Саясат • 27 Мамыр, 2020

Уақыт талабы туындатқан оң үдеріс

203 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президентi Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуiнiң негiзi» атты Жолдауында елiмiздi дамудың жаңа сапалы кезеңiне шығару мүмкіндігі беріліп отырғанын атап айтты. Ал реформаны, оның iшiнде экономиканы реформалауды елдiң қоғамдық-саяси өмiрiн жаңғырту арқылы ғана icке асыруға болатынына тоқталды.

Уақыт талабы туындатқан оң үдеріс

Мемлекеттiң қоғамдық-саяси өмiрiнде азаматтардың өз ойлары мен ұстанымдарын жеке немесе топ­тасып бiлдiруi ерекше орын алады. Ол негiзiнен бейбiт жиналыстар ар­қы­лы жүзеге асырылады. Бұл әлем­де кеңiнен таралған және адам құқық­тары мен бостандықтарына байланыс­ты халықаралық құжаттарда шешi­мiн тапқан.

Елiмiзде «Қазақстан Республи­ка­сын­да бейбiт жиналыстар, митин­гі­лер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәр­тiбi туралы» заң 1995 жылы 17 нау­рызда мемлекеттiң қалыптасу кезең­iнде қабылданған болатын. Оның құрылымдық және мазмұндық сипаттағы кемшiлiктерiмен бірге, ол қоғамның бүгiнгi даму деңгейiне, оның сұраныстарына толық сәйкес келмейтiн еді.

Мұның өзi азаматтар мен аза­мат­тық қоғам институттары тарапы­нан наразылық пен қоғамда түсiніс­пеу­шiлiктiң тууына себеп болып, халықаралық ұйымдар тарапынан да сынға алынды. Осыған байланысты Президент Жолдауында митингілер туралы заңнаманы жетiлдiру туралы тапсырма берілді. Онда «Егер бейбiт акциялар заңның шеңберiнен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсiнiстiкпен қарап, жиындарды өткiзу үшiн арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетiнде болмауы тиic», деп атап көрсетілдi.

Жаңадан қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстарды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы» заңы Президент Жолдауын icке асыруға және жоғарыда аталған олқылықтарды түзеуге бағытталған. Заңның қолданыста болған бұ­рын­ғы заңмен салыстырғанда тұжырым­да­малық тұрғыдан да, осы саладағы туын­дайтын қатынастарды реттеудiң құ­қықтық тетiгi жөнiнен де көп айыр­ма­шылығы бар.

Үш тараудан және 21-баптан тұ­ра­­тын заң Қазақстан Республикасы аза­­мат­тарының бейбiт жиналыстар өт­­кi­зу құқығын icке асыруға бағыттал­­­ған қоғамдық қатынастарды реттейдi.

Қазақстан Республикасы Консти­ту­циясының 32-бабына сәйкес бейбiт әрi қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, ше­рулер өткiзуге және тосқауылдарға (пикет) тұруға Қазақстан азаматтары ғана құқылы. Бұл мәселеде Конс­ти­ту­цияның ең жоғары заңды күшi барын және Республиканың бүкiл аума­ғында тiкелей қолданылатынын ескеру керек.

Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғым­дарға түсiнiк берiлген. Олардың iшiн­де, бейбiт жиналыстардың бар­лық бес түрiне, «қатысушы», «ұйым­дас­­ты­рушы», «арнайы орын» ұғым­дары бар.

Ұғымдар түсiнiгi – заңды қолдану кезiнде бiркекiлiктi қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн маңызды норма.

Заң – бейбiт жиналыстар бостан­дығы құқығын шектеу негiздерiн нақты айқындаған. Ондай негiздер қатарына: мемлекеттiк қауіпсiздiк, қоғамдық тәртiп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кiредi. Бұдан басқа жағдайларда бейбiт жиналыс­тарды шектеуге жол берiлмейдi.

Аталған норма «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» Ха­лық­аралық Пактiге (21-бап) сай келедi.

Бейбiт жиналыстарды ұйым­дас­тыру және өткiзудiң 6 қағи­даты белгi­ленген. Соның бiрi – бей­бiт жиналыс­тар өткiзу пайдасына презумпция. Бұл қағидат – бейбiт жина­лыс­тарды ұйым­дастыру және өткi­­зуге қатысты мем­лекет тарапынан ұсы­­нылып отыр­ған тың және халық­аралық тәжiри­беге үндес бастама.

Тағы бiр ерекшелік, бейбiт жина­­лыс­тарды ұйымдастыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды анық­тауға байланысты. Бұл жерде, респуб­ли­ка­лық маңызы бар қаланың, астананың, ау­дан­ның (облыстық маңызы бар қала­ның) жергiлiктi өкiлдi органдары – мәслихаттарға үлкен жауапкершiлiк жүктейдi.

Мәслихаттарға:

1) бейбiт жиналыстарды ұйым­дас­тыру және өткiзу үшiн арнайы орынды;

2) арнайы орындарды пайдалану тәртiбiн;

3) арнайы орындарды шектi толтыру нормаларын;

4) арнайы орындарды мате­риа­л­дық-техникалық және ұйымдас­ты­рушылық қамтамасыз етуге қойы­латын талаптарды;

5) пикет өткiзуге тыйым салынған iргелес аумақтардың шекарасын ай­қындау құқығы берiлген.

Бейбiт жиналыстарды ұйымдас­тыру және өткiзу бұрынғы рұқсат ету түрінен аралас нұсқаға ауыстырылды. Яғни пикет, жиналыс, митинг нысанында бейбiт жиналыстар өткiзу хабарламалық тәртіпте іске асады.

Заңда пикет өткiзуге тыйым са­лын­ған жерлер мен аумақтарының түпкiлiктi тiзiмi анықталған. Осы жерлерден басқа жерлерде пикетке рұқсат етiледi. Бейбiт жиналыстың осы түрiн таңдаған азамат арнайы орын­дарда жергiлiктi уақыт бойынша сағат 9 бен 20 арасында тұруға құқы­лы. Ал арнайы орындардан басқа жерлерде тұратын болса оның уақыты кү­нiне екi сағат болып белгiленген.

Жергiлiктi атқарушы орган­дары­ның бейбiт жиналыстарды өткi­зуден бас тартуына себеп болатын негiздер түпкілікті анықталды. Бейбiт жиналыстар бостандығы құқы­ғын бұзатын шешiмдер мен әрекет­терге шағым жасау, осы сала­дағы заңнаманы бұзғаны үшiн жауап­кер­шiлiкке байланысты нормалар қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Парла­менті Сенаты заңды жетілдіруге бағыт­талған бірнеше өзгеріс пен то­лық­тыру енгізді. Олардың бір тобы бейбiт жи­налысты ұйымдас­ты­ру­шының мiндеттерi мен бейбiт жиналыстар өткiзу кезiнде тыйым салу негiздерiн қамтитын, сонымен бірге бейбiт жиналысқа қатысушының әре­кетiне тыйым салу туралы тармақ­тарға қатысты болды.

Бейбіт жиналыстарды ұйым­дас­­тыру және өткiзу үшiн арнайы орындарды белгiлеу және оның санына қатысты сұрақтар көтерiлдi, ол қоғамда да кеңiнен талқыға түс­кен болатын. Оны ескере отырып астананың, республикалық маңызы бар және облыс орталықтары болып есептелетiн қалалар мен олардың құ­рамына кiретiн аудандарда арнайы орындар мiндеттi түрде орта­лықта орналасуы және олардың саны үшеуден кем болмауы тиiс де­ген шешiм қабылданды. Бұл жиналыс­тар, митингiлер, тосқауыл қоюға қа­тысушылардың «көрiну мен естiлу» және оларды өткiзу мүмкiндiгiн арттырады.

Қатысушы немесе қатысушылар тарапынан заңның бұзылуы жойылған жағдайда бейбiт жиналыстарды жалғастыруға мүмкiндiк беретін маңызды нормамен толықтырылды.

Заң азаматтардың өз ойын білді­руге қатысты мүмкіндіктерін кеңейтіп отыр. Ол еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі уақыт талабын ескере оты­рып демократиялық үдерісті жалғас­тыруға бағытталған батыл қадам деп айтуға болады.

 

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,

Парламент Сенатының депутаты