Президент • 12 Мамыр, 2020

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қиындықты бірге еңсереміз (Мемлекет басшысы ел алдында тұрған еңселі міндеттерді айқындап берді)

512 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысы өтті. Жиынға облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары бейнебайланыс режімі арқылы қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қиындықты бірге еңсереміз (Мемлекет басшысы ел алдында тұрған еңселі міндеттерді айқындап берді)

Мемлекеттік комиссия қайта құрылады

Жер-жаһанға қауіп төндірген індеттің елімізде кең таралуына жол бермеу мақсатында құрылған мемлекеттік комиссияның жұ­мы­сы қорытындыланып, төтенше жағдай режімінің аяқталғаны мәлім болды. Соңғы екі айда қолға алынған іс-шаралар сараланған отырыста сөз тізгінін ұстаған Пре­­зи­­дент Қасым-Жомарт Тоқаев қауіп-қатердің әлі беті қайта қойма­­ғанын, дегенмен індеттің шарықтау шегі артта қалғанын атап өтті.

– Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемле­кет­тік комиссия ауқымды жұмыс атқарды. Халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылды. Енді төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жө­ніндегі комиссия Эконо­ми­калық өсімді қалпына келтіру жө­ніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылады. Бү­гін бүкіл еліміздегі төтенше жағ­дай режімі аяқталды. Алайда кей­бір аймақтарда дерттің тара­луы бәсеңдемей отыр. Індет то­лығы­мен жойылып кеткен жоқ. Пан­де­мия халықтың денсау­лығы­на әлі де қауіпті. Сондықтан каран­тин­дік шектеулер әр өңір­дегі жағ­дайдың жақсаруына қа­рай бір­тіндеп алынады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, көп­теген саланың қызметі қалпына келе бастады. Қазірдің өзінде
1 миллион 100 мыңнан аса азамат жұмысқа шықты. Енді еліміз бо­йынша дүкендердің біразы ашылып, сән салондарының, білім орталықтарының тағы басқа нысандардың қызметі қайта жандана бастайды. Саябақтар ашылады. Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашылған болатын. Енді оған тағы 7 қала қосылады.

2

Әйтсе де көптеген шектеулер алынып тасталғанына қарамастан, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстану маңызды болып қала бермек. Бұл ретте Мемлекет басшысы Үкімет жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуі қажет екенін алға тартты. Атап айтқанда, шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істеуі керек. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бет­перде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс. Облыстар ара­сындағы көлік қатынасына қа­тысты шектеулер қала береді. Қо­ғамдық көліктер жартылай жүк­­темемен жұмыс істейді. Жо­лау­шылардан бетперде тағу та­лап етіледі. Көшеде топтасып жү­ре­тіндер 3 адамнан аспауы керек. Мем­лекеттік қызметшілердің 50 па­йызы қашықтан жұмыс істей бере­ді. Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шы­ға­ратынын өздері анықтауға тиіс.

 Пандемия әлі де қауіпті

– Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен, адамдар­дың қауіп­сіздігіне байланыс­ты мәселе. Жұмыс орнында әлеу­мет­тік арақашықтық және қатаң сани­тарлық режім сақталуы қажет. Ін­деттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін. Сондықтан өзі­міздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуы­мыз керек. Індет қайта өрші­ген жағдайда Үкімет нақты шұ­ғыл іс-қимыл жоспарын дайындайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылып жатыр. 4,5 миллионнан аса адамға 42 500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілуде. 1 миллионнан аса азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілуде. Коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді. Оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосымша көмек алады. 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. 700 мыңнан аса компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды.

Президент жұмыс барысында олқылықтардың болғанын, індет көп таралып, экономикалық мәселелер қатты ушығып кетке­нін, соған сәйкес дер кезінде шұғыл шаралар қабылданғанын айт­ты. Туындаған көптеген мәсе­ле қоғам өкілдерінің белсене қаты­суы арқылы да шешіліп отырды. Бұдан осы шақ «Халық үні­не құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­дамасын жүзеге асырудың ­ма­ңызды кезеңіне айналғаны кө­рінді.

Қаржы резерві жеткілікті

– Коронавирус пандемиясы әлемдік рецессияның баста­луына себеп болды. Тіпті ұзаққа созы­латын экономикалық дағда­рысқа да алып келуі әбден мүмкін. Жер-жерде протек­цио­низм­нің күшеюі белең алуда. Эко­но­миканың тұтас салалары тоқы­рауға ұшы­рап жатыр. 400 миллион­нан астам кәсіпорын банкрот болудың алдында тұр. Әлемдегі еңбекке жарамды ха­лықтың жартысына жуығының табысы азайды. Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге түсетінін болжап отыр. Осындай жағдайға қарамастан, еліміз бірқатар басымдыққа ие болып отырғанын айтқым келеді. Бізде қаржы резерві жеткілікті және мемлекет қарызының көлемі мүмкіндігімізге орайлас. Ең бас­тысы, біз жаңа ахуал жағдайында жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиімділікті арттыру үшін ресурстарды қайда жұмсау керектігін білеміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев халық­тың өмірі мен ден­сау­лығын сақ­тай отырып, аза­маттардың табысын арттыру, бизнесті қолдау жә­не оны дамы­ту, білім және ғы­лым жүйе­сін жетілдіру күн тәрті­бінен түс­пейтінін айта келе, дағ­дарыс кезіндегі және одан кейін­гі да­мудың басымдықтарына тоқ­талды.

– Жуық арада ең өзекті деген мынадай мәселелерді шешуіміз керек. Біріншісі – Қазақстан экономикасының өзін өзі қамту деңгейін арттыру. Бұл үшін қолда бар қуатты шикізат қоры негізінде өнеркәсіп саласындағы өңдеудің тың тә­сіл­дерін дамыту қажет. Біз Қазақ­стан экономикасының келешек­тегі құрылымына жаңа көзқа­­рас­пен қарауымыз керек. Оның өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету сияқты басты сала­ларының рөлін айқындаған жөн. Басқаша айтқанда, шұғыл түрде экономиканың жаңа құры­лы­мын қалыптастыруға тиіспіз. Энергетика секторына айтар­лық­тай реформа жүргізу қажет. Дағ­дарыстан кейін бұл сала бұрын­ғыдай болмайды. Орта мерзімдегі кезеңде «жасыл энергетикаға» бет бұру – аса маңызды міндет. Ин­дустрияландыру үдерісіне қа­тысты ұстанымды қайта қарау қажет. Экспорттық және ішкі нарықтардағы нақты мүм­кін­діктерді айқындауымыз керек. Бұл ретте алға қойған мақсаттарды, әдіс-тәсілдерді белгілеп, ілгерілей түскен жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алуды сауатты пайдалануды экономикалық белсенділікті қалпына келтірудің құралы ретінде қарастыру қажет екенін алға тартты. Отандық та­уар өндірушілерді қолдауға бағыт­талған мемлекеттік сатып алудың ерекше тәртібі биыл тамыз айына дейін жалғасын табады.

 Агросекторды қолдау ұлғаяды

Мемлекет басшысы аграр­шы­ларға барынша қолдау көрсеті­летінін мәлімдеді. Қазірдің өзінде іске асырылып жатқан форвардтық сатып алуларға қоса оффтейк-келісімшарттарды енгізу және «ҚазАгро» кредиттері бойынша берешекті қайта құрылымдау жолымен қаржыландыру тетіктері кеңейтіледі.

Қазақстанда 1 миллион 700 мың жеке қосалқы шаруашылық бар. Алайда олардың өнімдері сауда объектілері арқылы ресми сатылмайды және қайта өңдеу кәсіп­орындарына түспейді. Мем­лекет олардан салық алмайды, мұн­дай шаруашылықтарда жұмыс істейтіндер әлеуметтік жағы­нан қорғалмаған. Осы ретте Пре­зидент Үкіметке «Атаме­кен» ұлттық кәсіпкерлер палата­сымен бірлесіп, ауылдағы кооперациялық желіні дамыту үшін «Егіс алқабынан – дүкен сөресіне дейін» атты қанатқақты жобаны бірнеше өңірде бастауды тапсырды. Содан кейін оның ауқымын кеңейтіп, 2021 жылдың ортасына қарай толыққанды бағдарлама әзірленбек. Осы бағдарламаны жүзеге асыру кезінде «ҚазАгро» арқылы жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз болатын жеңілдетілген шағын несие беріледі. Мұнда «Даму» қорының кепілдік беру тәсілдерін пайдаланған жөн.

Сондай-ақ тұрақты сатып алу және сату жүйесін қалпы­на келтіру керек. Жобаға қатысу­шы­ларды оқыту және олардың аграр­лық саладағы құзыретін артты­ру ісін де қолға алу қажет. Мұның бәрі 2 миллионға жуық ауыл тұрғынының табысын кө­бейтуге, отандық ауыл шаруа­шылығы кәсіпорындарының жүк­темесін 53 пайыздан 70 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

– Екіншіден, біз «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдар­ла­ма­сын жүзеге асыруға 1 трил­лион теңгеге жуық қаржы бө­ліп отырмыз. Бұл – қомақты қара­жат. Оны шағын бизнесті несие­леуге де пайдалануға болады. Со­ның бәрі құзырлы орын­дар­дың бақылауында болып, то­лығы­мен мақсатқа сай жұмсалуға тиіс. Осы күрделі кезеңде қаржы­лан­­ды­рылып жатқан жобалар арқылы ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Бұған жұмысшыларды барынша көптеп тарту керек. Үнемі экономикалық табыс әкелетін немесе адам капиталын дамытатын бастамалар қолға алынуы қажет. Осыған орай мектеп, аурухана және басқа да нысандар салынып, жаңғырту жұмыстары жүргізілуге тиіс. Біркелкі нысандардың әр аймақтағы құны өте алшақ болуына жол бермеу аса маңызды. Өкі­нішке қарай мұндай жағдай біз­де көп кездеседі. Жүзеге асқан жоба­лардың әлеуметтік-эконо­ми­калық тиімділігіне талдау жа­салады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент, үшіншіден, экономиканы дамытудың, жұмыспен қамтуды күшейтудің және әлеу­меттік қолдаудың факторы ретінде қолжетімді тұрғын үй салу мәселесіне мән берді. Бұл ретте ол Елбасының бастамасымен қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы ипотекалық несиелендіруге және тұрғын үй құрылысына үлкен серпін бергенін атап өтті.

 Тұрғын үй несиесі: 5-10-20

– Кезекте тұрған азаматтардың мәселесін шешу үшін тұрғын үй несиесімен қамтамасыз ету ар­нал­ған «5-10-20» жаңа жобасын іске асыруды тапсырамын. Осы­ған орай дағдарысқа қарсы бөлін­ген қаражат есебінен 390 мил­лиард теңге бөлеміз. Биыл елімізде бұрын-соңды болмаған көлем­де тұрғын үй салынады. Атап айт­қанда, 15 миллион шаршы метр немесе 150 мың пәтер. Азамат­тарымыздың тұрғын үй жағ­дайын жақсарту – маңызды мәселе. Шын мәнінде, бұл – Үкімет жұмы­сындағы страте­гиялық басым­дығы бар бағыт­тардың бірі. Сол үшін инсти­туционалдық құры­лымды жаң­ғырту керек. Үкімет жыл соңына дейін «Тұр­ғын­үйқұрылысжинақбанкі» акцио­нер­лік қоғамы негізінде толық­қанды даму және қолдау көрсету бағытындағы «От­ба­сы банкін» құруға тиіс. Бұл құры­лым тұрғын үй есе­бін, кезек­ке қою және үй беру тәр­тібін бір орталықтан жү­зеге асы­ратын бо­лады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған қоса Мемлекет басшысы азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алу үшін пайдалану жөніндегі тапсырмасын 1 шілдеге дейін аяқтауды жүктеді.

 Салық төлеудегі әлеуметтік әділдік

Төртіншіден, Президент тарапынан әлеуметтік әділдік үшін жалақы мен басқа да кіріс түрлеріне қатысты жеке кіріс салығының үдемелі өлшемін енгізу мәселесін пысықтау керек екені назарға алынды. Мұн­дағы мақсат – еңбекақы төлеудің мейлінше кең тараған әрі жасырын тәсілін «көлеңкеден» шығару. Егер тиісті салық мөлшері қысқа­ратын болса, жалақыны жасы­рын төлеудің қажеттілігі бол­майды. Халықтың табысы төмендеген қазіргідей жағдайда тұты­нушы­ларға несие беру нарығына мони­торинг жүргізуді жалғастыру маңызды. Бұл азаматтардың қа­рыз­ға белшесінен батуына жол бер­меу үшін керек.

– Жаңа әлеуметтік төлемге қол жеткізу үшін Бірыңғай жиын­тық төлем талап етілді. Аталған әлеуметтік көмекті алған аза­маттардың 40 пайыздан астамы Бірыңғай жиынтық төлемді алғаш рет төледі. Бұлар – шын мәнінде, мемлекеттік көмекке мұқтаж жан­дар. Оларды экономикаға барынша тарту қажет. Осы азамат­тардың өзімен-өзі қалып, қайтадан «көлеңкеге» кетуіне жол бермеу керек. Қиын-қыстау кезеңде мемлекеттік қолдауға, әлеуметтік көмекке, лайықты зейнетақыға, ең алдымен, заңды жұмыс істеп, салық төлегендер ғана қол жеткізе алады. Сондықтан уақытша жұмыссыз қалғандармен қатар осындай азаматтар да Үкімет пен әкімдердің ұдайы назарында болуы керек. Нарықтық экономика жағдайында кез келген адам жұмысынан уақытша айырылып қалуы мүмкін. Осыған орай Үкі­мет еңбек биржасына тіркеуді барынша жеңілдетуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Ұлттық бизнесті дамытудың ұтымды жолдары

Отырыста жария болған бе­сінші басымдық – ұлттық бизнесті қолдау. Мемлекет басшы­сы­ның айтуынша, сұраныс көлемі азайып, активтер мен кепіл­дегі мү­ліктің нарықтық құны төмен­деген жағдайда «Даму» қорының не­сиені кепілдендіру мүмкіндігін пай­далану аса маңызды. Қордың кепілдігі Ұлттық банктің айна­­лымдағы қаражатты несие­леу бағдарламасы арқылы бері­летін займдарды қамтиды. Оның мөлшері – 600 миллиард теңге. Қажет болған жағдайда мұның көлемі ұлғая түспек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі экономиканы несиелеу көлемін арттыру үшін пруден­циялық шектеулерді қысқарту және өтімділікке қысым көрсетуді азайту шараларын қабылдады. Бұл банк секторында шамамен 600 миллиард теңгені үнем­деуге мүмкіндік берді. Аталған қаражат ел экономикасын дамыту үшін жұмсалуға тиіс. Уақытша пруден­циялық қосымша шаралар әзірлеу керек. Сол арқылы банктердің эко­номиканы несиелендіру мүм­кіндігін арттырамыз.

– Микро және шағын кәсіп­керлік саласына да ерекше көңіл бөлу қажет. Бұл сала өкілдеріне банктердің стандартты өнімдерін пайдалану үшін қатаң шектеу қойылып отыр. Осыған байланысты «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында шағын бизнес үшін арнайы шаралар қарастыруды тапсырамын. Үкімет пен «Атамекен» ҰКП бұған бөлінетін қаражат көлемін айқындауға тиіс. Банктер мен басқа да қар­жы ұйымдары бірқатар салаға қатыс­ты несиені қайтару мерзі­мін шегерді. Жеңілдік берілген мұн­дай салалардың тізімі кеңейтіледі. Бұл – бизнесті қолдаудың тағы бір нақты шарасы. Бұған сауда, өңдеу өнеркәсібі, көлік және қойма, қонақүй және тамақтану, ақпарат және байланыс, білім және денсаулық сақтау салалары енгізілуге тиіс. Өңдеу өнеркәсібіне басымдық бере отырып, экономиканы әртараптандыру әрдайым негізгі міндетіміз болады. Бұл сектордағы ұзақ мерзімге арналған жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстанның даму банкіне қосымша қаржы бөлу қажет. Сонымен қатар өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері бо­йынша жиналған қаражат есебінен Өнеркәсіпті дамыту қорын құруға болады. Оның жұмысы бизнесті қолжетімді несиемен қамтамасыз етуге бағытталады. Мұндай несие өңдеу ісімен айналысатын бола­шағы зор кәсіпорындарға 3 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойын­ша беріледі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, алтыншыдан, шетел капиталы үшін бәсекелестік артқан кезде әрбір қаржыгермен тікелей жұмыс істеуге баса мән беру қажет екенін алға тартты. Бұл ретте инвестиция тартып, қор нарығын дамыту үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетін тиімді пайдалану бағыты назарға алынды.

– Бұл мемлекеттік активтерді жекешелендіру барысында аса маңызды болмақ. Сонымен қатар бизнестегі дау-дамайлар кезін­де отандық кәсіпкерлер үшін ағыл­шын құқығының басымдығы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының арбитражын пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет. Ұлттық компанияларымызға тиесілі жекелеген құрылымдарды шетелдік заңнаманың аясынан «Астана» халықаралық қаржы орталығының құзырына біртіндеп көшіруді бастаған жөн. Егер өз компанияларымыз басқа ел заңнамасының құзырында болуды қалап жатса, шетелдік инвесторлардың сеніміне ие бола алмаймыз. Үкімет, Сыртқы істер министрлігі және шетелдердегі өкілдіктер «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестициялық салықтық резиденттігі жөніндегі бағдарламасын насихаттауға күш жұмылдыруы қажет. Орталық әкімшілігі 2025 жылға дейінгі жаңа стратегияны әзірлеуде, – деді Мемлекет басшысы.

Жетіншіден, Президент кәсіп­орындардың бәрін және барлық жұмыс орнын сақтау қиын екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл – бүкіл әлемге тән жағдай. Сондықтан төтенше жағдай режімінің енгізілуі одан көбірек зардап шеккен экономика секторлары үшін форс-мажор болғанын заң жүзінде мойындау керек. Бұл ретте жеке кәсіпкерлер мен шағын биз­нес өкілдері сотқа жүгінген кез­де төтенше жағдай режімі форс-­мажор ретінде мойындалуға тиіс.

Сонымен қатар Мемлекет бас­шы­сы осы күрделі кезеңде жеке­меншік пен бәсекелестікті қорғау аса маңызды екенін айтып, биылғы 1 қазанға дейін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты банкроттық рәсімдерді бастауды тоқтата тұруды тапсырды. Бұл алаяқ кредиторлардың қысым жасауына жол бермеу үшін керек.

 Тұралаған активтердің өркениетті нарығын құру – жүйелі шешім

– Келесі мәселе. Осыған дейінгі дағдарыстардың салдары­нан банктердің балансында эко­номикалық айналымнан шығып қалған активтер саны көбейді. Банктер тұралап қалған активтерді сату үшін нақты жоспар әзірлеп, соған жауапты қызметкерлердің жұ­мысын бақы­лауды және баға­лауды күшейтуі керек. Қаржы на­ры­ғын реттеу және дамыту агент­­тігі қатердің алдын алуға бағыт­талған қадағалау шарасы ар­қылы банктердің қиындыққа тап болған активтерге қатысты жұ­мысына мониторинг жүргізуді және бақылауды күшейту қажет. Тұралап қалған активтердің өрке­ниетті нарығын құру – жүйелі ше­шім. Секьюритизация мен сақтан­дырудың қарапайым әрі оңтайлы тетігін қалыптастыру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы азамат­тарды қолдау мен бизнесті дамы­туға арналған осы және басқа да шараларды жүзеге асыру үшін экономикалық өсімді қайта қал­пына келтіру жөніндегі кешенді жос­пар әзірленіп жатқанын, ол жос­пар жуық арада бекітілетінін мә­лімдеді.

 Жаңа талапқа сай жүйе керек

Президент өз сөзінде жаңа та­лаптарға жауап беретін ден­сау­лық сақтау және білім беру сала­ларындағы түбегейлі өзгерістерге ерекше назар аударды. Ол халық арасына жұқпалы аурудың таралуын бақылау, телемедицинаны және қашықтан диагностика жасау жүйесін енгізу әдістерін әзірлеу; Ұлттық санитарлық-эпиде­­миялық қызметті барын­ша күшейту, беделді ғалым­дар мен сарапшыларды жұмыл­дырып, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңес құру сияқты мәселелерді атап өтті.

Бұған қоса білім беру ісін оң­тайлы ету назарға алынып, бар­лық оқу орындарында цифрландыру жұмыстарын аяқтау тапсы­рылды.

Сондай-ақ мемлекеттік бас­қару жүйесін жаңарту маңызды бағыт болып белгіленді.

– Орныққан жұмыс тәсі­лі ретінде Үкіметтің, министр­ліктердің, әкімдіктердің түрлі жиындарын қашықтан өткізуді ұсынамын. Қажетсіз рәсімдерді, келісімдер мен кеңестерді, уақыт пен қаражатты шығындайтын басқа да шараларды жою керек. Бұл тәжірибе ескірді. Электронды үкімет тұжырымдамасының мәнін қайта қарау қажет. Кеңес алу, анықтама алу, өтініш беру жөніндегі рәсімдер онлайн режіміне толық көшірілді. Ал «egov» жүйесінің тілін халық үшін қарапайым әрі түсінікті ету қажет, – деді Президент.

Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облы­сындағы төтенше жағдайдың салдарын жою мәселесіне де тоқтал­ды. 1 мамыр күні Өзбекстандағы Сар­доба су қоймасы бөгеті бұзылып, одан пайда болған су тасқынының зияны біздің өңірге де тиді. Техногенді сипаттағы бұл төтенше жағдайдың салдарынан Мақтаарал ауданына қарасты 5 ауылдың 1 мыңнан аса тұрғын үйін су басып қалды. Сондай-ақ 9 елді мекенді су басу қаупі туындады.

– Шұғыл қабылданған шара­лардың арқасында су тасқынының әрі қарай таралуына жол бермедік. Қазір су тасқынының зардаптарын жою, тазалау жұмыстары жүр­гізілуде. Қоғамдық тәртіп пен тұр­ғындардың дүние-мүлкінің сақ­талуын қамтамасыз ету – бас­ты назарда. Біз ауданның күн­делікті тіршілігін қайта қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылдаймыз. Жалпы күзге дейін қираған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынады. Зардап шеккен әрбір адамға 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді. Мал шығыны, тасқынның ауыл шаруашылығы алқаптарына ти­гізген зияны өтеледі. Зардап шеккен ауданға көмектесіп жат­қан азаматтардың бәріне ризашы­лығымды білдіремін, – деді Мем­лекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңына қарай хал­қымыздың бекем бірлігі бәрімізге күш-қуат беретінін, кез келген міндетті орындауға мүмкіндігіміз жететінін айтып, бұл қиындықты да еңсеретінімізге сенім білдірді.

3