– «Мемлекеттен бөлінген 6 триллион теңгеге жуық қаржы қайда жұмсалып жатыр?» деген сауал қазір жиі айтылып жүр. Қаржы министрлігі ақшаның қандай мақсатқа бөлінгенін жіліктеп тұрып талдап берсе де ел ішінде сенбейтіндер бар. Неге?
– Сенімсіздік – «6 трлн теңге карантин жарияланғаннан кейінгі 1,5 айда жұмсалып кетті, қаржы түгелімен коронавируспен күреске жұмсалды» деген ойдан туындады. Мұндай әңгімеге негіз жоқ. 6 трлн теңге ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Коронавирустың таралуын еңсеруге 125 млрд теңге жұмсалды. Қаржының қалған бөлігі әлемдік катаклизмге алып келген дағдарыспен күрес пакетін қаржыландыруға жұмсалып жатыр. Қайда және қанша теңге бөлінгенін өткен аптада Қаржы министрлігі айтты. Өткен айдағы талқылауда кейбір параметрлер өзгерді. Сонда Үкімет шығындардың қосымша баптарын дағдарысқа қарсы деп қарастыруы мүмкін.
Жалпы бөлінген қаржы 2020 жылдың сәуір айынан бастап желтоқсан айына дейінгі аралықта игеріледі.
– Сіз жыл басында зейнетақы жинағын баспана алу үшін шамамен 102 мың қазақстандыққа алуға рұқсат берілуі мүмкін екенін айтқансыз. Осы бағыттағы жұмыс тоқтап қалуына қазіргі жағдайлар әсер еткені анық. Дегенмен алдағы уақытта бұл бастама қайта көтеріле ме?
– Иә, жақын арада мәселе қайтадан карастырылады. Құдай қаласа, маусым-шілде айында бір шешім болады. Менің ойымша, қазір 700 мың адамның зейнетақы жинағы рұқсат алу үшін жеткілікті. Мәселенің мүлдем қарастырылмай, тоқтап қалғанынан аз да болса алға жылжып отырғаны дұрыс. Бұл алдағы уақытта осыған қатысты шешімдердің дұрыс қабылдануына ықпал етеді.
– Шілде айында Ұлттық банкті Нұр-Сұлтанға көшіру туралы Мемлекет басшысының жарлығы шықты. Кәсіпкерлер арасында бұл пікірді қолдайтындардың саны аздау сияқты. Олар екінші деңгейлі банктер мен бизнестің, ШОБ-тың басым бөлігі Алматыда, сол себепті Ұлттық банктің, экономика қайта қалыпқа келгенше Алматыда болғаны дұрыс дейді. Сіз не дейсіз?
– Ұлттық банктің Нұр-Сұлтан қаласына көшуі Алматының экономикасына да, бизнесіне де әсер етпейді. Ұлттық банк әртүрлі кезеңдерге банктерге ақша бөледі, әртүрлі мәселелерді бақылайды және реттейді, бұл шешімдері Ұлттық банктің орналасқан жеріне тәуелді емес. Бас банктің Нұр-Сұлтан қаласына көшуі оның 6 мың қызметкерінің тек 1,5 мыңына ғана әсер етеді. Бұл көрсеткіш Алматының еңбек нарығы үшін теңіздің тамшысындай ғана.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда дағдарысқа қарсы әлеуметтік пакеттің орындалу тетіктерін сынадыңыз. Бұл пікіріңізді «көпшілік ағысқа қарсы жүзумен бірдей» деп қабылдады...
– Біріншіден, мен ресми емес, тәуелсіз кеңесшімін. Мемлекет маған ақша төлемейді, ресми шектеулер жоқ. Қалай болғанда да, адамдарға ешқандай пайдасы жоқ, тек қана «кезекшілікте» сөйлейтін шенеуніктің форматын қабылдамаймын. Менің ойымша, жалпы мемлекеттік басқару жүйесі ашықтық пен жанды қарым-қатынас жағына бейімделуі керек.
Екіншіден, Мемлекет басшысын менің тарапымнан айтылатын пікірлердің бәрін алдын ала хабардар ету туралы келісім болған емес. Қасым-Жомарт Кемелұлы керісінше айналасынан балама пікір, балама көзқарасты көргісі келеді. Шындықтың өзегі ашық пікірталаста айқындалады. Қабылданған шешім қисынсыз болса, келісімге келудің мүмкіндіктері шектеліп қалса ғана екі тарап арасында пікір қайшылығы туындап, оның әсері сыртқа сезіліп қалады. Бұл арада біз жеке бастың емес, әлеуметтің әлеуетіне кері әсер етуі мүмкін жағдайлар туралы айтып отырмыз.
Жалпы, жұмыс барысында келісе алмай қалған тұлғалар туралы көзқарасым оң. Олардың бәрі өзіндік көзқарасы бар және ұстанымына адал азаматтар. Бірақ көз алдыңда қате шешімдер қабылданса, оны ашық айту керек.
– Түркістан облысында Мақтаарал ауданының бірнеше ауылы су астында қалғанда «Өзбекстан өтемақы төлеуі керек» деген пікірлер әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Соңында, екі ел арасындағы достық пен дипломатия жеңгеніне куә болдық. Жалпы, форс-мажор сипаты бар осындай оқиғалар үшін Орталық Азия елдері арнайы қор құру керек емес пе?
– Орталық Азия елдері үшін ортақ қор құрудың керегі жоқ. Іргелес 5 мемлекеттің бір-біріне көмектесуге мүмкіндік беретін тетіктері жеткілікті. Күні бүгінге дейін бақылаудан шығып кеткен төтенше жағдай болған емес. Бәрі мемлекетаралық келісімдер шеңберінде шешіліп келді.
Мақтааралдағы жағдай да алғашқы күннен бастап мемлекеттің бақылауында болды. Өзбекстан шығынның орнын толтыру үшін адам күші мен техникасын жіберуге шешім қабылдағанын көріп отырмыз. Сіз айтқандай, елдеріміз арасындағы достық пен дипломатия төтенше жағдайлардан да жоғары тұр.
– Үкіметтің экономика құраушы компанияларға көмек беру туралы пікірі қоғам арасында қолдауға ие болмағанын білеміз. Бұл орайда 2009 жылдардағы Үкімет пен Ұлттық банктің төрт банкке 10 млрд АҚШ долларын бөлгені және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ол қаржыны қайтару керектігін ескерткені еске түсті. Сіздің пікіріңіз қалай?
– Иә, 360 компанияға қатысты біраз әңгіме айтылды, түсінбестік те болды. Ірі бизнеске олардың акционерлері мен топ менеджменттері шетелде мал-мүлкі жоқ екенін дәлелдегенде ғана көмектесуге болады. Егер ірі бизнестің шетелдік банктерде капиталы болса, олар тығырықтан шығатын жолды өздері іздеуі керек. Бұл тұста мемлекеттің қаржылай көмегі туралы айтудың өзі қисынсыз.
Дәл қазір карантиндегі экономика қатты жылдамдықпен келе жатып, қабырғаға соғылған көлікке ұқсайды. Мұндай жағдайда ірі көлік те, ұсақ көлік те бірдей қирайды. Сондықтан акционерлердің тығырықтан шығатын жолы қалмаса, ірі бизнеске де, ШОБ-қа да көмек берілуі керек.
– Үкімет пен Ұлттық банк шағын және орта бизнеске мүмкіндігінше қол ұшын созып жатыр. ШОБ дағдарыстан қалай шығады? Жұмыс істеп тұрған бизнес субъектілерінен айрылып қалмаймыз ба?
– Мемлекет тарапынан берілетін көмек – қысқа мерзімді. Ол әлі талқылану деңгейінде. ШОБ-тың дағдарыс қыспағынан шығуына 1 немесе 1,5 жылдай уақыт кетеді. Егер экономика мамыр айынан қалыпқа келе бастаса, ІЖӨ 5-10 пайызға төмендейді деген болжам бар.
Сіз қойған сұраққа ең оптимист сарапшылардың өзі толыққанды жауап бере алмайды. Бәрі жағдайдың беталысына қарап реттелетініне сенемін.
– Дамыған елдерде Төтенше жағдайда сақтандыру сегменті мемлекеттің «құтқару жастықшасын» атқарады. Ал бізде өзіңіз білесіз, барлық күш Үкіметтің иығына түседі...
– Экономикадағы сақтандыру сегментінің міндеті тек жекелеген жағдайларда ғана қаржылай көмек көрсетуге бағытталған. Төтенше жағдай жалқылық емес, жалпылық сипат алып кеткен кезде әлеуметтің ауыртпалығын тек сақтандыру компаниялары ғана шешуі мүмкін емес. Сондықтан мұндай жағдайда барлық елде халық мемлекеттің көмегіне қол созады, жауапкершілік жүгі де мемлекеттің қарауына өтеді.
Төтенше жағдайлардан туындаған дағдарыстың орны бөлек, оның сипаты нарық заңдылығына сәйкес келе бермейді. Сол себепті мұндай жағдайда қиындықтың экономикаға немесе халықтың тұрмысына әсері экономиканың қалыпқа келуіне сәйкес әлсірей береді. Ал сақтандыру сегменті бізде нарық жолымен дамып келе жатыр. Оның дамуы халықтың төлем қабілетіне тәуелді екенін естен шығармаған дұрыс.
– Тәуелсіз сарапшылар БЖЗҚ активтерінде шетелдік үлесті көбейтуді, Ұлттық банктің қоластынан алып, Парламентке беруді ұсынып отыр. Олардың пайымдауынша, мұндай өзгеріс зейнетақы салымдарына сырт күштердің немесе саясаттың араласуына жол бермейді және ағымдағы бюджеттік мақсаттарға пайдалануды шектейді. Осыған қатысты сіз не дейсіз?
– БЖЗҚ активтері шетелдік активтерге салынбауы керек. Бұл – менің жеке пікірім. БЖЗҚ активтері сыртқы қарыздарға деген қажеттілік жойылмайынша, ел экономикасына жұмыс істеуі қажет. Зейнетақы активтерін сыртқы активтерге салу үшін шетел валютасын сатып алған жөн. Бұл халықаралық резервтерге қысымды күшейтеді. «БЖЗҚ Парламенттің басқаруына беру керек» деген де қате пікір. Қазақстанда Ұлттық банк қана БЖЗҚ автивтерін басқара алады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
«Еgemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ