Білім • 09 Маусым, 2020

Оқу орнын таңдау – үлкен жауапкершілік

1766 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Білім сағат сайын жаңарып отырған заманда болашағына үлкен қадам жасайтын жас түлекке алдымен мамандықты, сонан соң сол кәсіптің қыр-сырын меңгертетін жоғары оқу орнын таңдау – үлкен жауапкершілік. Ал бүгінгідей бір мамандықты бірнеше университет оқытатын жағдайда талапкерге таңдау жасау тіпті қиын. Қайтпек керек? Жарнамасы жер жарып тұрған ЖОО-ның арасынан өзіне керегін қалай жаңылмай таңдауға болады?

Оқу орнын таңдау – үлкен жауапкершілік

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

ЖОО-ның беделінен де маңызды дүние бар

Талапкерлер әлемдік тәжірибеде ті­зімдегі жүздеген ЖОО-дан өзіне керегін іріктеу үшін ең алдымен бір нәр­сеге баса назар аударады. Бұл – уни­верситеттің беделі, түлектерінің қазіргі қызметі, я сайтында көрсетілген жақсы жарнамасы да емес, ЖОО-ның талапкер қалаған мамандықты оқы­тудағы жетістігі. Өйткені атағы жер жа­ра­тын университеттің өзі белгілі бір мамандықтарды даярлауда ақсап тұруы мүмкін. Сондықтан шетелде талапкерлер бірінші өзіне «Менің мамандығымды қай университет сапалы оқытады?» деген сұрақты қояды. Ал осы сауалдың жауабын табу үшін әлбетте ЖОО арасында жүргізілген рейтингке жүгінеді.

Мұндай сараптамалық жұмыс нә­тижесі бүгінде бізде де жарияла­нып тұ­рады. «Атамекен» Ұлттық кәсіп­керлер палатасы Білім және ғылым министр­лігінің тапсырысымен үш жылдан бері жасап келе жатқан үздік университеттердің топтамасы бар.

Елімізде университеттер тым көп, мұндай мазмұндағы сын негізінен соңғы 3-5 жылдың көлемінде жиі айтылып келеді. Тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына ал­ғашқы Жолдауында еліміздегі ЖОО санын қысқартуды тапсырған болатын. Білім және ғылым министрлігі осы ауқымды істі жүзеге асыруда. Сондай-ақ білім беру гранттарын бөлуде де пала­таның «ЖОО рейтингі» нәтижелері негізге алынады.

Отандық ЖОО-да оқуды қалаған талапкерлер алдымен мамандықты таңдау үшін «ЖОО рейтингі» нәтижесіндегі білім беру бағдарламаларының көрсеткішіне көңіл аударуы керек. Осы ретте көкейде «Бұл рейтинг қаншалықты әділ әрі сапалы жүргізілді?» деген сауал туатыны түсінікті.

Рейтингтің объективті бағалануы үшін былтыр 2036 білім беру бағдарламасы, 109 ЖОО нәтижесі зерттеліп, 58 мың 894 түлектің кәсіби біліктілігіне талдау жасалған. Бұл жұмысқа білім беру бағдарламаларын әзірлеуде тәжірибесі бар 700 сарапшы тартылған. Осыдан-ақ айқын көруге болады – бір сарапшы қателесіп қалар, бірақ 700 адамның мүлт кетуі мүмкін емес. «Атамекен» Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Орда­баев: «Рейтинг дәл жасалуы үшін әрбір білім беру бағдарламасын кемінде 3 сарапшы қарайды. Сарапшыларға беріл­ген мәліметтер кезінде ЖОО атауы көр­сетілмейді. Демек, олар университетке емес, білім беру бағдарламаларына ғана баға береді», дейді.

 

Кәсібің – нәсібің

Әр талапкер өзіне ұнаған мамандық­ты, яғни кәсіпті болашақта нан тауып жеу үшін, өзін-өзі асыру үшін игереді. Осы орайда сұраныстағы мамандықты таңдау бар да, сұранысқа ие маман бола білу бар. Соның екіншісі әрбір талап­керді және студентті, әсіресе тү­лек­ті толғандыратыны сөзсіз. Себебі сұ­ра­ныстағы мамандықты бітірсе де, сұранысқа ие маман бола алмай жүр­гендер өте көп. Сондықтан да талапкер университетті таңдар алдында «Бұл ЖОО маған ұнағанымен, тұрғылықты жеріме қолайлы болғанымен, болашақ жұмыссыздарды дайындамай ма?» деп алаңдағаны жөн. Мәселен, аталған «ЖОО рейтингі» жобасының зерттеу тобы биылғы нәтиже бойынша: «Қазақстанның 60-тан аса жоғары оқу орны болашақ жұмыссыздарды дайындайды десе де болады. Кейбір университеттер сапалы білім беруге тырыспайды. Есесіне дипломдарды басып шығарып, тез ақша тауып жатыр. Өйткені білімге емес, құжатқа сұраныс бар», деп қорытынды шығарған болатын.

«ЖОО рейтингінің» талдау деректері бойынша түлектердің мамандықпен жұмысқа орналасу көрсеткіші 50 пайыздан төмен болған 61 оқу орны анықталды. Ал бірқатар ЖОО-да мамандық бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші 30 пайыздан да төмен. Айталық, «Халықаралық қа­тынастар» мамандығы әрдайым сұ­ранысқа ие. Себебі елдің шетелдермен қарым-қатынасына, елшіліктерде еңбек етуге болады. Бұл саланың біздегі беделі де жоғары. Дегенмен осы бір сұраныстағы мамандықпен сұраныстағы мамандарды даярлай алмай отырған ЖОО бар. «ЖОО рейтингінің» 2019 жылға жасаған қорытындысы бойынша Д.Қонаев атын­дағы Еуразиялық заң академиясын «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген түлектердің небәрі 29 пайызы ғана жұмыспен қамтылған.

Компьютерсіз қазіргі күнді, әсіресе жұмысты елестете алмаймыз. Сол себеп­ті «Информатика» мамандығына да сұ­раныс жыл сайын артып отыр. Оған бө­лінетін грант саны да басқаларымен салыстырғанда көп. Бірақ осы бір маман­дықты тәмамдаған түлектердің бәрі бір­дей сұраныстағы маман бола ала ма? Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетте «Информатика» (жаратылыс ғылымдары) мамандығын оқыған бітірушілердің 71 пайызы жұмыссыздар қатарын толықтырып жүрген көрінеді.

Осыған ұқсас тағы бір дерек «Эко­но­­мика» мамандығы бойынша тіркел­ген. Орталық Азия университетінің «Эко­номика» мамандығын тәмамдаған түлек­тердің 20 пайызы ғана мамандығы бо­йынша жұмыс істеп жатыр.

Бұдан бөлек рейтингтің бағыттар бо­йынша шығарылған қорытындысы да зер салуға тұрарлық. Өйткені талапкерлер көбіне-көп мегаполистердегі университеттерге немесе ұлттық, халықаралық ЖОО-ға ұмтылады. Алайда «ЖОО рей­­­­тингінің» нәтижесінде Ғылыми жара­тылыстану пәндері бойынша мұға­лімдерді даярлау бағытында үз­дік боп танылған ЖОО-лардың бәрі (Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік уни­вер­ситеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қара­ған­ды мемлекеттік университеті, Қос­танай мемлекеттік педагогикалық уни­верситеті) өңірлерде орналасқан.

 

ЖОО-дан жалақыға дейін

Көп кәсіптің нарықтық қоғамдағы бе­делі оған төленетін еңбекақының мөл­шерімен өлшенеді. Кей талапкерлер әлдебір нақты шешімге келе алмай қи­налғанда немесе жүрегімен қалағаны болмаған жағдайда жай ғана жоғары жалақы төленетін мамандықты таңдауы мүмкін. Осындай тығырықтағы талапкерлерге де таңдау жасауда қателеспеуге септігін тигізетін көрсеткіштер осы бір танымдық материалымызға арқау болған рейтингте бар.

Мәселен, түлектердің оқуды аяқта­ғаннан кейінгі орташа жалақысы 101 мың 243,34 теңгені құрайды. Олар­дың ішінде ең төменгі орташа жа­лақыны «Мектепке дейінгі оқыту және тәр­биелеу» мамандығын бітіргендер алады екен. Аталған кәсіпті игергендер орташа есеппен алғанда 69 мың 639 теңгеге жұмыс істеп жүр. Ең жоғары жалақыны «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» мамандығының түлектері алады. Олардың айлық табысы орташа 167 мың теңгені шамалайды.

Ал түлектері жоғары жалақы алатын университеттер қатарына Қазақстан-Бри­тан техникалық университетін жатқызуға болады. Бұл ЖОО-ны бітірушілер орташа есеппен 242-288 мың теңге көлемінде жалақы алады.

Осы көрсеткіш бойынша екінші орынға табан тіреген КИМЭП универ­ситетін бітірушілердің жалақысы 196 мың 889 теңгеге жуықтайды. Үздік үш­­тікті Қазақстан-Неміс университеті аяқтайды. Аталған ЖОО-ны тәмамдаған түлектер кем дегенде 196 мың 691 теңгеге еңбек етеді екен.

 

Диплом қолда, жұмыс қайда қашады?

Иә, жоғарыда сөз еткеніміздей, нарық­тық қоғамда еңбекақы өте маңызды рөл ойнайды. Дегенмен түлектердің жоғары жалақы алатын ЖОО-ның дипломын қолға алып, жұмыс таппай қаншама ай жүріп қалатыны да бар. Сондықтан «Диплом қолда, жұмыс қайда қашады?» деген жайбасарлық жарамайды. Осы мәселеде де көкейде сенімділік орнауы үшін қай мамандықтың түлектері бірден жұмыс тауып кететіні көрсетілген деректерге көңіл аударған абзал.

«ЖОО рейтингінің» қорытындысына сәйкес, «Көлік құрылысы» мамандығын аяқтағандардың жолы болғыш. Олар небәрі 2 айда жұмыс тапса, «Шетел филологиясы», «Стоматология», «Кеден ісі» мамандықтарының түлектері жұмыс із­деуге 5 айдан аса уақыт жұмсайтын көрі­неді. Аталған мамандық иелерінің жұмыс­қа орналасуы 74 пайызды құрап отыр.

Тиісінше, жұмысқа орналасу көрсет­кіші жоғары мамандықтар қатарына «Мейірбике ісі» – 90,4 пайыз, «Тау-кен ісі» мамандығы бойынша – 87 пайыз, «Электр энергетикасы» мамандығы бо­йынша 83,2 пайызды құрайды. Әлгінде айтқанымыздай, «Шетел филологиясын» тәмамдағандардың жұмыс табу ұзақтығы 51,9 пайызға әрең жетсе, «Дизайн» 60,5 пайызды, «Химия жаратылыстану ғылымдары» 58,6 пайызды көрсетіп отыр.