Парламент • 28 Мамыр, 2020

Жұмысшылар жазатайым жағдайдан қалай сақтандырылады?

198 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Парламент Мә­жі­­лі­сінің Спикері Нұрлан Нығмату­линнің төра­ға­лығы­мен өткен Па­латаның жал­пы отырысында де­путаттар кәсіпорын­дардағы оқыс оқи­ға­лардың ал­дын алуға, қауіпсіз­дікті барынша кү­шей­туге бағытталған заң жобасын кеңінен талқылады.

Жұмысшылар жазатайым жағдайдан қалай сақтандырылады?

Жалпы отырыстың күн тәр­ті­біндегі негізгі мәселе «Қазақстан Республи­ка­сы­ның кейбір заңнамалық акті­леріне өнеркәсіптік қауіп­сіздік мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заң жобасы болды. Бірінші оқы­лымда қаралған заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама нормаларын жетілдіруге, бизнеске әкімшілік қысымды азайтуға, қауіпті объектілерде мем­ле­кеттік қадағалауды жү­зе­ге асырудың тиімділігін артты­руға, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс жүргізу құ­қығы аттестатталған жә­не авариялық-құтқару қыз­меттерін ұсынатын ұйым­дардың жұмысын реттеуге, сондай-ақ қолданыстағы заңнамадағы олқылықтар мен коллизияларды жоюға бағытталған.

Аталған құжатты де­пу­тат­тардың назарына Ин­дустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрі Бей­біт Атамқұлов ұсынды. Оның айтуынша, заң жобасы бойынша алдымен кәсіп­орындарда өндірістік бақылау қызметін регламенттеу және бұған жауап­ты лауазымды тұл­ға­лар­дың мәртебесін күшей­ту ұсы­нылады. Атап айт­қанда, ұйымның лауазым­ды тұлға­ларына қызмет­кер­лердің өмірі мен денсау­лығына қауіп төндіретін, талап­­тарды бұза отырып жү­­зеге асырылатын жұмыс­тар­ды тоқтата тұру өкілет­ті­гімен өнеркәсіптік қауіп­сіз­дік­тің жай-күйін тексе­руді ұйым­дастыру мен жүр­гізу және өнеркәсіптік қауіп­сіздік та­лаптарына сәйкес кел­мей­тін адамдарды жұмыс­тан шеттету құқығы беріледі.

Екіншіден, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұ­мыстарды жүргізу құқығы аттестатталған ұйымдардың және авариялық-құтқару жұ­мыстарын жүргізу жөніндегі қызметтерді ұсынатын ұйым­­дардың қызметін реттеу көз­деледі. Бұл норма 2018 жылы кәсіби авариялық-құт­қа­ру қызметтерін аттес­тат­тау ресімі алынып тас­та­луына және «Азаматтық қорғау туралы» заңында өнеркәсіптік қауіпсіздік са­ла­­­сын­­дағы аттестатталған ұйым­­­­­дардың қызметін рет­­­тей­­­­­тін мәселелердің болма­уы­на байланысты ұсыны­лады.

Бұған қоса заң жобасын­да қауіпті өндірістік объек­ті­лерде тау-кен құтқару, газ­дан құтқару, бұрқаққа қар­сы жұмыстарды жүргізу сияқ­ты өнеркәсіптік қауіпсіз­дік саласындағы кәсіби ава­рия­лық-құтқару қызметінің негіз­гі белгілерін регламенттеу және оларға қойылатын талаптар белгіленеді.

– Қауіпті өндірістік объек­тіде апаттық жағ­дай­ларды тергеп-тексеруді жүр­гізудің бірыңғай тәрті­бін белгілеу үшін оқиғаны тер­геп-тексеру жөніндегі комис­сияның өкілеттіктерін, олар­ды құру тәртібін, нәти­же­лерін ресім­деуді және ұйым­дардың іс-қимыл­дарын нақ­тылау ұсы­нылады. Өнер­кәсіптік қауіп­сіздік сала­сын­да мемле­кеттік қадаға­лау­ды жүзеге асы­ру кезін­де сы­байлас жем­қор­лық тәуе­келдерін азайту көзделеді, – деді Бейбіт Атам­құлов.

Құжатты талқылау бары­сында депутаттар өнер­кә­сіптік қауіпсіздік саласын­дағы авариялық-құтқару жұмыстарына дайындық және бақылау мәселелеріне ерекше назар аударып, аттестаттау мен мемлекеттік бақылауды енгізуді ұсынды. Соның ішінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұ­мыс істейтін авариялық-құт­қару қызметтерінің аттеста­цияланбайтыны назарға алынды.

– Шынын  айтқанда, өмір­ге қауіпті өндірістік орын­дары – тау-кен металлур­гия, мұнай-газ кешенінің кәсіп­­орындарында жә­не эко­но­ми­каның басқа сала­лар­ын­дағы кәсіпорындарда аттес­таттан өтпеген құтқа­ру­шы­лар жұмыс істеп жа­туы мүм­кін. Оған  жол бер­у­ге бол­майды. Осы заң жоба­сын қабыл­да­ғаннан кейін апат сал­дарынан жара­қат алу мен зиян келтіру ықти­мал­ды­ғы төмендетілуі қажет. Ол үшін авариялық-құтқа­ру қыз­метінің қызмет­кер­ле­рі тиіс­ті дайындықтан өтіп және аттестациялануы керек, – деді Нұрлан Нығматулин.

900-ден аса ұйым өнер­кәсіптік қауіпсіздік сала­сындағы жұмыстарды жүр­гізетін болып аттестат­талған. Дегенмен, өндіріс­тегі оқыс оқиғалар саны азай­май тұр. Әсіресе құтқа­ру­шылар тау-кен, көмір өн­діру саласындағы кәсіпорын­да­рын­дағы оқыс оқиғаларға жиі шыққан.

Сонымен қатар әлеумет­тік инфрақұрылым объек­ті­лері – қазандықтарға, лифті­лерге, эскалаторларға да ерекше мән берілді. Мәжіліс Төрағасы әкімдіктермен бір­ге тұрғын үй инспекция­сын құрып, мемлекеттік инс­пек­торлардың ресми мәрте­бесін заң талаптарына сәйкес келтіріп, біліктілік, жұ­мыс жүктемесі және тағы басқа мәселелерді шешуге тоқталды.

Депутаттар екінші оқы­лым­да екі заң жобасын ма­құлдады. Оның алғашқысы халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру мәсе­ле­леріне қатысты болды. Бұл құжат жобасында Үкі­метке халықаралық тасымалдарды қадағалап отыру жүйесінің ұлттық операторын айқындау бо­йынша құзыреттілік беру; халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезінде навигациялық пломбаларды пайдалану бөлігінде тасымалдаушыларға қойы­­латын талаптарды бел­­гі­леу; электрондық сәйкес­тен­дір­гіштерді қасақана бүл­діргені немесе жойғаны үшін әкімшілік жауап­ты­лықты енгізу көзделеді. Со­нымен қатар заң жобасын­да электронды сәйкестен­дір­гіштерді пайдалану тәртібін салық және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның бекітуі ұсынылады.

Бұған қоса  депутаттар тарапынан ойын бизнесіне қатысты заң жобасы екінші оқылымда қолдау тапты.

– Заң жобасын қарау барысында депутаттар жаңа ойын аймақтарын ашу туралы нормаларды алып тастау бойынша ұсыныс енгізді. Құжатқа депутаттар букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың кассаларын Алматы облысы Қапшағай су қоймасының жаға­лауындағы және Ақ­мола облысы Бурабай ауда­н­ындағы екі ойын айма­ғы аумақтарында орналастыру бойынша түзетулер енгізді. Осыған байланысты енді букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың кассалары елді мекендерден аталған ойын аймақтарына көшіріледі, – деді депутат Сәкен Өтебаев.

Заң жобасы бойынша енді құмар ойынға салын­ған азаматтарды отбасы мү­шелері де тыя алады. Олардың теріс әрекеттерін шектеу үшін жақын туыстары сотқа шағымдануға болатын норма енгізіледі.

Алқалы жиында депутаттар бірқатар жаңа заң жо­­басын жұмысқа алды. Олар­дың қатарында адво­кат­тық қызмет және заң кө­­мегі, жылжымайтын мү­лік­ке құқықтарды және заңды тұл­ғаларды мемлекет­тік тіркеу, сондай-ақ мем­лекеттік шекара және ин­клю­зивті білім беру мәселе­леріне қатысты заң жобалары бар.

Жалпы отырыс соңында депутаттар мемлекеттік ор­ган­дардың басшыларына бірнеше депутаттық сауал жолдады. Айталық, депу­тат Аманжан Жамалов Үкі­мет басшысы Асқар Ма­мин­ге қарата жолдаған сау­а­л­­ында дағдарыс жағ­дайы шағын және орта бизнес­ті қаржыландыру жүйесі­нің тиімсіз жұмыс істеп отыр­ғанын көрсетіп бергенін айта келе, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қызметін жандандыруды сұрады.

Сонымен қатар «Ақ жол» демократиялық партиясы фракцияларының мүшелері Меруерт Қазбекова, Берік Дүйсенбинов және Ерлан Барлыбаев төтенше жағдай кезінде тиімділігі төмен болған салаларға қатысты мәселелерді көтерді.