 1-2 мамыр күндері ел Жеңіс хабарымен мәре-сәре болып жатқанда, жорық кухнясына жегілген «Шегіртке» Рейхстаг жанындағы алаңда еді. «Сонда ол қираған жау ордасына қарай мойнын бұрып тұрып бір түкірді», – делінген иронияға толы сөйлем бар Василий Гроссманның «Батыстағы соғыста» деректі кіта­бында. Біздіңше бұл қанша мыс­қылға толы әзіл десек те, жаң­сақ пікір. Қате ұғым. Ішкі ин­туициямыздағы осы үннің жете­гімен: «Түйелі ауылдың тумасы ғой. Не дер екен?» – деп ақын Өтеген Оралбаевқа телефон соқ­тық. «Біріншіден, – деді сөз етіліп отырған тақырыпқа байланыс­ты сурет пен мәтінді электронды пошта арқылы сұратып алған әріптесіміз. – Бұл – қоспақ. Екі өркеші бар мұндай ойсылқара тұ­қымын қазақ осылай атайды. Екіншіден, мәтіндегі оғаш сөзді оны білмейтін адам, басқа ұлттың өкілі жазып отыр. Жалпы, бұл жануарға түкірді деген сөз келмейді. Дұрысы, көбік шашты деу керек. Қандай жағдайда? У-шуы көп жерде. Қызылды-жа­сылды ортада. Сосын өзін көп адам қоршап, дабыр-дұбыр әңгі­мемен мазасын алғанда. Мұны түйе атаулы жақтырмайды. Ондай кезде көмейінен түсініксіз дыбыс шығарып, аузынан көбік шашатыны бар. Рейхстаг іргесіндегі оқиға сондай жайттардан болған ғой шамасы».

Әлқисса, сонымен: «Әскерге «шақырылған» майдангер түйе­лердің кейінгі тағдыры...» – дей­сіздер ғой құрметті оқырман! Айтайық. Мақаламыздың басында сөз болған Миша мен Маша бар емес пе?! Міне, сол жануарлар Жеңіс күнінен бірер апта өткен соң көше аралап келе жатқан Берлин қаласының тұңғыш коменданты, генерал-полковник Николай Эрастович Берзариннің көзіне түседі. Ол кісі көлігін тоқтатып, қос түйені жетектеп келе жатқан жауын­герден мән-жайды сұрамай ма? Мәселеге толық көз жеткізген соң 902-полк басшылығына хабарласып, бұл жануарларды құр­метпен елге шығарып салуға кеңес береді. Коменданттың осы ақы­лынан кейін «дембльдерге» байланысты ұйымдастыру жұмысы қызу қолға алынады. Нәтижесінде 1945 жылдың 29 мамыры күні қос түйе оркестрдің салтанатты үнімен Берлин вокзалындағы жүк вагонына тиеліп, Мәскеу зоопаркіне жол тартады.

Ал арада 70 жыл өткенде... Иә, 2010 жылы Астраханьдағы ын­талы топ мүшелері қызық бас­тама көтереді. Ол Басқұншақтан Берлинге дейін барған жерлестері – қос түйеге ескерткіш орнату туралы идея еді. Мұны осы облысқа қарайтын Ахтубинск қаласының мэрі Аман Наурызбаев қолдайды. Осылайша сол жылғы 9 мамыр – Жеңіс күні онда «Біз – жеңдік!» деген ескерткіш ашылады. Бұл кешеннің архитектоникасын бар-жоғы үш фрагмент ұстап тұр. Олар: бірі шөгіп, екіншісі тік тұр­ған қос түйе – Миша мен Маша, одан әріректе қойылған сол кезге тән соғыс зеңбірегі және оқ-дәрі жәшігінің үстінде ойланып отыр­ған расчет командирі, аға сержант Григорий Нестеров.

Ал «Шегіртке» ше? Майданға «Қазақстаннан барған» қоспақ... Бұл жануардың соғыстан кейінгі тағдыры туралы не білеміз? Өкі­нішке қарай, ол жөнінде мәлімет өте аз. Бар дерек оның 1945 жылғы мамырдың ортасына дейін тірі екендігі. Жеңістен кейін әр батальон, полк, дивизия жоғары жаққа өздеріндегі адам, қару-жарақ, кеңсе мүлкі және көлік-транспорт саны жөнінде есеп бере бастаған. Сонда 120-механикаландырылған бригаданың «22.05.1945» деп толты­рылған тізім қағазында «Ше­гіртке» жорық кухнясы мен азық-түлік арбасына жегілген жұмыс күші ретінде тіркелген. Басқа дерек жоқ.

 

Жанболат АУПБАЕВ,

журналист

 

НҰР-СҰЛТАН