Руханият • 08 Мамыр, 2020

Адам баласының бір-бірінен өзгешелігі жайлы өлшемдер

901 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Адам жаман істерге нәпсіге бағынып, оның жетегінде ергендіктен барады. Әйгілі төрт халифаның бірі Әли ибн Тәліп: «Қорқыныштың қорқынышы нәпсіге ие болмау. Нәпсінің жетегінде кету адамды ақихаттан аластатып ақыретті ұмыттырады» деген екен.  

Адам баласының бір-бірінен өзгешелігі жайлы өлшемдер

Ислам қағидасымен қарағанда, «бақытты адам» деп өз нәпсісіне ие адамды айтады екен.  Яғни, мұсылман үшін адамның адамнан артықшылығы нәпсісін тізгіндей алуымен өлшенеді. Ондай пендені «Абзал адам» дейді. Атақты сахаба Әбу ибн Жәррах «Адамның абзалы деп ­– Алланы танып, ақырет үшін амал жасаған адамды айтады» депті.  

Ал, атақты ғалым Ибн Ражаб болса адам баласын екі топқа бөліпті. Бірінші топтағылар – бұл өмірдің өткінші өзіне сыйлық пен жаза тағайындау үшін жаралғанын сезінбейді. Олар дүние қызығына беріліп нәпсіге құл болудан бас тартпайтындар. Олардың бұл дүниемен байланысы көп болғандықтан қоштасуы да қиын болады. Екінші топтағылар - өлімнен кейін сұрақтың болатынын сезінетін пенделер.

Ал, үлкен ілім иесі Әли әл-Мұртада болса адамдарды үш топқа бөліпті. Біріншісі – раббани ғалымдар, екіншісі – құтқарылу жолына түскен ілім іздеушілер, үшіншісі - әркімге еліктеп өзін нұрландыра алмағандар.  

Абай атамыз адамдықтың деңгейін иманмен өлшеген. Өзінің қара сөздерінде: «Толық мұсылман болмай – толық адам болмайды» - деп, кесіп айтқан.

Сол сияқты көне қытай ойшылы Кунзы (Конфуций) адам үш түрлі болады, дейді. Дана адам – асып таспайды, Жақсы адам – күй талғамайды, Батыл адам – қорықпайды, депті. Осы  қытай жұртының тағы бір ғұламасы, дао ілімінің негізін қалаушы Чжан – Цзы: өзінің арғы тегінен ажырамайтын адамды Аспан адамы деп атапты. Өзінің рухани бастауынан бөлінбеген адамды Қасиетті адам депті. Шындықтан бөлінбеген адамды Кемел адамға жатқызған.

Ал, немістің атақты философ ғалымы Артур Шопенгауэр адамның қасиеттерін: туа бекзада, қалталылар аристократиясы, таланттың тектілігі деп үшке бөлген. Сол сияқты  орыс жазушысы Лев Толстой марқұм пенде баласы үшін даналыққа (адами ұлы қасиетке) жетудің үш жолы бар, депті. Біріншісі – ой арқылы жету, бұл шапағатты жол, екіншісі – тәжірибе арқылы жету, бұл ауыр жол, үшіншісі – еліктеу арқылы жету, бұл ең жеңіл жол деген екен.