Қоғам • 08 Маусым, 2020

Мектеп кәсіподақтары: жолдама кімге бұйырады?

5031 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бұрынғыдан бөлекше басталған «төтенше» тоқсан да тәмамдалып, әне-міне дегенше жазғы демалыс та жетті. Оқушылардың соңынан мұғалімдер де еңбек демалысына шығып жатыр. Осы орайда педагогтердің демалысын соңғы уақытта жиі шағым түсіп жүрген кәсіподақ ұйымдары қаншалықты ұйымдастырады? Шипажайларға жеңілдікпен берілетін жолдамаларға қол созған қатардағы мұғалімдер жыл сайын неге қалыс қалып қояды? Салмақты сауалға жауап іздеп көрелік.

Мектеп кәсіподақтары: жолдама кімге бұйырады?

Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ

Кәсіподақтың қызметі һәм міндеті

Мұғалімдердің басым бөлігі дәл осы қарапайым дүниені, яғни өздері мүше болып кірген кәсіподақ ұйы­мының қызметі мен міндетін біл­мейді. Сондықтан тиесілі қам­қорлықтан қалыс қалады. Редак­ция­мызға солтүстік облыстан ха­бар­лас­қан бір мұғалім жақында ауыл әкі­мінен көп балалы ана ретінде тө­тенше жағдайда таратылған азық-түлік себетін сұрағаны үшін ди­рек­торының жиналысқа салғанын жеткізді. Педагог бұл жайтқа үнде­меп­ті. Мұғалімнің мектепте оқитын қызы үйге жылап келіп, директор мен бір педагогтың анасын сөз етіп тұрғанын естігенін айтыпты. Дәл осыған шыдай алмаған педагог бізден көмек сұрады. Біз оған: «Сіздің құқығыңызды мектептегі кә­сіподақ қорғауы керек. Сіз алдымен кә­сіподақ басшысымен сөйлестіңіз бе?», дедік. Мұғалім: «Директормен бірге менің мәселемді дәлізде қы­зы­ма естіртіп тұрып талқылаған сол кәсіподақтың өкілі еді», дегенде әрі қарай ештеңе сұрай алмадық.

Иә, шын мәнінде кәсіподақ ұйы­мы қызметкерлерді ішкі және сырт­қы қауіптен кәсіби тұрғыда қорғау­ға міндетті. Бірақ кейіпкеріміз баяндаған көрініс көп мектепке таныс болар. Редакциямызға хабар­лас­қан мұғалім кәсіподақтың міндеті мен қызметіне не кіретіні түгілі, өзі­нің оған мүшелікке өту үшін өтініш жазған-жазбағанын бірден есіне тү­сі­ре алмады.

Ақиқатында, әр педагог өзі мүше­лік­ке кірген кәсіподақ ұйы­мы­ның қыз­меткер, жұмыскер, еңбек етуші ретін­де қорғауға қызмет етуі және мүш­елікке өтпей тұрып жазбаша өті­ніш­пен ерікті түрде келісім беруге міндетті екенін білуі тиіс. Өйткені ол жалақысының 1 пайызын ай са­йын аударып отырады ғой. Керек де­се­ңіз, еңбекақысынан кәсіподаққа ұс­талатынын білмей­тіндер де бар. Осын­дай бассыз­дық­тың бәрі – са­йып кел­генде сауатсыздық пен маңдай терге деген салғырттықтың салдары.

 

Сіз қай кәсіподақтасыз?

Біз осы мақаланы жазарда «Мек­теп­тегі кәсіподақтың жолдамасымен шипажайда ем алып, арнайы демалып көрдіңіз бе?» деген сұрақпен мұғалімдер арасында арнайы сауал­да­ма жүргіздік. Соның 66-сы жолдамамен демалған, 26-сы қанша жыл жарна төлеп жүрсе де жолдама ала алмаған. Ал бірнеше педагог 20-30 жылдық еңбек өтілі бола тұра кә­сіп­одақтың шипажайларға жолдама беретінін бірінші рет бізден білгенін жа­зды. Сонда кәсіподақтар жұмыс істемей ме?

Бұл ретте қай кәсіподақтың жұ­мы­сы ақсап тұрғанын анықтау керек. Әйтпесе, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кә­­сіподағының төрайымы Айгүл Мұ­қа­шова айтқандай, көп сөз қоғам­дық ұйымдардың ішіндегі көзге көрінетін осы ірі одаққа келетін көрінеді. «Білім саласында бірнеше кәсіподақ бар. Біздің салалық кәсіподақ еліміздегі үш ірі кәсіподақ бірлестігінің (Еңбек конфедерация­сы, «Аманат» бірлестігі) ішінде Қазақстан кәсіподақтар федерациясына кіреді. Салалық кәсіподақтың құрамындағы аудандық, облыстық кә­сіподақ ұйымдары өздерінің ұжым­­­­дық шарттарында мүшелеріне ар­­нал­ған сауықтыру жолдамала­ры­на бері­летін жеңілдіктерін көр­­се­теді. Біздің жарғыда 30-дан 70 пайызға дейін жеңілдік қарастырылатыны жазылған. Бұл пайыздық мөлшер әр ұйым­ның қаражатына қарай орындалады. Бір мектепте кәсіподаққа 100 адам мүше, екінші біреуінде одан 2-3 есе аз болуы мүмкін. Кейбір өңір­лер­дегі ұйымдарымыз тіпті 100 па­йыз­­ға дейін жеңілдікпен жолдама береді. Мұндай мүмкіндіктерді көп ба­лалы және ардагер ұстаздар, сон­дай-ақ кәсіби жетістіктерге жеткен педагогтер иелене алады», дейді А.Мұқашева.

Негізінен кәсіподақ ұйым­да­ры­ның басшылары ұйым мүше­ле­­рі­мен өткізетін жиналыстарда қан­дай шипажайларға жолдама бар еке­нін жыл басында хабарлауы керек. Деген­мен ақпарат жет­кі­лікті болса да, біраз мұғалім құ­лықсыз болуы мүмкін. Оған Түр­кістан облысы Мақтаарал ауданында мұғалім болып еңбек ететін Қарлыхан Өндір­бе­кованың: «Кәсіподақ берген 50 пайыздық жеңілдігі бар жолдамамен Біркөлік, Меркі, Т.Рысқұлов, Сарыағаш, Арман шипажайларында демалдым. Әріптестерімді бірге ба­руға үгіттеймін. Бірақ жыл сайын серік болар адам таппаймын. Көбі шипажайларда демалғаннан, ем алғаннан гөрі үйіне жөндеу жүр­­гізуді, баласын ұзатып, ұлын үй­лен­ді­руді жоспарлайды. Мен тіземді жарақаттап алғандықтан, терапевт кеңесімен жыл сайын ем алуым керек. Сол себепті кәсіподақ ұйымына өтініш жазып сұраймын. Міне, биыл да бұйырса жолдама алып отырмын», дегені дәлел болатын секілді.

 

Кәсіподақ қайткенде директордың қолжаулығы болмайды?

Жоғарыда сауалдамамызға бір педагог: «Бізде шипажайларға кім­нің баратынын мектеп директоры шешеді», деп жазыпты. Мұндай мек­тептерде кәсіподақ басшылары ди­ректордың қолжаулығы болып кет­кені түсінікті. Ал шын мәнін­де кәсіподақ ұйымы өзіне мүше мұ­ға­лі­мді тіпті директор мен оның орынбасарынан да қорғауға қауқар­лы. Бірақ мүдделі ме? Мәселе – сонда. Ал кәсіподақ ұйымын бас­қа­рушы қайткенде директордың қол­жау­лығы болмайды?

Осы мәселенің шешімі ретінде кәсіподаққа басшыны мектептің инс­­пекторы секілді сырттан бекітуді ұсын­ғандар бар. Сонда кәсіподақ ұйымының басшысы мектеп директорына жалтақтамайды. Өйткені кәсіподақты басқарып отырған педагог өз қызметінде директорға ба­ғы­нышты болғандықтан бас­шы­сының айтқанын істейді. Олай бол­ма­ған жағдайда директордан қысым көруі мүмкін.

Ал Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бас­шысы Айгүл Мұқашова: «Мұ­ға­лімдер кәсіподақ ұйымының бас­шысын өз ортасынан сайлауы керек. Сырттағы адам ұжымның іш­кі жа­­­йын, қай қызметкердің қандай көмек­ке мұқтаж екенін білмейді. Оған қоса кәсіподақтың мүшелері өз басшысын өздері қалап, таңдауы тиіс. Егер өз ұйымының мүшесін қорғап, қандай да бір жеңілдікті, жәрдемді алуы үшін көмектесіп, соның нәти­же­сін­де мектеп басшысымен келіспей қал­са, жұмыстан шығып қаламын деп қорқудың қажеті жоқ. Еңбек кодексі, Кәсіподақтар туралы заң бар, кәсіподақ ұйымының басшысы – осындай заңмен қорғалған адам», дейді. Бірақ оқу ошақтарының басым бөлігінде кәсіподақ ұйымы басшылары сайланбай, жай ғана тағайындалады. Бұл – айтылмайтын қағида, жазылмаған «заңға» айналып та кет­кендей.

 

Жолдама арман болған-ай...

Педагогтердің барлығы кәсіп­одақ ұйымының белгілі бір пайыздық жеңілдігімен демалуға болатынын білмейді деуге келмес. Мұндай мүм­кіндіктің барынан хабардар бол­са да, жоғарыда жазғанымыздай, құнт­­т­амайтындар көп. Солардың сыртында қаншама жылдан бері кәсіподаққа өтінішін жазып жүріп, бір де бір жолдама ала алмай кеткендер бар. Оған әлеуметтік желіде жүргізген сауалдамаға ойын ашық жазғандардан көз жеткізуге болады. Мысалы, Қалдыгүл Теміртаева: «Жолдама сұрасақ, өмірі жоқ қой. Одан да кәсіподаққа төлеген жарнаны өзіңіз жинасаңыз, қалаған шипажайға барып демаласыз. Мен 27 жыл жарна төлеп, 1 жолдама ала алмадым, сонда кәсіподақтың қандай пайдасы бар? Осы уақытқа дейін шыдап жүрдім. Енді кәсіп­ода­қтан шығамын деп шештім. Еш пайдасы жоқ. Нәсіп болса, келесі жылға ақша жинап, асықпай қала­ған шипажайға барамын. 160 қызметкері бар мектепке 1-2 жолдама ғана береді. Бұл сұмдық қой. Мәселені шешетін уақыт келді емес пе?» дейді.

«Аманат» Қазақстанның кәсіп­о­дақтар ынтымақтастығы» респуб­ли­ка­лық кәсіп­одақтар қауым­­дас­ты­ғының төрағасы Андрей Пригорь кәсіподақ ұйымдары тәуелсіз, қо­ғам­­дық ұйым болғандықтан, қор­да­ғы қаржысын қалай үйлестіру керегін өз мүшелерімен бірлесіп шешуі тиіс екенін айтады. Оның ойынша, егер жоғарыда жазылғандай, 160 адамға небәрі 1-2 жолдама болса, оған мүше адамдар кәсіподақ ұйымының басшысынан есеп пен жауап алуы қажет.

Еңбек конфедерациясының құ­ра­­мына кіретін Ақтөбе облысы мен қаласы бойынша білім беру қыз­­­меткерлерінің жергілікті кә­сіп­­одағының төрайымы Лидия Шай­­ғазықызы жолдама санын арт­тыру­дың жолы бар еке­нін жеткізді. Бұл үшін Еңбек кон­фе­дерациясының жарғысында көр­се­тілгендей, облыс және қалалық деңгейдегі қаржы қорының 65 пайызын мектептегі бастауыш кәсіподаққа беру керек. Сонда облыстық кәсіподақ ұйымы бөлетін 1-2 жолдаманың санын мектептегі бастауыш кәсіподағы қорындағы қаражаттан тағы бірне­шеу­ге көбейтуге болады. «Біз жи­нал­ған қаржының 65 пайызын мектептегі бастауыш кәсіподақтың өзіне, 25 пайызын өзімізге (оны түрлі жеңілдіктер мен жәрдемақылар қарастыруға, шаралар мен байқаулар ұйым­дастыруға, өз жалақымызға, ғимарат жалдауға жұмсаймыз), ал қал­ған 10 пайызын республикалық деңгейдегі кәсіподаққа бөлеміз. Кеңес өкіметі кезінде кәсіподаққа аударылған әлеуметтік аударым қазір Үкіметке жіберіледі. Міне, сол тәртіп бойынша азаматтық және мемлекеттік қызметкерлер 1 ай­лық көлемінде емдеу-сауықтыру жәрдемақысын алады. Білім беру сала­сындағы техникалық-шаруа­шы­лық қызметкерлер мұндай жәр­дема­қы­ны алмайды. Біз емдеу-сауық­тыру жәрдемақысын алмайтын­дар мен ардагер ұстаздарға 50 па­йыз, ал жоғарыдағыдай жәрдемақы алып отырғандарға 30 пайыз же­ңіл­­дікпен жолдама береміз», дейді Л.Шайғазықызы.

 

Зейнетақыдан да кәсіподаққа жарна төлеп жүрсіз бе?

Осы сұраққа «иә» деп жауап берсеңіз, демек сіз кәсіподақ ұйы­мы­ның мүшесі ретінде шипажайларда ем алып, демалуға құқылысыз. Айт­пақшы, бар өмірін, күш-жігерін ұрпақ тәрбиесіне арнап, 30-40 жылдық еңбек өтілімен зейнетке кет­кенде, ұйымның мүшелігінен қоса шыққандар да кәсіподақтың жолдамасын ала алады. Бұл үшін Л.Шайғазықызы айтқандай, кәсіп­одақ ұйымы өзінің жарғысына сәйкес соған мүдделі болуы керек. «Біз еңбектен босатылған педа­гог­терден өз жарғымызға сай ешқан­дай жарна ұстамаймыз және мү­ше­­ліктен де шығармаймыз. Бұл негі­зі­нен Салық кодексінің 141-бабы 22-тармақшасында да көрсетілген, яғни жарна ұстауға болмайды. Бізге жарна төлемесе де, мәселен былтыр бір ғана жылдың ішінде Ақтөбе қаласындағы білім беру саласынан зейнетке шыққан 53 ардагерге жолдама бердік», дейді Ақтөбе облысы мен қаласы бойынша білім беру қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрайымы Лидия Шайғазықызы.

Ал Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының жарғысына сәйкес, егер кәсіподаққа мүше қызметкер зейнетке шықса, оның еңбек шарты тоқтатылады, сондықтан кәсіподақ ұйымына жарна бұрынғыдай ұсталмайды және мүшеліктен шығарылады. Демек, түрлі көмек, оның ішінде жолдама алу құқынан айырылады. Қоғамдық ұйымның мүшелігінде әрі қарай қалуды қаласа, қайтадан өтініш жазып, зейнетақысының 0,5 пайызын төлеп отыруға келісім береді. Сондай жағдайда ұйым мүшесі кәсіподақ жарғысында көрсетілген барлық көмекпен бірге шипажайларға жолдама ала алады. Бірақ Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы орта мектепте физика пәнінен сабақ беріп, зейнетке шыққан Тоқтағұл Мамасеріков зейнеткер болған жылы кәсіподақтың мүшелігінен шықса да шипажайға жолдама алған. Мұндай мүмкіндікті Салалық білім және ғылым қыз­мет­кер­лері кәсіподағының «Жамбыл облысы білім жəне ғылым қыз­мет­­­керлерінің жергілікті кəсіптік ода­ғы» қоғамдық бірлестігінің тө­ра­ғасы Ерұлан Сəбенұлы: «Заң бойынша зейнетақыдан жарна ұс­тал­майды. Бізге мүшелікке өткен адам зейнетақысының 0,5 пайызын жергілікті жердегі кәсіподақ ұйымының құрылымдарында орна­ласқан кассаларға келіп, қол­ма-қол төлейді. Біздің ұйым мүше­лі­гіндегі ардагерлерге арнайы жеңіл­дік­термен жолдамалар береді. Де­ген­мен, жоғарыдағы кейіпкер се­кіл­ді, ұйым мүшелігінен шығып кетсе де зейнеттегі қызметкердің ши­па­жайларға жеңілдікпен жолдама алуға мүмкіндігі бар. Бастауыш кәсіподақ ұйымы зейнетке кеткен қызметкері ұйымның мүшелігіне қай­тадан өтпесе де өз шешімімен оған жолдама тағайындай алады», деп түсіндірді.

Иә, тоқсан ауыз сөздің то­бық­тай түйіні, кәсіподақ бөлетін жол­­даманың кімге бұйыратыны ұйым мүшелерінің келісімімен ше­­шілуі тиіс. Әйтпесе, жолдама адам таңдамайды. Оны кәсіп­одақ­тың мүшелігінен шығып кеткен қызметкерге де беруге болатынын білдік. Сондықтан ұйымға мүше болған жан кәсіподақтың жиналысы мен есебіне құлақ түре жүргені абзал. Өйткені ұйым мүшесі көкейдегі көп сұраққа өз кәсіподағының жетек­ші­сі­нен жауап алуға құқылы.