Руханият • 20 Мамыр, 2020

Есенберлин ұлтшылдық жаласына ілігуден қорықпады

2313 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Тарихи тақырыпта тыңнан түрен салған көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогиялары – ел тарихын көркемдікпен түгендеудің үлгісі. Жазушының «Көшпенділер» трилогиясынан кейін «Алтын Орда» трилогиясын жазуы, оның қазақтың халық болып, Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуын көркем туынды арқылы жан-жақты бейнелеуге ұмтылғанын байқатады. Жазушының екі трилогияға жеті ғасырлық тарихтың елеулі оқиғаларын сыйғыза білуі, оның тарих бедеріндегі маңызды әрі басты көріністерді дөп баса білгенін көрсетеді. Оның тарихи туындылары қазақ тарихындағы елеулі кезеңдерді бейнелеген құнды туындылар.

Есенберлин ұлтшылдық жаласына ілігуден қорықпады

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

Жазушы «Көшпенділер» трилогиясына арқау болған деректерді 1943 жылдан бастап тірнектеп жинаған: «Көңілімде, іс жоспарымда халқымыздың бес жүз жылдық тарихын қамтитын трилогия болып қалыптасты. Бірақ трилогияны ең соңынан бастауыма себеп болды. Ең алдымен тіршіліктің кейбір тау­қыметін тартқандықтан ба, үшеуін бір­ден қамтып жазуға өмірім жете ме, жетпей ме деп қауіптендім. Со­дан болар халыққа, болашақ үрім-бұтаққа айтпақ болған ойым­ның тарихи оқиғаларға деген жазу­шылық тенденциям мен пози­циямның айқын көрінісі болған басты темір қазығым – «Қаһар» еді. Егер ал­дын­дағыларымды айта келіп, көксеген негізгі ойыма қол жетпей қалса, өмір бақи арманда, орны толмас өкініште өтуім мүмкін ғой. Ойға алған, көңілге түйген трилогияның ең әуелі соңынан бастап жазылу сы­ры осы еді», деп өз ойын анық біл­діреді.

І.Есенберлиннің «Көшпен­ділер» трилогиясында оқиғалардың сюжеттік желісі шебер тартылған, кейіпкерлер образы терең суреттелген, қоғамдық жағдай мен та­рихи оқиғалар бір-бірі­мен жымдаса байланысқан, бұл жазу­шының шығармадағы көр­­­­кем­дік тұтастықты сақтап, шы­ғар­­­­машылық шеберлікті жақ­сы мең­гергенін көрсетеді. Три­­логияда көптеген жанр­ то­ғы­са орныққан. Бұл ретте три­логия­ның хроникалылығымен қатар, танымдық, мифтік, эсте­ти­ка­лық, мағлұматтық, шежірелік, көр­кемдік, фольклорлық сипаттарын нақты мысалдар арқылы көр­сеткіміз келеді.

Жазушы трилогияда қазақ та­ри­хын­дағы ел билеушілер мен ел қорғаған батырларды, от тілді, орақ ауызды ақын-жырауларды, қарапайым халық өкіл­дерін, тарихи, мәдени, саяси оқиғалар мен сол кезеңдегі заң-құжаттарды көр­­­­­кем шығарма көкжиегінен қа­лыс қалдыр­мау мақсатында ар­хив құжат­тары мен тарихи дерек­тер­ді тір­нек­теп  жинақтайды, сұ­рып­тайды, сөйтіп ең маңызды де­ген оқиғаларға мән беріп, терең тоқ­тала суреттеп, кейде санамалап кету­ді жөн көреді, яғни тарихи шығар­маның эпопеялық үл­гісін жасау­ды басты мақсат тұтып, ха­лық тарихын толықтай қарастыруға мән берген.

Трилогияда мағлұмат көп бе­рілген, егер туынды өткен ғасыр­ларда жазыл­ған болса, оны тарихи дерек ретінде пай­далануға да болар еді. Жазушының тарихшыға тән кө­регендігі мен байқа­ғыштығы ұшқыр ой қуатымен сабақтаса өрілген.

І.Есенберлиннің  шежірелерді ше­­­бер пайдалануы бес жүз жылдық та­рихты айналып кетуге болмайтын, дегенмен атап өтетіндей ма­ңызы аздау кейбір оқиғаларды шежірелік баян үлгісімен айтып кетуі – оның тағы бір  шығар­машылық қыры. Қаламгер трилогияда мифтік шығармаларды, яғни ежелгі моңғол аңыздарын, қазақ аңыз-әпсаналарын, ертегілерін, айтыс үлгі­лерін, жырларды мол пайдаланған, бұл ретте тарихи құжаттарды мифтік шы­­ғар­ма­лармен бекіту әдісі ұтымды шық­қан. Жазушы монологтік баянға көп орын берген, себебі бұл белгілі бір биікке көтерілген кейіпкердің, мысалы, ел билеушінің, өзгемен ойлас­пайтын, өзінше кесіп-пішетін, шешімін соңынан айтатын қасиетін көрсетеді.

Архаизм сөздерді тауып, оның мән-мағынасын ашу, әдет-ғұ­рып ере­же­леріне, тұрмыстық жағдайларға, жау­гершілікке байланысты қағида, тәр­тіптерге, табиғат ерекшеліктеріне баса назар ауда­рып, тарихқа қылау түсірмей, шынайы жа­зу І.Есенберлиннің дарындылығын, шеберлігін танытады. Қазіргі филологиялық зерттеулерде көркем мәтін­дердегі жекелеген лексикалық бір­ліктердің немесе лексикалық қабат­тардың (соның ішінде көнерген сөз­дердің) ерекшеліктеріне, әдістеріне және статистикалық мінез­демелеріне зор мән берілуде, себебі ті­ліміз­дегі көнерген сөз­дерде тарихи ақпараттар сақталған.

Жазушы шеберлігінің тағы бір қыры табиғат құбылыстары мен тұрмыстық жағдайларға қатысты тіркестерді образды қолдана бі­луінен көрінеді: «түксиген қаба­ғынан қыраулы қыстай кәрін тө­гіп», «өкпе-ашуын толғай кетті», «Жей­хұн өзеніндей тасыған жыры үшін», «тұсаған жылқыдай өрісіңді кеңіттірмей» («Алмас қылыш»), «тұншыға безерген дүние», «алтын тұғырға қонған ақ сұңқардай», «бе­зек қаққан ұшқыр ойы», «кермиық сар дала өлік тәрізді үрейлі, моладай азынаған суық», «бозғылт шөл», «сала құлаш көк құ­рыш алдаспандар», «аш бүркіттей шүйілді», «қанжардай тырнағымен жыртқан қанды көз барыстай», «нардай қара айғыр», «қазандай қара дулыға», «ақ көбік атып, долдана тасыған өзен», «жұдырықтай тастар», «кәрі бүркіттей тұғырда отырып қалған қарт жырау», «қамыс құлақ, бөкен сан жүйрік», «құлан қомдас бота тірсек сүлектен жаратылған будан» («Жанталас»), «төңірек сандықтан суырған гауһар тас­тай жалт-жұлт ойнап ғажайып сәулетті түрге енді», «сүмбілдей сәйгүлік жүйрік», «шайқала ырғалған жорға», «қайыңның бе­зіндей берік, қазан тастай шомбал, төртбақ келген біреу», «есік пен төрдей, ай табанды жайма жал қара­көк айғыр», «кескен қара томардай келте қара сұр жігіт», «суық кекесін», «лақа бас, білектей жуан, қайрақ тас түс­тес тау жыланы», «бас бүйендей өлек­сесін салбаң еткізіп топ еткізді», «қардай опырылып ат үстінен құлап түсті», «қыш­қаштай жабысқан темір саусақтар», «шойындай ауыр шомбал дене», «құлаштай сілтеген қамшы», «боз торғайдай кішкентай болғанмен, биік ұшар халқым бар еді», «өзен жыландай сумаң қағып ағады», «сүмбідей сұлу бедеуінің үстінде қорғасын құйған құлжа асығындай берік отырған жас жігіт», «көзінде бір сәуле жалт етті де, кенет үрлеп сөндірілген білте шам жарығындай жоқ болды», «бие сауымындай кеңесу», «күншығыс жақ­ты сынық тағадай қоршай көм­керген кәрі Қаратау алыстан қара қош­қылданып көрінеді», «екі көзі оттай жайнап, күре тамыры білеудей болып, кең тамағы торғай жұтқан қурай жыланның көмейіндей ісіп кетті», «бәйгеге шапқан жүйріктей, жыр желісінен маңдай тері бұршақтап ақты», «сүйек тиген төбеттей ұпайым тү­гел деп өз бетіне кетпейді», «жа­ңа туған айдай толықсыған Арқаның жас сұлуы», «мысықтың мұртындай түксиген сирек қасы», «салпы ерінді аузын қисаңдата шай­нағанда саршұнақтың құйры­ғындай жіңішке ұзын мұрты едірең-едірең ете қалды», «жараланған қасқырдай тіпті долданып алды», «мұрты ұйқыдан оянып керілген мысықтың құйрығындай тікірейе қалды», «аңшы қуып жеткен еліктің лағындай зәресі ұшып, тостағандай көзі шарасынан шыға жаздай жаутаңдаған», «арбаған жыланға таяған торғайдай жақындай берді», «жағалтайды ілген қара бүркіттей», «жаңа туған қозының елтірісіндей қара қош­қыл бұп-бұйра шаш», «сүліктей қара су жорға», «кәрі қы­лыш – карательный отряд» («Қаһар»).

Ауыз әдебиетінің жанрлары – аңыз, ертегі, әңгімелердің про­фессионалдық әдебиетке өз іші­нен қаншама өзгеріс жасап келе жатқанын есте тұту шарт. Бұл тек қазақ әдебиетіне ғана емес, әлем­дік әдебиетке де тән құбылыс. Осы заманғы жазба прозалық, әсі­ресе романдар мен повестердің бірталайында тікелей ертегінің, мифологиялық ситуа­циялардың  араласып жүретінін көреміз. І.Есенберлиннің тарихи трилогия­сында әлгіндей аңыздаулар айрық­ша көркемдік элемент болып қосыл­ған. Белгілі твор­честволық мақсат тұрғысынан шығармаға енгізілген ертегілік қабаттар ірі идеяларды, тың бейнелерді көрсетуге қолайлы.

«Алмас қылыш» романындағы Әбілқайыр, Жәнібек, Керей, Қасым, «Жанталас» романындағы Абылай, Әбілқайыр, Барақ,  Нұралы, «Қаһар» романындағы Кенесары сынды ел билеушілер тұлғасы айбынды жасалған. Жыраулық поэзияның көрнекті өкілдері жазу­шының «Көшпенділер» тарихи трилогиясында ел тағдырын ой­лаған абыз, ел билеушілердің кеңесшісі ретінде көркем бейнеленген. Тәуке, Хақназар, Абылай хандардың маңына топтасқан Бұқар жырау, Шалкиіз жырау сияқты алты алашқа аты шыққан атақты жыраулар бейнесі шын мәнінде бізге жеткен аңыздар мен ауыз әдебиеті үлгілері негізінде жасалған. Жазушының шеберлігі сонда  –  ол тарихи тұлғаның бол­мыс-бітімін халқы қалай қаласа, солай жасап бере алған нағыз көркем туындының хас шебері екеніне көзіміз жетеді. І.Есенберлиннің тарихи трилогияларында  аузы дуа­лы, сөзуар, сөздері мірдің оғындай өткір қазақтың би-шешендер бей­несі бір шоғыр.  

«Көшпенділер» трилогиясын батырлар бейнесінің жиынтығы деуге болады.Жазушы тарихи уа­қыт пен кеңістікті қолдана отырып, өткен күннің оқиға­ларын кей­де монолог, кейде айтыс өнері, кейде сұхбат түрінде беруге ден қоя­ды. Бұл – тарихи шығармаға тән қасиет. Ал романды талдауда қол­данылған салыстырмалы-тарихи әдіс шығарманың сюжетінде жазушының суреткерлік қиялының тарихи материалмен тығыз байланыста екенін айғақтайды.

І.Есенберлин трилогияның өн бойында тарихи фактілердің ізін жоғалтып алмау және жалаң деректілікке ұрынбау үшін әр­қилы әдіс-тәсілдерді қолданған. Мұнда кейіпкердің монологын («Алмас қылыш» романындағы Әбілқайыр ханның ұзақ толғанысы, «Жанталас» романындағы Бұқар жыраудың Абылай хан туралы ойлары), тарихи оқиғаларды бейнелеу үшін  диалогты  (Қотан жырау мен Қазтуғанның айтысы), көпүнділікті (Әбілқайыр ханның  өз қызымен  кенет кездескендегі ханның, Саян батырдың, Гүлбаһрамның  ойлары арқылы оқиғаны шиеленістіруі; Шах-Будақтың асында Саян батыр қашып кеткендігі туралы хабарды естігенде Қобыланды батырдың, Ақжол бидің, Әбілқайыр ханның ишарат-қимылдары арқылы Асан Қайғының ертеңгі күннің күмәнді екендігі туралы ойға келуі), дәстүрлі емес коммуникацияны қолдануы (Шыңғыс ханға Жошының өлімін естірту үшін домбыраны пайдалануы), халықтың салт-дәстүрінің оқиғаны сөзсіз ұғындыратынын көркем бейнеленуі (Ақжол батыр­дың қаралы ордасының сипаты: «Орданың сырты қандай болса, іші де сондай қан жылаған екен. Алтын, күміспен зерлеген қара сырлы уық, кереге, бақан. Абажадай қара шаңырақтан жерге салбыраған қара шуда жіптен өрген шашақты тұжырма. Үй іші адамның зәресін алып, құтын қашырғандай…»; Әбілқайыр ханның Жәнібек пен Керейді аң аулауға шақырғандағы екі топтың киім киісі, адамдар саны, олардың бет-бейнесін суреттеу арқылы ханның шын ниетін көр­сетуі; Жағанның отауына келгенде әйелінің өз жүрісі арқылы хан­ға деген сүйіспеншілік сезімін біл­діруі) жазушының шеберлігін көрсетеді.

Трилогияда нақты жылдарды көрсету, кейде құжаттардан үзінді келтіру  се­кіл­ді деректілік көп кездеседі, бұл жазу­шының  осыншама ұзақ уақытты бір кеңістікке сыйғызу үшін жасаған әрекеті секілді. Себебі трилогияда уақыт бір орында тұрмайды, оқушы ХV ғасырда отырып, кейіпкерлердің монологы немесе диалогы арқылы одан бірнеше ғасыр бұрынғы кеңіс­тікке түсіп кетеді, немесе жазушы нақты тарихи тұлғаларды бей­нелегендіктен, абыздардың түс жо­ру әдісі (Бұқардың Абылайдың түсін жоруы, Кенесарының түсі) ар­қылы болашақтағы, кейіннен тарихта нақты орын алған оқиғаларға көшеді, яғни трилогияда кеше – бүгін – болашақ уақытының тізбегі қолданылған. Жазу­шы уа­қыт көшінің үздіксіздігін де, бір сәт­тілігін де сипаттаған.

Жазушы трилогияға бес ға­сыр­­лық оқиғаны сыйғызу үшін фоль­­клорлық, эпикалық уа­­қыт пен кеңістікті пайдаланады. Фоль­­клорлық уақыт – көр­кем шығар­маның уақыты, фоль­клор­­лық қиял тари­хи шын­дық болғандықтан, ол көр­кем шығар­маның шеті мен шегін сақ­тайды. Эпикалық уақытта баяндау сарыны басым, жазушы оны әр­қи­лы жаңа формаларға енгізіп, шебер­лік көрігінен өткізіп баяндайды. Фоль­клордың прозалық түрінің көр­­кем шығармаға кірігуі, жазушы қала­мының күшімен көркемдікке ұла­суы – оның шығармашылық жетістігі.

Қаламгер макрокеңістік пен микро­кеңістікті қатар бейнелеу тәсілін ше­бер қолданады. І.Есен­берлин кейіпкер­лері­нің көпшілігі тарихи тұлғалар, немесе солар­дың прототиптері болғандықтан, тарихи оқиғаларды бейнелеу арқылы жазушы әр кейіпкердің микроәлеміне үңіле кетуді жөн санайды. Кейіпкер образын то­лық ашу үшін қажетті детальдарға мән береді, мысалы оның ата-бабасын, қоғамдағы алатын орнын, атақ-дәре­жесін, тұрмыс-тіршілігін, киім киісін немесе сөз саптауын шығарманың қа­жетті жеріне арқау етеді. Бұл ретте автордың ата дәстүрі мен салттарын суреттеуде шебер­лік танытатынын баса айтуымыз қажет. 

«Көшпенділер» трилогиясы уақыт пен кеңістік тұрғысынан қарас­тырғанда күрделі туынды, мұнда хронотоптың көптеген түрлері кездеседі. І.Есенберлин три­логияда тарихи оқиғаларды суреттеуде уақытты және кеңіс­тікті шекте­мей, өткен заманның оқиғаларын жылжы­малылығы, ауыт­қуы тұрғысынан эпика­лық­ кеңістік пен эпикалық уақыт­та шебер бейнелейді. Яғни шығар­мада қилы-қилы шегіністер, ретро­спективті монологтар, баяндаулар осы эпикалық баянды жүзеге асыру үшін қолданылған.

Көрнекті жазушы Ә.Нұр­шайықов: «Қаһар» шықпаса, «Көш­пенділер» три­ло­гиясы тумас еді. «Алтын Орда» трило­гиясы да жазыл­мас еді. Онда қа­зақ әде­биеті гректердің «Иллиадасы» мен «Одиссеясы» сияқты екі мәңгілік кітап­тан мақұрым қалар еді», деп бір ауыз сөзбен әділ бағалаған тағылым­ды туын­дылардың әрқай­сысы – төл тари­хымыз­дың көркем беттері, сондықтан қалам­гердің бұл арнадағы еңбектері ұрпақ тәрбиесіне қосылған елеулі үлес. Оны осы тұрғыдан келгенде ұлтын сүйетін ұлт жанашыры және ұлт жазушысы деу­ге болады.

Заманының заңғар жазушысы Ілияс Есенберлин қазақ тарихи әдебиетінде қозғалмаған тақырыпта қалам тартып, тыңнан түрен салды. Тоталитарлық жүйе мен кеңестік идеологияның құрсаулы цензурасынан тайсалмай, ұлтшылдық жаласына ілігуден қорықпай қазақ та­ри­­хындағы ел билеушілердің, билер мен ақын-жыраулардың, халық батыр­ларының тұлғасын сомдауды өзі­нің Азаматтық міндеті деп санады. Қазақ халқының ұлағатты салт-дәс­түрі, терең мағыналы ғұ­рыптары, атадан балаға жалғасып келе жатқан этнографиялық биік мәдениеті Азамат жазушы қала­мымен сәнді, нақышты, өрнекті тұскиіздей өрілді. Дана хал­қының бай фольклорлық мұрасы мен ауыз әдебиеті үлгілерін, шұрайлы ті­лін дәріптеу арқылы талайлы тарихын бедерлеу жазу­шының азаматтық пары­зының биігі саналады.

 

Мира Балтымова,

филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті

 

Ақтөбе