Отандық жылжымайтын мүлік агенттіктері үшін көктем-жаз айларында жұмыс қызатын. Жыл сайын осы уақытта транзакциялар саны екі есе өсіп, адамдар жиған-тергенін үйге салуға тырысатын. Төтенше жағдай енгізілген соң жұмыс тоқтап қалды. Нарықтың осы сегментіндегі өзге ойыншылармен бірге онлайн жиын өткізген Homsters.kz онлайн-сервисінің өкілдері 19 наурыздан бастап сайт трафигі азайып кеткенін айтты. Тек соңғы бір аптада ғана қозғалыс байқалған. Бұған банк қызметкерлерінің, құрылыс компанияларының карантин жағдайына бейімделіп, онлайн режімде қызмет көрсететін технологияларды іске қосқаны себеп болыпты. Осылайша банк секторы ғана емес, жылжымайтын мүлік нарығы да IT-технологияға ілесуге тырысып жатыр.
Сәуір айының екінші онкүндігінен бастап нарық қайта қалыпқа келуге бағыт алды. Қазір наурыз айымен салыстырғанда сұраныс 20 пайызға өсті. Homsters.kz онлайн-сервисінің менеджері Зульфия Гетманчук клиенттердің де баспананы сайт арқылы іздеп, онлайн ресімдеуге енді ғана бейімделіп келе жатқанын айтады. «Бұл әлемдік тәжірибе үшін қалыпты жағдай. Мәселен, Ресейде Санкт-Петербургте тұрып, Мәскеуден онлайн-сервис арқылы үй ресімдеу бұрыннан тәжірибеде бар. Біз де осыған бейімделу керектігін талай рет айтқанбыз. Пандемия осы процесті жеделдеткен сияқты. Әр нәрсенің қайыры бар», дейді.
Оның айтуынша, құрылыс сегментінің өкілдері де онлайнға көшіп, жұмыс кестелеріне өзгерістер енгізе бастаған. Bazis-A, BI Group, Век Құрылыс, Kusto Group, Highvill, NAK сияқты ірі құрылыс компаниялары ғаламторда түрлі кеңес өткізіп, тапсырыс берушілер таңдаған пәтерлерге онлайн-бронь жасауды бастап кеткен. Келісімшарттарды ресімдеуге қатысты біраз операцияларды үйден шықпай-ақ жасауға мүмкіндік бар. Портал наурыз айының соңынан бастап электронды цифрлы қолтаңбаны онлайн-режімде алуға мүмкіндік беретін тетікті іске қосты. Ал сәуір айының ортасынан бастап QR-код арқылы төлем жасауға болады.
BI Group компаниясының веб-сайты арқылы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент немесе Атырау қалаларынан пәтер таңдай аласыз, түсінбеген сұрақтарыңыздың жауабын да онлайн-кеңес арқылы алуға мүмкіндік бар. Бұрын тек риэлторлардың меншігінде болған тәуліктік жалға беру мәселесімен енді құрылыс компаниялары да айналыса бастапты. Мысалы, BI-Group компаниясының веб-сайты арқылы көңіліңізден шыққан пәтерді 3-9 күнге броньдауға болады, қысқамерзімді броньдау сомасы 35 мың теңгені құрайды. Егер сатып алу туралы шешім қабылданса, клиенттің жеке веб-параққа өтіп, броньдау туралы келісімге қол қойып, 500 мың теңге кепілдік жарнасын төлеп қоюға мүмкіндігі бар. Бірақ банктегі қолма-қол ақшаны шектеулерге байланысты қазір банк картадан толық төлем жасауда кедергілер бар екен. «Біз барлық операцияны, соның ішінде пәтер ақшасын аударуды онлайн-режімде жүргізуге дайынбыз. Алайда карт-шоттан ақша аудару кезінде банктер тарапынан шектеулер бар. Оны да қалыпқа келтіруге болады. Бірақ клиенттер онлайн-төлеммен келісімшарт жасауға қорқады», дейді құрылыс компаниясының өкілдері.
Карантинге байланысты құрылыс жұмыстары сәл саябырлағаны рас. Сарапшылар бұл проблема тұрғын үй секторындағы бұрын назар аударылмай келген кемшіліктердің бетін ашқанын айтып отыр. Мысалы, дайын үйлерге жасалған келісімшарттарды тіркеуде кедергі көп. Кәмелетке толмаған меншік иелерінің келісімін алу үшін, құжаттарды куәландыру және мәмілені тіркеу үшін нотариусқа жүгіну қажет. Әділет департаменті нотариустардың қызметін тоқтатқаннан кейін бұл жұмыс тоқтап қалды. Қазақстанда жылжымайтын мүлікпен мәмілені қашықтан куәландыруға мүмкіндік беретін электронды нотариус бізде тәжірибеде болып көрмеген. 25 наурыздан бастап ХҚО жабылғаннан кейін бірде-бір транзакция тіркелмеген.
Қазақстандағы Риэлторлар қауымдастығының президенті Лариса Степаненко бұл мәселе де алдағы уақытта мемлекеттік деңгейде реттелуі қажет екенін айтты. Себебі карантиннен кейін экономиканың барлық сегменті бұрынғыдай болмайтынын, цифрлы технологияның дегеніне бағынатынын ішкі нарық мойындай бастады. Дайындықты бүгіннен бастамасақ, ертең кеш болары сөзсіз. Айталық, ЕАЭО елдерінің қаржы институттарының, банктерінің Қазақстанға келуін төтенше жағдай тоқтатып тастады. Күні ертең олар ақпаратты технологияның соңғы мүмкіндігімен қаруланып, есіктен төрге озса, тұрғын үй нарығындағы онлайн-сервистің барлық түрі соларға ойысуы әбден мүмкін. Қазір тұрғын үй секторының қайталама нарығындағы келісімшарттардың бәрі осы мәселелерге байланысты тоқтап, карантиннен кейінгі уақытқа қалдырылған.
Ипотекалық келісімшарт жасау ісі де жаңа жағдайға бейімделіп үлгергенін осы жиында байқадық. Құрылыс-ипотека нарығындағы ең ірі ойыншы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі төтенше жағдай кезінде онлайн-сервистерді енгізуді жеделдетті. Бірақ әзірге көрсетілетін қызмет түрі жаңға шоттарды ашу, салымшының деректері мен келісімшарттарындағы өзгерістерді қайта тіркеу немесе шоттар арасындағы ақша аударымдарымен шектеліп тұр. Банктің келісімін алған займдар Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында тек алдын ала тіркелу арқылы ғана беріліп жатыр. Аталған банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова бірінше кезекте төтенше жағдай жарияланған уақытқа дейін несие алуға өтініш беріп, сату-сатып алу туралы келісімшарт жасап үлгерген клиенттерге басымдық берілетінін айтты. Қолда бар деректер бойынша олар бар болғаны 35 клиент. Алдағы уақытта сол клиенттермен жасаған келісімшарттарға нүкте қойылса, олар меншік иесі атанады.
«7 – 20 – 25», «Баспана Хит», «Орда» ипотекалық бағдарламалары бойынша несие беру әзірге тоқтап тұр. Себебі бағдарлама бойынша несие беретін банк серіктестерде қажетті онлайн-қызмет әзірге іске қосылған жоқ. 15 сәуірде Ресейде алғашқы онлайн-ипотекалық мәміле жасалғаны, сатып алушы жаңа ғимараттан пәтер сатып алғаны туралы БАҚ-тан құлағдар болдық. Ресей қаржы институттары бұл жаңалықты іліп әкетіп, дамытуға кірісті. Жалпы, төтенше жағдай жылжымайтын мүлік нарығын тығырыққа тіреді деуге болады. Соған қарамастан ептілері бірден ес жиып, тығырықтан жол іздеп, жағдайға бейімделуге тырысып жатыр.
Homsters.kz онлайн сервисінің менеджері Зульфия Гетманчук нарықтың бейімделуіне клиенттердің психологиялық жағынан дайын болмауы да кедергі келтіріп жатқанын айтты. Нарық асықса да, клиент асығар емес. Жалпы, елімізде онлайн-нарық бұрыннан бар, оны жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, ОLX арқылы саудаға салынған бұйымдардың ең қымбаты – 2 млн теңге шамасында. Ал құны 200 млн теңгеден асып кететін тұрғын үйді онлайн-режімде сатып алуға халық психологиялық жағынан дайын еместігі түсінікті, «алданып қаламын» деген қорқыныш басым. Оның үстіне, нарықта алаяқтық әрекеттер аз емес. Клиент келісімшартқа қол қоймас бұрын пәтерге барып, бәрін өз көзімен көруге тырысады. Жаңа көршілерінің кім екенін білгісі келеді. Бәрі ойынан шықса ғана келісімшартқа қол қояды. Ал карантин кезінде ондай мүмкіндік жоқ. Тіпті ұсынылған пәтерді бейнеформатта көрсетсек те клиенттер күмәнданады. Бірақ қалай болғанда да, төтенше жағдай жылжымайтын мүлік нарығындағы ойыншылар мен клиенттердің онлайн-режімде жұмыс істеуге құлшынысын арттырғаны анық.
АЛМАТЫ