Білім • 15 Мамыр, 2020

Оқыту сапасын арттыратын үштаған

751 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда қашықтан білім алып жатқан мектеп оқушылары мен колледж, жоғары оқу орындарының студенттеріне, әсіресе бастауыш сынып балаларына көп көмек керек болып тұр. Сондықтан қашықтан оқытуды жүзеге асырушы үштік одақ: мұғалім, оқушы, ата-анаға арналған кеңестер тізбегін ұсынамыз.

Оқыту сапасын арттыратын үштаған

Мұғалімдерге. Химия пәні бо­­йынша мұғалімдер ара­сын­да­ғы әлемдік байқауда үздік деп танылған Жігер Телеуханов қа­шы­қ­т­ан оқытудағы құпиясымен бө­лісті. Оның ойынша, қа­шық­тан оқыту ұстаздарға үлкен бі­лім беру платформасын да­йын­дауға мүмкіндік береді.

– Мектеп мұғалімдерімен бі­рі­гіп, мектебіміздің оқушы­ла­рына видеосабақтар түсіріп жатырмыз. Одан басқа, қазір өте жақсы таралып жатқан чел­лендж арқылы үйдегі бар мүм­кін­­дікпен химиялық заттар­ды тек­се­руді бастадық. Мы­са­лы, үйде сабын, сусабын, кір жуғыш зат­тар жасауға бо­лады. Мұның бәрі химия болғанымен, 50 пайы­зы ғана мек­теп бағдарламасын қам­ти­ды, – дейді Жігер Телеу­ха­­нов. Жігердің айтуынша, маң­­ғыстаулық мұғалімдер ста­би­ли­за­тор, ароматизатор, эмуль­гатор, бояғыштардың зия­нын Instagram әлеуметтік же­лісінде хештегпен белгілеп, өзара челлендж жасап, бір-біріне жіберуде. Оны әр оқушы түсінгені бойынша орындап, өз ойы­мен дискриптер арқылы жасауға тырысады.

– Қазіргі жастардың көбі әлеу­меттік желілерді қолданады. Хеш­тег арқылы белгілі бір мұға­лімді белгілеп, осындай әдістеме арқы­лы оқушыларды оқыту қызық бо­лып жатыр. Оқу­шылар өз қол­да­рымен ұстап көрген нәрсесін жақ­сы­рақ түсі­не­тін болғандықтан, бұл жерде жаңа мазмұнға келе жатырмыз. Яғни бала баға үшін емес, өзі үшін оқу керек екенін түсінетін сәт туды, – дейді жас маман.

Үздік ұстаз әріптестерін креа­­тивті болуға, сондай-ақ әлеу­­мет­тік желілердің көмегімен ба­ла­ны қызықтыратын әдістерді ой­­лап табуға шақырды.

Шығыс Қазақстан облы­сын­да­ғы ауыл мектебінің бірінде информатика пәнінен сабақ бере­тін мұғалім Мейіржан Темір­бек әріптестеріне жаңа форматтағы оқытудың өнімділігі жоғары болуы үшін жаңа тақырыпты тү­сіндірумен шектелмей, баланы нәтижеге жұмыс істеуге үй­ре­тудің маңызды екенін айтады.

– Балаларға өз күнін жоспарлауды, сабақты орындағанда өзіне мақсат қойып, жоспар құ­ру­­ды және нәтижесін болжай білу­ді үйрету керек. Сабақты орындағанда оған көмектесуден бұрын мотивация беріп, «сенің қолыңнан келеді», «сен орындай аласың», «түсінбей қалсаң, ережелерді қайта оқы» немесе «мәтінді қайталап оқы» деген сынды кеңестер беру қажет. Ал оқу материалымен танысқанда балаға үнемі «Не білдің? Не үй­рен­­дің?» деген сұрақтар қо­йып, қызығушылық танытып отырған дұрыс. «Сенімен бірге мен де көп нәрсе білдім» десек, балаларымыз ынталана түсе­ді. Біздің ауылымызда да ин­тер­нет желісі нашар ұстайды, сон­дықтан оқушыларды мәж­бүр­­леп отырған жоқпыз. Әркім өз мүмкіндігінше жұмыс істей­­ді. Өзім информатика пәнінің мұғалімі болғандықтан, қашық­тан сабақ өткізу мәселесі қиын­ға түскен жоқ. Бір апта бұ­рын оқу­­шы­лармен тікелей бай­ла­ныс­қа шығып, түрлі білім беру плат­­формаларының жұмы­сы­мен та­ныстық, – дейді М.Темірбек.

Оқушыларға. Қашықтан оқы­ту кезінде компьютермен жұ­мыс істеудің қарапайым қа­уіп­­­сіз­дік­те­рін сақтау керек. Бұл туралы Білім және ғылым ми­нис­­трлігі телеграм каналында жа­рия­лады.

1. Компьютермен үздіксіз жұ­мыс істеудің үзіліссіз ұзақ­ты­ғы: 1 сыныптарда 15 минут; 2-3 сыныптарда 20 минут; 4-5 сыныптарда 25 минут; 6-8 сынып­тар­да 30 минут; 9-11 сыныптарда 35 минуттан аспауы тиіс.

2. Сабақ барысында әр сағат са­йын үзіліс жасауды ұмыт­паңыз.

3. Шаршап-шалдықпау үшін үзіліс кезінде дене жатты­ғу­ла­рын жасаған жөн. Қимыл-қозғалыс күш-қуат сыйлайды.

4. Көзге арналған жатты­ғу­лар­ды назардан тыс қалдыруға болмайды. Көз жаттығуларын әр­бір 20-25 минут жасау ұсы­ны­лады.

Бұл ережелер өте қарапайым болғанымен, адамға 90 пайыз ақпарат беретін көз жанарының қуатын сақтауға септеседі.

Ата-аналарға. Елордадағы №56 орта мектебінің педагог-психологы Айгүл Рахым­жан­қызы жаңа форматтағы білім берудің сапасын арттыру үшін ең бастысы ата-аналар тарапынан қашықтан білім алуға қатысты оң көзқарас қа­лып­тастыру қажет екенін ай­тады. Өйт­кені ата-ананың ойы, көз­қа­расы, тіпті көңіл-күйі ба­лаға әсер етеді, кей жағдай­да бел­гі­лі бір ұғым, пікір қа­лып­тас­тыруына ықпал етеді.

– Бала дұрыс білім алуы үшін алдымен күн тәртібін жасап алған жөн. Маман ретінде бұл форматтың кейбір балалар үшін өте пайдалы екенін айтқым келеді. Мысалы, мұғалім 40 минуттың ішінде 25 баланың мүмкіндігін байқай алмай, тек 15 баланың деңгейін анықтай алатын. Қазір мінезі тұйық балалар да өздерін көрсете алатын мүмкіндікке қол жеткі­зіп отыр. Осындайда ата-ана­лар­дың өз балаларына сенім артып, еркіндік беруі маңызды. Қашықтан білім алу форматы болашақта балаға оқығанын өмірде пайдалана алуы­на кө­мек­­теседі. Ата-аналардың эмо­ция­ға шамадан тыс берілуі, ба­ла­ларының біліміне деген кү­мәні оқушылардың өзін-өзі дұрыс көрсете алуына кедергі кел­ті­реді. Сондықтан отбасында оқу­шы­ға қолдау білдіруі аса қажет. Сондай-ақ балалар үшін ән айту, би билеу, сурет салу сияқты фи­зи­о­логиялық жүк­те­ме­лер де керек. Оны бала әке-шешесімен бірге жасағанды ерек­ше ұнатады, – дейді психолог-педагог. Оның ойынша, қауіпті дерттің көңілге қаяу түсіретін жа­ғым­сыз жаңа­лық­­та­рын тыңдай бер­геннен гөрі, ең дұрысы – отбасына ортақ, уа­қытты қызықты өткізудің жол­дарын табу. Мәселен, отба­сы­лық ерекше естеліктер, бола­шақ­­­тағы арман мен жоспар тура­­лы айтуға болады. Ата-ана өзді­гі­нен, әлдекімнің ықпа­лын­сыз, әрдайым итермелеп немесе ба­қы­лап отыруын­сыз өз бетінше білім алу – осы заман­ның басты талабы екенін бала бойына, санасына сіңіргені абзал.