Старый Руссо жерінде болған еді...
Біз он үш жас жігіт 1942 жылғы 17 маусымда Қарсақбай кентінен соғысқа аттандық. Бізді бірден Куйбышев облысының Тоцк темір жол стансасында орналасқан 11-ші запастағы атқыштар бригадасына жіберді. Бұл жерде үш ай бойы химиялық барлаудың барлық жөн-жосықтарына үйретті. Сол кездегі деректер бойынша, фашистердің химиялық соғысқа дайындығы өте жоғары-тұғын. 1941 жылы неміс армиясында гаубицалардың 2 миллион химиялық снаряды және 500 мың ауыр снаряды болған еді. Химиялық оқ дәрілер қоймаларынан немістер майданға күніне 10 эшелон жіберуге дайын болды. Біздің міндетіміз жау қолданатын улы заттың табиғатын анықтау, қорғану шараларын уақтылы қабылдау үшін немістердің химиялық шабуылды бастағанын білу, Кеңес әскерінің қарсы шабуылын бастау мақсатында химиялық қауіптің аяқталуын анықтау болды. Мұның бәрі бізге химиялық шабуылды тойтаруға дайындығымызды жоғарғы деңгейде қамтамасыз ету міндетін қойды. Оқу қиынға соқты. Суворов айтқандай «жаттығу қиын болса соғысу оңай болады». Сөйтіп қыркүйек айында бізді майданға жөнелтті.
Мен Старый Руссо түбіндегі Эльмень көлінің маңайында орналасқан Солтүстік-Батыс майданының 353-інші жеке пулеметті-артиллериялық батальонына тап болдым. Бұл жерде Кеңес әскерлерінің қоршауында қалған 16-ыншы неміс армиясы тұрды. Мен тоғыз адамнан тұратын пулемет бөлімінің командирі едім. Біздің міндетіміз өзара былай бөлінді: үш адам пулемет пен танкіге қарсы мылтық қасында күзетте болады, үш адам дем алады, ал үшеуі жеркепенің ішіне жиналған лай суды котелоктармен қайта-қайта сыртқа тасиды. Біз бұл жерде қоршаудан шығуға ұмтылған неміс бронетранспортерлерінің шабуылын тойтарумен екі ай тұрдық. Ақпан айының аяғында қолбасшыдан шабуылға шығуға бұйрық алынды. 25 ақпанда, таңертең шабуылға шықтық. Бейтарап кеңістіктен өтіп, қалың қар басқан неміс дзотының алдындағы ашық алаңға жеттік. Фашистер пулеметтен толассыз оқ жаудырды. Көптеген жауынгер сол жерде қаза тапты. Біз қардың астына тығылып еңбектеп алға жылжуға мәжбүр болдық. Амбразураның алдында жар бар еді, біз соған секіріп түсіп, тыныс алдық. Дзотты құрту үшін алмұрт тәрізді гранаталарымызды дайындай бастадық. Бірақ олар бізді байқап қалып үстімізден граната жаудырды. Жарылыс толқынымен жан-жаққа ұшып кеттік, мен есімнен танып қалдым...
Есімді жисам неміс жеркепесінің сатысында жатыр екенмін. Жан-жағымда ауыр жарақаттанғандардың айқайы, ыңқылы құлақ тұндырады. Жеркепе іші тастай суық. Үш күн бойы санитарлық көмек көрсетілген жоқ. Тек төртінші күні ғана шанамен медбике келіп, бізді жақын маңайдағы темір жол разъезіне жөнелтті. Жауынгерлік госпитальге мен жаралы болғаннан кейінгі бесінші күні ғана жеттім. Бұл жерде дәрігерлер рентгенге түсіріп денемде көптеген оқ жарықшақтары бар екенін анықтады. Көбісі операциямен алынды, ал өкпемде тұрып қалған темір жарықшақтары алынған жоқ, ол кездегі медицинаның мүмкіншілігі де соғыс кезіндегі қауырт уақыттың да мұршасы болар, міне 57 жыл бойы сол темірдің жарықшағы әлі де денемде «сақтаулы» жүр...
Тек көп жыл өткен соң ғана, майдандастармен кездескен кезде, бізге сол жерде көмекке келген рота жауынгерлерінің неміс дзоттарын талқандап шабуылға шыққанын естіп білдім...
Курск доғасындағы шайқас
1943 жылдың шамамен 5-6 шілдесінің түнінде жаудың шабуылынан хабардар болғандардың бәрінде де ұйқы болмады. Орудия командирінің айналмалы орындығынан тұрып, сағатыма қарасам үш жарымды көрсетіп тұр екен. Жоғарғы люкті ашып танкіден шығып аяғыммен трансмиссиялық бөлімшенің үстіне тұрдым. Түнгі таза ауаны құшырлана жұтып жан-жағыма қарадым. Ағаш арасынан анда-санда құстардың үні естіледі. ...Таң алдындағы жарты сағаттан кейін кеңес артиллериясы күшті қарсы дайындық жүргізді. Қолға түскен тұтқынның айтуынша, бұл күшті отты соққы болды. Артиллериялық қарсы дайындық бастапқы межеде орналасқан неміс әскерлеріне елеулі шығын әкелді, жаудың шабуылға шығуына кедергі жасалды.
Қарсыластар шешуші шабуылға көшті. «Айдан анық, жау Обоянск шоссесіне шығуды көздеп отыр» деді полк командирі, «ол күшті танкілік таранмен біздің қорғанысымызды бұзып өтпекші, барлық взвод, рота командирлеріне шабуылдың басталғандығы туралы хабарлау керек, бөлімдерді жауынгерлік даярлық жағдайына келтірсін» деген команда естілді.
Люктердің есіктері тарсылдап жабылып, мотор үні гүрілдеп орманға жан бітті. Шлемнің наушниктерінен полк командирінің «Гвардияшылар жауға қарай алға!» деген даусы естіліп жатты. Алдымызда ауыр сынақ тұрғанын барлық жауапкершілікпен түсіндім. Обоянск тас жолындағы қозғалыс толассыз болды. Біз бастапқы жауынгерлік межеге жеткенде кеш те түсе бастады. Сонымен 69-ыншы гвардиялық танкілер полкі Яковлева селосына жетті. Біз қандай жағдай болса да жауды Обоянскіге жібермеуіміз керек. Бірақ жау «Жолбарыстары» мен «Пантераларын» жүздеп, екі жүздеп шабуылға шығарды. Біздің танкішілер олардың біржағын ойсыратса, екінші жақтан жаудың танкілері толып шыға келеді. Бұл тарихта болмаған өмір мен өлім арасындағы қантөгіс танкілер шайқасы еді. Біздің алдымызда тұрған бірінші эшелонның дивизиясы жаудың күшті екпінімен кейін шегінді. Гитлершілерге қатты соққы бере отырып біздің әскерлер алдын ала дайындалған межеге – майдан шебіне ұйымдасқан түрде шегінді.
Қарсы соққы беру туралы бұйрықты орындау кезеңі жеткендіктен біз танкімізбен алға ұмтылдық. Даланы танкілер моторының үні алып кетті. Тасада тұрған Т-34-шілер соғыс тәртібімен жауға ұмтылды. Танкілердің артынан жаяу әскерлер ерді.
Мен зеңбірек командирі болғандықтан қатты қобалжыдым. Себебі немістердің «жолбарыстары» мен «фердинандтарының» жуандығы 88 мм болатын зеңбірегі біздің танкілердің бронын 2 км қашықтықтан тесе алатын еді. Мұндай жағдайда біздің «отызтөртіншілер» ашық соғыста жеңіске жете алар ма екен деп ойладым. Жаудың ауыр танкілерінің осал жерлері де бар еді. Ауыр болат танкілер ыңғайсыз шабан жылжитын мұнараларын бізге қарай бағыттап бұрғанша жеңіл маневрлі «отызтөртіншілер» бірнеше рет нысаналы атып үлгеретін. Дегенмен, менің ойлағанымдай біраз шығынға ұшырадық.
Қарсыластар кезекті шабуылға шықты. Олар Обоянск тас жолының бойындағы майданға саны 200-ден асатын танкісін шығарды. Үлкен шығынмен жаудың шабуылын тойтардық. Біздің позицияға шабуылдаған жаудың бомбалаушыларын біздің истребительдер қуып тастауға тырысты. Негізінде от пен қалың түтін арасында не болып жатқанын айту қиын еді. Шабуыл арасындағы қысқа үзілісте люкті ашып, басымызды шығарып, ауа жұтып жеңілдене демалып бір-бірімізді қысқа жеңіспен құттықтадық. Сөйткенімізше болған жоқ жаудың кезекті шабуылы басталды. Тасада тұрған біздің танкілер гитлершілерді тура ату қашықтығына жіберіп алып, оларды осал жерлерінен көздеді. Біздің кейбір танкілер топтасқан ауыр және орташа танкілерді айналып өте бастады. Біздің позицияға жақындаған жау танкілерін артиллеристер мен танкистер қалың оқпен қарсы алды. Жау майданда оққа ұшып жанған машиналарын тастап, шегіне отырып қайта шабуыл жасаумен болды. Корпус позициясының алдындағы дала да, қыр да, орман да ойылған шұңқыр, қираған техникаға толы үлкен өрт алаңына айналды.
Гитлершілер Обоянск бағытында елеулі жетістікке жете алмай, бәсең шабуылға көшті. Жау қыруар күш жұмсай отырып қорғанысымызды түбіне дейін бұза алмағандықтан біздің табандылық көрсететінімізге сеніміміз молая түсті. Танкистер, артиллеристер мотоатқыштар адам айтқысыз шыдамдылықпен күрескенін көріп менің де үмітім ұлғайды.
... Күндіз біздің полктың позициясына жаудың 30 танкісі бет бұрғанда біз бұйрықты күтіп, шайқасты бақылап резервте тұр едік. Алдымызда танкіге қарсы ататын зеңбіректер тұрды. Жаудың бірнеше танкісі тойтарылды. Бір кезде оң қанаттағы төбенің үстінен бірнеше «жолбарыс» шыға келді де тура батареяға қарай ұмтылды. Алайда олардың снарядтары таусылып ататын оғы болмады. Бірнеше минуттан кейін зеңбірек расчеттары тапталуы сөзсіз еді. Бір кезде олардың қасынан снаряд жарылды, бәрі де қаза тапты. Біздің шыдамымыз таусылып, менің танкім және басқалар орнымыздан қозғалдық. Орманнан шыға үлкен жылдамдықпен келіп, таранмен неміс танкілерін соғып аударып тастадық. Мен тараннан кейін соңғы күшімді жинап жанып жатқан танкіден әзер шығып үлгердім. Құлақ тұндырар қатты соққыдан контузия алдым. Одан кейін не болғанын білмеймін, есімді жисам санитарлық бөлімнің палатасында жатыр екенмін...
Берлинге шабуыл
...Кеңес әскерлері Германия жеріне толық аяқ басып Берлинді шабуылдауға дайындық жасап жатты. Біздің бірінші гвардиялық танкі армиясы басты соққының нағыз басында тұрып немістерді барлық жолында дем алдырмай соңына түсіп отырып үнемі қуумен болды.
69-ыншы гвардиялық танктер полкінің танкистері Данциг пен Гдыняда ауыр шайқастарды бастарынан өткізді. Бұл жерлерде немістер бізге қарсы «бендеровшілер» мен «власовшыларды» қарсы қойды. Олар бізге қарсы соңғы фауст-оғы қалғанша соғысты. Фауст-оқтарымен біздің танктерден танк қалдырмай атқылады. Оларға жақын барып танктың шынжыр табанымен жанышпайынша олар тұтқынға берілген жоқ. Егер олардың фауст-оқтары таусылып қалған болса, олар берілмей танктың астына түсуге ұмтылады немесе қаша жөнеледі. Біз оларды танкімен қуып жүріп шынжыр табанымен жаншуға мәжбүр болдық.
1945 жылдың наурызында қарсыластардың негізгі күштері аяғына дейін талқандалды. Соңғы шешуші Берлинді шабуылдау операциясына даярлық басталды...
Берлинге шабуылдың алдында біздің армия, оның ішіндегі біздің полк жаңа әскери машиналармен толықтырылды. Жергілікті жер жаудың жақсы қорғана алуына қолайлы екені анық болды. Батпақты саз өзендер мен ағып жатқан жылғалар, арықтар, көлдер – Кеңес армиясының шабуылға шыққан бөлімдерін абыржытуға ғана емес, сонымен қатар бөлшектеп тастауға да болатын тиімді рельеф еді. Танкистер үшін де қиындықтар болды. Одердің батыс жағалауы батпақты сазды су басып жатқан жер. Оның арғы жағында салбыраған тік жартастары бар Зееловский биіктіктері. Сонымен бірге бетондалған немесе ағаш жеркепеден жасалған оқ атылатын нүктелер.
...Әлі есімде, сәуір айының орта кезінде полк армияның басқа да құрамдас бөлімдерімен бірігіп түн қараңғысын жамылып, алдын ала дайындалған уақытша жасалған өткелдермен Одердің сол жақ жағалауына шықты және плацдармда арнайы белгіленген алаңға келіп тіреліп кірді.
Көп майдандас жолдастарым соғыстың соңғы күндеріне дейін жеткен жоқ. Экипаждың бұрынғы ескі танкистерінен жалғыз қалдым. Берлинді шабуылдау кезінде кенеттен мені өлтірсе, бәрінің де біткені емес пе?!... Міне, сондықтан да «тірі қалсам екен және соғыстан кейінгі кезеңді – кеңес адамдарының қуанышты бақытты өмірін көрсем екен...» деген менің ең соңғы арманым осы болды.
1945 жылдың сәуір айының ортасындағы қай күні екені есімде жоқ, таңғы сағат 5-те Кеңес әскерлерінің «Рейхтың» астанасына соңғы шешуші шабуылының басталғанын мыңдаған зеңбірек құлақты жаратын қатты гүрсілмен хабарлады. Аспанда біздің бомбалағыштардың гуілі толастамады. Артиллериялық даярлықтан кейін жүздеген прожектор жарқ ете қалды. Одердің арғы жағындағы ойпатының бәрі мыңдаған снарядтың, минаның, авиациялық бомбалардың жарылысынан ырғалып будақтаған түтін араласқан көгілдір жарықпен жарқырап жатты. Түтіннің тығыз болғаны соншама, тіпті күшті зениттік прожекторлардың өзі жарыққа жол аша алмады. Жаяу әскерлер мен танкілер тығыз үйіріліп шабуылға шықты. Бізге күшті отты құйынмен доттардың, дзоттардың, танкіге қарсы мүмкін болатын кедергілердің, қоршаулардың және қақпандардың жүйесін жеңіп өтуге тура келді.
...Берлин ішіндегі көшелер үшін шайқастар да басталды. Біздің шабуыл майданының шебі империялық канцелярия мен Рейхстагтан алыс емес «Тиргарден» паркіне тірелетін Вильгельмштрассе көшесі арқылы өтіп жатты. Бізге фаустатқыштар кедергі жасады. Кейбір кезде канализациялық құдықта немесе үйдің подвалында отырып алып көшеге шыққан танкілерді ата бастайды. Қай жаққа қарау керек екенін білмейсің. Біз бәріміз экипажбен бірге көше жаққа шыққан кезде біздің танк өз орнында тұр екен, радист-атқыш фаустатқыштарға қарсы пулеметтен оқ жаудырып жатты. Германия жеріне кірген кезде күн сайын шайқаса отырып 5, 10, 15 шақырымдай қашықтықты шабуылмен алатын едік, енді міне алға 5 метрге де жылжи алмай келеміз. Көпқабатты үйлердің терезесінен фаустатқыштардың шыққанын аңдыдық. Атқыштар көрініп қалса болды зеңбіректен шрафнельды және жарқыншақ снарядпен атқылаймыз. Бұрын бір снарядты немістердің бір топ жаяу әскерлеріне жұмасасақ, енді бір фаустатқышқа жұмсауға тура келеді. Осылай үйлердің терезелерін атқылап отырып Берлиннің көшелерімен күн сайын 50 немесе 100 метрге ғана жылжыдық.
Көшелердегі шайқастарда біздің армияның құрамдары осылай шабуыл жасап отырды. Тіпті экипаждар танкіде бір адамын ғана қалдырып автоматпен, гранаталармен қаруланып көпқабатты үйлердегі фаустатқыштардың ізіне түсті.
25 сәуір күні қарсыластардың Берлин маңындағы топтары толық қоршауға алынды, әскерлері апатты жағдайға енді. Берлин гарнизонының тағдыры алдын ала шешілді. Танкінің радиоқабылдағышы арқылы 2 мамыр күні таңертең армия қолбасшысының оқ атуды дереу тоқтату туралы бұйрығын тыңдадық. Бұл қуанышты хабар еді. Жауынгерлер мен офицерлер біріне-бірі құттықтауға ұмтылды. Әркім әрқалай пистолеттен, винтовкадан, автоматтан, зеңбіректен аспанға оқ атқылап бас киімдерін жоғары лақтырды. Жеңістің құрметіне салют аттық. Жау жеңілгенін мойындап, берілді. Берлин отқа оранып, жанып жатты.
Біз 1945 жылдың 9 мамырына дейін Берлинде тұрдық. Орнаған тыныштық арасынан дауыстап сөйлейтін күшейтілген қуатты қондырғылардан Германияның беріліп, капитуляция жасағандығы жайында естіліп жатты. Осылайша «Берлин шабуылы» – шайқасын аяқтап 1946 жылдың 16 наурызында туып-өскен үйіме, Қарсақбайыма оралдым...
P.S.: Бұл қанды сұрапыл соғыстың ел аузында жүрген тек үш маңызды кезеңі туралы ғана өз қолымен жазған Бектай майдангердің басынан кешірген әңгімелері... Әрине соғыста үш жыл сегіз айдан аса уақыт болып, жеңіспен Отанына қайта оралған, бүгінде бақилық болған жауынгердің өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық, айтылмай кеткен, жазылмай кеткен, тәрбиелік маңызы зор қаншама әңгімелері жетпей қалды десеңші...!
Иә, Екінші дүниежүзілік соғыста елі мен жерінің амандығы үшін қанын аямай төккен қаншама қазақ солдаты қыршынынан қиылып, ерлікпен қаза тапты. Бүгінде майдангерлер қатарын саусақпен ғана санауға болады, оларға лайықты сый-құрмет көрсете алып жүрміз бе деген терең ойлар мен сұрақтар түсінген әрбір адамды мазалайтыны анық! Тарих сабақтарын өз уақыт еншісіне алып, ұрпақ жадына әлсін-әлсін сіңіріп отыру – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы!
Дайындаған
Мүталап ӘБСАТТАРОВ