Білім • 05 Мамыр, 2020

Қашықтан оқыту – заман талабы

553 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елдегі жалпы карантиндік жағдай білім беру мекемелері үшін сынақтан өтудің әрі осы бағыттағы жетістіктерді көрсетудің мүмкіндігі. Пандемия кезінде Алматы қаласы Білім басқармасының «Жаңа ғасыр» №175 гимназиясы – қашықтан оқытуды талапқа сай ұйымдастырып отырған білім ошақтарының бірі.

Қашықтан оқыту –  заман талабы

Төтенше жағдайға дейін де гимназияда ақпараттық технологиялардың барлық мүмкіндіктерін кеңінен қолданып, білім алушылар өз бетімен сандық білім беру ресурстары арқылы білім алуға дағдыланған.

 «Білім беру жүйесі көптеген өзге­ріс­терге ұшырайды, біз қашықтан оқы­ту­дан көптеген жағымды тәжірибе алуы­мыз керек» деген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің сөзіне зер салар болсақ, жаңа форматта білім беру тәжірибесі педагогтеріміздің білім қоржынын жаңа әдіс-тәсілдермен толықтырып, білім беру үрдісіне өзгеше қырдан қарап үйренуге мүмкіндік берді.

Төртінші тоқсанның басынан бастап қашықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып, гимназия директоры Гаухар Манекееваның басшылығымен педагогтерге нұсқаулық беріліп, қашық­тан оқытудың барлық талаптары мен жұмысты ұйымдастыру түрлері бел­гі­лен­ді. Гимназиядағы жоғары санатты, тәжірибелі педагогтер бейнедәріс, дәріс, мультимедиялық дәріс, телевизиялық дәріс, өзіндік жұмыстар, виртуалды зертханалық практикумдар, компьютерлік тестілеу жүйелері сияқты қашықтан білім беру технологияларын тиімді қолданып келеді.

Гимназиямызда бүгінде «Цифрлы мектеп» эксперименті нәтижесінде электронды ресурстар базасы жинақталған. Осы электронды оқулықтар мен мультимедиялық оқу бағдарламаларын, тренажерлер мен жобалық жұмыстарды педагогтер оқу үрдісінде еркін қолданады. Электронды жур­налдарда және күнделіктерде күнтіз­бе­лік-тақырыптық жоспарларды реттеп, веб-сайттарға, электронды кітапханаларға және т.б. сілтемелерді қолдана отырып, оқу материалдарын уақтылы жоспарлап құ­растыруда.

Педагогтердің білім алушылармен тілдесуі мен кері байланысы – электронды хат, хабарлама, чаттар арқылы, ал консультациялар жеке немесе топтық бейнебайланыс түрінде телекоммуникациялық құралдардың көмегімен жүзеге асырылып жатыр. Барлық жұмыстар Кundelik.kz, Daryn.online, Bilimland, сондай-ақ Whatsapp, Telegram каналдары арқылы атқарылады.

Жаңа форматта жүргізілетін жұмыс түрлері міндетті түрде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымен ке­лі­­сі­леді. Жоспарланған жұмыс түрлері тура­лы кез келген ақпарат білім алушылар мен ата-аналарға электронды журналдар мен күнделіктер арқылы дер кезінде жеткізіледі.

Онлайн-сабақтар бекітілген оқу кесте­сіне сәйкес өткізіліп жатыр. Білім алу­шы­ның өзіндік жұмысына бақылау жасалып, кері байланыс жүргізілуде. Үй тапсырмаларының көлемі белгіленген нормаларға сәйкес берілуде.

Гимназиямыздың тәжірибелі педа­гог­тер­дің жасап жатқан жұмыстары мен пікір­леріне тоқтала кетсек. Бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Жатақбаева: «Оқушылардың қызы­ғу­шы­лық­тары жақ­сы, бірақ олармен бетпе-бет кездес­кен­ге, әрине жетпейді. Баланың басынан сипап, арқасынан қағып, көзіне қарап сабақ беру – ерекше сезім. Оны қашықтан оқытуда сезіне алмайсың. Ата-аналар балаларымен бірге сабақ оқу барысында білім берудің қиыншылығын түсінді. Өз балаларын жаңа қырынан көріп, балаларының мүмкіндіктеріне көздерін жеткізді. Ұстаздың мойнында қанша үлкен жауапкершілік пен еңбек тұрғанын біле бастады» деп ойымен бөліссе, Әсем Смакова: «Елімізде белең алып жат­қан қиындықтарға қарамай, заманға сай жаңашыл әдістердің керегін қолданып, шәкірттеріміздің тарыдай талабына үңіліп, кеудесіне таудай үміт ұялатып еңбек етіп жүрген Отанымыздың түкпір-түкпіріндегі әріптестерімнің еңбегі ерен деп ойлаймын. Оқушылар өздігінен білім алуға дағдыланғаны байқалып жатыр, білім сапасы орнықты деңгейде тұр деп есептеймін. Оқушылар саналы түрде «Білім өзім үшін керек» деп бар мүмкіндікті пайдаланып оқуда» деді.

Сол сияқты ұжымның барша пе­да­гог­те­рі қашықтан оқытуда ешқандай мәсе­ле жоғын айтып, білім сапасы тиісті деңгей­де болады деген сенімде.

Қашықтан оқыту мен тәрбиелеу – сынып жетекшілеріне де оқушылар мен ата-аналарға да таңсық, жаңа тәжірибе. Сынып жетекшілері ата-аналарды қашықтан оқыту мен тәрбиелеу процесі, сабақ кестесіндегі өзгерістер мен кері байланыс жасау, оқу барысы мен оқу нәтижелері, білім алу­шы­ларға үйде жағдай жасау қажеттілігі ту­ралы хабардар етіп отыр. Білім алушы­лар және олардың ата-аналарымен сұхбаттар, форумдар электронды журналдар мен күнделіктер жүйесінде және чаттар арқылы жасалады. «Ата-ана – мұғалім – оқушы» атты үштік арасындағы байланыс бұрынғыдан да нығая түсті. Ата-аналар ұстаздардың жұмысын жоғары бағалап, алғыстарын жариялауда. Қашықтан оқыту арқылы олар ұстаз жұмысының көптеген қырымен танысты. Сонымен қатар дарынды балалармен жұмыс төтенше жағдай кезінде де өз жалғасын табуда.

 

Сандуғаш БИЖАНОВА,

«Жаңа ғасыр» №175 гимназия директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары