Экономика • 05 Маусым, 2020

Жалғыз компания Алатауды игере ала ма?

308 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта Алматының айналасындағы ұлттық қорықтар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп бара жатқандай әсер қалдыратын, қоғамды қобалжытатын ақпараттар пайда болды. Тіпті әлеуметтік желілерде «Алатауға қолды салғаны – Алматыны алғаны...» деп басталатын «замана зарлары» жүр.

Жалғыз компания Алатауды игере ала ма?

«Ұлттық парк телімдері жеке­меншіктің қолына өтіп кетті», «Табиғи қазынамыз ұрланып жатыр», «Тауға шығатын жолдарға қоршаулар мен кедергілер қойылады» сынды тақырыбы айғайлаған мақалалар да жоқ емес. Мәсе­ленің мәнісі неде? 

Алдымен  Қазақстанда 13 ұлттық парк пен 10 қорық бар екенін еске сала кетейік. Биыл 12 қаңтарда Іле Алатауы ұлттық паркінің ресми сайтында арнайы байқау жарияланып, іле-шала тендер хабарламасы «Egemen Qazaqstan» газетінде де жарық көрді. Карантин басталарда ашық өткен байқауға ақиқатында бір ғана компания қатысып, 27 адамнан тұратын комиссия жобаны мақұлдаған. Нәтижесінде «Құлтау» ЖШС 35 учаскені 49 жылға жалға алып отыр. Шын мәнінде, тендерге жалғыз компания қатысқан ба, бұл туралы төменде баяндалады.

Карантинге қарамастан, Экология, геология және та­биғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев Іле Алатауы ұлттық паркінде экотуризмнің түлейтініне сендіріп отыр.

1

Компания бұл жобаға 14 млрд теңге құятынын мәлімдеп, алғашқы визит-орталықты шілде айында тапсыруға уәде берді. Ал тендер талаптарына сәйкес бастапқы төрт жылда ел ішінде ең танымал Маралсай, Түрген, Аюсай, Алма-Арасан шатқалдарында және Шарын, Асы сияқты табиғаты сұлу аймақтарда визит-орталықтар, кемпинг, тау баспалдақтары, табиғатты тамашалайтын алаңдар салынып бітуі тиіс.

«Бұл ұлттық парктер бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарады. Егер ұлттық парк туризмді дамытамын десе, дамытар еді. Алайда туризммен жеке бизнес айналысуы керек. Эко – табиғатты сақтау деген сөз. Яғни табиғатқа залал тигізбей, отандық туризмді дамытып, туристерді тартсақ, бірін­шіден табыс көзі, екіншіден жұмыс көзі», дейді вице-министр.

Министрлік жаңа жоба алғашқы 10 жылда 3 млн-нан астам турист әкеледі, әр туристен 10 жыл ішінде қазынаға шамамен 1 млрд 250 млн теңге түседі дегенді алға тартты. Мәселен, былтыр 8 шатқалдағы бекеттен 76 млн теңге табыс түсіп, бұл көрсеткіш жыл сайын 5 пайызға артып келеді.

 

Уәдені орындамағандармен келісімшарт бұзылды

Пайым туризммен жеке бизнес айналысуы керек дегенге саяды. Сондықтан министрлік ұлттық парктерді жандандыру үшін әлемдік тәжірибеге сүйенгенін алға тартады. Әсіресе АҚШ-тың экотуристік қызметті дамыту жү­йесі көңілге қонған.

«Біз АҚШ-тың 3 паркінде болдық. Онда экотуризмнің жолға қойылғанына 100 жыл болған. Қазір саланы дамытумен ірі 4 компания айналысады. Йосемити паркінің өзі жыл са­йын 5 млн турист қабылдап, жылдық табысын 144 млн долларға жеткізген. Бұл жерден көзге оғаш көрінетін алып құрылыс көрмедік. Шағын визит-орталық, тамақтанатын орын, тағы басқа маңызды нысандар ғана бар. Ал бізде экотуризм барлық ұлттық парк аумағының тек 5 пайызын ғана алады. Бізде халық паркке тамақ ішіп-жеу үшін кейде бір күн қонып кетуге ғана келуі мүмкін. Ал Америкада адам паркке табиғатпен етене сырласу үшін барады. Осы тұжырымды ұлттық парктерді дамытудың бас жоспарына енгізуді қолға алдық. Сәйкесінше, экотуризмді дамытудың бірнеше жобасы жасалды. Бүгінге дейін бұл саланы жүйесіз, кешенді бағдарсыз жүргізіп келдік. Сервис қызметі де сапасыз болды. Сондықтан бұл салаға жаңаша көзқарас керек» дейді Ерлан Нысанбаев.       

Вице-министр жоғарыдағы атышулы ақпараттарға қатысты: «Учаскені жалға бір жылға берсе, ешкім қомақты ақша салмайды. «Заң бойынша – 49 жыл. Одан қорықпау керек. Компания келісімшарт бойынша 14 млрд теңгеге 8 шатқалда 34 нысан салу міндеттемесін мойнына алды. Әр нысанға 250-300 млн теңге жұмсайды. Бүкіл инфрақұрылым салынады. Тамақтану орнынан бөлек кітап дүкені, ұлттық бұйым, сувенир сататын дүңгіршектер болады. Бір жылдан кейін қаражат жағынан қабілетін ескереміз. Ұлттық паркте бұған дейін 122 бизнес өкіліне 210 гектар жер берілген еді. Қазір 40 бизнес өкілімен міндеттемесін орындамағаны үшін келісімшартты бұзуға тура келді. Бұл процесс жалғасады. Ал «Құлтау» небәрі 35 гектар жерді жалға алып, жобасын жүзеге асырамыз деп отыр. Ең алды­мен, сервистік қызметтің сапасын жақ­сар­туды ойластыру керек. Онсыз бізге турист кел­мейді», деп түсіндірді. 

Яғни 8 шатқалда салынатын 34 нысанның ішінде визит-орталық, кэмпинг, этноауыл, тағы басқа шағын орталық болады. Визит-орталық – бизнес нысан емес, бұл демалушыға  жан-жақты ақпарат беретін орын. Бұдан бөлек «Құлтау» ЖШС автопаркинг те салмақ. Министрлік өкілдері «Автопаркингтің орны әзірге белгілі емес. Ең бастысы, табиғатқа залал тигізбеу – басты қағидамыз. Ұлттық парк – халықтың байлығы. Бұл мемлекеттің меншігіндегі нысан. Сондықтан бәрі заң жүзінде қадағаланады» дегенді қадап айтты.

 

Аюсай қыздың бейнесі сомдалады

Экологиялық туризмді дамытуға құлшына кіріскелі отырған «Құлтау» ЖШС директоры Александр Гужавиннің бұл салада тәжірибесі жеткілікті сыңайлы. «Сондықтан да осы жобаны қолға алып отырмын. Басты мәселенің бірі – бұл аумақта дәретхана салу. Әжетханалардың жоқтығы талайдан бері айтылып, шешімін таппай жүр. Бұдан бөлек табиғатқа залал келтіру қоғамды алаң­дататыны рас» дейді инвестор.

Гужавин журналистермен тағы бір тың идеясымен бөлісті. Отандық инвестор туристерді тарту үшін бұл орынның тарихынан сыр шертетін визиттік карточкасы – Аюсай деген қыздың аңыз бейнесі сомдалады дейді. Осы арқылы ертегідегі қар барысының тарихын айта келе, табиғатты қорғаудың мәні насихатталмақ. Мұнда мекен ететін қар барысы туралы мұражайлар ашылып, сивер алмасы, мыңдаған табиғи шөптер мен өсімдіктер әлемі туралы көрнекілік құралдар пайда болады. «Визит-орталықтарда шатқалдың тарихы, ондағы жан-жануарлар әлемі, қызықты ақпараттар мен гидтердің саны артады. Бір сөзбен айтқанда, Іле Ала­тауы қайта түрленеді», дейді инвестор.

 

Тендерге жалғыз компания қатысуы мүмкін бе?

– Біз жалға алған шатқалда ешқандай да қоршаулар болмайды. Жолдарды жаппаймыз. Керісінше біз жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, туристерді осында келтіруге ұмтылып отырған жоқпыз ба? – дейді А.Гужавин.

«Құлтау» ЖШС компаниясы туризм саласындағы тартымды жобаларды дамыту мақсатында 2004 жылы тіркелген. Аталған ком­пания тек экотуризммен айналысады. Кәсіп­орынның парк аумағындағы экотуризм моделі мақұлданғандықтан, Ұлттық парк әкім­шілігі Бас жоспарын түзетіп, қажет­ті ақ­параттарды барлық тендерлік құжат­тама­ларымен қоса «Мемлекеттік сатып алулар» заңына сәйкес, қоғам талқысы үшін өз сайт­тарына салған. Содан кейін тендер жария­ланып, комиссия құрамында отыз шақты адам кіреді.

Расында да тендерге жалғыз ғана компания қатысқан. Солай болуы мүмкін бе деген сауалға «Құлтау» ЖШС компаниясының басшысы былай деп жауап берді: «Бізден басқа тендерге қатысуға ешкім өтініш берген жоқ. 34 учаскеден тұратын бір лот болды. Бұл – 35 гектар, оның 14 гектары – әлеуметтік бағытта, 20 гектары – коммерциялық, 8 гектары – кемпингтер, тауда паналау орындары орналасатын туристік орталықтарға арналған. Біз бұл жобаға арендатор ретінде емес, туризмді дамыту жөніндегі инвестор ретінде қатыстық. Ал тендер талаптары бойынша төрт жыл ішінде біз  базалық инфрақұрылымды жа­сақ­тауға қаражат құйып, паркты одан әрі да­мытуға тиістіміз. Оған қоса, келісімшартқа сәйкес 155 шақырымдық соқпақтарды жөнге келтіріп, навигацияны дұрыстауымыз қажет».

Инвестордың айтуынша, мұндағы танымал нысандар ақылы болмайды. Алайда дәретхана, гид қызметі, сауда орындары арқылы салынған қаражаттың орны толты­рыл­мақ. Сол сияқты Алматы әкімдігімен мәмілеге келіп, шатқалға электр көлігін жүр­гізу мәселесі мен ұялы байланыс операторымен байланыс сапасын жақсарту көзделіп отыр. Әзірге мұнда инфрақұрылым толық жасалмағандықтан, туристердің жартысы жолдағы дәмхана, кәуапханалардан әрі аса алмайтын көрінеді.

49 жылға созылатын жобадан инвестор қалай табыс таппақ?

– Бұл жобаның өзінің құрамдастығы бар. Біріншіден, табиғат пен таудың керемет көріністерінің өзі де пайда. Біз барынша халыққа көп ақпарат берген сайын, оларда да осы байлықты қорғау мен сақтауға, бағалауға деген құлшыныс оянады. Екіншіден, бұл – әлеуметтік жауапкершілік. Мен де қазір айналама пайдамды тигізсем дейтін жастамын. Үшінші пайда – коммерциялық құрам, барлық жердегідей біз де қоғамдық қорлар арқылы бизнес жүргізуге ұмтылатын боламыз. Барлық әрекеттеріміз ашық болуы үшін халықпен де, журналистермен де, әкімдікпен де қоян-қолтық жұмыс істеп, коммуникацияны жолға қоямыз,  – дейді А.Гужавин.

 

АЛМАТЫ