Әдебиет • 20 Мамыр, 2020

Суреткердің серті мен дерті

1325 рет
көрсетілді
84 мин
оқу үшін

1850 жылы 18 тамызда Парижде атақты Оноре де Бальзак дүние салды. Күні кеше ғана әр шығармасының жарық көруін сағына күтіп, тағдырлы туындылары ең жақын сырласы, нағыз досына айналған оқырмандар үшін қабырғалы қаламгердің қазасы орны толмас ауыр қайғы болды.

Суреткердің серті мен дерті

Кез келген ірі суреткердің дара қолтаңбасы, өнерде өзге ешкімге ұқсамайтын мінезі бар дегенімізбен, шығармалары шын­дықтың шарайнасындай ғана емес, ар-ұятындай да болған тұлғамен қоштасудың қаншалықты қиын екенін тап сол күні француздардан артық сезінген халық жоқ шығар, сірә.

Қаралы хабарды ести салысымен Бальзакты ақтық сапар­ға шығарып салуға тайлы-тұя­ғы қалмай асығып, ойдан-қыр­дан жиналған елде есеп жоқ. Кеуделері өксікке, жәудіреген жанарлары жасқа толып, жүрек­тері қан жылаған жұрттың көзі тірісінде сүйікті қаламгеріне бір жақсылық жасай алмаған нем­құрайлықтарына қапаланып, ең құрығанда онымен мәңгілікке қоштасарда аруағына құрмет көрсетіп қалғысы келген періште пейілін түсінуге болатын еді. Сұлулық пен бақыт жайлы асыл армандардың мекеніне жетелеп, бойларына құлшыныс бітіріп, алға ұмтылдырған және рухтандырған том-том кітаптары бөлмелерінің сөрелерінде тұрған француздар сол күні мына дүниедегі ең жақын адамынан айырылғандай аза тұтып, жазушыны жоқтады.

Дәм-тұзы ерте таусылған Оно­ре де Бальзак бар-жоғы 51 жыл өмір сүрді. Әй, бірақ қарыздан көз ашқызбай, алаяқтардың жемі қылған арсыз тіршілікті, күніне он төрт, он бес сағаттан еңбектенуге мұқтаж етіп, маңдайдың тері шүмектеп аққан адал бейнеттің балын жегізудің орнына, кермек дәмін татқызып, басына бақ құсын қонғызбаған талайсыз тағдырды өмір деуге бола ма, айтыңдаршы?

Бейнет пен жоқшылықтың жанын қинаған қамытынан құтыла алмағанына қарамастан, Құдай берген азғантай ғұмырында артына өлмейтұғын сөз қалдырған француз классигі ұлтының әде­биетіне көп жаңалық әкелді. Роман жазудың аясын кеңейтті, натуралистік және реалистік про­заның негізін салып, романтизмнен малтығып шыға алмай батпақтаған әдебиетке сара жолды нұсқап кетті.

Жеке адамдардың мінездерін ғана емес, қоғамның картинасын айнытпай салған жазушы қаламының құдіреті туғызған, бақыт іздеп адасып, материалдық игіліктердің, оңай олжаның, құр­мет пен атақтың қыр соңынан қуған аянышты кейіпкерлерді қалай ұмытасың. Уақыт өте келе ұлы суреткер туындыларындағы образдар сөз өнерінің символы­на айналып (мысалы, Гранде – сараңдықтың, Горио – әкелік ма­хаббаттың), әлем әдебиетінің галереясын байытты.

Бәрінен бұрын Бальзак сом­даған 30 бен 40 жас аралығындағы бір-біріне ұқсамайтын нәзік жан­дылардың қайталанбас бей­нелері қандай! Әр әйел – ерекше құ­былыс, теңіздей терең тыл­сым әлем. Өмір шын­дығын ас­қан шеберлікпен бейнелеп, қоғам­ның жалған болмысын аяусыз әшкерелеуден қорықпаған, ақи­­қаттың алдаспанындай жар­қыл­даған реалист ақынның әйел­дер тағдырын суреттеуге кел­генде қат­қыл қаламының жұмсарып, жү­регіндегі мұзының еріп сала беретінінің біз білмейтін құпиясы неде екен, ә! Неге оның туындыларында еркектердің көбісі оңбаған, ал әйелдер... жо, жоқ, басын кесіп алса да әйелдерге деген махаббаты шексіз болған Бальзак олар жөнінде жаман ой айта алмапты. 

Құдайым-ау, Лоре де Берни, Сара Гидобони-Висконти, Зюльма Карро, Эвелино Ганскаяларға өлердей ғашық болған сыршыл суреткердің ондай сөздерді айтуы қалайша мүмкін болмақ? Ал біз білмейтін, жазушының жүрегін оттай жандырған арулар қанша? Баладай аңғал, сәбидей сенгіш суреткердің гүлдей нәзік сезіміне шоқ тастап, басын шыркөбелек айналдырған сұлулар-ай! Сұлу­лар! Сендердің арқаларыңда Бальзактың қаламынан Морсоф, герцогиня де Ланже, мадемуазель Туш, Беатрис сияқты әйелдер обра­зының галереясы өнерге келді. Бәлкім сондықтан ба екен, қалам­гердің қазасына қабырғасы қайы­сып, оны жоқтап жылағандар, әсіресе әйелдердің арасында көп болыпты. Әйелдердің! 

Ормандай оқырмандары, өне­ріне сүйсінген халқы бол­ға­ны­на қарамастан, байғұс Бальзак өлерінде жүрегін соқадай жырт­қан жалғыздық дертін емдей алмай, тағдырымен торға түскен арыстандай арпалысты. Дәм-тұзы таусыларын сезгенде сөнуге айналған үміт шоғын үрлеп: «Мына мол мұрамды қайта жазып шығуға бірнеше жыл уақыт бер­ші, Тәңірім!» деп Жаратушыға да жалбарынды.

Ұлы адам өмірден өткенде жасалатын құрметтің бәрі көрсетіліп Оноре де Бальзактың сүйегі 1850 жылдың 20 тамызында Пер-Лашез зиратына жерленді. Ұлы жазушымен қоштасу рәсімі кезінде суреткердің мәйіті салынған табытты сол кездегі Францияның атақты әдебиетшілері бірінен кейін бірі кезектесіп көтеріп, зи­ратқа қарай беттеді. Марқұм­ның мүрдесі жер қойнына тапсы­рыл­ғаннан кейін аза тұтқан ха­лықтың көкейінде өксіктей тіреліп, сыртқа шыға алмай тұрған азалы сөзді Виктор Гюго айтып, жүректерді жылатты.

«Мырзалар!» – деп бастады ол, кейін тарихта қалатын атақ­ты сөзін. Жиналған жұртқа бір қарап, жас тұнған жанарлардан халықтың кімнен айырылып қал­ғандарын енді түсінгендеріне көзі жетіп, дірілдеген дауысымен сөзін сабақтады. «Жаңа ғана жерленген адам, бүкіл халық болып соңғы, азалы сапарға шығарып сал­ғандардың бірі. Біздің уақы­тымызда алдамшы ұлылық жоқ. Ендігі кезде халықтың назары патшалық құрғандарға емес, ой­шылдарға тігіліп, арамыздан сондай ойшылдардың бірі кеткенде оның өлімі бүкіл елді қайғыға батырады. Бүгінгі күні талантты адамның қазасына қоғамның көптеген топтары, ал кемеңгердің өліміне бүкіл ұлт қайғырады. Баль­зактың есімі біздің дәуіріміз өзінен кейін қалдыратын сәулелі кезеңнің алтын шуағы болып жарқылдайды. Бальзак – ұлылардың ең алғаш­қысы, таңдаулылардың ең үз­дігі». Қабір басында сөйлеген Гю­­гоның сөзіне толқымаған жан қал­мады, мөлтілдеген көздерге мөлдіреген жас келді. Бальзакты мәңгілік мекеніне аттандырып салуға келген қарақұрым халық суреткердің оқыған кезде біресе қуантып, біресе мұңайтып, енді бір­де аяушылық сезімін оятып, өмірді тереңірек түсінуге үй­рет­­кен таңғажайып туындыларын еске түсіріп жатты. Әлем әде­бие­тіндегі барлық формалар мен стиль­дер, бірін-бірі толықтыра тү­се­тін әдемі әуендердей үй­лес­кен ол шығармалардан ал­ған әсеріңді ұмыту мүмкін бе? Шы­ғар­машылық құдіреті Светоний, Бомаршелардан асып түсетін, Раблемен терезесі тең талант француз топырағында енді қайта туар ма екен? Өмірді қырағы ба­қы­лаудың және қиялдаудың нә­тижесінде дүниеге келген оның кітаптарында тіршіліктің терең сыры барлық қырынан жар­қырай ашылды. Қылышымен емес, қаламымен Парижді жаулап алуға серт берген Бальзак өзі өмір сүрген қоғамның дертімен күресіп, адамдық құндылықтарды ұмытқан пенделердің жараланған жанын зерттеп, жүрегінің түбінде жасырынған жұмбағына терең бойлап, ақыл-ойына парасат сәулесін түсірді.

Бейнетқор Бальзактың өмірі қысқа болғанымен, артына қал­­дырған мол мұрасындағы ой байлығы кім-кімді де таң­ғалдырмай қоймайды. Дәл осындай кемеңгердің, ойшылдың, суреткердің, ақынның замандасы болып, оның көзін көрудің өзі Алланың қарапайым адамға сыйлаған зор бақыты емес пе. Қа­ралы халықтың ендігі жерде дәт­ке қуат ететін жалғыз жұба­нышы осы.

Виктор Гюго дұрыс айтады. Нағыз ақындардың өмірі олар өлгеннен кейін басталады. Сурет­кер өлімі ғайыптықтың емес, мәңгіліктің көрінісі. Ақын басына қойылған құлпытастар жанның мәңгібақилығын дәлелдейді. Бальзак сияқты ұлылардың басына зиярат етуге келгенде ғана саналы тіршілік иелері қасірет шегу арқылы тазара түсетін құдайлық тағдырдың бар екенін шын сезеді. Өмірде дүниеқоңыздыққа салынып екі аяқты хайуанға айналудан оңай, Алла адам етіп жа­ратқан кездегі тазалығыңды сақтап қалудан қиын ештеңе жоқ екенін қаламымен дәлелдеген суреткер жалғыз француздардың емес, адамзаттың ұстазы.

Шығысқа саяхаттап кеткен Флобер ұлы жазушының қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды шетте жүріп естіді. Бальзакты өнер­­дегі ұстазы санағанымен, Фло­­бер ұлы қаламгердің жазу мә­не­ріндегі автордың позициясын білдіретін ғибраты мен үн қатуы сияқты стильдік ерекшеліктерін қабылдай алмайтын. Флобер кемелденген өнерде суреткер өзінің нағыз сезімін білдірмеуі, автордың қайда екені шығармашылықта табиғаттағы Құдайдай көрінбеуі тиіс деп есептейтін.

Реалистік прозаның қандай болуы керек екені туралы көз­қа­рас­тарында айтарлықтай айыр­машылықтар болғанымен, Баль­зактың қазасына Флобердің қа­быр­­ғасы қатты қайысты. Ұлы су­рет­кер­мен бірге әдебиеттің тұтас бір дәуірінің өтіп бара жат­қанын түсінді.

1848 жылғы француз төңке­рісінен кейін халыққа қоғамның нағыз бет-бейнесін шынайы сипаттайтын, романтикалық иллю­зиядан іргесі сөгілген көркем прозаның ауадай қажет екенін сезген ол сол күні Луи Буйеге хат жазды. Ақын досына жол­да­ған хатында Бальзактың өнер ту­­ралы көптеген ойымен ке­ліс­­песе де, оның досы болуды арман­дағанын тілге тиек етіп, «Бізге енді басқа музыка керек», деген сөзді кесіп айтты. Келесі кү­ні кітапта автордың бірде-бір сезі­мі мен ойы қылаң бермейтін, жа­зу­шының емес, кейіпкердің көзқарасы арқылы өмір шындығы ашылатын бұрын-соңды әдебиет тарихында болмаған реалистік романды туғызуға серт беріп, «Бовари ханымға» кірісті. Көркем прозаның жаңа кезеңін белгілеп берген туындыны жазуға төрт жыл уақыты кетті. Бірақ әдебиеттің Баль­зак деген күнінің батып, Фло­бер деген таңының арайлап атып келе жатқанын ол кезде ешкім білген жоқ.

  * * *

Көлемді екеніне қарамастан әлемдегі ең көп оқылатын роман­дардың бірі «Бовари ханымның» алғашқы бетінде ұлы жазушының адвокат Мари-Антуан-Жюл Се­нарға арнап ыстық ықыласын біл­дірген мынадай сөздері мәңгі қонақтап қалған:

«Париж адвокаты, Ұлттық кеңес­тің бұрынғы президенті мен сыртқы істер министрі Мари-Антуан-Жюл Сенарға.

Қымбатты да ардақты досым!

Кітаптың бірінші бетіне Сіздің есіміңізді жазуға рұқсат етіңіз, өйткені оның жарық көргені үшін мен өзіңізге қарыздармын. Сіздің шығарманы қорғап сөйлеген сөзіңіз мені тәнті етті. Бұл ілти­пат шешендігіңіз бен әділдік үшін басыңызды құрбандыққа ша­луға даяр ерлігіңізге көрсеткен құр­метімнің белгісі. Гюстав Флобер. Париж, 12 сәуір 1857 жыл».

Әрине, шығарманың қызы­ғына батып, ұмытылмас әсер ал­ған бүгінгі күннің оқырманы Мари-Антуан-Жюл Сенардың кім екеніне аса мән бере қоймайтын да шығар. Содан бері өткен табаны күректей жүз елу жылдан астам уақыт ішінде мына дүние-дәуренді дүбірлетіп кімдер келіп, кімдер кетпеді дейсің. Қаншама тарихи оқиғалардың аласапыран тасқыны жаһанды жалынымен шарпып, түлен түрткендей тулатып, талай-талай марғасқалардың тағдырын жентектеп кетті. 

Жұмыр басты пенде түгіл, тұ­тас ұлттар жермен жексен етіліп жойыла жаздап, қайран дүние қайта орнына келместей болып көрініп, адамзаттың қалтылдақ қайық мінген қариядай қалтырап күн кешкені кеше ғана емес пе еді осы? Соған қарамастан құйқа тамырымызды шымырлатып, жанымызды түршіктірген сол сұрапыл оқиғалардың суреті санамызда көмескілене бастаса да, француз клас­сигінің қаламынан бір жарым ғасыр бұрын туған романы әлі ұмытылмай, шындығы тап кеше ғана айтылған ақиқаттай әлемді толғандырып келе жатуының себебі неде?

Ұлы шығарманы туғызушы таланттың – Тәңірі тектес құбы­лыс, ал өнердің Мәңгіліктің хабаршысы екеніне осыдан кейін сенбей көріңіз. Әйткенмен, әлі күнге дейін ақиқатты толық тани алмай, қорқыныш пен үміттің екіұдай аралығында өмір сүріп жүрген біз осы ғажайып шығарманы оқу бақыты пешенемізге бұйырғаны үшін Мари-Антуан-Жюл Сенарға қарыздар екенімізді ұмытпауға тиіспіз. Егер ол болмағанда тағ­дыры қыл үстінде тұрған туын­дының оқырман қолына тиюі неғай­был болып, қаламгердің қатал жазалануы да ықтимал-тұғын. Ойымыз жалпақ жұртқа түсінікті болу үшін, сәл шегініс жасап, шытырман оқиғалы әңгімемізді басынан баяндап берейік.

1852 жылы Шығысты аралаған саяхатынан көңіл күйі көтеріліп, шабыты тасып оралған Флобер тәуекел етіп, ұзақ жылдан бері қазан-миында қорғасындай қо­рытып жүрген жаңа дүниесін жазу­ға белін бекем буып, іске қызу кірісіп кетті. Ойында пі­сіп-жетіліп, көкейінде сайрап тұр­ғандай болып көрінгенімен, өмір шындығын объективті етіп суреттеуді алдына мақсат етіп қойған классикке эстетикасы күрделі, өрнегі өзгеше тоқылған өнер туындысын өмірге әкелу оңай болған жоқ. Романды жазуға құлшына кіріскен ол төрт жылдан астам уақыт күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылып, шығармашылық шеберханасынан аттап шықпай, ақ тер, көк терге түсіп тыным таппай еңбек етті. Үміт періштесі мен күдік сай­таны бойында арпалысқан төрт жыл теңдесі жоқ туындыны өмірге әкелуге ұмтылып, оқырманды автордың ойына рухани кіріптар болудан азат етуді аңсаған   Флобер шығар­машылығының  ең жемісті кезеңі.

1856 жылдың 31 мамырында тың туындысының соңғы нүк­тесін қойып, жаны сәл саябыр тапқандай болған суреткер қаламының сиясы әлі кеппеген «Бовари ханымның» қолжазбасын «Ревю де Париге» жолдап, роман журналдың 1 қазан мен 15 желтоқсан аралығындағы сандарында жарық көрді. Қаламгердің жаңа еңбегіне «Нуввелист де Руан» басылымы да қызығушылық танытып, алғашқы бөлімдерін жариялауды бастап жібергенімен, кенеттен кілт тоқтатуға мәжбүр болды. Ұзақ жылдар бойы жүрегінде сәбиіндей мәпелеп, дүние жалғанның қызығын ұмытып, ішкені ірің, жегені желім болып, түн ұйқысын төрт бөліп жазған туындысы ха­лық­тың қошеметін емес, қайта керісінше наразылығын туғызып, олар шығарма авторы мен оны жариялаған журналдың жауапқа тартылып, сот алдында жауап беруін табанды түрде талап етті. 

Зады талантты суреткердің жауапқа тартылып, туындысын жариялауға тыйым салынуы ХІХ ғасырға дейін де тарихта талай орын алған оқиға. Әлем әдебиетінің классиктері Даниэл Дефо немесе Лопе де Вегалар қоғамның ашу-ызасын туғызған еңбектері үшін түрмеге қамалды, Мольердің пьесаларын театр сахналарында қоюға бірнеше рет тыйым салынды. Есімдері аталған ұлыларды сергелдеңге салған жағдайдың Флобердің басына да туып, тағдырын тәлкек етпе­сіне кім кепілдік бере алады? Кім? Баспагер Максим Дюкан да бір пәлені іші сезіп, қоғамдық мо­ральды қорғаушылардың сырт қалмайтынын жазушыға ескер­тудейін-ақ ескертті. Ауызша айтып қана қоймай, «жалдамалы жеңіл арбадағы көрініс (онда Эмма бар жан-тәнімен көңілдесіне беріледі) әдептің шеңберіне сыймайды» деп, осындай сюжеттердің кесірінен істің насырға шабуы мүмкін екенін түсіндіріп, досына хат та жазды.

Цензура дәстүрі Францияда бұрыннан бар үрдіс еді. Кітап бизнесі қарқын алғаннан бері ресми билік тарапынан оны ретке келтіру ісіне қатты көңіл бөлінді. Қандай да бір қаламгердің туындысын басып шығару үшін анау-мынау емес, корольдің рұқ­саты керек-тұғын. Тіпті, кітап шыққан күннің өзінде егер де одан дін өкілдері өрескел кемшілік тапса, тарих үшін 20 данасы ғана корольдің мұрағатында қалдырылып, қалғаны түгел отқа тасталатын.

Кітап пайда әкелетін бизнес­ке айналғаннан кейін, жолын тап­қан айлакер кәсіпкерлер ты­йым салынған әдебиетті (саяси, эротикалық немесе тағы да басқа) көрші елдер – Англия, Голландия, Швейцарияда басып шығарып елге тасыды. Франция мемлекеті цензураны айналып өтіп жатқан бұл жолға да тосқауыл қойғанда, баспагерлер ондай еңбектерді жасырын шығарудың айла-әрекетіне көшті. Әрине, ол өз кезегінде қара тізімге енген әдебиетке деген оқыр­ман сұранысын арттырып жібер­гені айтпаса да түсінікті. Қайт­пек керек?

Кітапты өртеу саясатының тыйым салынған әдебиеттің басы­лып шығуына тосқауыл қоя алмай, қайта керісінше, даңқын асырып, оны оқуға құмартқан елдің қызығушылығын арттыра беретініне биліктің көзі енді әбден жетті. ХІХ ғасырда Франция мемлекеті кітаптарға қолданылатын ең қатал үкімді, яғни оларды өртеу жазасын амалсыздан алып тастап, оның орнына екі рет тыйым салынған туындылардың таратылу мүмкіндігін шектейтін заң қабылдады. Француз клас­сигі дүниеге келіп, шығар­ма­шы­лықтың қызығына бе­ріл­ген 1819-1871 жылдары «қоғам­дық немесе діни моральға, адам­гер­шілік қағидаттарына зиянын тигі­зетін» әдебиет пен бейнелерді наси­хаттауға және таратуға ты­йым салу ісі жеке құжаттармен бекітілді.

Тырнақ астынан кір іздей­тіндердің пиғылын жақсы білетін Максим Дюкан бекер алаңдамапты. Романды соңына дейін басып үлгермеген «Нувелист де Руан» жауапкершіліктің құрығынан құтылып кетті де, ал оны толық жариялап, оқырман назарына ұсынған «Ревю де Паридің» басына қауіптің қара бұлты үйірілді. Либералдық бағытты ұстанатын «Ревю де Париге» биліктегі ат­қа­мінерлер онсыз да қырын қа­райтын. Істің насырға шауып, биліктің емес, бұқараның талабымен тым еркінсіп кеткен журналды жаптыру, оларға репрессия жасау үшін табыла кеткен «керемет» сылтау болды.

Француз жазушысы Гюстав Флобер, шығарманы жариялаған басылым мен баспахананың үсті­нен қозғалған сот ісі 1857 жыл­дың 31 қаңтарында басталып, бір айдан астам уақытқа созылды. Істі сотқа дейін құлағынан сүйреп жеткізгендер романның адамгершіліктен адалығын,
идеал тұтатын бірде-бір кейіпкер­дің жоқтығын, ондағы сипатталатын жалаңаш шындықтың қоғамдық моральға зиянын тигі­зетінін сөз қылып, авторды айыптады. Сот процесін бақылаған сарапшылар оның нағыз себебі туралы түрлі жора­мал жасайды. Атақты Андре Моруа мемуарында бұл жө­нінде былай деп жазыпты: «Шын мәнісінде үкімет жазушыға қарсы іс қозғай отырып, журналды ауыздықтағысы келгендіктен, бұл істің әдебиден гөрі, саяси сипаты басым болды. Әдебиетшілердің бәрі Флобердің жағында болып, оны қорғады. Өйткені олар дау­лы істің жалғыз Флоберге ғана емес, жазушылықтың тағдырына қа­тысы бар екенін жақсы білді». Мүмкін, сондықтан ба екен, дү­ниені дүрліктірген іс жазушыны жауапқа тартуды көздеген халықтың пайдасына шешілген жоқ, сот шығарманы жазған ав­торды да, оны жариялаған баспагерді де ақтап алды. Француз классигінің мүддесін қорғаған білікті де білімді адвокат Мари-Антуан-Жюл Сенар суреткерге тағылған айыптаулардың негізсіз екенін бұлтартпас деректермен сотта дәлелдеп шықты. Екі айдан кейін роман екі том болып жарық көріп, оқырман қолына тиді.

«Қалауын тапса қар жанады», дегенді дана халқымыз қызыл сөзге қызыққандықтан ғана айтпаған-ау, шамасы. Бүкіл Францияны шулатқан оқиғадан  кейін қатардағы жазушының даңқы дүркіреп, елдің  «Бовари ханымды» оқуға деген ынтызарлығы бұрынғыдан бетер арта түсті. Романды басып шығаратын жүзіктің көзінен өтетін пысық кәсіпкер де аяқ астынан табыла кетті. Мишель Леви есімді іскер баспагер кітапты бес жыл қатарынан басу құқығын автордан сатып алып, жазушымен келісім-шартқа отырды. Ақшаның иісін алыстан сезетін, түлкі заманды тазы болып шалудың амалын білетін айлакер есебінен қателескен жоқ. Романның алғашқы тиражы құмға сіңген судай көзді ашып-жұмғанша жоқ болып, баспа бір жыл ішінде бірнеше рет кітаптың қосымша тиражын шығарып мол табысқа кенелді де қалды. Азаюдың орнына, керісінше кітапқа деген сұраныстың ұлғая түскені соншама, баспагер 1862, 1866, 1868 жылдары «Бовари ханымды» қайта-қайта жарыққа шығарды.

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды». Ал, Мишель Леви періште емес, бас пайдасынан басқа ештеңені ойламайтын, шық бермес Шығайбайдың тап өзі. Кітаптың арқасында  ақшаның астына көміліп қалғанына қарамастан шығарма авторына қайыршының қолына ұстатын садақадай болмашы тиын-тебен ғана берді. Елдің құлағын шулатқан оқиғадан кейін де Флобердің көзі тірі кезінде «Бовари ханым» Францияда үш рет қайта басылды. Бірақ, бірнеше мәрте қайта басылып, қалың оқырмандардың сұранысын молынан қанағаттандырғанына қарамастан, әдебиетшілер шығарманың шын мәнісіндегі шедевр екенін мойындағысы келмей біраз бұлтақтады.

1857 жылғы 4 мамырда  «Монитор» газетінде жарық көрген белгілі француз сыншысы Ш.О. Сент-Бевтің мақаласынан кейін ғана жылымықтың желі есіп, сең қозғалды. Өз мақаласында ол романға жақсы баға берді. Соған қарамастан, ашу-ызасы тарқамай қойып, райынан қайтысы келмеген халық  соттағы айтылған айыптауларды тотықұстай қайталаудан жалықпады.

Бәрінің де төрешісі – ұлы мәртебелі уақыт. Жылдар өткен сайын  сынаушылардан гөрі, романның ерекшелігіне назар аударып жазушыны қолдаушылардың қатары қалыңдай түсті. Бәрінен бұрын Флоберге шығарманың тереңдігін жақсы түсініп, өз ойын білдірген Шарль Бодлердің мақаласы қатты ұнады. Тағы бірнеше жылдан кейін атақты Эмиль Золя «Гюстав Флобердің «Бовари ханымының» дүниеге келуімен әдебиеттің жаңа дәуірі басталды» деп романның өз заманының ең кемел туындысы екенін мойындап, айдай әлемге жар салды.

                                                      ***                                                

Кітаптың да адам өміріне ұқсайтын өз тағдыры бар. Баспаханадан исі бұрқырап шыға салысымен бір кітаптар жөнінде лезде жақсы пікір қалыптасады. Жұрт  жылы қабылдап, әдебиетшілер зерттеп, сыншылар қиюын келістіріп аяғын жерге тигізбей көкке көтеріп, аузының суы құрып мақтап, тамсанып, әр сөзінің мағынасын талдап мақалалар жазған ондай туындылардың тағдыры кейде адам өміріндей ғана қысқа болады.

Жолы ауыр болған кейбір кітаптардың тағдыры қалыпқа симай, шеңберден шыққысы келіп азап шеккен ақындардың  аянышты  ғұмырын еске түсіреді. Дүниеге келе салысымен қоғамның ашу-ызасын туғызған  ондай кітаптарды оқуға қатаң тиым салынады, кейде тіпті, отқа жағылады. Ондаған жылдар өткеннен кейін ғана онда айтылған көркемдік шындықтың өмірі ескірмейтіні мойындалып, бағы ашылған кітаптардың екінші – мәңгілік ғұмыры басталады. Флобердің «Бовари ханым» романы - мәңгілік ғұмыры жалғасып келе жатқан сондай сирек кітаптардың сойынан.

Күйеуінің көзіне шөп салған әйелдер жөнінде Флоберге дейін де жүздеген көркем шығармалар жазылды. Ой сүзгісінен өткізіп, ақыл таразысына салсаңыз француз классигі өз романында қоғамның намысына қамшыдай тиетіндей  пәлендей ештеңе айта қоймаған сыңайлы. Бар-жоғы махаббатқа тұрақсыз бикештің өліммен аяқталатын аянышты тағдырын суреткерлік шеберлікпен баяндап берді. Онда тұрған не бар? Тырнақ астынан кір іздесеңіз атақты Мериме, Бальзак, Стендаль, Золялардан одан жүз есе сорақы, «қоғамдық моральға қауіп төндіретін» туындыларды қиналмай табасыз. «Аты шықпаса жер өртеуге» дайын шуылдықтардың тиісетін  танымал тұлға таппағандай, көркем прозадағы тұңғыш қадамы өте сәтсіз болған Флобердің жағасына  жармасып, істі сотқа жеткізуін қарасайшы.

Дау өрттей өршігенге дейін «Бовари ханымның» авторын ешкім танымайтын,  соттан кейін, оны Руан мен Париж түгіл, бүкіл Францияда білмейтін пенде қалмады. Жұрттың бәрі кітапты сатып алып оқып, француз қоғамын сұмырай етіп көрсеткен суреткерді атарға оқ таба алмай қиналып, зығырданы қайнады.

Әкем-ау, көркем шығарма дегеніміз бар-жоғы қаламгер қиялының жемісі ғана емес пе? Өнерде автордың дүниеге әкелген туындысы арқылы айтқысы келген өз шындығы болады. Егер оны қабылдай алмасаңыз кітапты оқымай-ақ қойыңыз. Соны істеу де қиын ба, тәйірі?

«Иттің қорыған жерге өш келетінін»  қарасайшы. Оқырман әлі жыға тани қоймаған жазушы кітабына деген тап осындай қомағай сұраныс Франция тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай. Романтизм мектебінің өкілі, ақын, жазушы, журналист, әрі сыншы Теофиль Готьенің айтуынша, Флобер жаңа туындысы арқылы өздерінің шын мәнісінде кім екенін мүлде білмейтін, зиялылықтың маскасын киген ақсүйектердің зымиян болмысын  аяусыз әшкереледі.

Романға тағылған айыптаулардың алынып тасталғанына қарамастан, оған  шүйлігушілердің қатары азаюдың орнына, қайта жыл өткен сайын жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейе түсті. 1888 жылы «Қырағылардың ұлттық қауымдастығы» оқырманды азғындыққа үндейтін туындыны жақтаушыларды жазғырып, жоғары биліктен цензуралық заңнаманы қатайтуды сұрады. Флобердің романын жарыққа шығарған ағылшын баспагеріне айыппұл салынып, денсаулығына қарамастан төрт айға түрмеге қамалды. 1893 жылы Америка қауымдастығы тұңғыш рет дүниежүзіндегі кітапханалар мен оның бөлімшелеріне арналған бес мың атаудан тұратын кітаптардың анықтамасын жасап, ол, тізімге ұлы жазушының бірде-бір дүниесін енгізбей тастады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, француз классигінің әлемге танылуына таудай тосқауылдар қойылып, «Бовари ханымды» елдің қолына тигізбеу үшін астыртын әрекеттердің бәрі іске қосылды.

Қоғамның наразылығына, биліктің сынына  қарамастан аты-шулы романды оқуға деген елдің ынтызарлығы артып, сұраныс көбейе түсті. Шығарманы жамандаған, одан қандай да бір мін тапқан сайын оны оқуға қызыққан халық қара ормандай көбейе берді. Флобердің жаңа шығармасы Ресей зиялыларының да назарынан тыс қалған жоқ. 1857 жылы «Современник» журналы «Шетел жаңалықтары» бөлімінде осы романның француз басылымдарында шығып жатқаны туралы сүйінші жаңалықты жариялады. «Русский вестник» те шығарманың оқиғасын мазмұндап беріп, француз қоғамындағы ізгіліктің күйрегенін ашына жазды. Ал, «Отечественные записки» басылымында тұңғыш рет «Бовари ханымға» арналған материал шықты. Бірақ, шетел әдебиетіне шолу жасаған К.Штахел романды сынап, Флобердің диллетант екенін дәлелдеп, кітапқа деген оқырман сұранысының көбейе беруінің себебін «Бовари ханымға» байланысты болған сот процесімен байланыстырды. Алайда,  екі жылдан кейін журнал райынан қайтып романды жоғары бағалады. «Бұл расында да таңғажайып роман; Рабледен басқа француз жазушыларының бірде-біреуі Флобер сияқты бізге тап осындай кемелденген туындыны ұсына алған емес... Француз сыншылары мен француз қоғамы бұл туындыға лайықты бағасын бере алмай отыр», - деп жазылды онда жарық көрген мақалада.

«Вестник Европы» басылымы да романды мақтап,  орыстың классик жазушысы И.С.Тургеневтің «Бовари ханым» жаңа француз әдебиетінің ең озық туындысы» деген сөздерін мысалға келтірді. 1858 жылы ұлы суреткердің туындысы орыс тіліне тәржімаланды. 1881 жылы жаңа аудармасы жасалып, жеке кітап болып шығып, оқырманға жол тартты. 

Міне, содан бері аттай бір ғасырдан астам уақыт өтті. Жазушының жүйкесін жұқартып романды жер-жебіріне жетіп даттаған данышпандардың да, қоғамдық моральға зиян тиіп кетпеудін қамын ойлап алаңдап, кітапты шығаруға кедергі келтірген шенеуніктердің де, түрлі қауымдастықтар мен қоғамдастықтардың да тарихта ізі қалған жоқ. Адамзаттың ортақ қазынасына айналған «Бовари ханым» болса әлемнің барлық тілдеріне аударылып, дүниежүзінің беделді баспалары жыл сайын романды кітап қылып шығарып, әлі күнге дейін ол бізбен бірге өмір сүріп келеді. Шығарманың желісі бойынша сахналанған драмалық қойылымдар қаншама.

 Бір айта кетерлігі көзі тірісінде өз романының сахналануына Флобер үзілді-кесілді қарсылық танытты. Атақты жазушы, әрі актер Анре Моньеге де көркемдік табиғатына нұқсан келтіресің деп, шығармасын сахналауға рұқсат етпей қойды. Француздардың ғана емес, көркем прозадағы әлем әдебиетінің жаңа кезеңін бастап берген ұлы жазушы дүние салғаннан кейін ғана 1906 жылы «Бовари ханым» сахналанғанымен, көрермен көңілін қанағаттандырмады. 1936 жылы Париждегі Монпарнас театрында спектакльдің жаңа қойылымы өтті. Соңғы он жыл ішінде ғана шығарманың желісі  бойынша бірнеше көркем фильм түсірілді.                                         

                                                          ***

 Әділін айтсақ, «Бовари ханым» есіңді алып, еліктіріп әкететін таңғажайып оқиғадан да, қызығушылығыңды туғызатын керемет сюжеттен де ада туынды. Сөзіміздің шындығына елдің көзін жеткізу үшін көлемі кере қарыс романның мазмұнын қысқаша тәпсірлеп бергенді жөн санадық.

Романдағы негізгі  оқиғаның өрбуі фермер Руоның аяғын сындырып алып, үйіне келген жас дәрігер Шарль Боваридің оның қызы Эммамен танысатын сәтінен басталады. Шәші де, күлімдеген көзі де көмірдей қап-қара, қызыл шырайлы сылқым бикешті ұнатпау мүмкін емес еді. Фермердің  жарақаты ауыр болмаса да сүйкімді қызын бір көру үшін дәрігер сылтау тауып оған қайта-қайта келуін тоқтатпайды. Күйеуінің бөтен біреуді ұнатып қалғанын сезген әйелі қызғаныштан жарылып кете жаздайды.

Кенеттен әйелі қайтыс болып Шарль сүйгеніне қосылды. Енесі жаңа түскен келінін салқын қабылдап, жақтырмады. Эмма үй шаруасына пысық екен. Ал, бақыт құсын қолына қонғызған дәрігердің қуанышын сөзбен айтып беруге тіл құдіреті жетпейді.  

Әйткенмен, Эмманың көңіл-күйі қобалжулы. Үйленген кезде дұрыс таңдау жасағанына сенімді болған сұлудың көңіліне күмән тығылып, шықпай қойғанын қарасайшы. Сиқырлы әуендей сезіміңді баурап алатын романдарды ынты-шынтысымен беріліп оқитын бикеш оңаша қалғанда жүрегін елжіреткен шығармалардағы суреттелетін сәнді сарайлардың бірінде тұрып, ақылына көркі сай азаматпен өмірде қол ұстасып жүруді қиялдайтын, нәзік жүрегін жандырып жіберетін сұлу да, күшті сезімдердің тасқынын аңсайтын. Өмір шындығы қиялын нұрландырған  әлемнен мүлде өзгеше болып шыққаны қандай өкінішті.

Әрине, Құдай қосқан қосағы өте мейірімді, ақкөңіл, еңбекқор жан. Бірақ бойында қайсарлық түгіл, нағыз еркекке тән кесек мінездің жұғыны да қалмаған. Өз ойы жоқ, сөзі сылбыр, ынжық, ештеңені ұқпайтын, еш нәрсені қаламайтын, мансапқа да, байлыққа да ұмтылмайтын қоңыртөбел тірлігіне дән риза көптің бірі.

Мұнар мұңнан арыла алмай жүрген көңілсіз күндерінің бірінде Эмманың өмірінде ерекше оқиға болды. Жұбайы дәулеті тасыған  маркизді емдеп, ол Боварилерді салтанатты сарайында өтетін балға қонаққа шақырды.

Сол күні ат шаптырымдай әсем залдарды аузының суы құрып тамашалап, атақты қонақтармен танысып, көздің жауын алған сан-алуан гүлдердің хош иісінен санасы тұманданған әдемі келіншектің көңіл-күйі тәтті сезімнің құшағында балқыды. Ұмытылмас әсер сыйлаған кеште ол Парижге кетіп бара жатқан виконтпен вальс биледі.

Жанын жадыратқан жақсы кештен кейін ол тағы да бір осындай шақырудың болуын сарғая күткенімен, үкілеген үміті ақталмады, өмір қалыпты арнасына түсіп, баяғы ескі бағытымен зымырап аға берді. 

Сүреңсіз тіршіліктен жалығып, жаны жабырқаған ол  кенеттен сырқаттанып, жүрегінің соғуы жиілеп, тұншығып, құрғақ жөтел мазалап, бойында енжарлық пайда болды. Сары уайымға салынған жұбайы бұл жақтың ауа райы әйелінің денсаулығына жақпағанына көзі жетіп,  басқа бір елдімекенге көшудің қамын қарастыруға кірісіп кетті. Жер аяғы кеңіп, көктем шыға салысымен Шарль аяғы ауыр әйелін алып Руан маңындағы Ионвиль қалашығына қоныс аударды.

Жас жұбайлар қоныс тепкен жаңа мекен бұрынғыдан да бетер сүреңсіз өңір болып шықты. Орталық алаңға белгілі бір уақытта үнемі жұпыны пәуеске тоқтайтын. Қала тұрғындары бір мезгілде тосап қайнатып, келер жылдың қамына кірісіп кететін. Шағын қаладағы оқиғалардың бәрін жұрт лезде біліп қойып, өсектей жөнелетін.

Амал нешік, бір күнде бөтен қоғамның жаңа мүшесіне айналып шыға келген Боварилер отбасының араласатын кісілері түрінен өзімшілдіктің белгісі байқалып тұратын дәріханашы Оме мырза, мата сатушы Лере мырза, дін қызметшісі сияқты бірнеше адам ғана болды. Тек, нотариустың көмекшісі аққұба жүзді жиырма жастағы сыпайы жігіт Леон Дюпюи ғана өзгелерге ұқсамайтын. Ол кітап оқығанды жақсы көретін, сурет салатын, пианионда да ойнайтын. Алғаш көрген сәттен-ақ жас жігітті  Эмма ұнатып қалды. Жалғыздық пен зерігуден азап шеккен екеуі бір-біріне мұңын шағып, мауқын басып, көңілсіздіктің тұманын сәл сейілткен тәрізді.  

Эмма ұл сүйгісі келді, бірақ, қыз тапты. Атын Берта қойып, күтуші әйелдің қолына берді. Көңілсіз тіршілік жалғасып жатты. Әкесі күйеу баласы мен қызына жыл сайын көктемде бір күркетауық жіберіп тұрды. Кейде олардың шаңырағына ысырапшыл келінін жақтырмайтын енесі де бас сұғып қалатын. Леонмен сырласу ғана жас келіншектің жанын жадырататын жалғыз жұбанышы болды.

Бойында күш-қуаты тасыған сері жігіт те Эммаға ғашық еді, басы бос емес әйелге ішіндегі лапылдаған оттай сезімін білдіре алмай қатты қиналды.  Леонның  көзіне мына сұлу сонау бір алыстағы,  қанша созсаң да қолың жетпейтін қиялдың биік аспанындағы армандай болып елестеді. Бірақ ол оңаша қалғанда жас келіншектің де өзі туралы жиі ойлап, арманның ақ теңізіне шомылып жүргенін қайдан білсін. 

Леон оқуын жалғастыру үшін Парижге кетіп қалды. Ол қалаға аттана   салысымен Эмманың жаны жабырқап, тағы да күйзеліске ұшырады. Бола алмай қалған бақыты туралы желімше жабысқан ойлар оны кеміріп, жанын жегідей жеп жатты. Көңілін көтеру үшін Леренің дүкенінен жаңа заттар сатып алды.

Лере өте пысық, зымиян саудагер болатын.  Сұлу бикештің қымбат заттарға  жаны құмар екенін жақсы білетін ол үнемі оған неше түрлі бұйымдарды ұсынып, жас келіншекті қарызға белшесінен батырды. Әйелінің мойнында берешегі бар екенін отағасы білмейтін.

Шарльдың үйіне бір күні қызметшісін қарату үшін помещик Родольф Буланше бас сұқты. Бір көргеннен-ақ ол Эмманы ұнатып қалды. Ұялшақ Леондай емес, отыз үш жастағы бойдақ Родольф өзіне сенімді, нәзік жандылардың жүрегіне жол табудың тәсілін жақсы білетін - тәжірибелі еркек.

Родольф жалғыздықтан жаны жабырқаған қияли әйелдің басын тез айналдырып алды, ақыр соңында Эмма күйеуінің көзіне шөп салып, біреудің  көңілдесіне айналды. Бойында құмарлық сезімі тұтанып, ғашықтық жыланына арбалған әйел үшін құпия кездесулер өмірінің жалғыз мағынасы болды. Қиял патшалығындағы нағыз батырларға тән кесек мінездердің бәрін де ол көңілдесінің бойынан тапқандай қуанып, арман сағымның ішінде боранда қалған күшіктей адасты. Родольфтан өзін мәңгілік сүйіп өтетіні, керек болса жанын құрбандыққа шалуға  даяр екенін  айтып серт беруін талап етті. Көңіл-күйі романтикалық сезімдердің тұңғиығында тұншыққан жан ақыл-есін жоғалтып, күйеуіне білдірмей Лереден қымбат заттарды қарызға алып Родольфқа бағалы сыйлықтар жасады.   

Нағыз махаббатты аңсап жаны аласұрған әйел бойындағы құмарлық жалыны өршіген сайын Родольфтың сезімі керісінше суи берді. Бетінің қызылы бар ұрғашы көрсе өзін ұстай алмай қалатын ол арамдығы жоқ аңқау, аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл Эмманы шынымен де ұнататын. Бірақ жеке басының тыныштығы мен абырой-беделін бәрінен жоғары бағалайтын. Ал, күйеуі бар қатынмен  байланыс мансапқұмар еркектің беделіне нұқсан келтіруі әбден ықтимал. Оның үстіне Эмма да соңғы кездері мүлде сақтықты ұмытып, Родольфтың қайта-қайта ескерту жасауына тура келді. Тіпті, сабақ болсын деп, қатарынан үш рет уағдаласқан жердегі кездесуге келмей қойды. Содан кейін Эмма намыстанып, көнбіс күйеуін неге сүймейтінін ойланып, оны жақсы көруге тырысқанымен еш нәтиже шығара алмады. Ал, дәріханашының кесірінен болған бір оқиғадан кейін өз күйеуін иттің етінен жек көріп кетті.

Дәріханашы Оме мырза Ионвилдегі прогресті жақтаушылардың бірі болып саналатын. Үнемі ғылымдағы жаңалықтарды бақылап, «Руон шамшырағы» газетіне мақалалар да жазатын. Не түлен түрткені белгісіз, бір күні аяққа жасалатын жаңа ота туралы оқып, оны Ионвильде іске асыруға болатыны  туралы ой Оменің басына кіріп алып, шықпай қойды. Күні-түні маза бермеген желімше жабысқан ойын ол Шарль мен Эммаға айтып, оларды азғырып, бір күнде байып кетуге болатынына сендіріп, ақыры екеуін де көндірді. Отандық ғылымдағы бұрын-соңды болмаған жаңа отаны өзіне жасатуға, табаны қисық болып туған ат күтушісі келісім берді.

Отаны жасап болғаннан кейін қалай байып кететіндерін ойлаған ерлі-зайыптының қуаныштан жүректері жарыла жаздады. Кеш батқанда төсекте жатып сырласып, сан-алуан жоспарлар құрды.

Бес күннен кейін ат күтушінің жаны қысылып қиналып, аяғы іріңдей бастады. Жан тапсыруға сәл қалған байғұсты құтқару үшін амалсыздан жергілікті жердегі белгілі дәрігерді шақыруға тура келіп, ол осы отаны жасағандардың бәрін қарғап-сілеп, аурудың аяғын тізесіне дейін кесіп тастады.

Шарль не істерін білмей торығып, Эмма ұяттан жерге кіріп кете жаздады. Шыбын жаны шырқыраған ат күтушінің құйқа тамырыңды шымырлататын жан түршіктіретін зарлы айқайын қала халқының бәрі естіді. Күйеуінің қолынан түк келмейтін мүсәпір екеніне Эмманың енді әбден көзі жетті. Сол күні кешке ол тағы да Родольфпен кездесіп, екеуінің бір-біріне деген ынтызарлығы қайта оянып, бұрынғы ашу-ызалары айқасқан құшақтарының ыстығында көктемгі қардай еріп кетті.

Енді ол күйеуін тастап, ашынасының етегінен ұстап бұл жақтан біржола кетуді армандап, сүйіктісінің аяғына жығылып, жалынып-жалбарынып оны қашуға көндіргендей болды. Екеуі қалай қашатындарын ойластарып жоспар құрды. Эмма тірі жанға білдірмей саудагер Лередан шекпен, чемодан мен жолда керек болатын ұсақ-түйектерге тапсырыс берді. Алайда, кенеттен Родольф ойынан айнып қалып, Эммамен қарым-қатынасын біржола үзуге бел буып, көңілдесіне бір тілім қоштасу хатын жазып, тез арада табанын жалтыратты.

Эмма тағы да сырқаттанып қалды. Күйеуі қырық үш күн бойы миының қабынуы басталған әйелінің қасынан кетпеді. Көктемге таман ғана Эмманың беті бері қарап, денсаулығы түзеле бастады.

Енді ол мына дүниедегінің бәріне де немқұрайлы қарайтын болды. Қайырымдылықпен айналысып, Құдайға құлшылық етуге ниеттенді. Дәл осы кезде Руанға атақты тенор гастрольмен келіп жатқан-тұғын. Дәріханашының кеңесіне құлақ асқан Шарль көңілін сергіту үшін жұбайын театрға апарды.

Вальтер Скоттың «Ламемур қалыңдығы» романының желісі бойынша жазылған  Доницеттидің «Лючия де Ламемур» операсын ұйып тыңдаған Эмма жалған дүниенің бәрін ұмытып кетті. Ең соңында қайтыс болатын Лючияның жан күйзелісінен ол өз басындағы тарқамай қойған қайғы-қасіреттің бұлтын  көргендей әсер алды. Үзіліс кезінде Эмма күтпеген жерден Руанда тәжірибе жинап жатқан Леонмен кездесіп қалды.

Уақыт қандай зымыран! Екеуінің бір-бірін көрмегеніне үш жыл заулап өте шығыпты. Үш жылда Эмма қатты  өзгерген, бірақ, Леон да бұрынғыдай ұялшақ жігіт емес. Кезінде ұнатқан әйелдің жүрегіне қалай шоқ салудың амалын іздеген ол Лагардиді тыңдау үшін Бовари ханымның тағы да бір күнге Руанда қала тұруын өтіне сұрайды. Әйелінің денсаулығын ойлаған Шарль оның бұл ұсынысын қызу қолдап, Ионвильге жалғыз аттанды.

Амал нешік, Эмма тағы да біреудің көңілдесі болып, тағы да күйеуін алдап, ақшаны суша шашты. Бейсенбі сайын музыкадан сабақ аламын деген сылтаумен Руанға кетіп, Леонмен қонақүйде кездесіп тұрды. Айлакер Лере осы кезде Эммадан қарызын қайтаруын табанды түрде талап ете бастамағанда  екеуінің арасындағы махаббат драмасының әлі қанша жылға созыларын бір Құдай біледі.

Қол қойылған векселдер бойынша қомақты сомма жиналып қалыпты. Іс насырға шапса Боварилер отбасына бүкіл дүние-мүліктерінен айырылу қаупі төніп тұр.

Суға кеткен тал қармайды. Не істерін білмей алаңдап басы әбден қатқан әйел Леоннан көмек сұрады. Қорқақ Леон жәрдемдеспек түгіл оны алдап, қашып кетті. Нотариустан да, инспектордан да қайыр болмады. 

Міне осы кезде оның есіне Родольф түсті. Аптығы басылған бұрынғы көңілдесінің қайтып оралғанын ол білетін. Дегенмен, оны көргенде қатты қуанғандай сыңай танытқан Родольф, қандай мақсатпен Эмманың өзін іздеп келгенін естігенде күрт өзгеріп «Менде ондай ақща жоқ» деп сүйіктісінің бетін бірден қайтарып тастады.

Родольфтың шіріген бай екенін жақсы білетін Эмма жынданып кете жаздады. Үмітінің бәрі тасқа соғылып, быт-шыты шығып қирады. Әрі қарай өмір сүруде еш мағына қалмады. Әдемі өмірді аңсаған оны ендігі қалған ғұмырында жек көретін күйеуімен бірге әркімнің есігіне телміріп, мына жалғаннан қайыршы болып өту бақытсыздығы күтіп тұр. 

Дүниеден әбден түңілген Эмма үйіне әзер жетіп у сақталған қаңылтыр қалбырды тауып алып, ұн сияқты ұнтақтан асап-асап алды. У ішкен әйел бірден емес, бірнеше күннен кейін, қатты қиналып дүние салды. 

Әйелінің қазасы жаны жібектей нәзік Шарльді қатты күйзелтіп жіберді. Ал, Родольф пен Леонның әйеліне жазған хаттарын тауып алу оған бәрінен де ауыр тиіп, жүрегін жазылмастай етіп жаралаған соққы болды. Сақал-мұрты өсіп кетіп, үсті-басы кір-кір болып көше кезген ол өксіп-өксіп жылаудан көз ашпады. Күндердің бір күнінде ол да ауладағы сәкілердің бірінде Эмманың бір уыс шәшін қолына қысқан күйінде жан тапсырды.

Кішкентай Берта әуелі әжесінің, ол қайтыс болғаннан кейін апасының қолында тәрбиеленді. Эмманың әкесі де өмірден өтті. Көк тиын ақшасыз қалған Берта тоқыма фабрикасына жұмысқа тұрды. Леон өте сәтті үйленді. Лере жаңа дүкен ашты. Дәріханашы арманына жетіп, Құрметті легионның орденімен марапатталды.  

                                          ***        

Қош. Сонымен, шығарманы талдау барысында керек болатын маңызды детальдарды ұмытып кетпеу үшін «Бовари ханымды» осымен үшінші мәрте бас алмай оқып шықтық. Тұңғыш рет көлемі төрт жүз беттен асып кететін нән кітаптағы баяндалатын оқиғалармен мектеп қабырғасында таныстым. Студент кезімде «Шетел әдебиеті» пәнінен емтихан тапсыруға дайындалғанымда оған тағы да көз қырымды салуыма тура келді. Енді міне Гюстав Флобердің шығармашылығы жөнінде үлкен еңбек жазуға ниеттеніп, романда баяндалатын әр эпизодты қадалып зерттеп, мүсіндеген әр кейіпкерінің жүріс-тұрысын, мінез-құлқын, сөйлеу мәнерін ойша саралап, сыртқы фабуласына, композициялық құрылымына, стиліне шұқшиып,  ситуация жасау шеберлігі мен нарратологиялық (әңгімелеу) тәсілін зерделеп, полифониялығына (көп дауыстылық) баса назар аударып, оқиғалары ойымда көбейту кестесіндей жатталып қалған туындымен тереңірек танысып жатқан жағдайым бар.

Реалистік прозаны дамытуға ұмтылған өркениетті елдердің бәрінде де «Бовари ханым» жан-жақты талқыланып, жүздеген кітаптар мен мыңдаған мақалалар жарық көргенімен, өкінішке қарай, біздің ұлттық әдебиетімізде осы романның ерекшелігін егжей-тегжейлі талдаған еңбектер әлі күнге дейін жазылған жоқ. Көзге көрініп тұрған осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, миллиондаған оқырмандардың жүрегіне жол тапқан туындының жұмбағын іздеп, оны майын тамызып талқылаған әлем әдебиетінің мүйізі қарағайдай данышпандары  Эмиль Золя, Альбер Тибоде, Андре Моруа, Сомерсет Моэм, Дмитрий Мережковский, Владимир Набоковтардан бастап, жілігін шағып талдаған Т.В.Грудкина, О.Еременко, З.Зенкин, А.Иващенко, О.Половинкина, А.Пузиков, Б.Реизов, М.Теплинский, тағы да басқа  ғұламалардың еңбектерін де назардан тыс қалдырмай шолып шықтық. Шамамыз жеткенше, қолымыздан келгенше енді біз де сол жұмбақты табуға әрекет етіп көрмекшіміз.

Жарық көргеніне жүз елу жылдан асса да әлі күнге дейін дүниежүзінің беделді баспаларының осы кітапты қайта-қайта шығарып, оны жұрттың құмартып оқи берулерінің құпиясы неде? Шынайылығы мен шыншылдығында ғана десек қатты қателесеміз. Жүз жерден Флобер әулие болса да француз әдебиетінің алтын ғасырын жасаған Виктор Гюго, Проспер Мериме, Александр Дюма, Франсуа-Рене де Шатабрион, Альфонс де Ламартин, Жерар де Нерваль, Шарль Нодье, Альфред де Мюссе, Теофиль Готье, Альфред де Виньи, ағайынды Гонкурлардың прозасында ондай қасиеттер жоқ деп айтуға аузымыз бармайды. Ал, соңына атан түйеге артатын жүк боларлық  әдеби мұра қалдырған Стендаль, Бальзак пен Мопассандардың том-том кітаптарын қайда қоямыз, сонда? Ертегідей әдемі  өмірді аңсаған ұшқалақ қатынның оны  өліп-өшіп сүйген күйеуіне опасыздық жасап, тірнектеп тапқан тиын-тебенін көңілдестеріне шашып, ақыр соңында барлық нәзік үміті шіріген жіптей үзіліп, өзіне қол салып өлуі де жұрт соншама еліріп, бас алмай оқитындай, қызық оқиға болғаны ма?

«Өзіне де сол керек. Сауап!», деп көңілі көншігендей масаттанар еді, қоғамдық моральға зиян тиіп кетуден қауіптенетін  ХІХ ғасырдағы Францияның ақсүйектік ортасында тәрбиеленген  «мәдениетті» оқырманы ондайда. Сосын кітаптан алған уытты әсерінен ұзақ уақыт арыла алмай ой теңізіне батып, күнделікті тіршілікте істеп жүрген «тәтті» қылмыстары есіне түсіп, Эмманы қу нәпсісінің жемі қылған сұмырай кейіпкерлердің іс-әрекетінен өзінің еш ойланбастан жасап жүрген зымиян тірлігін  айнадай көргендей қуыстанып, көңілі нілдей бұзылып, ызадан жарылардай бұлқан-талқан ашуланар еді.

«Елдің көңіліне қарамай, кейіпкерінің жан сырын түк қалдырмай ақтарып, өзінше, залым қоғамның тамырын тереңге жіберген  бүкіл қылмысын қопарып, жалаңаштап тастағандай болған, мынау Флобер деген қайдан шыққан данышпан өзі? Ешкімді аямапты. Еркегін де, ұрғашысын да масқаралап, тіпті, бүкіл қоғамды шытыр жеген сиырдай қылыпты. Бұл не сұмдық? Не деген бетімен кеткен бассыздық?

Ақсүйектер - алаяқ, зиялылар – зымиян, асқар таудай әкелеріміз бақуатты еркек көрсе жалғыз қызын соның етегінен ұстата салуға асыққан - тоғышарлар, ал, абзал аналарымыз болса баласының бақытын ойлағаннан гөрі, байлыққа құныққан - дүниеқоңыздар. Өзге түгіл, өзі сияқты жазушыларды да оңдырмапты. Егер де Флобер том-том романдарды балалатып, қара ормандай оқырмандарының сезімін баураған танымал талант болса – әңгіме басқа. Әлде, қаламы сирек жорғалайтынына қарамастан, әлі күнге дейін бір жақсы дүние туғыза алмаған ақымақ атын шығарғысы келіп, ұрынарға қара таппай жүр ме?

«Бовари ханымды» оқысаң құдды Эмманың өліміне романтикалық романдарды ермек қылып, санасында мұнарланған сағым арманы мен нағыз өмірдің ара-жігін ажырата алмай қалған қияли қатынның өзі емес, біздің бәріміз кінәлі сияқтымыз. Бәріміз. Шынымен де мына елде ақылына сәуле қонған адам қалмағаны ма? Жо, жо, жоқ. Мүмкін емес. Сенбеймін ондай сандырыққа.

Қайдан шыққаны белгісіз мына бір жолы болмаған жазушы өшін қоғамнан алғысы келіп, бірдеңені шатып-бұтып жұртқа  жала жауып отыр. Жала! Менің ұлым – алтын, қызым – періште. Әкем мен шешемдей асыл жандарды жер шарын жүз айналып шықсаңыз да таппайсыз. Көршілерім - ибалы кісілер.  Достарым соңғы бір үзім нанын бөлісіп жеуге даяр - жомарт жандар».

Француз қоғамындағы қамысқа тиген өрттей қаулаған наразылықтың себебін түсінуге болатын еді. Өйткені, Флоберге дейін ащы шындықты дәл  осылай шымбайға батырып айтқан суреткер болған емес. Ал, ар-ұяттан безген қоғамның нағыз бет-бейнесін айнытпай суреттеп, асқан шеберлікпен баяндап берген шығарманы қабылдау романтизм рухында тәрбиеленген жұртқа ауыр соққы болып тиді. Сол замандағы романтиктер махабатты асқақтатып, көкке көтеріп аспандатып жіберсе, Флобер оны жерге түсірді. Жердегі тіршіліктің том-томдап тоқтаусыз шығып жатқан романдарда сипатталатын өмірдегіден әлдеқайда күрделі және қиын екенін көрсетіп, шындықтан қашпауға шақырып, ояту үшін, қалғып кеткен қоғамның ұятына  қамшы жүгірткендей болды. 

Хәкім Абайдың отыз алтыншы қара сөзінде «шын ұяттың адамды кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмайтындай етіп жіберетіні» айтылады. «Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты» дейді ұлы ақын. Алайда, өз иттігін іштей мойындау кім-кімге болса да оңай емес.  Ендеше пенде баласының шын ұятына қамшыдай осып түсетін ащы уәж айтылғанда, алдымен оның қасына ең жақын серігі ашу-ызаның бәрінен бұрын далақтап жетіп келетіні заңдылық болса керек. Бірақ ашу-ыза  тарқағаннан кейін, былыққа батқан қоғамнан да ұяты оянған жандар табылып, шығармадағы шындықты мойындаушылардың қатары көбейе түсті. Міне, осылайша сөз өнеріндегі романтизм дәуірі аяқталып, Флобер оқырмандарға өмірді тым асқақтатып әсірелеуден ада қатал реализмнің есігін айқара ашты.  Қанша қимаса да ақиқаттың ауылынан алыстап бара жатқан ертегі  көңіл-күймен қоштасуға тура келді. Флобердің келуімен «өмірдің қатігез шындығы үшін өнерге жол ашылып» (Андре Моруа)  әдебиеттің жастық шағы аяқталып, есею кезеңі басталды.

«Бовари ханымға» дейін авторлық баяндауға айрықша мән берілсе, енді проза ондай өктемдіктен біржола адаланды. Ендігі уақытта шығармадағы жазушы позициясы әлсіреп, кейіпкердің позициясы алға шықты. Автордың шығармаға өз ойын тықпалау құқығы шектеліп, полифония (көп дауыстылық) күшейді. Өмірге өнер туындысын әкелген суреткердің емес, кейіпкердің көзімен қарау басымдық алды.

Өнер тек елдің құлағын елең еткізетін айрықша оқиғалар мен ерекше ситуацияларға ғана баса назар аудармай, қарапайым өмірдегі момақан тіршіліктен де бүкіл адамзатты толғандыратын трагедияның көрінісін таба білуі тиіс. Себебі, «қоғам тек өңшең шідер үзген жүйріктер мен аузымен құс тістеген сұңғылалардан түзілмейді». Ендеше осы кезге дейін қалыптасқан және үстемдік етіп келе жатқан өнерге деген дәстүрлі көзқарасты түбірімен өзгерту қажет. Суреткер өз талантының құдіретіне оқушысын табындырып, эстетикалық ләззат алдырып қана қоймай, оны ар азабын кешкендей хәлге түсіре білгені ләзім. Прозалық шығарманың мәтіндік бітімін құрайтын авторлық баяндау, суреттеу, ішкі монолог, полифония т.с.с. элементтердің ара-жігі айқын сараланбай баяндаушы мен кейіпкер синтезделіп, бір тұлғаға  айналып кетуі қажет. (Кейін орыстың ұлы суреткері Чехов өзінің барлық шығармаларын біржола осы тәсілмен жазуға көшті. ХХ ғасырда ағылшын жазушысы Ричард Олдингтон «Қаһарманның қазасы» романында,  бейсаналы түрде болса да ұлттық прозамызда Бейімбет Майлин «Күлпәш» әңгімесінде Флобердің өнерге әкелген жаңалығын қайта жаңғыртты).

Өмірді барынша обьективті етіп суреттеуге ұмтылған Флобердің натуралистік  мектепке арқа сүйегені жасырын емес. Дегенмен, достық қарым-қатынаста болғанына қарамастан Эмиль Золяның натуралистік мектебін аса мойындамайтын ол өз кейіпкерінің көңіл-күйін, іс-әрекетін, мінез-құлқын  замандастарынан әлдеқайда шынайы етіп жеткізуге ұмтылды. Шығарманың кульминациясында у ішіп өлетін Эмманың дүние салар алдындағы азапты арпалысын жазушы қандай медициналық дәлдікпен, кәсіби дәрігердің көзімен көрген оқиғасындай етіп қалай егжей-тегжейлі сипаттап берген десеңізші. Француз классигіне дейін  тал бойында бір міні жоқ,  күш-қуаты тау суындай тасыған әдемі әйелдің ажалын тап осылай суреттей алған қаламгерді сіз айтпасаңыз, мен білмеймін. 

Флобер өнерде ғылыми тәсілге сүйенуді жақтап, қиял мен жорамалға қарсы шықты. Кез-келген детальдың өз орнында тұрып, математикалық дәлдікпен берілуін қалады. Кезекті дүниесін жазуға отырар алдында күні-түні жұмыс істеп, өзін қызықтырған деректерді ықтиятты зерттеп, көз майын тауысып жүздеген томдарды шолып шығудан ерінбеді. Мысалы, Эмманың ажал алдындағы жан арпалысы суреттелетін оқиғадан біз ұлы қаламгердің   адамның уланып өлуіне байланысты медициналық еңбектерден жан-жақты хабардар болғанын анық көреміз. 

Нағыз суреткер үшін ұсақ-түйек дүниенің атымен болмауы керек екеніне кәміл сенген ол бұрын-соңды ешкім жазбаған,  кемеліне келіп, шаршысына толған туындыны өмірге әкелуді аңсады. Қиялындағы арманына қол жеткізу үшін шығармашылық шеберханасында ақ тер, көк терге түсіп,  бейнеттің ащы теріне малшынған Микеланджелодай қиналып, кейде үш күн қатарынан тапжылмай отырып жазғаны жарты беттен аспады. Қағаз бетіне түсіргенін  мың мәрте өңдеп, жүз рет көшіріп күні-түні мәтінді өңдеумен арпалысқан жазушы жаны бір мезетке тыныштық таппады.

Жарық дүниеге «іңгәлап» келген сәбиге ананың сүті қалай керек болса, өмірдің есігін енді ашқан реалистік өнерге де жаңа эстетикалық көзқарастың ауадай қажет екенін ол қатты сезді. Сондықтан да өзіне дейінгі реалист жазушылардың туындыларында болған автордың тақырыпқа қатысты көзқарасын білдіретін портеттік мінездеме, әсірелеу сияқты тәсілдерінен  бас тартты. Француз прозасына бұрын-соңды болмаған көркемдік жаңалықтар әкелді. Реалистік сипаттаудың тап осындай тәсілін жазушыдан жаңа дәуірдің сұранысы талап етті. Өнердегі сипатталатын орта сол баяғы буржуазиялық қоғам болып қалғанымен, оны суреттеудің басқа әдістері дүниеге келді. 

Зұлымдық пен ізгіліктің күресі, әділеттілік іздеп қылыштасқан жекпе-жектер бейнеленетін Шекспирдің драмалары, Бальзактың «Адамдық комедиясындағы» қорқынышты кейіпкерлері үрейіңді ұшыратын  романдары, Стендаль, Мериме, Гете мен Диккенстің биік армандарға жетелеп, жүрек  қылын шертіп, сезіміңді шабақтайтын романтикалық туындалары әдебиеттегі Флобер алып келген жаңа бағытқа  жолын берді.

Ой еңбегі туындысының тап осындай кемелдіктің заңғар шыңына көтерілгені таң қалдырмай қоймайды. Қалай таңданбайсыз? Оқиғасы қарапайым романдағы сюжеттер өте жақсы ойластырылған, автор суреттеп отырған ортаны бүге-шігесіне дейін зерттеген, бір ауыз артық сөзі жоқ кетпектей романдағы  бір детальды орнынан қозғай алмайсың.  Сыншылар шығарманың стилінен иненің жасуындай мін таба алмай қиналған мұндай оқиға Франция әдебиетінің тарихында бұрын-соңды болған емес.

Әйткенмен, «Бовари ханымды» өмірдің айна-қатесіз көшірмесі ретінде қабылдау – өнердің жұмбағын түсінбеуге әкеліп соқтырар еді. Владимир Набоков дұрыс айтады. «Романдағы суреттелетін қоғамдық ортаны да, Эмманы да жазушы ойдан шығарған». Өмірдегі сәйкестіктердің бәрі – кездойсоқтық.  Сондықтан да шығармадан қоғамда болған қандай да  бір оқиғаны, ал, кейіпкерлерден сол заманда өмір сүрген адамдардың түпбейнесін іздеудің беретін нәтижесі шамалы.

Мұны айтып отырған себебіміз, «Бовари ханым» жарық көрген кезде осындай сауал туып, кейбір сыншылар әлі күнге дейін соған ерекше назар аударып, оқырманның басып қатырып жүр. Ол жөнінде көптеген еңбектер  мен мақалалар жазылып, түрлі-түрлі болжамдар мен жорамалдар жасалды. Француз журналисі, «Revue Nationale» журналының редакторы, 1849-1851 жылдары Флобермен бірге Шығысқа саяхаттап  қайтқан досы Максим Дюкан  «Естеліктер» кітабында  романның сюжетін француз классигіне өзінің айтып бергенін тілге тиек етеді. Сол кезде шыққан тағы бір жорамалға жүгінсек, бұл туындыда мүсіншінің әйелі, Прадье ханымның тағдыры көрініс тапқан.  Флобердің романдағы кейіпкерлердің қандай да бір нақты түпбейнелерінің жоқ екенін, шығармасынан өмірбаяндық қайнарларды іздеуге болмайтынын талай мәрте ескерткені мәлім. «Кітаптағы кейіпкерлердің бәрі де толығымен ойдан шығарылған, ал, Ионвиль-л' Аббей  деген жер өмірде жоқ. «Бовари ханымда» айтылғандардың бәрі де өмірде мүлде болмаған. Ондағы оқиғалардың бәрі ойдан шығарылды. Мен онда өзімнің сезімімді де, өмірімді де бейнелеген жоқпын», дейді жазушы бір сөзінде.

Дегенмен, романның әдебиеттегі алатын орны мен шыға салысымен оқырмандардың ыстық ілтифатына бөленген даңқын шығарманың стилімен немесе одан әлдекімдердің түпбейнесін іздеген жұрттың қызығушығымен ғана байланыстыруға болмайды.

Француздардың әдебиет сыншысы  Альбер Тибоде ұлы жазушы туралы монографиясында Сервантестің «Дон Кихоты» мен Флобердің «Бовари ханым» шығармаларының бірден даңқының аспандап кетуінің басқа себептері бар екеніне егжей-тегжейлі талдау жасайды. Тибоденің айтуынша, әлем әдебиетінің жауһарына айналған екі ұлы туынды да антиромандық романдар. Егер де Сервантестің «Дон Кихоты» сол кездегі жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен рыцарлық романдарға қарсы жазылған шығарма болса, Флобердің «Бовари ханымы» махабатты асқақтатып жырлаған - романтизмге күйрете соққы берген туынды.

Екі шығармада да адамның мәңгі өзгермейтін табиғатының архетипі бар, көтерген проблематикасы да бір-біріне қатты ұқсайды. «Дон Кихотта» да, «Бовари ханымда» да кітапта жазылған идеалдар мен нағыз өмірдің арасында жер мен көктей айырмашылық бар екені суреттеледі. Рыцарлық романдарды оқып алып жәбірленгендер мен жапа шеккендерді қорғағысы келіп батырлық іздеген  Дон-Кихот та, романтикалық шығармалармен санасы уланып, шын махабатты аңсаған Эмма Бовари да - өз идеалының тұтқыны.                                         

                                                   ***

«Бовари ханымның»  әдебиет тарихындағы алатын орнына  баға беру үшін, өнердегі реалистік бағыттың қалай өзгеріп, жаңа арнаға қалай түсе  бастағанына қысқаша шолу жасай кеткеннің артығы бола қоймас. 

ХІХ ғасыр Францияның мәдени тыныс-тіршілігінің сорпасы қайнап, интеллектуалдық потенциалының  кемерінен асып, сан-алуан  бағыттардың дүниеге келіп, өнердегі қолтаңбалары бір-біріне ұқсамайтын кесек таланттарды үсті-үстіне туғызып жатқан алтын дәуірі болды. Сол жылдары рухани өмірдің барлық саласында ғылыми тәсілге сүйенуге деген қызығушылық артып, ол үлкен ізденіс үстінде жаңа эстетиканы толғатып жатқан әдебиетке әсерін тигізбей қалған жоқ.

Шығармашылық ізденісін жұрт дұрыс қабылдай алмай, қоғамдық көзқарастың  төпелеген сынының астында қалған «Тереза Ракен» романына жазған алғысөзінде Эмиль Золя былай деген болатын: «Мен бұл шығармаға отыратын кезімде алдыма бірінші кезекте ғылыми мақсат қойдым. Екі кейіпкерді сомдау арқылы мен белгілі бір проблеманы көрсету немесе шешумен емес,  мінездері мүлде ұқсамайтын екі түрлі адамның бір-біріне деген құштарлығын тануға тырыстым... Хирургтер мәйітті қалай зерттесе, мен де тап солай екі тірі тәнді зерттедім».

Золяның тілімен тәпсірлесек,  «атақты Бальзак та ақындық қиялдан гөрі ғылыми бақылауға сүйенгенді жөн көрген».  Бірақ ол өзін қоғам тарихын жазушы суреткермін деп есептеді.  «Адамдық  комедияға» жазған алғысөзінде ғұлама ғалымдар Жорж Леопольд Кюве, Жоффуа Сент-Илер Этьен, Жорж-Луи Леклерк де Бюффонның еңбектеріне сілтеме жасауы, Бальзактың қоғамды организм ретінде зерттеп, әрекет ету заңдылығын түсінуге тырысқанын аңғартады. Ағайынды Гонкурлар, одан кейін Эмиль Золя да барлық психикалық әрекеттердің қайнарларын адам физиологиясынан іздеді. Басқаша сөзбен  айтқанда, адамның қандай жағдайда өмір сүруі оның тағдырына әсерін тигізбей қоймайды.

Золяның туындылары арқылы көрініс тапқан әдебиеттегі натурализмде адам табиғатқа оралып, оның органикалық бөлігі ретінде қабылданады. Натурализм терминін Золяның өзі ұсынып, жаңа эстетикасының мән-мағынасын «Өнер туындысы дегеніміз суреткердің арқасында үзіп алынған табиғаттың бір кішкентай бөлігі» деп тұжырымдады. 

Натурализмде орта деген түсініктің мағынасы түбегейлі өзгереді. Натуралистердің туындыларында әлеуметтік ортаның тыныс-тіршілігі биологиялық ортаның кіндігіне мықтап байланған. Ол тәрбие, қоғамдық шарттылық, қаржылық ахуал арқылы кейіпкерлерінің мінез-құлқына ғана әсер етіп қоймай, олардың физиологиялық ерекшеліктерін де қалыптастырады. Мысалы, Эмиль Золяның «Наурыз» романында бейнеленетін ортаның шығармадағы кейіпкерлердің сыртқы кескін-келбетіне де әсер еткенін айқын көреміз.  Шахтадағы ауыр еңбек адамдардың жігерін жаншып қана қоймай, оларды әбден жүдетіп, бойларын тапал етіп тастаған.

Натуралистік орта түсінігін қисындаған француз сыншысы Ипполит Тэн еді. Позитивизмнің негізін қалаған  философ Огюст Конттың ілімін жалғастырған Тэн «позитивті», яғни, шүбәсіз анықталған деректердің ақиқатына сеніп, олар адам өмірінің барлық қырын түсінуге мүмкіндік береді деп топшылады. Тэннің уәжіне сенсек:  «Адам бойындағы кембағалдық пен адамгершілік те химиялық процесстердің өнімдері саналатын мыстың күкірт қышқылындай  - әлеуметтік процесстердің өнімі». «Ағылшын әдебиетінің тарихы» кітабында ол адам өмірін айқындайтын үш шешуші фактордың бар екенін айрықша атап өтті, олар - нәсіл, орта және кезең.

Натурализм сәнге айналып, романтизм дәуірі асқақтап, реализм өз мүмкіндігін әлі толық ашып үлгермеген өліара мезгілде шығармашылығы кемелденіп, ақыл-ойы толысқан  Гюстав Флобер әдебиеттегі осы үш бағыттың артықшылығын да, кемшілігін де көре білді.

Француз классигі ғылымнан бас тартпайды, қайта керісінше ондағы  көптеген тәсілдердің өнерге де келуі керек екенін құптайды. Әйткенмен, позитивистер сияқты ғылымның қоғам өміріндегі алатын орнын тым асырып жіберіп, оны дін мен әлеуметтік сенімдердің негізі ретінде қарастыруға болмайды. Натуралистерден көп нәрсені үйренгенімен ұлы жазушы реализм дәстүріне адал болып қалды. Дегенмен, өнердегі реалистік бағыт та қалыптасу  кезеңінен өтіп, кемелденуі керек. Бір орнында тұрып қалмай қарға қадымдап болса да алға жылжуы тиіс.

Қоғамның назары күннен-күнге Эмил Золяның экспериментшілік романдарына қарай қатты ауып бара жатты. Жұрттың қызығушылығын туғызғанына қарамастан, ондай туындылардың ғұмыры ұзақ болатынына Флобер сенбеді. Әрине, Золяның басына ондай идеяның француз физиологы Клод Бернардың  «Экспериментшілік медицинаны зерттеуге кіріспе» еңбегін оқып шыққаннан кейін келгені айдан-анық. Бірақ, бақылаған деректерді қаз-қалпында қағазға түсіріп, жазушының қиялына саңылау қалдырмау қаншалықты дұрыс? Адамның рухын ғылыми тұрғыдан тану әдебиеттің ісі емес сияқты еді ғой. Атағы жер жарып тұрған Золяның «экспериментшілік роман абстрактылы адамды зерттеуді қойып, физико-химиялық заңдардың әрекетіне бағынатын табиғат жаратқан нағыз адамды зерттеумен айналысады» деген болжамына жол болсын. Жұмыр басты пендені табиғаттың бір бөлшегі ретінде көрсетуге ұмтылған натуралистердің адам физиологиясына ғана баса назар аударуы сөз өнерінің мұратын дұрыс түсінбеу емес пе? Өнер – өмірдің көшірмесі емес қой.

Флобердің эстетикалық концепциясында өнер - адам рухының ең биік көрінісі. Өмірдің көшірмесін шимайлап беру кез-келген жазушының қолынан келеді. Ал, нағыз өнерді бойында ерекше таланты мен қабілеті бар тұлғалар ғана туғызады.

Өнер – өркениеттің рухани тірегі, сондықтан оны туғызушы суреткердің бойында көріпкелдік, тіпті, керек десеңіз, әулиелік қасиет болуы тиіс. Нағыз суреткер әлеуметтік шарттылықтың арифметикасымен емес, адам тағдырын зерттеумен айналысады.

Флобер шығармашылық кемелдікке қол жеткізген жылдары француз суреткерлері Стендаль да, Жорж Санд та романтик жазушылар болатын.   Ұлы Бальзактың туындыларында да романтизмнің белгілері қылаң беріп қалып жататын. Әділіне жүгінсек, романтизм ақиқатты айтқысы келген суреткердің адымын аштырмайтын тұсау болды, өйткені, романтиктер нағыз өмірдің шындығынан қашып, қиял әлемінде өмір сүрді.

Талантының әлі мойындалмағанына қарамастан Флобер өз шығармасының жалғыз француздардың ғана емес, жалпы әлем әдебиетінің тарихында алатын орнының қандай болатынын жақсы түсінді. Сондықтан да өз дәуірінің жанын терең ұққан Бальзактың шығармашылығын жоғары бағаласа да, ол қайтыс болған кезде, қаралы хабарға қайғырған елдің көңіліне қарамай «Бізге енді басқа музыка керек» деген  пікірді батыл айтты.

Оқырманның келешекте өз суреткерінен мүлде басқа ұстанымды, шығармасынан жаңа эстетикалық көзқарасты талап ететінін сезіп, осындай сөздерді айтуға барған жазушы жағдайының нешік болғанын көзге елестету қиын. Ол заман түгілі, таланты мойындалған тұлға жөнінде ондай ой айту қазір де аса қауіпті. Қоғамда орнығып қалған танымға қарсы шығудың суреткерге абырой әперген кезін көрдіңіз бе? Адамзат баласының зор құрметіне бөленген  Толстой өзі жөнді білмейтін Бетховен мен Вагнердің таңғажайып музыкалық мұрасын сынап, өнердегі бәсекелесі Шекспирге тиісіп елге күлкі бола жаздағанын есіңізге түсіріп көріңіз.

Ендеше оқырманға талантын әлі мойындата алмай жүрген талапкердің бүкіл Еуропа шығармаларын сүйсініп оқыған Бальзак дүние салғанда осылай данышпансуы  асылық емес пе? Барлық қазақ ұлылығын шүбәсіз мойындаған Әуезов өмірден өтіп жатқанда бір жас жігіт тап осындай ой айтқан болса, сіз ондай ауыр сөздің салмағын көтере алар ма едіңіз? Дегенмен, ащы ақиқат айтылып, алпысыншы жылғы жылымықтан кейін әдебиетке ат ізін салған  Мағауин мен Кекілбаевтар бастаған талантты ұрпақ қоғамның қоясын қопарған «Бовари ханым» сияқты шектен тыс көркемдеу мен әсірелеуден ада туындыны өмірге әкелгенде, прозамыздың табысы бүгінгі жеткен биігінен де жоғары болар ма еді, кім білсін? 

Біздің  ойымызды дұрыс түсінуіңізді сұраймыз, қымбатты оқушым. Ешкім де Әуезов, Нүрпейісов, Ахтанов, Кекілбаев, Мағауин, Жұмаділов тағы да басқа көптеген талантты суреткерлеріміздің шығармашылығына шүбә келтіріп жатқан жоқ. Француздардың Гюгосы, Бальзагі, Меримесі, Дюмасы сияқты олар да біздің ұлттық әдебиетіміздің қазығын қадаған - ірі суреткерлеріміз. Дей тұрсақ та классиктердің қолы тиіп кеткен дүниелердің бәрін алтын көру өнерді өрге бастыра қояр ма екен? 

Неге біз үнемі аға буынның жетістіктерін асырып, кемшіліктерін жасыруға құмбылмыз? Мерейтойларында жер-көкке сиғызбай дәріптеп, олардың қаламынан туған шын асыл шығармаларымен қатар, ортақолдан төмен туындыларын да асыра мақтап өнерге қиянат жасап, ұрпақты адастырғанды қашан қоямыз? Шектен тыс мақтаншақтықтың сырқатына  шалдыққан  әдебиетіміз өзін-өзі қызықтаудан арылып, атақты қаламгерлеріне де сын көзбен қарай алатын дәрежеге қашан жетеді, өркениетті елдерден үлгі алып өнердің ұлы мұраттарына қашан қолын созады? Айтыңызшы, қашан?

Соңғы отыз жыл ішінде мақтана-мақтана өсіп аспандап кеткен кеудемізден кісі шошиды. Бірақ, сол өсіп кеткен кеудемізге лайық әдебиетіміз бар ма? Қазір сыйлық алғаннан гөрі, оны алмаған ақын-жазушыны күндіз қолыңа шам алып іздесең де таппайсың. Ал, оны кездейсоқта алмай  қалған шетінен «классик» жастардың, бүгінгі таңдағы түк қадірі қалмаған сыйлық мәселесін көтеріп, жанұшырып айқайлаған дауыстарын естігенде дүниеден безіп кете жаздайсың. Даңғойқұмарлықтан іргесін аулақ салған, мақтанға, сыйлық пен атаққа құмар емес, Гюстав Флобердей өнердегі өз жолын омбылап салуға шын ниетімен, таза пейілмен  кірісетін талантты да, адал ұрпақ енді әдебиетке қашан келер екен? Қашан?

Заманның еркіне кеткен кеңшілігін пайдаланып, қазақ ақын-жазушыларының бәрі шетінен асыра дәріптеліп жатқан «әдемі» уақытта, анау-мынау емес, дүниежүзінің ұлы суреткерлері талантына табынған Достоевскийдің де шаңын қағып алып, тас-талқанын шығарған Набоковы бар орыс әдебиетінің сыннан қорықпайтын бақытына қалай қызыға қарамайсың? Ал, содан кейін әлемді айтпақ  түгіл, қазақ оқырмандарын да тәнті ете алмаған халтуралардың пәленбай елдің тіліне  аударылғанына балаша қуанып, ешкім танымайтын шетелдік ақын мен жазушының пікіріне өлердей зәру болған бүгінгі ұлттық әдебиетіміздің бейшаралығына қалай жерге кіре жаздап ұялмайсың? 

Өкінішке қарай, біздің қаламгерлеріміз Абай негізін салып кеткен реалистік әдебиетті ауыз толтырып мақтанарлықтай биікке көтере алған жоқ. Мұхтар Әуезовтың «Қараш-Қараш» оқиғасы, «Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», Бейімбет Майлиннің «Күлпәш», «Айт күндері» шығармалары арқылы шындықтың көрінісі ұшқындаған реалистік проза өз деңгейінде дамымады. Намысыңыз ұстап, айтып отырған сөзімізді өтірік десеңіз, Эрих Мария Ремарктың «Батыс майданында өзгеріс жоқ», Михаил Булгаковтың «Иттің жүрегі» немесе Варлам Шаламовтың «Колыма әңгімелері» сияқты империяның қылышынан қорықпай шындықты қоғамның көзіне көрсетіп айтқан шығармаларымыз қайда біздің? Қайда? Әрине, шындықты астарлап, тұспалдап айтатын өнер туындылары қандай қоғамнан болса да  табылады. Бірақ, ақиқатты алдаспандай жарқылдатып жеткізген, жарық көрмек түгіл, атылып кетуі мүмкін екенін біле тұра  нар-тәуекелге барып, сондай туындыны үстеліне болса да жазып кеткен суреткерді сіз маған көрсете аласыз ба? «Әдебиет – ұлттың жаны» (Ж.Аймауытов) екені рас болса,сол  шындықты айта алмаған халықтың жаны қалай ұлы болады?

Тарихи деректерге жүгінсек, ХХ ғасырда қазақтан артық азап шеккен халықтың болмағанына көзіңіз анық жете түседі. Біз ұлт ретінде жойылып кетуге сәл қалған елміз. Өткен жүзжылдықтың қапырық ымыртында ел қамын ойлаған оқымысты азаматтарымыздың бәрі шетінен атылып, аман қалғандары итжекенге айдалды. Миллиондаған адамдар аштықтан қырылды.  Дінімізден безіп, тілімізді жоғалтып ала жаздадық. Еліне, жеріне жаны ашымайтын мәңгүрт ұрпақ арамшөптей қаулап өсіп шығып, билік басына келді. Соның зардабынан рухы жанышталған қазақ ассимилияцияға ұшырап, халықты қан жылатқан орыстың отарлау саясаты әлі күнге дейін өктемдігін жүргізіп келеді. Жер-Анамыз ядролық сынақтан көз аша алмай, мүгедек болып туған балалардың санында есеп жоқ. Бірақ, осы шындықтардың бәрі әдебиетімізде өз деңгейінде көрініс тапты ма? 

Артық кеткен болсам, аға буыннан кешірім сұраймын. Мүмкін, тоталитарлық қоғамда өмір сүріп, әр қадамы аңдулы болғанына қарамастан әдебиетіміздің алтын ғасырын жасаған, біздің Бальзак пен Толстойларымыз іспетті қадамгерлерімізге кешіріммен қарағанымыз да дұрыс шығар. Алайда, сол ұлы суреткерлеріміздің тәуелсіздіктің таңы атып, цензурадан біржола құтылып, еркіндікке қол жеткізген уақытта қоғамның дертін қопарып зерттеп, халықтың зар-мұңын көркем шығармаларына арқау етудің орнына, өз руынан шыққан батырлар мен билер туралы адам сенбейтін романдарды мысықша балалатып, шындықтан ат-тонын ала қашқан әрекеттерін қалай түсінеміз? Неге біздің әдебиетіміз өркениетті елдерден үлгі алып, алға ұмтылудың орнына, сонау Сервантес дәуіріндегі рыцарлық романдарды жазуға құмартып, кері кетіп барады? Неге?

Кешегі күннің көрінісін де қиялмен сомдаған дұрыс шығар, бірақ, дәл бүгін ұлтымызға көз алдымызда болып жатқан әлеуметтік әділетсіздіктердің тереңіне үңілген реалистік проза ауадай керек болып тұрған жоқ па. Ауадай! Жазғырсаңыз тағы да өзіңіз біліңіз, бірақ қазір қоғамды баяғыда өмір сүріп, сүйегі күлге айналған хандар мен билерден гөрі, осыдан бір жыл бұрын ғана бес бірдей періштесі өртеніп кеткен ананың аянышты тағдыры қатты толғандырады. (Сол ананың тағдырын зерттеген суреткер қайда?)  «Шыңғысхан» қазақ немесе моңғол ма?» деген сауалдан гөрі, кешегі Қордайдағы адам өлтіруге дейін барған жастардың тағдыры жұртты көбірек алаңдатады. Бәлкім совет заманында қалыптасқан, өнердегі романтикалық сентиментализмнің балалық ауруынан әлі толық арыла алмаған классиктерімізге де, тәуелсіздік жылдарында келіп, өнердің ұлы мұратын дұрыс түсінбей, оны мақтансүйгіштікпен, атаққұмарлықпен шатастырып, өздерін қызықтап кеткен менің замандастарыма да  «Бізге енді басқа музыка керек» деп айтатын уақыт келген шығар. Осындай батырлыққа барудан сескенбейтін, даңғойқұмарлыққа емес, сөз өнерінің шын дертіне шалдыққан  алтын ұрпақ өнерге тезірек келсе екен. Тезірек!

 

Амангелді Кеңшілікұлы,

сыншы