Аймақтар • 17 Мамыр, 2020

Қарағанды облысы: Ботақара кентінде карантин күшіне енеді

709 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жергілікті Saryarqa телеарнасында өткен брифингте Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров пен облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Асқаров Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінде 18 мамырдан бастап карантиндік шектеу шараларының күшейтілетінін мәлімдеді.

Қарағанды облысы: Ботақара кентінде карантин күшіне енеді

Кентте жеке көлік қозғалысына толықтай тыйым салынады, жұмыс және қоғамдық жұмыстар тоқтатылады. Тек арнайы және медициналық қызметтердің, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік ұйымдардың көліктерінің жүруіне ғана рұқсат бар.

 – Бұқар жырау ауданында коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткішінің артқаны байқалады: апта сайынғы өсім 66% болып отыр. Тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып және КВИ әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында, аудан орталығы Ботақара кентінде карантин режімін күшейту туралы шешім қабылданды, – деп хабарлады облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

Карантиннің күшейтілген тәртібіне сай, Ботақара тұрғындарына кент бойынша аса қажет болмаған жағдайда жүруге тыйым салынады. Сондай-ақ Ботақара карантиндік аймағының периметрі, кіру және одан шығу пункттері анықталып, блок-бекеттер орнатылады.

Соңғы мәліметтер дерегіне сай, Ботақара кентінде COVID-19 індетін жұқтырудың 10 оқиғасы тіркелген. Науқастармен әртүрлі жағдайда байланыста болған 205 адам анықталды.

Сонымен қатар, аталған ауданда «Қазақмыс-Нұрқазған» корпорациясы» АҚ қызметкерлері арасында КВИ-мен тобымен ауырған оқиғалар тіркелген. 17 мамырға дейінгі  жағдай бойынша, онда 15 адамның COVID-19 дертін жұқтырғаны зертханалық негізде расталды.

 

Қарағанды облысы